Әдебиет

Сая ИТЕҒҰЛОВА

Сая Итеғұлова 1975 жылы 18 шілдеде Шалқар қаласында дүниеге келген.

1991 жылыШалқардағы №2 қазақ-орыс орта мектебін, 1995 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтының қазақ филологиясы факультетін бітірген. 

1995-2018 жылдар аралығында Ақтөбе және Қостанай қалаларындағы жоғары оқу орындарында оқытушы, аға оқытушы, доцент, сырттай оқу факультетінің деканы, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор, ғылыми хатшы қызметтерін атқарды. 2002 жылы фольклортану мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған. ҚазірШ.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында қолданбалы лингвистика басқармасының басшысы қызметін атқарады.

Қазақ фольклоры мен әдебиеттанудың өзекті мәселелеріне арналған 70-тен астам ғылыми мақаланың, «Қазақ мифологиялық эпосы», «Қазақтың мифтік кейіпкерлері», «Қазақ әдеби тілінің анықтамалығы» сынды еңбектердің авторы.

Өлеңдері студент кезінен облыстық, республикалық басылымдарға жарияланып, 1995 жылы жарыққа шыққан студент жастардың «Толқыннан толқын туады» атты жинағына енген.

Сондай-ақ оқырманға«Сезім елестері» (1998жыл), «Ана тағдыры» (2015жыл) атты кітаптары арқылы да таныс.

Көктемнен күтерім көп менің

Сенің де құлазып жаның,

Жүрдің бе қайғыдан тоңып?

Кетті ме қызғалдақ-ғұмыр

«Мұң» атты аптаптан оңып?

 

Сенгенің селт етпей сатып,

Болды ма жасыған кездер?

Сөнді ме лап еткен сезім,

Салды ма тағдырың тезге?

 

Мұқалмай әйтсе де талап,

Жоғалтпай кеудеде басты.

Құлаған үмітті қалап,

Жұттың ба шығармай жасты?

 

Жүрдің бе қатардан қалмай,

Ойларды арман қып ізгі.

… Тосар деп сенемін алдан

Бақытты кезеңдер бізді…

Күтеді, тосады бізді…

 

***

Шын көңілмен жаны ашыған кейіпті,

Шынымды айтсам, сенен ғана көріппін.

Адамдардың ішіндегі асылым,

Жаны жайсаң, көңілі кең, көріктім.

 

Маған деген шынайы бір қамқорлық

Әр ісіңнен, жүрісіңнен сезілер.

Мені іздеуменсандалдың-ау жалғанда,

Сені іздеумен қанша жерді кезіп ем?

 

Сырымызды айтқызбай-ақ ұғыстық,

Сыйластықты аңсағанбыз осындай.

Жаны егіз, ал жолдары жалқы боп

Кеткендер де бар-ау мәңгі қосылмай.

 

***

Көңілге күз кірді дегенде,

Жүрекке мұз тұрды дегенде,

Жалғандық, жауыздық жабылып,

Жанымды жүз тілді дегенде,

Жарқ еткен болдыңыз жарық күн,

Дегенде «бәрінен жалықтым».

 

Бойымды зілзала басқанда,

Ойымнан тыныштық қашқанда,

Ертеңнен үмітім үзіліп,

Өмірден түңіліп, сасқанда,

Қалт етпес болдыңыз қамалым,

Дегенде «таусылды амалым».

 

Құтқарған жалғыздық дертінен,

Өршіген өсектің өртінен.

Қайтадан өмірге ынтығып,

Қайтадан тірлікке елтігем.

Селт еткен болдыңыз, сезім-нұр,

Деймін мен:

«Бақытты кезім бұл!»

 

***

Ашуға толып денем,

Санамда өліп өлең.

Мен үшін шаттық енді

Шалғайға қашты дегем.

Қайраңға шөгіп кемем,

Назарым түсіп төмен.

Жалғыздық дерті шындап

Бойымды басты дегем.

Өмірім өтті деп ем,

Көңілім күтті көп ем.

Қайғы атты бір айдаһар

Сенімді жұтты деп ем.

Қайғының, мұңның бәрі

Біздерге сынақ екен.

Махаббат сіз ұсынған

Мен күткен бұлақ екен.

Сіздегі бал сезімнің

Атпаған гүлі екенмін.

