«Ақтөбе» — 100!Әдебиет

Уақыт

Тобық ЖАРМАҒАМБЕТОВ

«Ешқашан көріспеген, жүздеспеген кісім. Бірақ жақсы білетін едім. Сырттай, әуел бастан. Біз университетке келіп түскен 1957 жылы бітіріп кеткен екен. Күзде «Жұлдыз» журналының 9, әлде 10-санынан «Екі жүрек» деген әңгімесін оқып, әуезін анық аңдаған едім. Жазу мәнері мүлде өзгеше. Алдымыздағы, ол да жаңа бастаған, сәтті бастаған студент қаламгер Маршал Әбдіхалықовтан сұрастырып, жөн-жобасын таныдым. Туған жері — Ақтөбе, Байғанин ауданына кетіпті. Осыдан соң көп ұзамай, келер жылы тағы да осы әдеби журналда «Хаттар, хаттар» дейтін екінші әңгімесі шықты. Енді мен Орталық кітапханада Ақтөбенің облыстық «Коммунизм жолы» газетін ай аралатпай қарап, Тобықты іздеп отыратын болдым. Үздік-создық жаңа әңгімелері шығып жатты. Соны, серпімді дүниелер».

Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің «Тобық Жармағамбетов» атты мақаласы осылай басталады.

Тобық Жармағамбетов 1934 жылы Байғанин ауданының Жарқамыс ауылында туған.

1957 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірді. 1957-1959 жылдары — Жарқамыс орта мектебінде мұғалім, 1959-1973 жылдары Байғанин аудандық «Жаңа өмір» газетіне жауапты хатшы, редактордың орынбасары, облыстық телеарнада аға редактор, бас редактор болды, облыстық «Коммунизм жолы» газетінде, облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау коғамында қызмет атқарды. Оқырманға «Нәзік бұлттар», «Қызыл ай», «Ақ жауын», «Қара жаңбыр», «Бәйтеректің жас шағы», басқа да шығармалары, әсіресе «Отамалы» әңгімесі арқылы жақсы таныс.

Биыл жазушының туғанына 90 жыл толады. Оның бірқатар әңгімелері оқырманға ең алғаш облыстық газет, яғни біздің басылым арқылы жол тартқан еді. Бүгін оқырманға жазушының «Уақыт» атты әңгімесін ұсынып отырмыз:

Терезе алдында ақ халат киген жалаңбас екі дәрігер сөйлесіп тұр. Бірі темекісін үсті-үстіне тартуда. Төмен қарап, сұрақтарға селқос жауап береді. Екіншісі абаждай терезеден сыртқа қараған қалпы сөзден аузы босар емес. Бұл үйдің төртінші қатары болатын. Терезеден бұлтты аспан, қаланың солтүстік етегі, жақын көшелер түгел көрінеді. Бұлттар ауыр салбырап, қала үстіне төніп тұр. Кей жерлері жыртылып кеткендей, жалбырап көкжиекке дейін, үйлердің төбесіне дейін жетіп тұр. Аяқ астындағы көшеден өткен автобустардың арқасы ағараңдайды. Міне, бір жүк машинасы етті. Қорабының тең жартысына дейін пияз тиелген. Оның үстінде рахаттана жайласып, көйлекшең бір әйел шалқасынан жатыр. Аяқ жағында бір ақ шелек пен екі қара қолғап. Бәрі ап-айқын көрініп тұр. Сіркіреуік жаңбыр бар сияқты, бірақ оны терезеден байқау қиын. Асфальт көшe жарқырамайды. Асығыс бара жатқан да ешкім жоқ.

Терезеде қарап тұрған:

— Аспанның түсі бұзылып кеткен екен, — деді. Оған орындықта басын төмен салып, темекі тартып отырған жолдасы үн қатқан жоқ, шамасы ойы бөтен жақта.

Бейне әкесі өлгендей. Күз болғанда, сазданып бола ма?

— Сен неге үндемейсің?

— Әншейін…

— Бүгін бетіңде бір тамшы қан қалмады ғой. Мына аспан сияқты түтеп кеттің ғой. Сондай операцияны алғаш көрдің бе? Сонша үрейің ұрып не қара көрінді?

