Мереке

Жолаушыларға жәрдемдесті

Ақпан айының басындағы алапат боранда жолда қалған Қырғызстан азаматтары қиын сәтте көмекке келген хромтаулық отбасына алғыс жаудырды.

Алай-түлей боранның кезіндебес қадам жерді көру мүмкін болмай, жолдардағы қозғалыс тоқтағаны белгілі. Хромтау бағытындағы жолдың бойында да көп көлік тұрып қалды. Жолда қалған жолаушылар арасында өз отандастарымыз да, көрші елдердің азаматтары да болды. Оларға жергілікті биліктің, төтенше жағдайлар қызметінің өкілдерімен қатар, қарапайым адамдар да көмек қолын созды. Қарапайым тұрғындар жолаушыларға азық-түлік, дәрі-дәрмек, жанар-жағар май тасыды, жылыну үшін арнайы орталықтарға жеткізіп, тіпті өз үйлеріне де шақырды.

6 ақпанда Хромтауға жақын маңда Қырғызстаннан Мәскеуге қарай кетіп бара жатқан 4 адам күртік қарға батқан мәшинеде қалып қойды. Олардың арасында қант диабетіне шалдыққан науқас та болған. Танымайтын жерде қалған жолаушылар не істерге білмей, ұзақ сағаттар бойы суық көлікте отырыпты. Келесі күні бұл жағдайды аудан орталығының тұрғындары естиді. Олар әсіресе жолаушылардың біріне дәрігер көмегі қажет болып, бірақ жедел жәрдем көлігінің ол жерге жете алмай тұрғанына алаңдайды.

Хромтау тұрғыны, шахтер Дәуіржан Бірімжан көршілерімен бірге оларды іздеуге шығады. Қолсозым жерді көрудің өзі мұң болғанына қарамастан, іздеулерін тоқтатпайды. АқырыДәуіржан қырғызстандық жолаушылардың көлігіне жетіп, оларды өз үйіне ертіп әкеліпті.

Дәуіржанның жары Дина Біржанова аудандық аурухананың перзентхана бөлімінде істейтін. Ол науқас жанға бірден көмек көрсетті. Басқа жолаушылар да жылы жерге жетіп, жан шақырысты.

Көршілеріміздің арасында да медицина қызметкерлері бар. Олар да жолаушылардың жағдайын қайт-қайта сұраумен болды, қажет болса, көмектесуге де әзір еді. Кешкісін ата-баба дәстүрімен қонақтарымызға ет астық. Ал келесі күні құтқарушылар бәрін арнайы пунктке алып кетті. Ол жерде жолда қалған азаматтарға барлық жағдайдың жасалғанын айтты, — дейді Дина.

Дина 18 жылдан бері акушер болып еңбек етіп келеді. Отбасында 5 бала бар, ең кішісі — екі жаста.

Қырғызстандық азаматтар қиын сәтте қол созған отбасына алғыс жаудырды. Дәуіржан мен Динаға сондай-ақ аудандық аурухана басшылығы да өз алғысын жеткізді. Әсіресе әлеуметтік желідегі осы оқиға жөнінде баяндалған жазбаға орай хромтаулық отбасының қайырымдылығына ризашылығын білдіргендер қатары көп болды.

Баян ЖҮСІПҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button