Сыңарын сағындырған

Егіздің бірі екенмін,

Сіз үшін тірі екенмін.

 

***

Күз келіп көңілге,

Күн түспей өңірге.

Көптен-ақ жүргенмін

Күрсініп өмірде.

 

Қысты да көргенмін

Қысса да өлмедім.

Қар-қайғы салса да

Қыраудан өрнегін.

 

Көктемде жолықтық,

Тоғысып, толықтық.

Бір екен көзқарас,

Айтпай-ақ соны ұқтық.

 

Тәңірім жұбатты,

Тағдырым уатты.

Жабырқау жаныма

Жаз келді шуақты.

 

***

Екеуміз бірге ұғындық,

Жар деген сөздің астарын.

Білемін мені тірейсіз,

Сүрініп кетсем, асқарым.

Екеуміз бірге ұғындық,

Жар деген сөздің тереңін.

Біз үшін қатал тағдырдан

Қаймықпас менің еренім.

Ұғындым-дағы қуандым,

Жарымның сіздей барына.

Тәңірім қосқан қосағым

Тап қылып менің бағыма.

 

***

Шаңыраққа қарай отыр, қонағым,

Өткен күндер елесінен тоңамын.

Күліп кіріп, текеметім тілгілеп,

Жылап келіп, асылымды тонадың…

 

Балаң көңіл, далаң пейіл ел едік,

Қашқанды да, қуғанды да жебедік.

Байқасақ та бұра тартқан тұстарын,

«Ей, мынауың қате болар» демедік.

 

Қонақжайлық салтқа бәрін салдық та,

Құр жорғалап, құлдай болып қалдық па?!

Өгей шеше хандық құрып төрімде,

Ана тілім жетім халге шалдықса!

 

Әйтсе-дағы, шаңыраққа қараңдар,

«Ұл таптым» деп қалжа жеген анам бар.

Зерделі де зейінді жас өсуде,

Атамекен тағдырына алаңдар.

 

Өткен күндер өтті-кетті, десек те,

Қателіктер тұрады екен есепте.

Жылқы тектес, бөрі мінез жұртымнан,

Сом алтындай шығып жатыр кесектер.

 

Шаңыраққа бір қарауды ұмытпа,

Көңілдегі арам ойды құлыпта.

Жуастықты қорқақтыққа баламай,

Кеудемсоқтық кейіпіңді құрықта.

Шаңыраққа бір қарауды ұмытпа…

 

***

Көк бөрі ұраны болған

Көк түрік ұрпағы едік.

Кең дала төсінде жортқан

Сақ, ғұнның жұрнағы дедік.

Желменен жарыса жүріп,

Сан мәрте сынға да түстік…

Тұманың тұнығын іштік,

Даланың марқасын жедік.

Сенгенім — Жаратқан ие,

Тұрғаным Уәде болды.

Асылды аруақ қолдап,

Төрт түлік қорама толды.

Пір тұтып пайғамбарларды,

Жаттадық Құранды Кәрім,

Ұстандық дәстүрдің бәрін —

Ізгіге бастайтын жолды.

Туған жер, атажұрт үшін

Бақты да, сорды да көрдік.

Ұйысақ елдікке бірде,

Кей тұста жолды да бөлдік…

Біріксек, дұшпанды жеңіп,

Байрақты көтердік тіктеп.

Ру жіліктеп, жіктеп,

Қапыда құсадан да өлдік.

Қорқыттай ұзаным болған,

Фараби — мақтаным менің,

Ясауи — иманның діңі,

Абайым, хакімім едің.

Межелеп шыңдарды биік,

Ғылымнан қамқа тон киіп.

Шығармыз сынақтан, елім!

Құласақ, көтерер жерім…

 

***

Өз ішіңе сыймаған,

Өзгенің сыймас тісіне…

Сырыңды сақтап сондықтан

Ашыла берме кісіге…

Тағдырдың салған ісіне

Шытынасаң да тұр шыдап…

Кім алар дейсің түсіне,

Түспесе басқа бұл сынақ?!

Күн артынан күн өтіп

Жадыңнан өшер бұл-дағы.

Қала сен, мейлі қалама,

Өткеннің қалмас жұрнағы…

Ізіңдей болып құмдағы,

Сусып-ақ өтер бұл жалған.

