АуылБасты жаңалықтар

Толыбай шақырады

Мекенге — жас отбасы, мектепке бала керек

Облыс орталығындағы кей мектептер оқушының көптігінен үш ауысыммен оқып жатса, өңірге қарасты кей ауылдардағы білім ордаларының қаңырап қалу қаупі бар. Әйтеке би ауданы Толыбай ауылындағы орта мектептің де болашағы сондай бұлыңғыр.

Екі қабатты білім ордасында оқушылардың азайып бара жатқанына алаңдаған ауыл тұрғындары Толыбайға көшіп келем деушілер болса, құшақ жая қарсы алатындарын айтады.

Соғымыңа дейін сойып береді…

Әйтеке би ауданы Ақтасты ауылдық округіне қарасты Толыбай кезінде гүрілдеп тұрған кеңшарлардың бірі болатын. Ақтөбе қаласынан — 462, аудан орталығы — Темірбек Жүргенов ауылынан 162 шақырым жерде жатқан Толыбайда тоқсаныншы жылдардың соңында 600-ге жуық тұрғын тұрды. Бүгінде бұл ауыл —251 адамның тұрақты қонысы.

Аудан орталығымен арадағы грейдер жол Толыбайда тұратындар үшін мәселе емес. Ауызсудан да тапшылық жоқ мұнда. Әр үйдің ауласына дейін кіріп тұр.

Ұялы байланыс желісі де жақсы ұстайды. Медициналық пункт, Мәдениет үйі, музей бар. Барлық көше жарықтандырылған. Өткен жылы футбол алаңының құрылысы басталған. Аяқталуы — осы жылдың еншісінде. Тағы бір жағымды жаңалық — «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауылға кіреберіс жерге үлкен арка орнатылады.

Бұл ауылда бәрі бар. Тек, бір өкініштісі, Толыбайдағы жұрт әлі күнге дейін көмір тасып, күл шығарады. Десе де ауылдағы ағайынды мазалап отырған мәселе ол емес. Олардың ең басты уайымы — мектептің жайы.

Кезінде 120 балаға шақтап салынған білім ордасында 60-танастам ғана бала оқиды. Мектеп директоры талай шәкірттің қанатын қатайтып, үлкен өмірге аттандырған 11 жылдық білім ордасының негізгі мектепке айналып кетпеуі үшін шырылдап, барын салып жүр. Осы іске білек сыбана кіріскен директордың жұмысының алғашқы нәтижесі жаман емес. Соңғы екі жылда ауылға көпбалалы 3 отбасы көшіп келген.

Өзім осы ауылда туып-өстім. Осы жердің азаматына тұрмысқа шықтым. Сондықтан ауылдың жағдайына бейжай қарай алмаймын. Мектептегі бала саны жыл сайын азайып барады. Бүгінгі таңда осы мәселені шешу жолдарын қолға алдық. Өткен жылы ауылымызға көшіп келген бір отбасыға біздің мектептің ұжымы жиналып, үй алып берді. Көшіп келгендерді жұмыспен де қамтамасыз етіп отырмыз, — деді мектеп директоры Алтын Каирбаева.

Мектеп ғимараты жарық әрі жылы. Мамандар да жеткілікті. Әңгіме барысында директор тек химия пәнінің мұғалімі керек екенін айтты.

— Қалада пәтер жалдап жүрген жас отбасылар ауылға келсе, бірер жылда жағдайларын түзеп алар еді. Көшіп келіп жатқандарға үй мен жұмыстан бөлек,ауылдың жомарт жүректі азаматтары ақшалай да көмектесіп жатыр, тіпті соғымына дейін сойып берді. Төлдің дауысын сағынған ағайынды ауылда тұруға шақырамыз. Біздің жаққа көшіп келемін дейтін жастар мен көпбалалы отбасыларды құшақ жая қарсы аламыз, — деді мектеп директоры.

«Жақсының жақсылығын айт…»

Толыбайда еңбекпен есейген ерлер көп. Бүгінгі таңда солардың көбі туған жерінің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Ынтымағы мен ауызбіршілігі жарасқан ауыл тұрғындары мейрам сайын бас қосып, әр тойды ерекше сән-салтанатпен атап өтеді.

Ауылдағы ағайынның жағдайын қамқоршылық кеңес төрағасы Амандық Сапаровтан сұраған едік. Толыбайдың тарихын жетік білетін әңгімешіл кісі алғы сөзін қай істің де басы-қасынан табылып, игі шаруалар атқарып жүрген азаматтарға алғыс айтудан бастады.