— М-м…

— Рас, оны өлмейді деп ешкім ойлаған жоқ. Жасы алпыстан асқан, жүрек ауруы асқынған кемпір… Операцияға қатысқандардың бәрінің қаны қашып кетті.

— Бұл менің жүрекке жасаған жүзінші операциям.

— Түсінемін, юбилей.

— Сасқан жоқпын мен.

— Шынымен айтып отырсың ба?

— Әрине. Тек бір тұман арасында жүргендей, тұманға мас болып, тұман жұтып жүргендей біртүрлі сезім…

— Мәссаған! (Ол терезеден беті бұрылды.) Неге?!

— Айта алмаймын.

— Себебі не?

— Себебін де.

— Мен сені түсіне алмай тұрған сияқтымын… Иә, Ыбраш, құрметті дәрігер, мен сені бүгін алғаш рет түсіне алмай тұрмын. Он бес жылдан бері…

— Мүмкін… Мінеки, бір ай болды мен тыныштықтан айырылғалы. Әлгі кемпірдің көздерi менің соңыма түсіп қудалағаннан бері. Қайда жүрсем де алдымда тұрады да қояды. Кейде көзімді жұмып, ұмытқым келсе де, қараңғы кеудеме қадалып тұрған оның байыпты көзқарасын байқаймын. Кірерге қуыс таппадым. Онымен алғаш кездесіп, операцияға дайындаған күннен бастап…

— Шамасы қатты аяғансың ғой… Рас, оның жалғыз басынан бөтен ешкімі жоқ. Не баласы, не туысы. Алыстағы ауылдан. Ешкім іздеп келіп, хал сұраған жоқ. Қатаң ауру. Бірақ өмірде не болмайды? Оған қатты қайғыра беруге бола ма?

— Жоқ, мен оған емес, көздері… Сен байқаған жоқсың ба, оның көздерін…

Дәрігердің көзінен білінер-білінбес жас шарбысы байқалғандай болды.

— Ehе-ей! Дәрігер болғаныңа. Студенттік кезіңде өлген адамның жілігін ұстап отырып, қалаш жеген ҝүндеріңдіұмыттыңба? Мынауыңнежаңалық? Операция сәтті шықты. Енді қуанатын, күдіктің бәрін ысырып тастайтын кез ғой бұл. Жаңа операциядан кейін жиырма дәрігердің риза болған көзқарасын, гүл-гүл жайнаған жүздерін көрген жоқсың ба? Бұл  тіпті ғылымға қосылған үлкен үлес деуге болады. Ендігі жерде сені жүрек құдайы деп атау керек. Әрі жүзінші операция. Орталық газеттің журналисі де қатысып тұрды операцияға. Ол шыққаннан кейін «мен «Жүзінші операция» деген очерк жазамын» деп, қаламын қайрап кетті. Көрдің бе, бірнеше күннен кейін әлгі газеттің нөмірін өзім әкеліп көрсетемін. Бұл ойыншық емес, шырағым. Жүр одан да, мұны сіздің үйге барып, есте қалдырайық.

— Үйде жан жоқ.

— Әйел, балаларың Қырымнан әлі келген жоқ па?

— Ертең.

— Олар бір айдан көбірек болды-ау шамасы?

— Жолда Москва бар ғой.

— Иә-ә… Сен де емделуің керек, нервiң шіріген шарық жіптен жаман…

— Әңгіме онда емес.

— Ендеше, неге көзіңе керегі жоқ су жинайсың?

— Операцияның сәтті шыққанына жылап отырмын.

— Mәc-caғaн!

Жолдасы екі қолын жайып, иығын қиқаң еткізді.

— Ендеше, біздің үйге барайық. Жүз бірінші операция үшін…

— Жоқ, зауқым болмай отыр.

— Өзің біл, шырағым. Мен кеттім.

Ол ақ халатын шешіп, бешпетін нығына ілді де, шығып кетті.

