Мәдениет

Ырғыздың «Арайы»

Ырғыз — қазақы тірліктің қаймағы бұзылмаған, ғасырлар қойнауындағы талай тарихтың куәсі болған мекен. Бұл өңірден түлеп ұшқан өнер иелері көп. Олардың көпшілігінің есімі аудан орталығындағы «Арай» мәдениет үйімен тығыз байланысты. Олай дейтініміз, дәл осы мәдениет мекемесінің сахнасында өнер көрсетіп, елге танылған азаматтар бүгінде республика көлемінде зор жетістіктерге жетіп жүр..

Руханият ордасы

Аудандық «Арай» мәдениет үйінің директоры Дархан Мектепбайдың айтуынша, бұл өнер ордасы 1973 жылы салынған. Содан бері талай қиын кезеңдерді «бастан өткерген» бұл мәдениет мекемесі бүгінде аудандағы руханият ордасына айналған.

Бүгінде ауданымызда бір аудандық Мәдениет үйі, бір ауылдық Мәдениет үйі, 11 ауылдық клуб жұмыс істейді. Оның ішінде аудандық «Арай» мәдениет үйінде Ырғыз халық театры, Бердалиевтер отбасылық ансамблі, Ырғыз халықтық фольклорлық ансамблі мен «Мәні» халық театры бар. Былтыр ауданда халық шығармашылығын дамыту бағытында 700-ден астам мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылып, облыс көлемінде өткен байқауларда өнерлі жастарымыз жүлделі орындарды иеленді.   

Өткен жылы бірнеше жаңа жобаны жүзеге асырдық. Атап айтсақ, «Қызық премия» бағдарламасының телевизиялық нұсқасын сахнаға шығардық. Аталған шоу-концертте «Жылдың үздік шаштаразы», «Жылдық үздік такси жүргізушісі», «Жылдың үздік қасапшысы» сияқты қарапайым ауыл адамдарын марапаттап, оларға ерекше көңіл күй сыйладық. Бұдан бөлек өткен жылдың соңында аудандағы мекеме-кәсіпорын қызметкерлерін өнерге, шығармашылыққа баулу мақсатында «Stars Team — 2023» өнер байқауы ұйымдастырылды. Жыл сайын аудан көлемінде балалар мен жастар үшін «Алғашқы қадам», «Әнші болғым келеді», «Жайдарман» сынды мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ былтырдан бастап ауданда театр жұмысын жандандырып, көрермен үшін жаңа қойылымдар дайындап жатырмыз. Жуырда осы бағытта ауданға қарасты барлық елді мекенді аралап, концерттік бағдарлама ұсынуды жоспарлап отырмыз. Осы тұста айта кеткен жөн, бұрын біздің бала кезімізде ауданның көркемөнерпаздары ауылдарды аралап, концерт қоятын. Міне, осы үрдісті жалғастырып, биыл ауыл тұрғындарына ерекше форматтағы концерттік бағдарламамызды ұсынбақпыз, — дейді Д.Мектепбай.

Оның айтуынша, бүгінде «Арай» мәдениет үйінің ғимараты тозып тұр. Мәдениет үйіне осыдан он жыл бұрын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда аудан орталығында жаңа Мәдениет үйін салу жобасы қолға алынуда. Дегенмен Мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасы жақсы. Осыдан екі-үш жыл бұрын өнер ордасы жалпы құны 10 миллион теңге тұратын дыбыс студиясымен, музыкалық аспаптармен қамтылған. Өткен жылы мекеменің сахнасы жаңартылып, қосымша Led-экрандар қойылған. Сондай-ақ фольклорлық ансамбль мүшелері жаңа ұлттық нақыштағы киімдермен қамтамасыз етілген.

— Ұжымдағы қызметкерлердің барлығы өнерлі, жан-жақты. Өз жұмыстарын жауапкершілікпен атқарады. Бүгінде ауданда кадр мәселесі бойынша проблема жоқ. Барлық ауылдық клубта мамандар жұмыс істейді. «Арай» мәдениет үйінде көпжылдық тәжірибесі бар аға буын өкілдері мен өнерлі жастар бірлесіп, нәтижелі еңбек етіп жатыр. Соңғы екі жылда аудандағы өнерпаздарымыз республикалық, облыстық байқауларда топ жарды. Атап айтсақ, облыстық «Бабалар үні» күйшілер фестивалінде Шолпан Тілекина жүлделі III орынды иеленсе, «Мәңгілік елдің мәдени мұрасы» облыстық халық шығармашылығы байқауында Кенжебек Қожамбердиев дәстүрлі ән жанры бойынша  жүлделі II орынға ие болды. Ал республикалық «Аймақты әнмен тербетіп» атты өнер байқауында ауданнан қатысқан өнерпазымыз Серік Жұбатқан эстрада жанры бойынша бас жүлдеге ие болды, — дейді Мәдениет үйінің директоры.

Биыл «Арай» мәдениет үйі ұжымының бастамасымен ауданда 1997 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан республикалық «Аймақты әнмен тербетіп» атты өнер байқауының тарихы, жеңімпаздары жайлы кітап жарыққа шығады. Қазіргі таңда осы жоба бойынша мәдениет ұжымы жұмыс жүргізіп жатыр.

