Мереке

Нәзік те қайсар арулар 

Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жұмыс істейтін кран машинистерінің дені — әйел адамдар. Олар ер-азаматтармен тең жүріп жұмыс істейді. Аналардың, арулардың мерекесі қарсаңында зауытта салмағы 20 тонналық, биіктігі 12 метр болатын кранға күн сайын көтеріліп, жүкті вагондарға тиейтін краншы, бағыттама постының кезекшісі және электрмонтер мамандарымен сұхбаттасқан едік…

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының персонал және мәдениет жөніндегі директоры Ләззат Мұқанованың айтуынша, ферроқорытпа зауытында 700-ден аса әйел адам жұмыс істейді. Бұл — кәсіпорындағы барлық жұмысшылардың 20 пайызы. Олар негізінен — кран машинисі, химиялық зертхана зертханашылары, қара металлургиядағы бақылаушылар, компрессор жабдықтарының машинисі, сынама іріктеушілері, ферроқорытпа тазартушысы, электромонтерлер, инженер-химик, шихта дайындаушысы, теміржол бұрмаларының маманы, өлшеуші, ферроқорытпа уатушылары.

12 сағат жұмыс істеп, түнгі ауысымға қалып, қауіпсіздік техникасының қатаң сақталуын қадағалап отыратындардың бірі — краншы Айман Құттымұратова. Ол он жылдан бері краншы болып жұмыс істейді екен:

Алғашында күзетші болдым. Кейін темірбетон зауытына жұмысқа орналастым. Жұмыс арасында үш ай бойы краншы мамандығын үйрететін курсты оқыдым. 2013 жылы туған күнімде Ақтөбе ферроқорытпа зауытына краншы болып жұмысқа қабылдандым. Осы кәсіпті игеруіме септігін тигізген әріптесім Гүлшат Баитеноваға алғысым шексіз. Алғаш аспалы кранды тізгіндегенімде бойымды үрей билегені рас. Аспалы кран цех ішінде жұмыс істейді. Табандылығымның арқасында кәсіпті меңгердім. Мұндай жұмыста, ең бастысы, салқынқанды, сабырлы болуың керек. Аспалы кран машинисіне қойылатын басты талап — көздің жақсы көруі және құлақтың жақсы естуі. Қан қысымы қалыпты болмаса да кран тізгіндеуге рұқсат етілмейді. Кәсібім өзіме ұнайды, — дейді Айман Құттымұратова.

2018 жылы зауыттың «Құрмет» тақтасына Айманның есімі жазылып, үздіктер қатарынан көрінген. Жұмыстан тыс уақытта ән айтуды жақсы көреді екен:

— Жұмыс басталмастан бұрын арнайы аппарат арқылы тексерістен өтеміз. Ол аппарат жұмысшының қан қысымын, дене қызуын өлшеуге арналған. Содан соң ғана жұмыс киімімізді киіп, іске кірісеміз. Сағат жеті жарымда жұмысшыларды жұмыстарға бөліп, тарату жүргізіледі. Әр краншыға кран бекітіледі.

Цехта бағалы материалдардан химиялық заттар өндіріледі.

Жұмысым қиын болғанымен, әртүрлі сайыстарға қатысуға үнемі уақыт табамын. Әрине, бұл тұста ұжымымның қолдауы маған үлкен серпіліс береді.

Мереке қарсаңында ауыр саланың жүгін арқалап жүрген қыз-келіншектерді мерекемен құттықтаймын. Еңбектеріңіз бағалана берсін! — деді ол.

Ал келесі кейіпкеріміз 56 жастағы Ботакөз Бітімбаева 40 жылдан бері Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы бағыттама постының кезекшісі болып қызмет атқарады.18 жасында осы кәсіпті меңгерген Ботакөз бір күндік жұмыс барысын былайша баяндайды:

 Жұмысқа орналасқан кезімде 18 жастағы тәжірибесі жоқ маман едім. Осындай үлкен ұжымға тап болғанымда қуанышымда шек болмады. Мамандығымды өзгерту туралы еш уақытта ойға алған да емеспін. Менің міндетіме пойыздарды қабылдау, жөнелту және өткізу маршруттарын дайындау, өңделген тауарларды маневрлік жұмыстарды орындау кезінде вагондарды тежегіш аяқтарымен бекіту қызметтері жатады. Содан соң белгіленген аумақты көрсетілетін белгілерге сай жарықтандыру жұмыстарын қадағалаймыз. Одан соң бұрмалардың техникалық жағдайын бақылау және болттарды тазалау, майлау , бекіту жұмыстары жүргізіледі. Әрине, жұмысымыз оңай емес. Бұл кәсіп қиын болса да қызық. Осындай жұмыс маған сеніп тапсырылғандықтан жүйелі қызмет атқаруға тырысамын, — дейді Ботакөз Бітімбаева.

«Құрмет» тақтасында есімі жазылған қосалқы станцияға қызмет көрсету бойынша электрмонтері болып жасайтын Найля Растрепенина зауытта 17 жылдан бері еңбек етеді. Уақыт ілгерілеген сайын тұрмыстағы көп тірлігіміз электр энергиясымен қуатталатын технологияларға тәуелді екендігін айтқан электр монтердің әр күні қарбаласпен өтеді.

— Зауыт ішіндегі электр құрылғыларының дұрыс жабдықталуына және аумақтың жарықтандырылуына жауаптымын. Жұмыс орнында пайда болған олқылықты дер кезінде шешуге тырысамын. Табысымыз тұрақты, жоғары, — дейді Найля Растрепенина.

Электрмонтер гүл өсіргенді жақсы көреді екен. Ол жан тыныштығын гүл өсіруден табатынын айтады.

Гладиолус, пион гүлдерін ұнатамын. Флорист болмасам да гүлді өсіріп баптаудың қыр-сырын жақсы білемін. Биыл да бақшама сан алуан гүлдерді егуді жоспарлап отырмын. Тұқымдарын сатып алып қойдым. Мереке қарсаңында аруларымызға отбасы бақытын тілеймін. Жүздеріңізден күлкі кетпесін! — дейді ол.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button