Жаңалықтар

Асхат ШАХАРОВ: Кабинетте отырмай, сыртқа шығыңыздар!

Су тасқыны

Көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары пысықталған төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысында облыс әкімі Асхат Шахаров жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді:

— Су тасқыны кезеңі таяп қалды, қазір босаңситын уақыт емес. Кабинетте отырмай, ауыл мен ауланы бір ай бойы аяқтай аралап, жағдайды көзбен көріп, жұмыс істеңіздер.

Ауа райының қолайсыздығына біз қай кезде де дайын болуымыз шарт. Су тасқыны —жыл сайын қайталанатын құбылыс. Бәріңіздің де тәжірибелеріңіз бар. Жергілікті жерде белсенділермен, көпті көрген үлкендермен ақылдасып, кеңес сұраңыздар. Олар мәселені бұрыннан біледі, қай жерді су басу қаупі бар екенінен хабардар. Әр аудан және қалада жұмыс істеп жатқан төтенше жағдайлар департаментінің мамандарының да кеңесіне назар аудару керек. «Қазгидромет» алдынала ауа райының қандай болатынын айтып отырады,—деді аймақ басшысы.

Жиында баяндама жасаған төтенше жағдайлар департаменті басшысы Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, биыл21-27 ақпан аралығында Ойыл, Қобда, Мәртөк, Байғанин, Темір, Мұғалжар, Алға және Қарғалы аудандарының су тасқыны қаупі бар учаскелеріне зерделеу жұмыстары жүргізілген.Кейбір аудандарда анықталған проблемалық мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылданыпты.

— Елді мекендерді су тасқыны қаупінен қорғау мақсатында аудан әкімдіктерімен жанар-жағармай, инертті материалдар, қапшықтар және азық-түлік қорлары, уақытша орналастыру пунктері әзірленді, күштер мен құралдар дайындыққа келтірілді. Қар шығару, арықтар мен каналдарды, су өткізу құрылғыларын тазарту жұмыстары жүргізілуде, қорғаныс бөгеттері көтерілді, — деді ол.

Басқосуда «Қазсушар» облыстық филиалының директоры Мырзабай Нұртазин өңірде орналасқан су қоймаларындағы ахуалды баяндаса, «Қазгидромет» Ақтөбе филиалының басшысы Айгүл Саймова наурыз айындағы ауа райы болжамымен бөлісті. Су тасқыны кезеңінде су қоймаларының деңгейі үнемі бақылауда болады, ал ауа райына қатысты деректер ескеріліп, талдау жасалып отырады.

Сондай-ақ отырыс барысында Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бисембин, Темір, Байғанин, Ойыл, Қобда, Мәртөк және Әйтеке би аудандарының әкімдері, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекенов атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы мағлұмат берді.

Биылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында 9 шақырым өзен жағалаулары нығайтылды, 5,6 шақырым өзен арналары тереңдетілді, 5 гидротехникалық құрылысқа жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар нөсерлі кәріз жүйесі, су бұру арналары жасалды. Бұған қоса автомобиль жолдары бойындағы 23 су өткізу құбыры салынды және 3,5 шақырым жол мен 4 көпір жөнделді.

Асхат Шахаров су тасқыны кезеңі оның қатаң бақылауында екенін қадап айтты. Жауаптыларға нақты міндеттер жүктей отырып, аталған кезеңге тыңғылықты дайындалып, жоспарланған су тасқынына қарсы іс-шараларды сапалы әрі уақтылы орындау қажеттігін алға тартты.

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button