Мереке

Шашбаулы қыз

Ақтөбелік Гүлназ Райысқызы кез келген әшекейді өз қолымен жасайтынын, дүкеннен ештеңе сатып алмайтынын айтады. Өйткені ешкімде жоқ зергерлік бұйымдарды таққанды тәуір көреді. Сүйікті ісін табыс көзіне айналдырған бойжеткеннің бұйымдары, негізінен этностильде жасалады.

4 жылдан бері қолөнермен мақсатты түрде айналысып, тапсырыс бойынша түрлі зергерлік бұйымды жасайтын кейіпкеріміз:

— Менің атам — Қозыбай Медетұлы Байғанин ауданына белгілі зергер болған адам. Кезінде түрлі сәндік бұйымдарды айтпағанда, алтын мен күмістен ер-тұрман да жасаған. Оның қолөнер жұмыстары аудандық музейдің қорында сақтаулы. Қанмен сіңген қасиет болуы керек, қаршадайымнан зергерлік өнерге қызықтым. Ал 2020 жылы осы іске мықтап кірісіп, басқа адамдарға да қалауына қарай зергерлік бұйымдарды жасай бастадым. Жұмыс орныма өзім жасаған әшекейлерді тағып келгенімді көрген әріптестерім қызығып, алғаш боп тапсырыс берді.

Қазіргі таңда қыз-келіншектер тағатын көптеген бұйымдарды жасаймын. Атап айтсам, алқа, сырға, сақина, шекелік, шашбау секілді бұйымдар. Әсіресе ұлттық сипаттағы, ою-өрнектермен көмкерілген заттарды әзірлеген ұнайды. Бағасы материалына, жасалу техникасына қарай қойылады. Мәселен, сырға, сақинаның әрқайсысын 1 мың теңгеден жоғары сатсам, ал алқаның құны 3-4 мың теңгеден басталады. Тұтас бір топтаманың бағасы — 10 мың теңгеден жоғары, — дейді Гүлназ.

Негізінен, жез, темір сияқты металдармен жұмыс істейтін зергер қыз әшекей бұйымдарды жасағанда түрлі амал-тәсілдерді қолданады екен. Көбіне арнайы желімді пайдаланып, артынша күйдіріп-балқытатынын білдік. Болашақта алтын, күмістен де әшекей жасау жоспарында бар.

— Бүгінге дейін шамамен жүзден астам топтама саттым. Тұрақты сатып алушыларым бар. Олар о баста әлеуметтік желіден көріп тапсырыс берді. Жалпы, қолөнер жұмысы қашанда жоғары бағаланады ғой. Тойға, туған күнге, басқа да қуаныштарға арнап алатындар кездеседі.

Қажетті құрал-жабдықтарды Түркістаннан алдыртамын. Қалған жұмыстардың барлығын өзім істегендіктен, бағасын мейлінше қолжетімді қоюға тырысамын. Сондықтан айына орташа есеппен 100-200 мың теңге табыс тауып жүрмін. Бұл — менің сүйікті ісім. Жанымның рахаты, ойым бөлініп, демалу үшін жасаймын. Яғни тапсырыс болғанда ғана, көңілім ауғанда айналысамын, — деп ағынан жарылды ол.

Гүлназды он саусағынан өнері тамған шебер десек артық емес. Редакцияға өзі жасаған тақияны киіп келген елгезек әңгімелесушіміз үйден торт, шоколад қосылған құлпынай дайындап, саудалайды екен. Шашбауы сылдыр қағып кәсібі туралы кеңінен айтқан қолөнерші шағын дүкенін ашуды армандайды.

Абай атындағы №1 Ақтөбе қалалық кітапхананың кітапханашысы болып еңбек ететін кейіпкеріміз тек авторлық зергерлік бұйымдарын тағатынын, тіпті өзі дайындаған торттан ғана дәм тататынын атап өтті. «Тәттілерің сондай ерекше ме?», — деп сұрақ қойғанымызда, басын изеп, көп ұзамай ауыз тигізуге уәде етті…

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button