БілімБасты жаңалықтар

Заманауи мектепті басқару: трендтер және болашақ

Өткен сенбіде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев облысқа жұмыс сапарымен келді. Ол тұрғындармен кездесу өткізіп, мектеп директорларының форумына қатысты. Жұмыс сапары соңында тәуелсіздіктің құрдасы, еліміздегі тұңғыш қазақ мектеп-гимназиясы — М.Құрманғалиева атындағы №32 гимназияға ат басын тіреді.

Былтыр бес мектеп ашылып, орын тапшылығы шешілді

Былтыр облыста 3590 орындық 5 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Осы арқылы 3 үшауысымды мектептегі және тағы 2 мектептегіорын тапшылығы мәселесі шешілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрінің облыс тұрғындарымен кездесуінде белгілі болды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанның айтуынша, биыл 20 жаңа мектептің құрылысы жоспарланып отыр, оның екеуі Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен салынады. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін 14900 орындық 18 мектеп пайдалануға беріледі. Әсіресе білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселесіне басымдық беріліп отыр. 2023 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысында қауіпсіздік жүйесімен техникалық жарақтандыру 100 пайызға жеткен.

Басқарма басшысының есебін тыңдаған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын күшейту қажеттігін ескертті. Ол өткен жылы өскелең ұрпақты тәрбиелеудің тұжырымдамалық негіздерін қамтитын «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» әзірленіп, енгізілгенін атап өтті.

— Мемлекет педагогтердің мәртебесін көтеру, инфрақұрылымды дамыту, жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру бойынша барлық міндеттемелерді жүзеге асырып келеді. Ендігі басты міндетіміз — әрбір балаға сапалы білім, саналы тәрбие беру. Біздің табысты дамуымыз білім беру жүйесінің әрбір саласына және маңызды әлеуметтік институт — отбасына тікелей байланысты болмақ. Тек күш біріктіру арқылы ғана біз оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастырып қана қоймай, балаларды отансүйгіштік, еңбекқорлық, ізгі мақсаттарға жету сияқты жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға сәйкес тәрбиелейміз, — деді министр Ғани Бейсембаев.

Кездесу «ашық микрофон» форматындажалғасты. Ведомство басшысытұрғындардыңбарлықсұрағынажауапберді. Сұрақтардыңдені,негізінен,мектепкедейінгі, орта, техникалықжәнекәсіптікбілімберугеқатыстыболды.

Одан соң Ғани Бейсембаев өңір тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Тұрғындардың сұрақтары мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, инклюзивті, қосымша білім беру, педагогикалық кадрларды даярлау және олардың сапасын арттыру мәселелеріне қатысты болды.

Министр барлық өтінішке жан-жақты түсініктеме берді. Қарау үшін қосымша уақыт пен зерделеуді қажет ететін мәселелерді жеке бақылауына алды. Сондай-ақ комитеттер мен құрылымдық бөлімшелердің басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Білім беру қызметкерлерін көтермелеу жүйесі қайта қаралады

Одан соң Оқу-ағарту министрі«Smart Bilim» мектебінде «Заманауи мектепті басқару: трендтер және болашақ» тақырыбында өткен директорлар форумына қатысты.

Форумға Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарынан жиналған  1200-ден астам мектептің директорлары, білім басқармалары мен бөлім басшыларықатысты.

Әуелі мектеп директорлары арасында диалог алаңы ұйымдастырылып, жиынға қатысушыларға білім беру саласындағы бақылау және мониторинг шараларының қорытындылары және осы оқу жылына арналған жоспарлар туралы айтылды.

TEDx форматындағы интерактивті сессияға қатысқан Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев педагогтерді толғандырған сауалдарға жауап беріп, білім беру сапасын одан әрі арттыруға негізделген білім берудегі менеджментті нығайту және басшылардың кадрлық резервін қалыптастыру, педагогтерді даярлау және қайта даярлау тәсілдерін жетілдіру, оқу бағдарламаларын жаңарту, инфрақұрылымды кешенді жақсарту, сапаны бағалаудың ұлттық жүйесін трансформациялау секілді бес бағытқа тоқталды.