Толтырмай жердің құндағын

Фәниде айтшы, кім қалған?!

Өз бейнетім — өзімнен,

Өзгеге текке кінә артпан!

Армандарыңа қолың соз

Алыстан сонау мұнартқан…

Не болса соған құмартқан

Нәпсінің жеңіп тілегін.

Бір Алла өзі ұнатқан

Амалға толсын жүрегің…

Жігерлену

Көктем келеді ерекше сәнімен,

Құстар сайрайды ғажайып әнімен.

Әттең, оларды естімес әлдекім,

Күткен көктемді әлде жүз, әлде мың?!

Көктем келеді қақпастан есікті

Жер-ана бусанып, тербетер бесікті

Таптаурын орнына жайқалып шөп шығар

Жазмыштың адамға берері көп шығар?!

Көктем келеді шуақты жүзімен,

Жайдары көктемде бабалар ізімен…

Тойлаймыз Наурызды жаңарып, жарқыным,

Тауысып сақталған ескінің сарқынын.

Көктем келеді, келеді көктемім,

Көктем келеді, келеді көктемің…

Көктеммен көңілді көтеріп көктерім…

Көктемнен, көктемнен күтерім көп менің…

Қашанда көктемнен күтерім көп менің!!!

Ал әзірге — қыс…

 

***

Бүгінім кешеден тым тәуір,

Ертеңім бүгіннен тамаша!

Жанымның әрбір тін, талшығын

Жаратқан жаңғыртар жаңаша…

Ғажайып осынау әлемге

Үмітпен тамсана қараймын…

Ауаны — жаныма дауаны

Ең үлкен сыйына балаймын.

Мен бәрін, барлығын кешірдім…

Жаратқан, сен-дағы кеш мені,

Санамнан жақсылап өшірдім

Өкпе мен ренішті естегі…

Жүрегім шаттықтан лүпілдеп,

Қуаттың ағыны келеді.

Жаныма мейірім толығып,

Бойымды шуаққа бөледі…

Бүгінім кешеден тамаша!

Ертеңім бүгіннен ғажайып!

Көңілдің кірбіңі шайылған,

Тірліктің күйбеңі азайып…

Жаратқан Аллама сеніммен,

Әр таңның түндігін ашамын.

Ой-сергек, жан-тыныш, жеңіл-дем,

Қадамды қуана басамын.

 

***

Әліпті таяқ деп білмейтін балаға,

Бар ойы — ойында, көңілі — далада.

Оқу мен жазуды ерінбей үйреткен

Мың алғыс, ұстазым, дара да, дана да.

Әр үйдің мәпелеп өсірген еркесін —

Қиялы ұшқырын, ақылы келтесін.

Сөзімен, ісімен білімге баулыған

Бір сипап шашынан,

бір қысып желкесін…

Ол кезде жас едік, ұқпаппыз мәнісін,

Кей кезде түседі есіме әр ісі.

Өмірлік жолдағы бірінші бағдаршам —

Алғашқы ұстаздың алғашқы дәрісі.

Аман бол, ұстазым, көңілі даладай,

Ақылы дария, пәктігі баладай.

Бой түзеп, үлгі етіп жүреміз әрқашан,

Тамыры тереңге тартылған қарағай!

 

***

 

Аяқтап мектеп белесін,

Аттестат қолға алдық та…

Бетке алып білім кемесін

Шалғайға кетіп қалдық па?!

 

Ұштық та туған ұядан,

Өзге үйде түндік түзеттік.

Бақытты тауып қиядан…

Отбасы шырқын күзеттік.

 

Сан мәрте түсіп сынаққа,

Шайқалсақ-тағы саспадық…

Еске алып іштей қоюшы ек

Балалық шақтың аспанын…

 

Балалық күнге саяхат

Жасадық жүйрік қиялмен.

Көңілге сыйған сағыныш…

Өңірге шықсаң сыяр ма ең?

 

Сырымыз жақын, ниет бір,

Жүрекпен жүрем бағалап.

Құрбы мен құрдас, достарым —

Шалқардан ұшқан шағалам!

 

Үйіме төрлет, қонақ бол,

Көңілің біраз сергісін…

Құлындай ойнап, бірге өскен

Балалық шақтың белгісі…

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button