Мереке

Жаны қазақ Мария

Неміс ұлтының өкілі Мария Таракановская-Гельтман — орыс отбасының келіні. Дей тұрғанмен 5 баланың анасы үй-ішімен қазақтың салт-дәстүрін мықтап ұстанатынын айтады.

Мұғалжар ауданына қарасты Алтынды ауылында туып-өскен Мария С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің жергілікті басқару мамандығын тәмамдаған. Сөйте тұра өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілден сабақ беріп, тіпті телеарнада бағдарлама да жүргізген.

— Неміс отбасынан шығып, мектепті орыс тілінде оқысам да, кішкентайымнан қазақшаға судай болдым. Өйткені ауылда барлығы мемлекеттік тілде сөйлесетін. Сондықтан тіл жағынан ешқандай мәселе болған жоқ. Қайта қазақ тілінен түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иемдендім. 2022 жылы «Онлайн Ақтөбе» тобы ұйымдастырған «Абай» тіл үйрету курсында сабақ бердім. Сондай-ақ жергілікті «РИКА» телеарнасында «Тіл ордасы» бағдарламасының жүргізушісі болғанымды айта кеткім келеді. Қысқасы, ақтөбелік өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретіп жүрген қызбын. Қазір бала күтіміне байланысты демалыстамын, — деген Мария бірер жылда «Миссис Ақтөбе» байқауына да қатысып, «Супер келін» аталымы бойынша марапатталыпты.

Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың қара сөздерін жатқа білетінін айтқан неміс қызы өзінің отбасы көпұлтты екенін, анасы литвалық, ал жеңгесі қазақ екенін қосты.

Бір қызығы, ұлттары өзге демесеңіз, бұл әулетте қазақтың қай жөн-жоралғысы да бұлжытпай орындалады екен.

— Күйеуім — орыс, өзім неміс болғанмен, екеуміз әрдайым жанымыз, жүрегіміз, сүйегіміз қазақтыкі деп мақтанамыз. Үйде мемлекеттік тілде сөйлесеміз. 5 баламызда да шілдехана, бесік той, тұсау кесу сияқты салт-дәстүрлер болды. Жақында ұлымыздың сүндет тойын жасағалы отырмыз.

Алғыс айту күнін де атаусыз қалдырмаймыз. Өйткені бұл күні қазақ елінде тұратын әр ұлт өкілі кезінде қиын-қыстау уақытта өз жерінде паналатып, көмек қолын созған қазақ халқына алғыс айтады. Осы сәтті пайдаланып, жерлестерімді көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтап, бар жақсылықты тілегім келеді. Еліміз жасай берсін! — деп сөзін түйіндеді өзге ұлт өкілі.

«Ақтөбе облыстық «Возрождение» немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Елена Шинкаренкодан білгеніміздей, қазіргі таңда Ақтөбені мекен еткен немістердің саны 5500-ге жуықтайды. Олар жоғарыда аталған ұйыммен тығыз байланыс орнатып, мәдени өмірге араласады. Өз тілін де ұмытпай, арнайы курстарға қатысады. Айталық, осы бағытта жұмыс істейтін жексенбілік мектеп бар. Сондай-ақ неміс ұлты өкілдерінен құралған «Veilchen» хоры мен өз тілінде жылына 3-4 спектакльді сахналайтын жастардың театр студиясы да көпшілікке белгілі.«Осындағы немістер болып жыл сайын Пасха, Рождество мерекелерін атап өтеміз. Өз ұлтымыздың құндылықтарын мейлінше ұмытпауға тырысамыз. Алғыс айту күнінде де отбасымызбен Орталық саябақта қыдыруды әдетке айналдырдық. Біз үшін бұл, ең алдымен, достықтың мерекесі», — дейді Е.Шинкаренко.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button