Білім

Білім берудің жаңа бағыттары айтылды

Cәрсенбі күні Ақтөбе қаласында «Үздіксіз білім берудің, цифрлық және білім беру технологияларының стратегиялық бағыттары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Мақсат —адам әлеуетін дамыту факторына айналып отырған үздіксіз білім берудің мәселелерін талқылау, оның мән-маңызын арттыру. Сондай-ақ ұйымдастырушылар білім беру жүйесін стратегиялап, осы саланың тұжырымдамасын зерделеу үшін жиналғанын айтады.

Шара барысында жер-жерден келген педагогтер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, белсенділер үздіксіз білім беру саласындағы ғылыми-практикалық зерттеулерді және оны іске асыру жолдарын сөз етті. Артынша тақырып аясында қонақтар тәжірибесімен бөлісіп, қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес жеке тұлғаның әлеуетін дамыту үшін жаңа мүмкіндіктерді қарастырды.

— Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық қатынастарды дамытуда бүкіл әлемдегі сияқты ең бірінші кезекте мамандарды сапалы даярлау ерекше маңызға ие. Кәсіби білік пен ұтқырлықтың қай кезде де бәсі жоғары. Ол үшін адамда әуелі жалпы білім, сапалы кәсіби дайындық және кәсіби мәдениет болуы керек. Сонда ғана жаңа білім мен озық технологияларды тез игере алады. Сондықтан қазіргі уақытта мамандар, әсіресе білім беру қызметкерлері дәйім біліктілік деңгейін арттырып, ізденісте болуға тиіс. Еңбек нарығында әлгіндей кадрлерге сұраныс жоғары болады.

Бүгінгі конференцияға еліміздің қалалары мен Түркия, Ресей Федерациясы, Қырғыз Республикасынан делегаттар интернет арқылы байланысқа шығып, көрген-білгенін ортаға салды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты көпшілігі осылай қашықтан қатысуға мәжбүр, — дейді Ақтөбе қаласындағы Тренинг және халықаралық білім беру орталығының директоры Шынар Асқарова.

Оның айтуынша, басқосуға 100-ге тарта адам шақырылған. Бірақ күн райына байланысты солардың жартысына жуығы ғана төбе көрсетті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button