Мереке

Біз мақтан тұтатын ғазиз жан

«Адамның ойлау жүйесі бастауыш мектеп қабырғасында қалыптасатынын ұлы педагогтер әлдеқашан-ақ дәлелдеген. Англияның өзінде бастауыш мектепте сабақ көбінесе ағылшын тілінде жүреді екен де, балабақшаға басқа тілді мүлдем жолатпайды екен. Біз болсақ, ана тілімізді тиісті төріне шығара алмай тұрып, тағы да ұмтылып-жығылып басқа тілдерге жармаса бастадық.

Әрине, заман талабына сай, басқа тілдерді білу де керек, бірақ ана тілін білу — перзенттік парыз, халқыңның болашағының кепілі. Кешегі ата-баба қуатты да көркем тіл, жер, дәстүр-салт, байлық қалдырса, бүгінгі қазақ ертеңгі ұрпағына тіл мен тәуелсіздік қалдыруға тиіс. Ал қазақ тілінің қазіргі жағдайында біз соны толық сеніммен айта аламыз ба?»

Бұл — ұстаздардың ұстазы, Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері (1977 жыл) Зоя Біралованың 1993 жылдың 27 тамызында «Ақтөбе» газетіне шыққан «Қазынаға иелігіміз қандай?» атты мақаласынан үзінді.

Биыл біздің газетіміздің жарыққа шыға бастағанына 100 жыл толады. Алғашында «Кедей» деген атпен шыққан басылымның ғасырлық тарихында аты қалатын авторларымыздың бірі де Зоя Біралова екені даусыз. Бүгінде тоқсаннан асқан, осы мерейтойына орай өткен жылы облыс басшылығы өңіріне «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін таққан Зоя апай, сонымен бірге газетімізді 60 жылдан астам уақыт бойы үзбей оқып, ой-пікірін бөлісіп, әр жетістігімізге қуанып келе жатқан тұрақты оқырманымыз.

Зоя Біралова 1933 жылы Жұрын ауданының Қаракемер ауылында дүниеге келіп, соғыс басталған тұста мектепке барған. Ауыр жылдарда ауылдарда мұғалім де, оқулық та, тіпті қалам мен дәптер де жетіспейтін. Үлкендер қолға түскен газеттің суретті жерлерін қиып тастап, қалған бөлігінен дәптер «жасап» береді екен. Газет бетіндегі сөйлемдер арасындағы бос жолдарға жазып жүріп әріп таныған, есеп те шығарған. Осылайша газетпен ерте «танысып», оның қадірін ерте білген буынның өкілі. Бастауыш мектепте оқып жүрген кезінен еңбекке араласып, шыңдалған. Мектеп қабырғасынан-ақ мұғалім болуды мақсат тұтып, Қызылорда қаласындағы Н. Гоголь атындағы институтқа түсті. Оны бітіріп келгеннен кейін екі жыл — ауыл мектебінде, одан соң 48 жыл бойы Ақтөбе педагогикалық училищесінде еңбек етті, яғни жарты ғасыр бойы ұстаздық қызметте болды. Әсіресе педагогикалық училище қабырғасында ол жетекшілік еткен әдебиет үйірмесінің даңқы өз тұсында алысқа кетті. Осы әдебиет үйірмесінің күш салуымен поэзия кештері, әдеби-музыкалық іс-шаралар жиі ұйымдастырылатын. Қазақтың ғажайып ақыны Әбу Сәрсенбаев 1976 жылдың күзінде сондай бір кеш туралы Зоя апайға жазған хатында былай дейді: «Зоя қарағым, сенің балапандарың… маған хат жазып, бес дана сурет жіберген екен: менің 70 жылдығыма, менің әдеби еңбегімді насихаттауға арналған суреттер. Бірінші суреттен өз дидарыңды көрдім де, маған арнаған жылы лебізіңіз құлағыма шалынғандай сезіндім. Өзгелері де маған арналған. Бәрінде мені пір тұтыпсыздар. Бірінде менің өлеңдерімді оқып, бірінде маған арналған кешті ән-күймен көріктендіргенсіздер. Көп рахмет, қарағым, көп рақмет, қарақтарым! Бұл мен үшін жеке мақтаныш екені де рас. Бірақ та сендердің маған деген осы құрметтеріңді туған төл әдебиетімізге, төл әдебиетіміздің негізін қалаған Сәкен, Ілияс, Биағаң, Мұқаң, Сәбит сынды ұлыларымызға, олардың тұстастарына, өскелең әдебиетіміздің үлкенді-кішілі бүгінгі солдаттарына арналған ықылас-құрмет деп санаймын».

