Мәдениет

«Қобыланды» — Ақтөбе сахнасында

Тұсаукесер

Ақтөбеде эпос желісімен жазылған «Қобыланды» қойылымының премьерасыөтті. Бас режиссері — Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған Қазақ мемлекеттік академиялық театрының режиссері, «Ұмай» сыйлығының иегері Дина Жұмабаева.

Ерлік пен елдік, бірлік пен тұтастықты сақтаудағы батырдың бейнесін Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актері Әділет Мұхтар шынайы сомдады.

Екі күн қатарынан сахналанған қойылымды көруге ықыласты жұрт көп болды.

Алдымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы

Алтынай Юнисова сөз сөйледі.

«Қобыланды» Ақтөбенің төлқұжаты десек те болады. Әр жылдары, буын алмасқан сайын Мұхтар Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыланды дастан-драмасы негізінде қойылған «Қобыланды» туындысы сахналанып келе жатыр, сахналана береді. «Қобыланды» болашақта да қойылады. Бұл туынды біздің қарашаңырақта да қойылды. Спектакльдің бас режиссері Мағзом аға Бақытжанов болатын.

Бүгінгі қойылатын туындының өзіндік ерекшеліктері бар. Көрермен қазақ әдебиетіндегі эпостық жырлардан құрастырылған Қобыланды батырдың бейнесін тамашалайды.

Бүгінгі тұсаукесерге халықаралық театр сыншылары бірлестігінің президенті Анар Еркебай бастаған бір топ театр сыншылары келіп отыр. Қонақтарымызға мәртебемізді көтеріп, шақыртуымызды қабыл алғандары үшін ризашылығымызды білдіреміз.

Тарихи тұлғаны бір ғана туындымен насихаттап қоймаймыз. Зерттеушілердің айтуынша, халық арасында «Қобыланды батыр» дастанының 29 нұсқасы бар. Былтырдан бері Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтымен бірлесіп,осы 29 нұсқаны қазақ тіліне аудардық. Сол 29 нұсқаны 7 томдық кітапқа енгізіп, наурыз айында халыққа ұсынуды жоспарлап отырмыз, — деп Алтынай Юнисова театр ұжымына сәттілік, көрерменге жақсы демалыс тіледі.

Айта кету керек, «Қобыланды» спектаклін Алматы қаласынан арнайы шақыртылған танымал режиссер, ұлттық «Ұмай» сыйлығының иегері, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының бас режиссері Дина Жұмабаева өзінің шығармашылық тобы, театр өнері саласындағы халықаралық деңгейдегі кәсіпқой мамандар — хореограф  Анна Цой (Алматы қаласы) және сценография мен сахналық костюм суретшісі Лилия Хисматуллинамен (Ресей Федерациясы, Уфа қаласы) бірігіп қойды. Музыкамен көркемдеуші —дарынды, талантты композитор Нұрсұлтан ТөреәліҚызылорда облыстық Н.Бекежанов театры). Қойылым барысында «Қобыланды батыр» жыры, Мұхтар Әуезовтің «Қара Қыпшақ Қобыланды» дастан-драмасы, халық ауыз әдебиеті қолданылған.

«Қобыланды» — мазмұны бай жырлардың бірі. Қобыланды — қазақтың эпостық жырындағы ең танымал кейіпкер.

Кез келген қойылымның өзіндік ерекшелігі болады. Шоқтығы биік, жауһарымыздың Ақтөбенің облыстық драма театрында сахналануы заңдылық деп ойлаймын.

Көпшілік Мұхтар Әуевовтің «Қарақыпшақ Қобыланды» дастан-драмасы негізінде қойылған «Қобыланды» спектаклін жақсы біледі. Бұл еңбек өте көп сахналанды. «Қобыландыда» атақты актерлер ойнады. Қобыланды бейнесін алғаш рет Шәкен Айманов сомдады.

Біздің мақсат — Мұхтар Әуезовке шабыт сыйлаған, ұлы жазушының драмасына арқау болған қойылымның түпнұсқасын эпос желісі негізінде көрерменге ұсыну. Өйткені ұлттық театрдың мәйегі ұлттық эпосымызда жатыр. Қазақтың ұлттық театры — ауыз әдебиетіндегі жырларымыз, эпостарымыз, аңыздарымыз, әпсаналарымыз. Ондаактерлік те, драмалық та, әдемілік те, этика, эстетика дабәрі-бәрі көріні стабады. Шамамыз келгенше дәстүрлі емес қойылым жасауға, «тірі театр» жасауға тырыстық. Сол үшін де талантты режиссеріміз Дина Жұмабаеваны шақырдық. 

Қойылымды сахналау барысында шығармашылық топ жаңа бір даму сатысына көтерілді деп ойлаймын. Қойылым — біздің театрымыздың одан әрі өсіп, биіктеуіне өз үлесін қосты, — деді Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының директоры Сайлау Қамиев.

Спектакль Қобыланды батырдың өмірі мен ерлігін бейнелейді. Қойылым Қобыландының ішкі қайшылығын, кереғар болмысын ашады.

Спектакль соңында шығармашылық топқа облыс әкімі Асхат Шахаровтың атынан ықылас гүлі табыс етілді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button