«Щербаков» бөгетін қайта жаңарту жаңа жобасы әзірленуде
«Щербаков» бөгеті Әйтеке би ауданы Талдысай ауылынан бес шақырым жерде орналасқан. Жарты ғасыр бойы гидротехникалық құрылым еріген қар суымен толтырылды, тұрмысқа қажетті су қоры жиналып отырды. Бөгеттегі су ауданның ауыл шаруашылығына: суармалы егіншілік, мал суару және жайылымға су жіберуге пайдаланылды. 2023 жылы бөгет қайта жаңартылды, айналма каналдың түбін цементтеліп, су жіберіп отыру үшін шлюздер салынды.
➖ «Щербаков» бөгетінің жалпы сыйымдылығы – 300 мвң текше метр. Бөгеттің ұзындығы 500 метрден асады. Құрылымның биіктігі 6-8 метрге жетеді. Ені – 8 метр. Бөгет – Ақтөбе облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының теңгерімінде.
Өңір басшысы Асхат Шахаров Әйтеке би ауданына жасаған жұмыс сапары барысында «Щербаков» бөгетінің жай-күйін қарап, аудан басшылығы және тиісті мемлекеттік басқармалармен гидротехникалық құрылымды жөндеу мәселелерін талқылады. Облыс әкімі резервтік сыйымдылықтың көлемін ұлғайтуды, су айдынының айналасына жаңа шлюздер мен су бекеттерін орнатуды, сондай-ақ түбін тазарту мен тереңдетуді ескере отырып, қайта жоба әзірлеуді тапсырды.
Естеріңізге сала кетейік, жөнделген бөгет су тасқыны кезінде қарғын судың қарқынына төтеп бере алған жоқ. Нәтижесінде жақын маңдағы Т. Жүргенов ауылы су астында қалды.
Бөгеттің бұзылу фактісі бойынша Әйтеке би ауданында қылмыстық іс қозғалды.
Д.АЙДАР.