Мереке

«Апта сайын жеті нан пісіреміз»

Кәрістердің қазақ елін паналағанына 87 жыл болды. Яғни Қазақстандағы кәрістердің тарихы 1937 жылдан бастау алады. Қазір елімізде кәрістердің алтыншы ұрпағы өмір сүріп жатыр. 

Олар өткенді, ата-бабаларын азапты өмірден аман сақтап қалған аса бауырмал, өте мейірбан қазақ халқының жақсылығын ұмытпайды.

Кәрістердің ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін асыл сөзі, өсиеті: «Өткенді ұмытпа, бейбіт те бақуатты өміріміз үшін қазақ халқына мәңгілік қарыздармыз». Расында, тек біз емес, Қазақстанға күштеп қоныс аударған барлық халықтың ұрпақтары қазақ халқына жайлы да жақсы тұрмысы, мамыражай тірлігі үшін қарыздар, — дейді Валентина Арыстанова.

Ол — кәріс ұлтының өкілі. «Шипагер С» медицина мекемесінде психиатр болып еңбек етеді.

— Ата-анам 1937 жылы күзде Қиыр Шығыстан Қазақстанға күштеп қоныс аударылды. Оларға: «Тың және тыңайған жерлерді игеруге барасыңдар», —  деген шұғыл бұйрық берілген. Сөйтіп, бір-ақ күнде жолға жиналған.

Ата-анам сол кездегі Қарабұтақ ауданына қарасты Тасөткел ауылына қоныстандырылыпты. Кейін Бөгетсай ауылына көшкен. Мен сол Бөгетсай ауылында дүниеге келдім. Отбасында 8 бала болдық. 4 ұл, 4 қыз едік. Сіңлім 7 айлық кезінде шамның мұржасы сынып, содан көз жұмды. Қазір 3 қыз қалдық, — дейді Валентина Арыстанова.

1937 жылы жалпы Қиыр Шығыстан жүк вагондарымен 400 мыңға жуық кәріс көшірілген екен. Соның 120 мыңға жуығы Қазақстанға қоныс аударған.

…Кәріс қызы қазақ шаңырағына келін болып түседі. Қазақтың дәстүрін берік ұстанып, үлгілі, ибалы келін атанған. Марқұм жолдасы Рақымжан Арыстанов екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлды — ұяға, қызды қияға қондырды. Бүгінде кейіпкеріміздің бес немересі бар.

— Апта сайын жұма күні жеті нан пісіреміз, Құран оқылады.Қасиетті рамазан айында ауызашар жасап, ораза ұстаған көршілерімізді қонаққа шақырамын. Құрбан айтты да көршілерімізбен бірге тойлаймыз, — дейді Валентиа Арыстанова.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button