Мереке

Алғысым шексіз

Эльвира ХАБИБУЛЛИНА,

«Шатлык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы.

Қазақстандағы 130-дан астам ұлт пен ұлыстың бір шаңырақтың астына топтасуы — қазақ халқының дархандығы мен пейілінің  кеңдігінің  арқасы. Соның арқасында бүгінде елдегі халық бейбіт күнде тіршілік етіп жатыр. Қазіргі таңда Ақтөбе облысында 9000-нан астам татар, 800-ге жуық башқұрт ұлтының өкілі бар. Олардың дені Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған іс-шараларға белсене атсалысады. Бүгінде «Шатлык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің құрамында 50-ден астам мүше бар.

Қазақстан — біздің ортақ үйіміз. Біз осы елде өзара бірлікте, ынтымақта өмір сүріп жатырмыз.

Менің ата-анам — Татарстан елінің азаматтары. Атам 1937 жылы Қазақстанға көшіп келіп, кейіннен Өзбекстанға қоныс аударған. Осы кезеңдері көшіп-қону оңайға соқпағанын ата-анамның сөздерінен көп естимін.  Отбасым 1977 жылы Ақтөбеге көшіп келген уақытта мен алты жаста болыппын. Осы жерде білім алып, тұрмысқа шықтым. Музыкалық жоғары білім алдым. Өнерді жаным сүйеді. Өнерге деген сүйіспеншілігім өзім өскен отбасымда қалыптасты.

1988 жылы 17 жасымда Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжінде оқып жүрген кезімде «Язгы Моңнар»  татар халықтық ән-би ансамблінде өнер көрсеттім. Ол кезде Қазақстан халқы Ассамблеясы әлі құрылмаған еді. 1995 жылы «Шатлык» облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігі ашылды. Бірлестік мүшесі бола жүріп, түрлі мәдени іс-шараларды ұйымдастырып, белсенділігіммен көзге түстім. 2014 жылы осы бірлестіктің төрағасы болып сайландым. Содан бері осы жерде еңбек етіп, бүгінде сол еңбегімнің зейнетін көріп отырмын. Қазіргі таңда жұбайым мен екі ұлым «Шатлык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінде өнер көрсетеді. Бұл да болса құтты қоныс бола білген елге деген құрмет деп білемін. Біз әрдайым осы еліміздің тұрақтылығы мен бірлігін нығайтуға үлес қосуға дайынбыз.

Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Сондықтан татарлар қазақ халқына ерекше алғысын білдіреді.

Барша қазақстандықтарды бірлестік атынан Алғыс айту күнімен құттықтаймын. Адамдарды бір-біріне мейірбандық танытып, жақындата түсетін мерекенің бірі — Алғыс айту күні. Мен «Шатлык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы ретінде ең алдымен мейірбан қазақ халқына алғыс айтамын.

Бүгінгі бейбітшілік заманда өз халқымыздың тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін ұмытпау, мемлекеттік тілді білу өте маңызды, алайда ең басты байлық — еліміздегі ұлттар арасындағы достық пен ынтымақ. Сондықтан елімізде ешқандай алауыздық болмай, барлық ұлт өкілдері тату-тәтті, береке мен бірлікте өмір сүрсе деп тілеймін.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button