Басты жаңалықтарСпорт

Ойшылдар ойынынан ақтөбеліктер озып тұр

2020 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен адамзатқа ортақ мәдени мұра деп танылып, жоғарыда аталған ұйымның репрезентативтік тізіміне енген тоғызқұмалақ ойынының тарихы әріде жатыр. Тұтас түркітілдес халыққа ортақ аталған ұлттық ойынды кезінде ақын Абайдың да ойнағанын, тіпті өз заманында Шыңғыстау мен Қарқаралы жерінде тоғызқұмалақшылар сайысын ұйымдастырғанын әдебиеттен білеміз. Ұлттық спорттың қазіргі даму қарқыны қуантады, үйден шықпай-ақ онлайн режимде ой жарыстыруға болады.

Интеллектуалдық спорт түрінен облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жанар Сағызбаеваның айтуынша, ақтөбелік тоғызқұмалақшылар — еліміздегі рейтинг бойынша үздік үштіктің сапында. Бірақ бұл мәселенің жоқтығын білдірмейді: жерлес ойыншылар материалдық-техникалық базаның әбден ескіргенін алға тартады. Ал Қазақстан тоғызқұмалақ қауымдастығы өңірдегі филиалының төрағасы Лаура Қарабасова не дейді? Зияткерлік ойын бойынша әлем және Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, жаттықтырушылардың да айтары бар…

Тоғызқұмалақтан оқушылар арасында алғаш рет олимпиада өтеді

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығына қарасты республикалық тоғызқұмалақ федерациясының Ақтөбедегі филиалын басқарғанына 2 жылдан асқан Лаура Қарабасова қазіргі таңда жерлес ойыншылардың Дүниежүзілік көшпенділер ойыны мен әлем чемпионатына қызу дайындалып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық ойынды ұлықтау үшінбірнеше іргелі іс қолға алынған.

—Федерация өңіріміздегі тоғызқұмалақшы спортшыларды, бапкерлерді, төрешілерді, жалпы жанкүйерлер қауымын біріктіреді. Біздің филиал — республика бойынша үздіктердің қатарында. Спортшыларымыз әртүрлі деңгейдегі додаларда тұрақты түрде жүлделі орындарды иемденіп жүр. Өзім басшылыққа келгелі тоғызқұмалақтан 2021 жылы Азия чемпионатын, 2022 жылы әлем чемпионатын және 2023 жылы әйелдер арасында Қазақстан біріншілігін Ақтөбеде өткіздік. Бұл ұлттық ойынымыздың өңірдегі даму деңгейін көрсетсе керек.

Алдағы мақсат-жоспарға келсек, осы күзде Астана қаласында өтетін көшпенділер ойынына елімізден 8 тоғызқұмалақшы қатысса, олардың арасында жерлестеріміз болады деп отырмыз. Одан бұрын сәуір айында ұйымдастырылатынәлем чемпионатына әзірлік жұмыстары жүріп жатыр. Бұйыртса, жақында Алматы қаласында шымылдығын түретін Қазақстанчемпионатында жоғарыда аталған екі ірі жарысқа іріктеу болады.Бұған халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Нұрбек Қабиев, Азамат Қайдаров, Гүлжанат Алдабергенова, Мөлдір Серікқызы, барлығы 8 ақтөбелік қатысқалы отыр.

Басқа да айтулы жарыстар көп. Мәселен, тамыз айында мектеп оқушылары арасында тоғызқұмалақтан бірінші рет олимпиада, ал қазан айында ұлттық спорт түрлерінен республикалық спартакиада өткізілмек.

Жыл сайын Ақтөбедегі жоғары оқу орындары арасында сайыс өткізуді дәстүрге айналдырып, демеушілердің арқасында Құдайберген Жұбанов атындағы университеттің бір залы тоғызқұмалақ ойынына арнайы жасақталды. Сондай-ақ республикалық федерацияның жылдың тоғызыншы айының тоғызыншы жұлдызын (09.09) тоғызқұмалақ күні етіп белгілеу туралы ұсынысын қолдап, биыл облыстық деңгейдегі шараларды өткізуді жоспарлап қойдық, — дейді облыстық тоғызқұмалақ қауымдастығының төрағасы Лаура Қарабасова.

Нұршин бастаған жол

Осы ойын түрі Ақтөбе қаласындағы интеллектуалдық спорт түрінен облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде үйретіледі. Орталық стадионның бір қапталында орналасқан мекемеде, аты айтып тұрғандай, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сияқты зияткерлік ойындарды ақысыз негізде меңгеруге мүмкіндік бар.

— Ақтөбедегі тоғызқұмалақ ойыны туралы айтқанда міндетті түрде Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы әрі спорт шебері Қабидолла  Нұршинді атап өтпесек болмайды. Өйткені ол кісі — 1991 жылдан бастап осы өңірде тоғызқұмалақ ойынын жаңғыртып, дамуына айрықша үлес қосқан тұлға. Өзім басшылық ететін спорт мектебі ашылған 2002 жылдан бері сабақ беріп, бірталай шәкірт тәрбиеледі. Марқұм болған ағайымыз ерен еңбегінің арқасында 5халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 12 Қазақстанның спорт шебері, 40-тан астам спорт шеберлігіне үміткер спортшыларды даярлады.

