Мереке

Батыр ана

Ана – тіршіліктің арқауы. Өмірге сәби әкеліп қана қоймай, оған тағылымды тәрбие беріп, мейірімі мен махаббатын төгеді. Ойыл ауданының тұрғыны, алтын құрсақты ана, бүгінде 96 жасқа келген Ұлмекен әже — осындай ақ жаулықты аналардың бірі.

Бүгінде қара шаңырақтың алтын діңгегі болып отырған Ұлмекен Мұсағалиқызы 1928 жылы 2 мамырда Ойыл ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке ерте араласып, көп бейнет көрген.

Кеңес үкіметі кезінде аудандағы әлеуметтік сақтандыру мекемесінде агент болып жұмыс істеген. Осы мекемеден зейнеткерлікке шыққан. Жұбайы Бегалы Еркінов Екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан. Отбасын құрып, 56 жыл бірге тату-тәтті өмір сүрген ерлі-зайыптылар 9 бала тәрбиелеп өсірген.

— Жолдасым 1999 жылы дүниеден өтті. Өзім 9 құрсақ көтердім. Бүгінде сол ұрпақтан 25 немере, 18 шөбере сүйіп отырмын. Балаларымның бәрі жоғары білім алды. Қазір мұғалім, дәрігер, медбике, есепші болып абыройлы қызмет етіп жүр. Үлкендері зейнеткерлік жасына жетті. Қазақ халқында баланың санын санамайды ғой. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дегендей, әр баланың өз ырзығы болады. Сондықтан келіндеріме «бала туыңдар» деп айтып отырамын. Қазір заман жақсы, балаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау көп, дейді Ұлмекен әже.

Ғасырға жуық ғұмыр сүрсе де кейуана әлі күнге дейін газет-журнал оқиды екен. Аздап құлағы естімейтіні болмаса, әженің жағдайы жақсы, тың, ширақ.

Қызы Марал Еркінованың айтуынша, Ұлмекен әже өңірде болып жатқан жаңалықтар мен оқиғаларды облыстық «Ақтөбе» және аудандық «Ойыл» газеттерінен оқып, біліп отырады.  Көрген-естіген дүниелерін шай үстінде немере-шөберелеріне айтып береді. Әрдайым ұрпағына жылы сөздерін айтып, ақыл-кеңесін беріп отырады. Бүгінде немере-шөбере сүйіп, бейнетінің зейнетін көріп отырған бақытты әже ұрпақтарының амандығын, ел-жұртының бақытты болуын тілейді.

— Анамыздың осылай көз алдымызда немере-шөберелерінің қызығын көріп отырғанына қуанамыз. Біз үшін анамыз жүзге жетсе де жас көрінеді. Аллаға шүкір, көзі көреді, жағдайы жақсы, тың. Газет-журнал, поэзия және тарихи еңбектерді сүйіп оқиды.

Қазір кенже ұлы Қайрат пен келіні Розаның қолында тұрып жатыр. 8 наурыз мерекесінде ұрпақтары жиналып, анамызды мерекесімен құттықтап барамыз. Біздің әрқайсысымызды ерекше көңіл күймен қарсы алады. Ойылдың жасы үлкені де, жасы да «Батыр ана» деп әрдайым құрмет-ілтипат көрсетеді. Біз үшін одан асқан бақыт жоқ, — дейді Марал Еркінова.

Марал апай — Ұлмекен әженің екінші перзенті. Бүгінде зейнет жасында. 42 жыл білім беру саласында қызмет атқарған. Қазір халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалының төрағасы.

  Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button