Ауданда елді рухани серпілту, өнерлі жастарға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған «Аймақты әнмен тербетіп» атты өнер байқауы алғаш рет 1997 жылы өткен. Ырғыз өлкесінде кіші «Азия дауысы» іспеттес ән мен жырдың думанды мерекесіне айналған бұл байқау бүгінге дейін ел мен елдің араласуына, мәдени байланыстардың жандануына жол ашып келеді. 2018 жылдан бері байқау республика көлемінде өткізіліп, оған жыл сайын Қызылорда, Қостанай, Қарағанды, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан келген эстрада жанрындағы және дәстүрлі орындаушылар қатысады.

—  «Аймақты әнмен тербетіп» атты өнер байқауы еліміз нарықтық экономикаға аяқ басып, халық қиын кезеңдерді бастан кешкен жылдары қолға алынған жоба еді. Бұл жобаның ерекшелігі сол — ауданда осы фестивальге қатысып, топ жарған өнерпаздар кейін республика көлемінде танымал әншілерге айналды. Олардың қатарында Айгүл Елшібаева, Феруза Нарманова, Қуан Жаңбырбаев, ағайынды Бердалиевтер, Гүлжазира, Гүлназира Сағынғановалар бар.

Осы тұста айта кеткен жөн болар, бұл фестивальдің өміршеңдігі мен ауданда үлкен өнер мерекесіне айналуына сол кезеңдерде ауданды басқарған Жеткерген Оралмағанбетов, Кенжеғали Толықбаев, Мейірхан Дуанбековтің еңбегі зор. Міне, осы жобаның тарихы мен байқауда жүлделі орынға ие болған өнерпаздар жайлы кітап жазуды қолға алып жатырмыз, — дейді Дархан Мектепбай.  

«Ақтөбенің» анықтамасы

 Бүгінде «Арай» аудандық мәдениет үйінде 35 адам жұмыс істейді. Жалпы аудан бойынша ауылдық клубтарда 90-ға жуық қызметкер бар.  Ауылдық округтерде 11 клуб болса, оларда 126 құрылым, 1318 өнерпаз түрлі жанрдағы үйірмелерге қатысады. Биыл ауданда екі ауылдық клубқа газ берілген.

Бердалиевтердің белесі

Аудандық Мәдениет үйінде ұзақ жылдардан бері абыройлы қызмет атқарып келе жатқан азаматтардың бірі —  Ратбек Бердалиев. Ол Мәдениет үйіне 1982 жылы автоклуб меңгерушісі болып жұмысқа қабылданған. 1990-2022 жылдар аралығында Ырғыз халық театрының режиссері болып үзіліссіз қызмет атқарған. Қазіргі таңда Мәдениет үйінің жанынан құрылған Бердалиевтер отбасылық ансамблінің жетекшісі.

— Осы өнер ордасында еңбек етіп жүріп, алғаш рет 1987 жылы облыс көлемінде өткен термешілер байқауына қатыстым. Сол байқауда І орын иеленіп, ұлттық өнерімізді насихаттауға үлес қостым. Міне, содан бері бүгінге дейін ауданда халық театрын дамытып, отбасылық халықтық ансамбльдің жұмысын жандандыруда еңбектеніп келемін. Негізі, біздің отбасылық Бердалиевтер ансамблі 2000 жылы «Жаңа ғасыр» деген атпен құрылған еді. Ансамбльдің алғашқы құрамында 7 адам болды, қазіргі кезде 14 адам бар. Бәрі де өнерлі жастар. Ансамбльдің репертуарында халық әндері, эстрадалық әндер, қазақ және өзбек билері, терме, ұлт аспаптардың сүйемелдеуімен орындалатын туындылар бар. 2019 жылы «халықтық» атағын алдық. Қазір облыс, аудан көлемінде концерттер өткізіп, ұлттық өнерімізді жас ұрпаққа насихаттау жолында қызмет етіп келеміз. Өздеріңізге белгілі, Ырғыз жері исі қазақ жұртына танымал ұл-қыздарды бауырында тербеген киелі өлке. Бұл өлкеде ұлттық құндылықтарымызды, тарихымыз бен мәдениетімізді ұлықтайтын, ұлттық өнерімізге ерекше жанашырлықпен қарайтын аға буын өкілдері де, жастар да жетерлік, — дейді ол.

Бердалиевтер отбасылық ансамблінің мүшелері Ақылбек те, Алтынбек те ауданда өткен «Аймақты әнімен тербетіп» өнер байқауында бірнеше мәрте бас жүлдені жеңіп алса, Ратбек Бердалиевтің ұлы Мейрамбек 2014 жылы осы фестивальдің дипломанты атанды.

Ансамбль құрамындағы әншілер облыс көлемінде өткен байқауларда да жүлделі орын алып, ауданның мәдениет саласының дамуына өз үлестерін қосып жүр.