Біраздан кейін көшеге Ыбраш та шықты. Ауа жап-жаңа екен. Көкіректі кернеп қоя берді. Аздап жаңбыр сіркіреп тұр. Асфальт енді жарқырап қалыпты. Ол үйіне қайтқанда, күнде парк жанынан өтетін. Бүгін сенбі болғандықтан, парк ісінде адам көп-ақ. Жай жаңбырды елейтін емес. Әйел-қыздар қызылды-жасылды жауын өткізбейтін жеңіл плащ киіп алыпты. Кей әйелдердің сүйреткен кішкентай арбалары, балалары бар. Мына бірэстрада алаңында оншақты адам аспаптарын байқап, әр нәрсені үзіп-жұлып ойнап отыр. Бәрі де жалаңбас. Жүріп келе жатқан Ыбраштың дәл алдына бір торғай қонды. Үсті собалақ-собалақ болып, суланып қалыпты. Қанатын дүр еткізіп, сілкіп-сілкіп қояды.

«Жақсы жаңбыр екен» — деді ол сәл естірте, сосын біраз уақыт қысып тұрған қолдарын алдына тосып, жалаңаш ұстап жүрді.

Үйге жеткенде іңір болып қалды.

Бөлме іші қараңғы екен. Бұрыштарға ебедейсіз үлкен құбыжық көлеңкелер орналасып қалыпты. Олар бірте-бірте түрін өзгертіп, қомақталып бара жатқандай.

Жарық жағып еді, бөлме іші көңілденіп сала берді. Ебедейсіз құбыжықтар асқан жылдамдықпен ғайып болды. Сырт киімін шешіп, Ыбраш диванға қисайған бойда, көз алдына манағы кемпірдің көздері келіп, қайта тұрып алды.

Ыбраш тағы да дір етті. Иә, бұл қанша ойламайын десе де, осы кімдерден қанша қашықтаса да, қаншама мойындамайын десе де, бұл— оның аяулы анасының, бұдан отыз жыл бұрын өзінің он үш жасында қайтыс болған анасының көздері еді. Ауруханада кемпірді алғаш көргенде Ыбраштың төбесінен жай түскендей болды. Дәл осы кездер сол бет-пішін, сол бір жасқаншақ, әлсіз тіршілік иесі алдында жатыр. Неткен ұқсастық? Мұндай зат дүниеде екі айналып келуі мүмкін бе? Содан бері Ыбрай бейне бір есеңгіреп жүргендей. Булыққан ойды ақтарып, сырын төгер адам да жоқ. Әйелі болса, бала-шағасын ертіп, Қырымға демалысқа кеткен. Күн сайын ауруханаға барып, кемпірдің жанында ұзақ отырады, әр нәрсені сұрайды. Баласы я жақын туған-туысқандары жоқ еді. Бар сұрауларына жоқ деп жауап береді. Алыстағы бір совхозда тұрады екен. Аздаған пенсиясы, бір-екі малы бар. Жүрек ауру. Соңғы кезде аурудың салдарынан жүдеп қалыпты.

Операция күніне шейінгі біраз айдың ішінде Ыбраш қатты толқуда болды. Өйткені ауру тым қатаң, операция күрделі болатын. Ойша таразыға салғанда өлім жағы мол басып, еңсеріп тұратын.

Енді, міне… Операция сәтті аяқталды. Қандай тамаша! Бірақ… осы кемпір әлпеті уақыт өткен сайын бірте-бірте ұмытылып, көмескіленіп бара жатқан аяулы суреттерді, отыз жылдық қараңғылықтан суырып алып, соларға қайта шап беріп, жүрегін бұлқытып жіберді.