Оның өзі жетекшілік ететін шағын үйірменің жұмысын ерекше жандандыруына бірден-бір себеп — туған тіліне деген жанашырлығы болатын. Кеңес заманында қазағынан өзге ұлты көп, қазаққа жат қала болған Ақтөбеде жалғыз ғана №6 қазақ мектебі бар еді. Біраловтар өздерінің тұңғышы Майраны қазақша оқыту үшін, үш бөлмесі, үлкен ауласы бар жайлы баспанасын Ленин көшесіндегі №6 мектепке жақын үйден екі бөлмелі тар пәтерге ауыстыруға мәжбүр болыпты. Иә, тілдің болашағы жолында осындай үлкен күрескерлік қадамға барған жандардың ісі ұмытылмауы, кейінгі ұрпақтарға мәңгі үлгі-өнеге, мақтан болуы керек.

Зоя апайдың біздің басылыммен әріптестігі 1965 жылы басталған. Бұл жөнінде өзі:

Ең алғаш, 1965 жылы, сабақ үстінде мені редакциядан бір адам іздеп келіп, Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығы туралы мақала жазып беруімді өтінді. Бұрын мақала жазып көрмеген соң ба, жазып-сызып, біраз күн әурелендім. Ақыры мақалама «Асқақ дарын, асыл азамат» деп ат қойып, редакцияға апарып бергенім есімде, — деп еске алады.

Содан бергі уақыт ішінде біздің газетімізде оның 50-ден астам мақаласы жарық көрді. Қағазға өте ұқыпты адам көпшілігін жеке архивіне сақтап қойыпты. Редакциядағылар да қазақтың ақын-жазушылары туралы сөзді білікті маманның айтқанын қаласа керек, мақалаларының бір парасы Абайдың, Мұхтар Әуезовтің, басқа да белгілі қаламгерлердің, Ақтөбе топырағынан шыққан дарындардың шығармашылығына арналыпты.

Ал екінші тармағы — тіл тағдыры. Бұл мақалалардан да Зоя Әбілғазықызының тілдің болашағы үшін күреске ерте араласқанына куә боламыз. «Коммунизм жолы» газетінде 1970 жылы жарық көрген «Ана тілін қастерлеу — азаматтық борыш» атты мақаласында қазақ тілі мен әдебиеті пәндеріне көбірек сағат берілуі керектігін айтады. Сонымен қатар осы пәндерді оқытып жүрген мұғалімдерді сынға алып: «…сырттай оқуға түсушілерден емтихан ала жүріп, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» тәрізді күрделі шығармасын былай қойғанда, Ғабиден Мұстафиннің «Миллионер» повесін қолына ұстамай-ақ аттестат алып шыққан, жатқа екі шумақ өлең білмейтін жас жігіттер мен қыздардың талайын кездестірдім. Сонда олар тек оқулықпен қанағаттанған. Ал әдебиет сабағында тек қана оқулықпен жұмыс істеу ештеңе істемеумен пара-пар», — дейді.

Зоя апай тіл тағдырын әлі де ойлайды: көп адамның тілінің жұтаңдығына қынжылады, «кейінгі жастар ана тілінің қадірін ұға алар ма екен» деп те алаңдайды. Бұл ретте ол белгілі жазушы Қалихан Ысқақовтың «Тілді сақтайтын, байытатын грамматикалық оқу құралы да емес, қаулы-қарар да емес, заң да оған тірек бола алмайды. Тіл ұлтпен тең өседі. Ұлтың қандай болса, тілің де сондай»  деген сөзін мықтап есте ұстауды айтып, бүгінгі буынды жауапкершілікке шақырудан шаршаған емес.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button