Жаңалықтар

Белсенділер марапатталды

Кәсіподақ

Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен жарияланған «Лайықты еңбек жылы» аясында және салалық кәсіподақтың 100 жылдығына орай «Кəсіподақ: тұрақты қолдау, тұрақты құрмет» атты мерекелік іс-шара өтті.

Салтанатты жиынға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова,«Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының басшысы Жәния Есенжолова, сондай-ақ білім саласындағы аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қатысты.

«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен кеш барысында 150-ге жуық кәсіподақ мүшесі марапатталды. Үздік 50 мұғалімге — «Мерке» шипажайына жолдама, кәсіподақтың 40 мүшесіне тарихи-танымдық саяхатқа   жолдама және 20 мүшесіне қаржылай сертификаттар тапсырылды.

Сонымен қатар кәсіподақ көшбасшылары мен әлеуметтік әріптестер Кәсіподақтар федерациясының «Қазақстан кәсіподақтар қозғалысына сіңірген еңбегі үшін», «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін», «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» және «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен марапатталды.

Кездесу барысында алғашқы құттықтау сөзін сөйлеген «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Раушан Серікова кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқығын және әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында атқарылған жұмыстарына тоқталды.

Бүгінде өңір педагогтерін толғандырған мәселелер кәсіподақ деңгейінде оң шешімін тауып келеді. Мұғалімдер жалақыларын уақтылы алып, көптеген әлеуметтік кепілдіктерге ие болып отыр. Мысалы, білім мекемелерінің материалдық базасының нығаюы, кадрлық құрамның сапасының артуы, еңбек заңдылықтарына сәйкес жұмыспен қамту, жұмыстан босату, жеңілдіктер, қосымша ақы беруге қатысты кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік кепілдіктері сақталады. Қабылданған ұжымдық шарттар мен екіжақты келісімдерде кәсіподақ мүшелеріне қайырымдылық көмектер, шипажайларға жеңілдіктер және тегін жолдамалар беру көзделген, — деді ол.

Марапаттау шарасында «Қарақат» өнер мектебінің оқушылары, «Асыл мұра» тобы өнер көрсетіп, жиналғандарға ән-күйден шашу шашты.

Салтанатты іс-шара соңы меркелік дастарқанға ұласты.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button