Онда Ыбраш он үш жаста болатын. Жардың астындағы жалғыз киіз үй күні кешегідей көз алдында тұр. Үйден берірек жағасында қамыс, қоға өскен кішкентай өзен. Өзеннің көгілдір иірімдері мен тұнық құлақтары, алақ қайраңы, көрініп жатқан тайыздары, әр тайызда тұрып қалған қаңбақтары бар. Қаңбақты көтеріп қалса, ағыспен қисайып жүзіп жүре беретін шайымның кіп-кішкентай, қап-қара бала шабақтары бар. Жар басында қонып отыратын ақ мойын бүркіттері, түске жақын шырылдайтын шегірткелі шалғыны бар. Шалғынның үстінде кешке қарай ауылдың маса бұлттары қаптайды. Ол кезде жалғыз үйдің жанында көк түтін бұлттанады. Кешке қарай үй жанына бір сиыр мен бір бұзау, бір ешкі мен екі лақ жиналады. Екі лақ әп-әдемі-ақ. Олардың жас баланың тістеріндей әдемі аппақтістері әлі күнге дейін Ыбраштың көз алдында тұр. Түн болса, үкінің бе, әлде түлкінің бе, даусы үзілмейді, қашан ұйқыға кеткенше. Қорқынышты-ақ. Бірақ Ыбраш апасының бауырына тығылып алып, тыныш ұйқыға кететін. Бұл суреттер мен сезімдер Ыбраштың жүрегіне отпен ойып, немесе пышақпен тіліп салғандай, өшер де, сөнер де емес, бейне кеше немесе бүгін таңертең ұйқылы-ояу жатқанда болғандай сайрап, жарқырап, жанып тұр. Кейде тіпті көзін жұмып, сәл ойланса-ақ болғаны, түстегі саршұнақтардың өткір шиқылы мен шегірткелердің қою ызыңы естіліп тұрады. Анасының аты Зәру болатын. Сол кезде жас шамасы қырықтарда я одан сәл үлкенірек еді. Манағы кемпірге қарағанда жас болғандықтан, әжімі аздау, көз жанары күштілеу еді.

Әкесінде толық білмейді, есінде тек оның арбиған үлкен күс-күсқолдарыменбасындағы кішкентай қызыл төбетейі қалыпты. Қанша тырысса да бет-әлпетін көз алдына келтіре алмайды, тек әрбір ойланған, қиналған сайын әлгі қызыл төбетейі мен күсқолдаркөз алдына қалқып келіп, өзгелерді көлегейлеп тұрып алады. Бұлардың да есінде қашан және не себепті қалғанын білмейді. Мүмкін тіпті қызыл төбетей мен күс қолдар әкесінікі емес те шығар. Бірақ, әйтеуір, әкесі туралы ойлағанда әрқашанда осылар көз алдына келеді, шешесі әкең бұдан алты жыл бұрын бандылардың қолынан өлді дегенін біледі, оның «жақсы адам еді» дегенін есінен шығармайды, бірақ Ыбрашқа ол кезде бүкіл өмірі әкесіз, осылай жар астындағы жалғыз үйде өткен сияқты көрінетін. Бөтен үйлер алысырақта, өзеннің арғы бетінде болатын. Шешесі мұнда малға өріс деп отыратын. Бұл колхоздардың жаңа-жаңа құрылып жатқан кезі еді.

Ал мына ертеңгілікті Ыбрашөмір бойы ұмытпайды. Күндегі әдетінше оны бұл жолы да апасы оятты.

Шұрқ тесік жабықтан түскен күн сәулелері жуанды-жіңішкелі ақ найзағайдай үйдің ішін шымырлатып толтырып тастапты. Анасы бұған қарап күлімсіреп отыр екен. Оның бетінде екі-үш күн сәулесінен түскен ақ жарық жылжиды.

— Тұр, қарағым, — деді ол мейірленіп. — Күн жақсы екен. Тамағыңды ішіп ал да, қармағыңды сал.

Ыбраш бір тостаған ащы айранды ішіп алды да, сыртқа шығып, белдеуде қыстырулы тұрған қармағын алып, өзенге беттеді. Жиырма шақты қадамнан соң өзен кемеріне тірелді. Шынында да, күн өте жақсы екен. Жел де, бұлт та жоқ. Үйдің ар жағындағы жардан жаңа көтерілген күн жер бетін әдемі-ақ жарыққа бөлеп тұр. Өзен беті де тып-тыныш. Тек майда толқыңдар ғана жағаға соғып, сылп-сылп етеді. Көк жақсы иірімге жағадағы жасыл құрақтар наздана иіліп, сызылып қалыпты. Олардың суреттері де сол күйінде су бетінде жыпырлап тұр. Тереңіректегі шылау да әп-әдемі, нәзiк жібектей есіліп жатыр. Оның үстінен бір-екі қызыл қанат өтіп барады. Қанаттары қып- қызыл болғанда да, көздің жауын алып, жайқалып тұр. Нәп-нәзік, қызыл-қызыл, жіп-жіңішке.

