Басты жаңалықтарМереке

Алғыспен ел көгереді

Бүгін — Алғыс айту күні

Облыс әкімі Асхат Шахаров қалалық Мәдениет үйінде өткен «Алғыс айту — парызым» атты мерекелік іс-шараға қатысты.

Фойедегі үстел үстіне ішіне құрт салынған шағын қорапшалар қойылған, шараға қатысушылар алып, ауыз тиіп жатты. Ал сахнадағы үлкен экраннан тұмар бейнесі көрсетілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл еліміз бойынша Алғыс айту күнінің белгісі— тұмар, ал дәмі құрт боп белгіленіпті.

Мерекелік кештің алғысөзі алғыс айтудан басталды: сахнаға шыққан театр актерлерінің бірі «Қазақ халқына мың алғыс!» десе, тағы бірі «Әлем балалармен сұлу, мақтан етер ұрпағымыз көбейсін!» деген тілек білдірді. Одан соң еңбегі ерен дәрігерлерге, ұстаздарға, спортшыларға, құтқарушыларға, полицейлерге, әлеуметтік сала қызметкерлеріне, барлық еңбек адамына алғыс айтылды. Алғысөзді «Jana.kz» және «Сұңқар» топтарыныңәншілері«Рақмет саған, туған ел!» әнімен әрледі.

Өңір халқын көктемнің алғашқы мерекесіменқұттықтаған облыс әкімі Асхат Шахаров Алғыс айту күні — сан түрлі сынақтардан өткен халқымыздың ынтымақ-бірлігін айғақтайтын күні, сондай-ақ адамзатты бір-біріне жақындастыратын, жүрекке жылу сыйлайтын, бейбітшілік пен келісімнің, мейірім мен ізгіліктің үйлесім тапқан мерекесі екенін атап өтті.

— Халқымызда «Алғыс алған арымас» деген нақыл сөз бар. Кез келген қоғам ниеттес, мүдделес адамдардың бірлігі, мызғымас татулығының арқасында дамиды. Осы ерекше мерекеде өңіріміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген жандарға,қашанда елдің сөзін сөйлейтін, сөзі баталы алдыңғы буын ағаларға, ұрпаққа сапалы білім, тәлімді тәрбие беруде еңбегі зор ұстаздар қауымына, күні-түні уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген құтқарушыларға, дәрігерлерге, тәртіп сақшыларына барша ақтөбеліктер атынан алғыс айтамын! Ақтөбе облысында қайырымды жандардың, меценаттардың да көп екендігін біз білеміз. Туған жерінің дамуына үлес қосып, жанашырлық танытып, мұқтаж жандарға көрсеткен көмегі үшін барлық ақтөбелік кәсіпкерлерге, ұйымдарға жәнеазаматтарға ризашылығымды білдіремін, — деген облыс әкімі туған жерінің көркеюіне ерекше үлес қосып жүрген бір топ меценатқа Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

Облыс әкімінің Алғыс хатына ие болғандардың қатарындаМұғалжар ауданындағы «Байлық-Проект» ЖШС директоры Бауыржан Алғазин, Әйтеке би ауданы Қарабұтақтың перзенті, «Актобе Строй Эксперт» ЖШС директоры Жасталап Жанбауов, Мәртөк ауданынан «Родники Агро» ЖШС директоры Мәдениет Қуатбаев, «ПГС-Қаратоғай» ЖШС директоры Ахметжан Күзембаев,  Темір ауданынан «100DOS Шұбар» қоғамдық бірлестігінің төрағасыАлтынбек Мұстафин, Ырғыз ауданының азаматы, «Алтын-Әсел» ЖШС директоры Хамит Өтеуов, Қобда ауданының еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің иегері, «Саке» сауда үйі басшысының кеңесшісі Қалиолла Сағандықов, Шалқар ауданы Мөңке би ауылының перзенті, жеке кәсіпкер Жанбатыр Сəрсеновтер бар. Марапатталған меценаттардың бірі Хамит Өтеуұлы:

— Қай кезде де туған ауылымның түтіні түзу шыққанын, туған жерімнің көркейгенін қалаймын. «Әркімге туған жері — Мысыр шаһары» демей ме. Жасым болса бірталайға келіп қалды, шамалы болса да,ауылдың гүлденіп, көркеюіне қызмет еткім келеді. Реті келсе, қайырымдылық шараларына да атсалысамыз. Жасап жатқан істерімізді көрген жұрт алғыс айтып жатады. Осы ретте ауылдастарыма, бірге жұмыс жасайтын ұжымыма алғыс айтамын. Бәрінің отбасына амандық тілеймін, — дейді.

Мерекелік іс-шара барысындакөрермен назарына балабақша балапандарының, өзге ұлт өкілдерінің бейнеқұттықтаулары ұсынылды. Ақтөбеден шыққан танымал тұлғалар да ақтөбеліктерді құттықтап, бейнежазба арқылы жылы лебіздерін арнапты. Олардың қатарында әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева, Қазақстанның құрметті журналисі, ғалым Аманқос Мектеп-тегі, поляк ұлтының өкілі Елена Цибульская бар.

Кеште «Қарақат» мектеп-студиясының жас жетігеншілері өнерлерін көрсетіп, қалалық Мәдениет үйі әншілері көңілді әндерін орындады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button