— Білім жүйесіндегі кадрлық әлеуетті арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, мықты менеджерлерді іріктеу және даярлау үшін «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы басталды. Іріктеудің барлық бес кезеңінің қорытындысы бойынша Республикалық кадрлар резервіне 208 үміткер өтті. Сонымен қатар мұғалімдердің кәсіби даму жүйесі түбегейлі өзгеруде. Ынталандыру мақсатында жұмыс істеп жүрген тәжірибелі топ-менеджерлер «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге 3-6 айлық тағылымдамаға жіберіледі. Педагогтерді қолдау шаралары жалғасады. Осы жылдан бастап білім беру қызметкерлерін көтермелеу жүйесі, сондай-ақ білім беру ұйымдары басшылары мен олардың орынбасарларының жалақысы қайта қаралатын болады, — деді Ғани Бейсембаев.

Білім беру ұйымдарының басшылары күні бойы білім сапасын арттыру бойынша тәжірибе алмасып, біліктіліктерін шыңдады. Сондай-ақ менеджердің басқару құзыреттері, кадрлық әлеуетті дамыту, білім беру саласында қабылданып жатқан маңызды бастамалар бойыншатренингтерге қатысты.

Димаш оқыған мектептегі кездесу

Жұмыс сапары соңында Ғ.БисембаевМ.Құрманғалиева атындағы №32мектеп-гимназияға да ат басын бұрды. Мектеп-гимназия басшысы Айжан Жамбылова әр мұғаліммен қол алысып амандасқан министрге мектептің тарихын, қазіргі жағдайын баяндады.

— №32 гимназияның тарихы 1989 жылдан басталады. Ұлағатты ұстаз марқұм Мәрия Ғизатқызының ұйытқы болуымен алғаш қазақ мектебі болып ашылды, арада екі жыл өткен соң, еліміздегі тұңғыш қазақ мектеп-гимназиясы атанды. Қазіргі таңда гимназияда 1423 оқушы білім алады. Араларында қалалық, облыстық, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері де бар. Оқушыларымызды түрлі шығармашылық бағытта тәрбиелеп жатырмыз. Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген — біздің мектептің түлегі, оқушыларымызға үлгі ету әрі оларды ынталандыру мақсатында Димашқа арнап кабинет ашқанбыз, — деді гимназия директоры Айжан Жамбылова.

Аталған кабинетте Министрді бастауыш сынып мұғалімі Клара Қажығалиева, 5-9 сыныптардағы жетекшісі Роза Қуанышева, басқа да мұғалімдер қарсы алды. Димаш отырған партаның бетіне ауыспалы «Жұлдыз» қойылған, ал орындықтыңарқалығына Димаштың аты жазылған.

— Бізде үздік оқушылардың рейтингі бар, рейтингтің шыңында Димаштың суреті тұр. Оған әзірге ешкім жете алмай тұр, бірақ жаңағы ауыспалы «Жұлдыздың» иесі апта сайын анықталып отырады. Мектеп мұражайында да Димашқа арналған бұрыш бар,  — дейді Айжан Жамбылова.

Ел Тәуелсіздігімен құрдас білім ошағының мұражайын аралап көрген министр арнайы журналға қолтаңбасын қалдырып, одан соң гимназистермен еркін әңгімелесіп, жас өнерпаздардың өнерін тамашалады. Домбыра тартып, Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін мұғалімдермен, оқушылармен қосыла шырқады.

Домбыра тартқан адамнан жамандық шықпайды, себебі бұл киелі аспаптың өскелең ұрпақтың жан-жақты, білімді, адамгершілік, имандылық қасиетінің дамуына тигізер рөлі зор. Домбыраға бес баламның тек кенжесі ғана жақын, — дедімұғалімдермен емен-жарқын әңгімелескен Ғани Бейсембаев. Әсерлі кездесу соңында мектеп ұжымы Оқу-ағарту министрімен бірге естелікке суретке түсті.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button