Осы орайда аталған ұлттық ойын түрі бойынша Ақтөбе облысы соңғы онжылдықта аймақтық рейтингте үздіктер қатарында екенін айта кеткім келеді. Ұжымымызда Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шеберлері, еңбегі мемлекеттік деңгейде мойындалған  жаттықтырушыларымыз  бар.

Бір қынжылтатыны, қазір біз отырған спорт мектебінің ғимараты әбден ескірген. Соны күрделі жөндеуден өткізсе, жақсы болар еді… Сосын ойын кезінде қолданылатын жоғары жылдамдықтағы ғаламтор орнатып берсе дейміз. Біздің шәкірттер жер-жердегі ойыншылармен сайысқа түскенде бұл ауадай қажет. Және ресми жарыстарға барғанда киетін арнайы форма керек, — дейді жоғарыда аталған спорт мектебінің директоры Жанар Сағызбаева.

Спорт мектебіне550 бала келсе, соның 157-сі тоғызқұмалаққа жазылған. Оларға 4 жаттықтырушы-оқытушы сабақ береді. Әңгімелесушімізден осы ойын түрі қосымша №30, №24 және «Білім-Смарт» мектептерінде үйретілетінін білдік.

Біздің үміттер

Тоғызқұмалақ секциясы облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде де жұмыс істейді. Мұнда жас талаптарға 2 жаттықтырушы — Аманбек Өндірбаев пен Алмагүл Тәкішева сабақ береді.

— Бізге келетіндердің саны жүзден асады. Арасында болашағынан зор үміт күттіретін Қуанышбек Қалжан, Сәулет Әйтенов, Орынбасар Жетпісбайұлы, Әділет Нағашыбай, Асхат Орынбасар, Алтынай Зорбайқызы, Арайлым Сейдуллаева,  Ұлболсын Мақсат, басқа да оқушыларымыз бар. Олар — республикалық, облыстық, қалалық бәсекелерде топ жарған тоғызқұмалақшылар.

Өзім секцияны №55 орта мектепте жүргіземін. Балалар алдағы наурыз айында Өскемен қаласында өтетін жастар чемпионатына дайындалып жатыр, — дейді Аманбек.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Тоғызқұмалақ (қырғыздарда —тогуз коргоол, түріктерде — мангала/гечюрме) —  адамның ұтқырлық пен тапқырлық қасиетін ұштайтын, математикалық ойлау мен төзімділікке баулитын ойын. Ол ежелгі түркілер қасиетті санаған 9 санына негізделген. Ойынды кейде «қойшылар алгебрасы» деп те атайды. Өйткені төрт негізгі математикалық амал қолданылады.

Тоғызқұмалақ ойыны арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі. Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны —  бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны қостаушы деп атайды. Кейде бастаушы үшін —  «ақ жағы», қостаушы үшін «қара жағы» деген тіркестерді де қолданамыз.

Екі дүркін әлем чемпионы

37 жастағы ақтөбелік Нұрбек Қабиев — мектеп жасынан тоғызқұмалақ ойынына қызығып, әртүрлі деңгейдегі ой жарысынан озып жүрген белгілі спортшы. Қабидолла Нұршиннің шәкірті бүгінде өзі де жаттықтырушы болып жұмыс істейді.

— 2007 жылдан бері Ақтөбе қаласындағы интеллектуалдық спорт түрінен облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушымын. Спортшы ретінде де жарыстарға қатысуға уақыт табамын. Әлемнің — II, Азияның — II, Қазақстанның VIрет чемпионы болдым.

Әлем, Азия, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпиондары Гүлжанат Алдабергенова, Диас Жанбау сынды  шәкірттеріммен мақтанамын. Атақ-дәрежесі жағынан солардан кейін келе жатқан Арсен Есетов, Алмат Құрмансеитов, Қайрат Тұрарбек, Азамат Бимағамбет, Мөлдір Серікқызы, Баян Серікқызы, Ақбота Бегалиевалардың да аяқ алысы жақсы, — дейді Қазақстанның спорт шебері Нұрбек Қабиев.

Оның айтуынша, әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын рухани ойын, логикалық ойлау өнері болып саналатын тоғызқұмалақты 6 жастан жоғары ұл-қыздар еркін үйрене алады. Тек есепке жүйрік болса жеткілікті. Егер баланың қабілеті болса, 1 жылда-ақ жақсы нәтиже көрсетіп, облыстық деңгейдегі жарыстарда бақ сынауына мүмкіндігі бар.

«Жылма-жыл спортшыларға қолдау күшейіп келеді. Айталық, әлем, Азия чемпионаттарынан жүлделі оралсақ, бір жылға мемлекеттік стипендия тағайындалады. Ересектерге айына 150 мың теңге көлемінде беріледі. Бұл да жастарды спортқа ынталандыру деп білемін. Одан бөлек сырттағы жарыстарға қатысқанда бүкіл шығындар өтеледі», — дейді тәжірибелі тоғызқұмалақшы.

P.S. Кезінде Абайдың өзі сүйіп ойнаған ұлттық спорттың аталған түріне Ақтөбеде ықылас бөлек. Облыстағы аудандарды айтпағанда, Ақтөбе қаласының өзінде 5-6 жерде секцияның жұмыс істеуі —  соған анық дәлел. Дүниежүзілік тоғызқұмалақ қауымдастығы бастаған ресми тараптыңбіздің өңірде әлем, Азия чемпионаттарын ұйымдастыруы сондықтан.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button