Ыбраш қармағын жазып кемердің басына жайласты да, кеше үлкен жапыраққа орап дайындап қойған қызыл құрттарының бірін қармаққа шаншып, оған сәл түкірдіде, иірімге лақтырды. Бау шолп ете түсті. Қызыл құрт керіліп батып барады. Қалтқы бір-екі дөңгеленіп барып, қолайлы тұрысын тапты да, ағынмен төмен жылжыды. Біраз жерге барғаннан кейін ол сәл ойланғандай, аялдағандай болды да, дөңгелек жасап, жоғарырақ жақпен бері қарай қайта айналды.

Балықтар түнде ашығып қала ма, таңертең қапқыш келеді. Бүгін де солай болды, қалтқы бірден-ақ тыпыршып, тыным таппай, қозғала береді. Бірақ бұлардың майда шабақтар екені беп-белгілі еді. Дегенмен бір шай ішімдей уақыт өткенде, қармаққа үш-төрт ақ балық түсіп үлгерді. Ыбраш оларды жіпке тізіп, суға салып қойды да,қармағын сала берді. Күн жоғарылаған сайын ыстығы молайып, Ыбраштың арқасын, желкесін күйдіріп, басын ысытып жіберді. Суға бір рет сүңгіп алғысы келіп кетті. Бірақ кенет ол иірімде тұрған қалтқысының жоқ екенін байқады. Жаңылысқан жоқ па екенмін дегендей, ол асықпай су бетін тағы да барлады, жағадағы қамыстардың біріне ілініп қалған жоқ па екен деп, жағаны да сүзді, бірақ қалтқыға ұқсас ештеңе көрінбейді. Болмаған соң, ол жайлап құрықты көтере бастап еді, қолы тереңнен бір ауыр бұлқынуды сезіп, дір ете қалды.Ыбраштың кеудесінен қуаныш оты мен қорқыныш аязы бірден жүгіріп өткендей, қалтырап қоя берді. Қармақ әлсіз, майысқақ, қармақ бау жіңішке болатын.

Қармаққа ілінген үлкен сары сазан екен, алғашқы тартқанда-ақ Ыбраштың қарсы алдындағы суды қорс қылып кетті. Ол сол сәтте отырған жерінен ұшып түрегелді де, жағадан кейін ыршып, қармағын еппен тартып, жылжи берді. Алтындай жарқыраған сары сазан жағаға жақындаған сайын бір олай, бір бұлай жұлқына сүңгіп, үйірімнің астан-кестенін шығарып, қайнап жатқан қазанға ұқсатып жіберді.

Ыбраш қармақ бау үзілмесе екен деп iштeй жалбарынып, жағаға сүйрей берді. Кенет жағадағы қамыстарды құйрығымен бір салып, салдыр-гүлдір еткізіп, үп-үлкен сары сазан кемерге келіп тірелді. Жан дәрменде ұшып келіп, желбезектен тартып, ытқытып жіберген Ыбраш сонда барып үһ деп демін бір алды. Алтын күннің бояуымен одан сайын алтынданып жатқан сары сазан бір секіргенде, құм болған бүйірін жоғары қаратып аунап түсті. Екінші секіргенде құйрығын жоғары жіберіп, аузымен жер тірей қалды бейне топырақ асап жатқандай бір сәт қалықтап тұрып, тағы да гүрс етті. Қандай үлкен, ауыр, әдемі сазан.

Жүрегі қатты-қатты соғып, дүрсілдеп кеткен Ыбраш бойындағы қуаныш сезімін баса алмай, біраз тұрды. Ол өмірі мұндай ірі сазан ұстап көрген жоқ еді. Тіпті мұндай ірі балықтың қасына жақындап та көрмеп еді. Енді көп тұрмай-ақ балықтың желбезегінен шөптiң жуан тамырын өткізіп жіберіп, үлкен балықты сүйрете-мүйрете үйге қарай жүгірді.

Ақ жаулық тартқан шешесі есік алдына шыққанда, сазан сүйретіп қалбаңдап келе жатқан баласын көріп, қатты қуанып кетті.

— Қарағым-ау, мұны қалай ұстадың? Тайыншадай ғой, құлыным-ау!

— Қармағыма қатты, апа. Өзім де қатты қорықтым. Әрең сүйреп шығардым. Асау сазан екен.

— Ей-й, күнім-ау, құтты болсын, жарықтық тым үлкен екен.

