«Ақтөбе» — 100!

Шәйгөзден шыққан журналист

«Ақтөбенің» ардагері

Ойыл ауданының кезінде Қызылқорған атын иеленген ауылдық кеңесі аумағында Шәйгөз деп аталатын мекен бар. Облыстық «Ақтөбе» газетінің ардагерлері сапында саналатын белгілі қаламгер Сырым Бақтыгереевтің туған жері бұл.

Сырым аға облыстық басылымда төрт-бес жыл аумағында, сонау жетпісінші жылдардың екінші жартысында қызмет атқарды. Сондықтан да оның есімін бүгінгі оқырманның, тіпті кейінгі буын қалам иелерінің жеткілікті біле бермеуі мүмкін.

Егер қысқаша өмірбаянға тоқталатын болсақ, ол 1942 жылы, соғыстың қызып тұрған кезінде дүниеге келген. Аудан орталығындағы орта мектепті бітірген соң автоэлектрик болып еңбек жолын бастайды. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне де жұмыста шыңдалып, өмір тәжірибесін ұғынып барып түседі.

Аудандық «Еңбек туы» газеті оның журналистикадағы жолын ашады. Жергілікті басылымда қызмет істей жүріп, оның өзгеше өрнекпен жазылған мақалалары көпшілік назарын аудара бастайды. Аудандық газеттен республикалық «Лениншіл жас» газетінің Батыс Қазақстан облыстарындағы  тілшісі болып қызметке қабылдануының өзі оның өміріндегі ерекше бір жағдай еді. Сол кезде қалам қуаты тасып, шығармашылық шабыты шарықтап жүрген жас журналист жастар басылымында да сан алуан тақырыптардағы, әртүрлі жанрдағы туындыларымен көзге түседі.

«Лениншіл жастағы» бес жылдық белестен кейін оны облыстық «Коммунизм жолы» газетіндегі (қазіргі «Ақтөбе») әріптестері қуана қарсы алады. Өйткені үлкенмен де, кішімен де жатырқамай тіл табыса кететін, адам жатырқамайтын, ақкөңіл жан бұрыннан бұл редакцияның өз адамындай болып кеткен еді.

Ол облыстық басылымда ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Ол кезде газет аптасына бес рет шығады. Басты тақырыптардың бірі — ауыл шаруашылығы. Бірінің соңынан бірі жалғасып жататын науқандық жұмыстар, еңбек адамдары үзбей көрсетілуге тиіс. Былайша айтқанда, бұл бөлімнің қызметкерлерінде демалыс деген болмайды. Бірі аудандарға іссапарға барып келіп жатса, екіншісі телефон құлағында отырып алып, шалғайдағы шаруашылықтардан жедел хабарлар алу қамында отырады. Соның бәрінде Сырым ағаның елгезектігі, жеделдігі, тақырыптарды қамтуы көп шаруаны жеңілдетіп отыратын. Тәжірибелі журналистің мұндай сәттерінің куәсі де болғанымыз бүгінде ойға оралады.

Ол бірер жылдық шамасында өзі қызмет еткен облыстық газетке келіп, кейінгі әріптестерімен кездесуінде кезінде алдындағы аға буын өкілдері Құбаш Қожамұратов, Смағұл Мұқашев, Ерекеш Бірманов, Дербісәлі Ниязбаев, Лұқпан Жұмабаев, Көмекбай Оразниязов, Дүйсенғали Мұқаев сынды ағалардың көзін көргенін, олармен бірге еңбек ету бақытына ие болғанын ерекше бір сүйіспеншілікпен айтқан еді.