— Біздің ауылдың қазіргі қорқынышы — мектептің жайы. Бұл мәселе басқа ауылдарда да бар екенін жақсы білеміз.Осы тығырықтан шығу үшін ауыл тұрғындары бірігіп, бірнеше отбасын көшіріп алдық. Ортамызға көшіп келген отбасыларға ақшалай, заттай, малдай көмек берген азаматтар — Талғат Жұмағалиев, Жасұлан Сапаров, Марат Байменов, Әсет Қадырбаева, Зәуреш Бимашева, Аманжол Сапаров,  Ғалымжан Іңірбаев, Еркебұлан Ідірісов, сондай-ақ қарындастарым Алтын, Жақсыгүл, Гүлнарларға ерекше алғыс білдіргім келеді. Жақсының жақсылығын айту керек, осындай жүрегі елім деп соққан іні-қарындастарым барда, ауылымыздың әрі қарай дамитыны сөзсіз, — деді ол.

Бұдан соң ауыл маңындағы киелі орындарға тоқталды.

— Біздің ауылдың тарихы — тереңде. Басқасын былай қойғанда, «Хан моласы» қорымы осы ауылдың аумағында жатыр.Онда 1000-ға жуық бейіт пен 40-тан аса құлпытас бар. Аңыздарға сүйенсек, осы жергеӘбілқайыр ханның қыпшақ дәстүрімен,  қару-жарағы өзімен қоса жерленгені айтылған.Қабір басына ханның ұлы Нұралы 12 терек еккен екен. Содан бір түп ақ тал ғана қалып, кейіннен найзағай түсіп жанып кеткен деседі. Сол ақ талға хан жерленген жер деп кие тұтышулар ақтық байлайтын болған.

Әбілқайыр хан Қажысұлтанұлының тарихи тұлғасын анықтау жөніндегі ұзақ жылғы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде «Хан моласы» қорымынан қазып алынған сүйектер байырғы орнына қайта жерленіп, қорымға 2011 жылы тас-белгі орнатылды. 2015 жылы қорымда ақ түсті граниттен жасалған биіктігі 25 метр ішкі бөлігіне қазақ халқының ру таңбалары қашалып салынған архитектуралық ескерткіш және кесене тұрғызылды, — деген Амандық Сапаров 100 жылдық тарихы бар «Ақтөбе»газетінің оқырмандарын Толыбайға шақырды.

«Алғысым шексіз, ағайын!»

Толыбайға көшіп келгендердің бірі — Нұрлан Асабаев. Біраз жыл қалада тұрып, түрлі салада еңбек етіп көрген ол балаларының болашағы үшін ауылға көшіп келуді жөн санаған. «Іздегенге — сұраған» дегендей, тағдыр оны осыдан екі жыл бұрын мектебіне оқушы іздеп жүрген Алтын Каирбаевамен кездестіреді.

Бұған дейін Ақтөбе қаласының Есет батыр тұрғын үй алабында пәтер жалдап тұрдық. Бір күні Меруерт деген көршіміздің үйіне Алтын апай келіп, ауылға көшіп баруға шақырды. Келіншегім екеуміз ойлана келе бір шешімге келдік. Балаларымызды алып туған өлкемізге бет алдық. Өзім осы Әйтеке би ауданындағы Тереңсай ауылында туғанмын. Сондықтан бұл өлке маған бөтен емес. Көшіп келген сәтімізде Толыбайдың жұрты қуана қарсы алды. Осында келіп, үйлі болдық. Екеуміз де жұмысқа тұрдық. Балаларымыз балабақша мен мектепке орналасты. Ауылдағы ел ағалары алдыма 10 қой, 2 ірі қара мал, жемшөбін қосып берді. Бұдан артық не керек? — деген Нұрлан алдағы жоспарларымен бөлісті.

Қазақта «Балаңа балық берме, қармақ бер» деген сөз бар. Мұндағы ағайын бізге «қармаққа балығын қосып» беріп, үлкен сенім артты. Біздегі мақсат — сол сенімді ақтап, осылардың барлығын игеріп, әрі қарай еңбектену. Ауылда өскен бала да еңбекке жақын болады. Олардың балалық шағының осындай ауызбіршілігі жоғары, айрандай ұйыған ауылда өткенін қалаймыз. Әзірге қалаға көшу жоспарымызда жоқ. Осы ауылдың дамуы жолында еңбек етеміз, — деді ол.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button