Үлкен балық шешесіне де, Ыбрашқа да үлкен қуаныш әкелді. Өйткені бұл ауыр жылдар, бұлардың жалғыздық, жасқаншақ, әлсіз жылдары еді. Мұндай бұлықсыған сазан түгіл, күніне ақ балықтар дұрыс түсіп тұрса да, қуаныш сезімі жалғыз үйді тастамайтын.

Ыбраш балықты қалай аршығанын да, қалай жуғанын да білмейді. Шешесі жуылған балықты алып, ақ таза шидің үстіне салып, үлкен қара пышақпен пытырлатып жарып жатыр. Адам қуанғанда қаншама өзгеретінін Ыбраш осы таңда алғаш байқағандай, анасының көз жанарына қарайды да, жүрегі лүпіл қағады, өзін бір жағынан ертегінің батырларынша сезінеді.

Біраздан кейін Ыбраш өзенге қайта жөнелді. Жолы болғанда қас қаққанша қармаққа екінші сазан ілінді. Бұл алғашқыға қарағанда кішілеу болғанмен, көп азаптан кейін алдырды. Жағаға шыққанда қармақбау үзіліп те кетті, бірақ Ыбраштың жүгіріп барып үстіне жата қалғандығының арқасында ғана суға шомып бермеді.

Бұл күн бұрын мұнша көп балық ұстап көрмеген Ыбраш үшін өміріндегі ең тамаша күн сияқты сезіліп кетті.

Сазанды сүйретіп келе жатып көргені — даладағы жер ошақта қазан қайнап, балық пісіп жатыр, үй сыртындағы шиге сазанның қалған еттерің жарқыратып жайып тастапты.

Ыбраш үйге кіргенде, жаңа ғана қуанышты шешесі төр алдындағы ескі киіздің үстіне ескі көрпе салып, жантайып жатып қалыпты. Түрі өзгеріп, қаны қашқан. Екінші сазанды көргенде қуаныш сезімін білдіре алмады.

Бар айтқаны:

— Қазанның астына от сал да, қармағыңа бар,қарағым, — болды.

Кеудесін күдік жайлаған Ыбраш амал жоқ, айтқанын істеп, өзенге қайта кетті. Ол шешесінің осылай анда-санда ауырып қалатынын білетін. Ойлағаны — әлсін-әлсін қарап тұрам ғой болды.

Бірақ көп уақыт өтпей-ақ шешесінің шақырған әлсіз даусын естіді. Жүрегі лып ете қалды. Қорқыныш денесін жайлап, арқасынан суық леп жүгіргендей, діріл қағып, аяғы-аяғына тимей, үйге қарай жөнелді. Келсе, шешесі екі иығынан дем алып жатыр екен. Бет-аузын жас жуып кетіпті. Ыбрашты бауырына қысып, құшақтап көзінен сүйді.

— Қарғам-ау, қарғашым-ау, құлыным-ау, сені кімге тастап кетем?Шырылдатып кімге тастап кетем! Жетім балапан болдың ғой! Сорладың ғой, құлыным! — деп тұншыға зарлайды. Ыбраш шешесінің кеудесіне тығылып, парлаған көз жасын тоқтата алмай, жылай берді, жылай берді. Біраздан кейін шешесі демі жетпегендей толықсып, баласын құшағынан босатты да:

— Көрші ауылдан қара молданы шақырып кел, тез жетсін. Ұш, құлыным! Сор-р-лап қалмасаң болар еді, — деп егілді.

Ыбраш есіктен шығарда қайта бір шақырып, сүйіп, құшағынан әрең босатты. Жалаң аяқ Ыбраш ауылға жеткенше жүгірді.