Аталған ансамбль 2015 жылы «Өнердің кемесінде бірге жүзген» атты есеп беру концертін өткізіп, одан түскен қаржыны Ырғыздың 170 жылдық мерейтойының қорына аударды.  Биыл осы үрдісті жалғастырып, өнер ұжымы аудан көлемінде тұрғындарға концерттік бағдарлама ұсынуды жоспарлап отыр.

— Өткен аптада ғана ауданда жеке концертімізді өткіздік. Халық ансамбльдің ән шашуын ерекше қабылдады. Әсіресе жастарымыздың өнерін жоғары бағалағандар көп болды. Менің ойымша, қазір жас ұрпақтың осылай ұлттық өнерімізді дәріптеп, насихаттауы — өте құптарлық дүние. Егер осы жолдан айнымай, жұмысымызды жалғастыратын болсақ, аудандағы жастар қазақ халқының ұлттық өнерін, халық әндері мен күйлерін ұмытпайтын болады, — дейді Ратбек Бердалиев.

Айта кету керек, Ратбек Бердалиев зайыбы Роза Боранбаева екеуі отбасында 4 ұл тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы Мейрамбек әке жолын қуса, қалғандары бүгінде әр салада абыройлы еңбек етуде.

Қос ансамбльдің жетекшісі

«Арай» мәдениет үйінің қызметкері, әнші Ләззат Артықбаеваны көпшілік жақсы таниды. Көптеген байқауларда жеңімпаз атанып, жетістікке жеткен оның бұл мәдениет мекемесінде еңбек еткеніне биыл отыз жыл толады. Жастайынан аудандағы мәдени-көпшілік шараларға атсалысып, өнер көрсетіп, көптің алғысына бөленген Ләззаттың бұл мекемеге сіңірген еңбегі зор. Бүгінде Мәдениет үйіндегі Ырғыз халықтық фольклорлық және «Шуақты әжелер» ансамбльдеріне жетекшілік ететін ол ауданда ұлттық өнерімізді дәріптеп, кең көлемде насихаттап жүр.

— Менің ең алғашқы жетістігім 1997 жылы «Аймақты әнмен тербетіп» атты өнер байқауында І орынды иеленуім болды. Сол жылы бұл өнер байқауы алғаш рет ұйымдастырылған еді. Содан бері көптеген байқауларға, фестивальдерге қатысып, үлкен сахналарда өнер көрсетіп келемін. Өткен жылдан бері ауданда 1985 жылы құрылған, кезінде құрамында Қазақстанның халық артисі Шара Жиенқұлова, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның кафедра меңгерушісі, сазгер Мүлкәмән Қалауовтар бар комиссия алдында өнер көрсетіп, «халықтық» атағын қорғаған Ырғыз халықтық фольклорлық ансамбліне жетекшілік етемін. Бүгінде ансамбль репертуарында халық әндері, Құрманғазының күйлері, жерлесіміз, сазгер Нұрталап Жүсіповтің әндері бар. Осы күнге дейін көптеген байқау-фестивальдерге қатысып, зор жетістікке жеткен ансамбль қазір ауданымызда ұлттық өнерімізді ұлықтап келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ансамбль мүшелері мәдениет саласында іс-тәжірибе алмасу және екі ел арасындағы достықты нығайту мақсатында көршілес Ресей елінің Орынбор облысына барып қайтты. Жыл сайын ұлттық мерекелерде аудан халқына концерттік бағдарламалар ұсынады, — дейді ол.

Ләззат Артықбаеваның айтуынша, биыл да ансамбль ұжымы арнайы бекітілген жоспарға сәйкес ауылдарды аралап, есеп беру концерттерін өткізеді. Былтыр өнер ұжымы жаңа сахналық киімдер тіктірген.

— «Шуақты әжелер» ансамблі 2017 жылы құрылып, бүгінге дейін үздіксіз жұмыс істеп келеді. Ансамбль құрамында жасы 70-ке жеткен, бүгінде салиқалы ұрпақ өсіріп, шө­бере сүйіп отырған аналар мен әжелер бар. Олардың дені — «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері. Ансамбль репертуарында халық әндері және халық композиторларының шығармалары бар. Әжелеріміз сахналарда өнер көрсетіп қана қоймай, сондай-ақ құрақ көрпе, сырмақ тігіп, кілем тоқиды. Ауданда ұйымдастырылған шараларға белсенді түрде атсалысады, — дейді ансамбль жетекшісі.

Былтыр «Шуақты әжелер» ансамблі облыс орталығында өткен Қазақстанның еңбек сіңірген артисі  Мәдина Ералиеваның шығармашылығына арналған «Қазақтың Ақбаяны» атты ән байқауында І дәрежелі дипломмен марапатталды.

Р.S. «Арай» мәдениет үйі ұжымының ең басты жетістігі — кезінде Темірбек Жүргеновтің бастамасымен құрылған халық театрының ізін сақтап қалғандығы. Биыл Ырғыз халық театрының құрылғанына 60 жыл толады. Осы орайда өнер ұжымы театр байқауын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ театр қоржынын жаңа қойылымдармен толықтырмақ. Былтыр бұл театр Г.Хугаевтың «Қара шекпен», «Бақыт деген не?», Д.Исабековтің «Әпке» спектаклін көрермен назарына ұсынды.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button