Мәдениет

Мектепке – 10, ансамбльге – 45 жыл!

Равиль ҚҰРБАНҒАЛИЕВ,

«Шатлык»  татар-башқұрт ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі:

– Облыстағы ұлттық-мәдени орталықтардың бір-бірімен татулығы, достығы жыл сайын нығайып келеді. Қазір облыста 1200-ге тарта татар ұлтының өкілі тұрады. Бір айта кететін жайт, осыдан екі жыл бұрын Мәртөк ауданында татар-башқұрт ұлттық-мәдени орталығының филиалы ашылды. Қазір біз сол филиалмен қоян-қолтық жұмыс жасап жатырмыз. Бүгінгі таңда Шалқар, Ойыл аудандарында біздің осындай филиалдарымызды ашу жайында тапсырыс түсіп жатыр.

Биыл біз мерекенің үстінде отырмыз. Соның бірі – қазір біздің ұлттық-мәдени орталықтың қарамағында жексенбілік мектеп жұмыс жасайды. Қаладағы №22 орта мектептің жанынан ашылған сол жексенбілік мектептің құрылғанына биыл 10 жыл толады. Әр жексенбі сайын біз сол мектептің ғимаратында жиналып, балалар мен ересектерге өз салт-дәстүрімізді,  тілімізді, өнерімізді насихаттаймыз. Қазір жексенбілік мектептен 85 адам дәріс алады. Сол сияқты облыстағы «Язгы моннар» татар-башқұрт халық ансамблінің құрылғанына биыл 45 жыл толады. Ансамбльдің қарамағында 52 өнерпаз бар.

Сондай-ақ, облыстағы татар-башқұрт ұлттық-мәдени орталығының қарамағында ақсақалдар кеңесі мен «Мирас» жастар кеңесі жұмыс жасайды. Жастар кеңесі «Мирас» атты басылымды жарыққа шығарады. Бұл басылымда облыстағы татарлар қауымдастығының бүгінгі тіршілігі мен ұлттық-мәдени орталықта және біздің филиалымызда болып жатқан жаңалықтар жарияланады. Жұмыс жоспарларымыз да осы басылымның бетінен орын алады. Ал аса маңызды жаңалықтарымызды жастар кеңесі Астанадан шығатын республикалық «Ақ барыс» газетіне жолдап отырады.

Бүгінде татар-башқұрт ұлттық-мәдени орталығының қарамағындағы жастар кеңесі қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Қала мерейтойы құрметіне жастарымыз көшелерге жасыл желектер отырғызып, тазалыққа аса мән беруде.

Облыстағы татарлар қауымдастығы үшін биылғы жылдың  елеулі жаңалығы – 7 маусым күні Ақтөбеде халықаралық деңгейде «Сабантой» тойланады. «Сабантой» – татарлардың ұлттық мерекесі. Бұл күні қаламызға еліміздің бірқатар облыстары мен Башқұртстан секілді елдерден қонақтар шақыртылмақ. Мереке қарсаңында қаламызда ат жарыс өткізіліп, түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылмақ.

Болашақта біз облыста татар мектебін ашуды жоспарлап отырмыз. Бұрын облыста татар мектебі жұмыс жасап, қайта жабылып қалған. Енді осы істі қайта жандандыру ойда бар. Ол үшін ауқымды қаражат керек.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button