Мереке

Тілегі бір Наталья

1 наурыз — Алғыс айту күні

Бершүгір ауылының тұрғыны Наталья Александровна — қазақ халқының салт-дәстүрлерін ерекше құрметтейтін жандардың бірі. Әсіресе қазақтың әсем безендірілген ұлттық киімдерін, дастарқанның көркін келтірген дәстүрлі тағамдарын ұнатады. Ұлты орыс болғанымен Натальяның жүрегі қазақ деп соғады. Өйткені оның алғашқы жаялығы осы Бершүгірде жуылды, әріп танып, осындағы мектептен орта білім алып, үлкен өмірге жолдама алды.

Домбыраның қос ішегіндей тартылған теміржол бойындағы Бершүгір станциясы — ертеден-ақ қызу еңбектің алтын кіндігі болып саналған. Мұнда қиыршықтас зауыты, Бершүгір санаторийі, №7 Бершүгір жол дистанциясы уақыт ағымына ілесіп тоқтаусыз жұмыс істеп тұрды. Ілгеріде болған Бершүгір көмір шахтасының тарихы да тереңнен сыр шертеді. Осындай тіршілік қайнаған ырысты мекенде өмір сүрген адамның туған елін қастер тұтуы да заңдылық.

Наталья Александровна бір кездері арғы ата-бабалары жатқан Ресей еліне қоныс аударуға шешім қабылдады. Алайда онда ол ұзақ тұрақтай алмады, балалық шағы өткен Бершүгіріне деген сағыныш сары қызды ауылға қайта алып келді. Қазірде ол туған жеріндегі «Мұғалжар Нефтестрой» ЖШС-да логист маманы болып жұмыс істейді.

— Мен осы жердің перзенті болғандықтан, туған ауылымның көрінісі, табиғаты өте ыстық. Ресей, Германия, Малдовия елдерінде ағайындарымыз тұрады, олар да кезінде осы Қазақстаннан көшкендер. Сол шалғайдағы туыстарымыз әлі күнге дейін қазақ елінің қонақжайлығын, кеңпейілділігін зор ықыласпен есіне алады. Осындай мамыражай елде өсіп-өнгендері үшін олар әрдайым алғыстарын білдіреді. Дархан даланың бір нүктесінде тәуелсіз Қазақ мемлекетінің дамуынаүлесімді қосып, қызмет істеп жатқанымды мақтан тұтамын, — дейді Наталья Куценко.

Қырық жастың тұтқасын ұстаған Наталья қазақ тілінде еркін сөйлейді, халқымыздың ырым-жоралғыларын жоғары бағалайды. Бейнелеп айтқанда, оның қазақпен тілегі бір.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button