Мереке

«Тың — менің тағдырым»

Осыдан жетпіс жыл бұрын тың және тыңайған жерлерді игеру басталды. Бұл оқиға бүкіл елді дүр сілкіндірді. Күн сайын дерлік радиодан жалынды ән шырқалды: «Біз, достар, алыс жерлерге барамыз, сіз де, мен де қоныстанушы боламыз…».

Қазақстанда қалай келгенім, еңбек еткен жылдарымды еске түсіре отырып, «тың» сөзі мен үшін нені білдіретіні туралы естеліктеріммен бөліскім келеді.

Мен Украинаның Винница деген жерінде туып-өстім. Тың игеру басталған жылы жеті жылдық мектепті бітірдім. Радиодан бірнеше рет тың жерлерді игерудің басталуы жайында естіп, комсомолдардың, партияның шақыруы бойынша жүздеген, мыңдаған адамның Ресей Федерациясы мен Қазақстанның кеңістігін игеруге бара жатқандығы туралы газеттерден оқыдым. Осы мақсатта біздің ауылдан жеті жас кетті.

Бір күні немере ағам Ленеймен бірге біз де тың жерлерді игеруге баруды шештік. Аудан орталығы Бар қаласындағы аудандық комсомол комитетінен жолдама алу үшін  он жеті шақырым жаяу жүруімізге тура келді. Бізді екінші хатшы Василий Рябокон қабылдады. Ол біздің кәмелет жасына толмағанымызды, әлі де өсуіміз керек екенін айтып, аудандық комсомол комитеті тарапынан тың жерлерді игеруге жібере алмайтынын түсіндірді. Бұл жауапты естіген ағам екеуміз қатты ренжіп, тың игеруге өз бетімізше баруды шештік.

Бір апта бойы алма мен алмұртты кептіріп, кесектерін жинап, таңертең жүк пойызына отырып, жолға шықтық. Сөйтіп, біздің ауылдан небәрі елу шақырым жерде орналасқан Жмеринка аталатын станциядан біз Киевке қарай апаратын пойызға отыруымыз керек еді. Алайда жолымыз сәтсіз болып, бізді полицей ұстап алып, полиция кезекші бөлмесіне алып келді. Әкем келгенше бізді сол жерде ұстады. Үлкен әпкеміз Надия ағам екеуміздің тың жерге жиналғанымызды кездейсоқ естіп, сол кезде теміржолда жол шебері болып жұмыс істеген әкеме бұл туралы айтқан екен. Әкем біздің бұл әрекетімізді ести сала, Жмеринка полиция бөлімшесінің бастығына қоңырау шалған. Сөйтіп, полицейлер бізді ұстап алды.

Үйге келгеннен кейін өмір бойы есімде қалатындай әкемнен таяқ жедім. Содан кейін мен оқуымды жалғастырдым. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін жүргізушілер курсын бітіріп, кеңес әскері қатарына шақырту алдым. Севастополь қаласындағы Қара теңіз флотында қызмет етуге тура келді.

1960 жылдың басында КСРО Қарулы Күштерінің жеке құрамын бір миллион 200 мың адамды әскерден босату туралы жарлық шықты. Флоттың кемелері мен жағалау бөліктерінде кездесулер мен митингілер өтті. Қысқартуға ұшырағандардың барлығына Қазақстанға тың жерлерге бару ұсынылды. Бұл менің тағдырым екенін түсіндім және алғашқылардың бірі болып флоттың саяси бөліміне барып, ондағыларға  мені тың игеруге жіберуді сұрадым. Көп ұзамай бізге комсомолдық жолдама табысталды. Наурыз айының басында бізді еріктілер теміржол вокзалына жинап, митинг өткізді. Сол жерде үрлемелі аспаптар оркестрі ойнады. Командирлеріміз қоштасу сөзінде бізге флоттың абыройын ұятқа қалдырмайтындай тың жерлерде жұмыс істеуді тіледі. Митингте мен де сөйледім.

Құрамында алты жүзден астам теңізші мінген арнайы жолаушылар пойызымен біз тың жерлерге бардық. Бізді Батыс Қазақстан өлкесіне, Орал қаласына алып келді. Сол жерде біз бөліндік. Бірқатарымыз Ақтөбе облысына, қалғанымыз Оралда қалуға тура келді.

Он алты теңізші Бөрлі ауданының  Ақбұлақ совхозына келдік. Бригаданың далалық диірменінде біз совхоз механизаторларымен бірге тракторларды, сепкіштер мен қопсытқыштарды жөндедік. Кейін құрылыс саласына ауыстым. Бастапқыда мен  жұмысшы, ал алты айдан кейін кешенді құрылыс бригадасын басқардым. Тұрғын үйлер, мал шаруашылығы үй-жайларын салу керек болды. Совхоздың орталық үйінде 350 орындық балабақша мен клуб салынды. Өндірістік көрсеткіштері және совхоздың комсомол өміріне қатысқаны үшін біздің бригадаға 1963 жылы «Коммунистік еңбек бригадасы» атағы берілді.

1967 жылы Ақтөбе құрылыс техникумын бітіргеннен кейін мен №95 Хромтау құрылыс училищесіне жіберілдім. Алдымен шебер, содан кейін аға шебер болып жұмыс істедім. Екі жыл Новоресей ауыл шаруашылығы басқармасының аға инженер-құрылысшысы болдым. Кейін түрлі қызметтерде еңбек еттім.

Өмір бойы қоғамдық жұмыстарға қатыстым, партия және комсомол аудандық комитеттері бюросының, халық депутаттары аудандық кеңесінің атқару комитетінің мүшесі болып сайландым, көптеген шақырылымдардың депутаты, дәріскер және насихатшы болдым. Еңбегім де ескерусіз қалмады.

Жылдар өтті… Қазір мен лайықты еңбек демалысындамын. Қазақ жерінде өмірлік тәжірибе жинадым, жоғары білім алдым, қарапайым жұмысшыдан басшылық лауазымға дейін өстім, жерлестерімнің құрметіне лайық болдым. Отбасын құрдым, бала сүйдім. Немерелерім де өсіп жатыр. Қазақтардан үйренгенім көп. Бүгінде бір шаңырақ астында, татулығы мен бірлігі жарасқан қазақ елінде бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Сол үшін қазақ халқына, оның ішінде Ақтөбе жұртшылығына айтар алғысым шексіз.

Қазақстан — менің екінші Отаным, ал тың менің тағдырым болды.

Анатолий КОЗАЧОК, еңбек ардагері,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button