Оның журналистік жолында, ұзақ жылғы тәжірибесінде бүгінгі жастарға үлгі боларлық ізденістер ізі аз емес. Мәселен, аудандық газетте жүргенінде бірде «Саралжын» мамандандырылған мал бордақылау кеңшарына барып, сол сапардан «Ботакөз» деген эссе жазып келеді. Алғашқыда әріптестері тақырыбына қарап, бұл мал семіртуші қыз туралы болар деп болжамдайды. Өйткені іссапарға барған газет қызметкері ең алдымен шаруашылық мәселелерін қозғап, берісі еңбек адамы туралы материалдар алып келуге тиіс. Ал Сырым ағамыз атақты Есет батырдың қызы, Әжібай бидің келіні Ботакөз туралы жазған. Оны жазбас бұрын айдалада елеусіз тұрған батыр қыздың кесенесіне барып, өзінше зерттеу жүргізген. Сол тұстағы кеңшардың директоры Тынәлі Толыбековтің өзі журналисті ертіп барып, мәлімет берген.

Ол уақытта бүгінгідей қазақтың батыр-билерін газеттерде жариялай беруге болмайтын. Сондықтан газет редакторының өзі біраз ойланып, мақаланың ықшамдалған нұсқасын ғана береді.

Бәрібір ол өзі қызмет істеп жүрген газеттің талабы ауқымындағы жұмыстармен шектеліп қалмайды. Майданнан оралмай қалған ананың балаға сағынышын өзек еткен «Келдің бе, құлыным?» атты пьеса жазып, оны Ойыл драма театры сахнаға шығарады. Бұл туынды аудандағы жеті совхоздың, жиырма ферманың орталықтарында қойылып, Сырым Бақтыгереевтің атын тағы да шығарады.

Аудандық газет, республикалық басылым, одан облыстық газет… Осы бұқаралық ақпарат құралдарының қай-қайсысында да қызмет істеген қысқа мерзімдер ішінде өзінің айшықты ізін қалдырып үлгерген ол мұнымен де тоқтамай, сексенінші жылдардың басында Алматыға қоныс аударады.

Мұнда Сырым Бақтыгереев республикалық баспаларда қызмет етеді. Парламент Мәжілісі аппаратының редакциялау және аударма бөлімінде консультант, сектор меңгерушісі болады.

Ол жақта жүріп те қалам қуатын еселей түседі. Туған жерге парызы іспеттес ел жаққа елеңдеп отырады. Соның нәтижесінде «Түлеген Ойыл өңірі» және «Ойыл» тарихи- танымдық кітаптарын шығарады.

Ол құрметті еңбек демалысына шыққанның өзінде сол баяғы ізденісінен танған емес. Испанның танымал жазушысы, көптеген тарихи романдар мен детективтердің авторы

Артуро Перес-Ревертенің «Құрсау немесе өлім үстіндегі ойын» деп аталатын романын қазақшаға тәржімалауы — соның мысалы.

«Жүрек сөзі» эсселер жинағы журналистикадағы үздік үлгі, жақсы жаңалықтың лебі іспетті.

Оның кейіпкерлері — Алаш көсемдерінің бірі Жаһанша Досмұхамедов, еліміздің үш бірдей Конституциясы авторларының бірі, заңгер-академик Ғайрат

Сапарғалиев, медицина ғылымының докторлары, белгілі мемлекет және қоғам

қайраткерлері Ишанбай Қарақұлов, Қуаныш Мәкіров, тағы басқа танымал тұлғалар.

* * *

Сырым Бақтыгереевтің «Шәйгөзде құлын кісінейді» деп аталатын сондай жүрек жылытарлықтай етіп жазылған әп-әдемі эссесі оқырмандарының есінде әлі күнге дейін сақтаулы болар.«Көңілім сол жаққа алып ұшады. Елге барсам, Шәйгөздің ыстық топырағына табанымды күйдірмей көңілім басылмайды,

Шөйгөздің қара жолы ата-баба қорымына жетелей жөнеледі…».

Бұл — журналистің өзі туған жерге, сонау шалғайда қалған мекенге, балалық шағына деген сағынышы.

Сол мәңгілік сағыныш оның қаламына әлі де қуат беріп келеді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button