Мереке

«Қазақ — жасаған жақсылығыңды ешқашан ұмытпайтын халық»

Алға ауданындағы Болгарка ақтөбеліктерге көпұлтты ауыл ретінде жақсы таныс.Болгарлар бұл ауылға Столыпин реформасы кезінде

Болгария мен Бессарабиядан келген екен. Бүгінде мұнда тұратын болгарлар — әр қазақпеніргесі айырылмайтын көрші, жақын дос.

1 наурыз — Алғыс айту күні қарсаңында осы ауылдың жергілікті тұрғыны Марина Мариновамен сөйлескен едік.

Болгар қызы әңгімесін қонақжай, текті қазақ ұлтына алғыс айтудан бастады.

— Мен қазақ ұлтының дархандығына, жомарттығына, қонақжайлылығына таң қаламын. Марқұм әкем Федор да қазақтардың кең жүректі халық екенін үнемі айтып отыратын. Кезінде осы ауылға болгарлар қоныс аударған кезде қазақтардан көп жақсылық көрген. Кейбіреуінің көзін өзіміз көрмесек те,  Шернияз Қоянбаев, Еснияз Жанзақов, Жәнібек Төлеуов, Ыбрай Қайырбетов, Өтепберген Төлеуов есімді азаматтардың қандай жақсылық жасағандарын естіп-біліп өстік. Тағы бір таңғалатыным, қазақтар игілік жасаудан аянбайды және өздеріне жасаған жақсылықты ешқашан ұмытпайды. Кезінде осы ауылда Мырзабек деген ағай тұрды. Сол кісі мені көрген сайын әкемнің оған жасаған жақсылығын үнемі айтып отыратын. Ұзақ жылдар бойы мектеп басқарған әкем 7 сынып бітірген Мырзабек ағай жұмысқа орналасып кету үшін құжатына 1 жыл қосып жазып берген екен, — деген ол бір сәт балалық шағын еске алды.

Марина Федорқызы 1961 жылы Болгарка ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Осы ауылдағы мектепті бітірген Маринаның еңбек жолы да Болгаркада басталады. Алғашқы жылдары балабақшада, кейін мектеп кітапханасында еңбек еткен Марина бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отыр. Жолдасы екеуі —2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген. Әңгіме барысында ол күнделікті өмірде қазақ халқының кейбір салт-дәстүрін қолданатындарын айтты.

— Қазақ — салт-дәстүрге бай халық. Етене жақын араласа келе олардың кейбір әдет-ғұрпынұстанатын болдық. Қарап тұрсақ, әрқайсысының өзіндік мән-мағынасы бар екен.

Бала күнімде біз тұратын көшедегі тек екі үйде ғана өзге ұлт өкілдері тұрды. Соның бірі — біз. Қалғанының бәрі — қазақтар. Балалық шағымыз қазақ балаларымен бірге өткендіктен, ойнап жүргенде қазақ тілінде сөйлесетінбіз. Тілді солай үйрендік. Ата-аналарымыз да көршілерімен жақын араласты. Әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін меңгеріп кетуімізге сол себеп болды, — деген Марина Федорқызы ынтымағы жарасқан қазақ еліне бақ-береке, тыныштық пен молшылық тілейтінін жеткізді.

— Қазақ ұлты көктемді жаңашылдық бастауы ретінде қабылдайды. Алда Жаңа жылымыз — Наурыз мейрамы келе жатыр. Әр шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенелсін! Ата-бабаларымыздан жалғасқан достығымыз берік болсын! — деді ол.

Марина Федорқызы тұрып жатқан бұл ауылда интернационал отбасы көп. Мәселен, бір қазақ отбасында  болгар қызы шай құйып отырса, енді бір үйде чех қызы сәлем салып жүр. Тұрғындары тіліне де, дініне де қарап бөлінбейді. Ауызбіршіліктері өте жоғары.

Ауылда қазақ, болгар, орыс, украин, башқұрт, татар, чех, молдаван, удмурд  ұлтының өкілдері бар.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button