Ауыл адамдарын ертіп келе жатқан оның жүрегі қатты тулап, тұрақтай алмады. Үйіне жақындаған сайын сескеніп, құты қаша түсті. Үрей, үрей, үрей… қара үй қорқыныш ордасына айналғандай. Жүрегі жамандықты айтпай сезді-ау. Шешесі боп-боз болып, төсек үстінде жатыр екен. Қайран апам-ай! Көзің жұмыларда қасыңда жан болмады-ay деген сұмдық ой жүрегін жалап кетті Ыбраштың …

Сол күні Ыбраш үйден безіп далаға шығып кетті. Таңертеңгі күн сүйген жар басы мен ар жағындағы кең жазыққа итсигектер мен теріскендер, бүркіттер мен қаңбақтар дүниесіне кетті. Арқасын, шекесін күн күйдіріп, аяғын ұсақ тастар тілгілегеніне қарамастан, даланы кезіп жүріп, бойындағы бар шерін тарқатып ұзақ җылады. Ақырындажасыбітіп, денесікеуіпқалғандайболыптұлабойықызды. Қызукешкетаманкүшейіп, аяғы шөлге айналды. Сонда да үйге қайтпады. Тек іңір түсе іздеген аттылар қарақұс сияқты қалқиып отырған жерінен тауып алып, ауылға алып кетті. Сол күні ауылда ұстап, тамақ беріп, ертеңіне алыс аудандағы балалар үйіне жөнелтті, содан кейін Алматыға дәрігерлік институтқа… Дәрігер болды. Әлгі жерге содан қайтып бір соға алмады. Бірақ көз алдында әлі күнге дейін тап кешегідей болып, əлгі жарқын таңертеңгілік, қармаққа түскен сазанның қамысқа соққан салдыры, шешесінің мейірімді көздері мен ақырғы көзқарасы, жар басы мен ар жағындағы жусан мен көкпек толы жазықтық, кешкі ауылдың оттары, мүсіркеген адамдар — бәрі-бәрі ап-айқын қалқып тұр.

Бұл бұдан отыз жыл бұрын болған еді. Бірақ оның миынан шешесінің ауруы шықпайды. Жүрек ауруы.Қазір дәрігер болып шыққаннан кейін тіпті өзін шешесінің өліміне кінәлі сияқты санайды. Дәрігерлікке түспей-ақ қою керек еді. Мұнысы қателік болды. Жүрекке жасаған әрбір сәтті операциясынан кейін шешесі ойына түседі. Қайтсін. Бәріне уақыт кінәлі. Бұдан отыз жыл бұрын жүрекке операция жасау деген атымен жоқ еді ғой. Бірақ… Бірақ тек қана отыз жыл… кешегі ғана күн… кешегі ғана таңертеңгілік… кешегі ғана апасы… Сол бір жарқын, бір шөкім бұлт жоқ, ашық аспан… Отыз жыл дегенің қандай ойыншық… «Әттең, соны қайтарар болсам! Кешегі таңертеңгіні қайтара алсам», — деп көпшікке басын тығып, егіле жылады дәрігер.

Бұл кезде үйдің іші қап-қараңғы еді. Тек көшедегі электр шамдардың бөлмеге әлсіз жарығы еніп, төбеге күңгірт бозғылт жолақтар салып қойыпты. Анда-санда гүрілдеп машина өтіп жатыр көшеден.

«Әттең, — деп жылай береді дәрігер,— сол күнді қайтара алсам! Мүмкін емес! Мүмкін емес! Мүмкін… Мүмкін… Мына кемпірдің көздері… анамның көзінен айнымайды. Мүмкін, бұл кемпір ертең ауруханадан шыққаннан кейін… мүмкін емес. Қалмайды… Жалғыз басты, қайда барады ол? Бір баласы я бір жақыны жоқ. Одан да… Мен алдына барып, аяғына жығылып айтсам, қайтер еді? Бізде бәрі жеткілікті ғой. Бір бөлмеге үлкен киіз жайып, ортасында ұршық иіріп отырса. Мен анда-санда келіп, баяғыдай киіз үстінде аунап жатсам. Сол кезде ұршық иіріп отырған апам… Апам бола ала ма? Көңіл… жүрек… қайдағы бір адам. Оның да бір кездерде мендей баласы болған шығар? Мен соны алмастыра алам ба? Мені бір айдан бері жегідей жеп жүрген ой осы ғой. Қырымнан әйел де, балалар да келіп болмады. Олар қалай қарар екен? Менің жандүниемді түсіне ме? Олар сол жарқын таңертеңгілікті, сары жазықты көрген жоқ қой. Олар тікенекті сары далада аяғын тас тіліп, еңіреп жүгірген жоқ қой! Мүмкін, түсінер?».

Ертең кемпірге айту ерте. Күту керек. Жазылсын …

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button