Мәдениет

Туған тілім — жүрек үнім

Өткен сенбі күні ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев атындағы саябақта  Қазақстан халықтарының тілдері күніне арналған «Туған тілім — жүрек үнім» атты мерекелік шара өтті.

Шарада қала әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков жиналғандарды мерекемен құттықтады.

Елбасы Жолдауында айтылғандай, барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы —  мемлекеттік тілді дамыту. Бүгінгі таңда осы бағытта ауқымды іс-шаралар  жүргізілуде. Қала аумағында мемлекеттік тілді дәріптеу мақсатында түрлі басқосулар мен мәдени шаралар ұйымдастырылып жатыр.  Бұл шараға барлық сала қызметкерлері өз үлестерін қосуда. Осы орайда баршаңызды тіл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, — деді.

Бұдан соң қала әкімі «Мемлекеттік тіл — ұлт тірегі» қалалық тіл фестиваліне белсене қатысып, жыл бойы алдыңғы қатардан көрінген мекемелер мен оқу орындарына  және мемлекеттік тіл мәселесін көтеріп жүрген тіл жанашырларына Алғыс хат пен ақшалай сыйлықтар табыс етті. Оның ішінде «Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен №33 «Нұрсәт» балабақшасы және Ақтөбе қаржы және экономика колледжі бар. Сондай-ақ қаладағы іргелі оқу орындарының оқытушылары да марапатталды. Мәселен Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Абат Пангереев мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға қосқан үлесі және ономастика саласындағы жұмыстарды жетілдірудегі еңбегі үшін марапатталса, қазақ тілін оқытудағы жетістіктері үшін Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының құжаттармен қамтамасыз ету және тілдерді дамыту басқармасының бастығы Гүлшат Сералы мен осы оқу орнының қазақ тілін дамыту орталығының директоры Ерболат Дүзмағанбетов Алғыс хатқа ие болды.

Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін жоғары лауазымды азаматтар мемлекеттік тілде сөйлеуі керек. Сонда ғана белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болады. Қазіргі таңда Елбасымыздың өзі осы мәселеге ерекше назар аударып отыр.

Ел аумағында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін  ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Әсіресе, жергілікті әкімшілік тарапынан қыруар жұмыс тындырылуда.  Бүгінгі шара да осы жұмыстың нақты қолға алынып, қалыптасқанын көрсетеді. Жалпы соңғы жылдары тіліміздің қолданыс аясы кеңейіп келеді. Мәселен, қазіргі күні қаладағы жоғары оқу орындарында қазақ топтары көп.  Осының өзі бізді қуантады, — деді Абат Пангереев.

Ал Ерболат Дүзмағанбетовтың айтуынша,  2007 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында  қазақ тілін дамыту орталығы ашылған.  Қазіргі таңда бұнда қырықтан астам студент оқиды.

Сондай-ақ шара барысында «Бал-бала» компаниясы ойыншықтарының таныстырылымы өтті.  Жоба авторы, белгілі әнші Қыдырәлі Болманов қуыршақтарды қазақ тілінде сөйлетіп, бала санасына патриоттық тәрбиені кішкентай кезінен сіңіру керек екенін айтты. Бұдан соң қаладағы бірқатар балабақшаларға ана тілімізде ән айтып, би билейтін қуршақтарды сыйға тартты.  Сондай-ақ  Қарақат Әбілдина екеуі ән шырқады. Шараның соңы жергілікті әншілердің концертімен жалғасты.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button