Гүлжайнар ҚАЛДИНА
Гүлжайнар Қалдина Шалқар ауданы Аққайтым ауылында дүниеге келді.
Бірнеше республикалық ақындар мүшәйраларының, драматургтер байқауларының жеңімпазы. ҚР Мәдениет министрлігі ұйымдастырған «Тәуелсіздік толғауы» байқауының драматургия номинациясы бойынша «Балалар мен жасөспірімдерге арналған пьеса» байқауының бас жүлде иегері. Алашорданың 100 жылдығына орай өткен республикалық әдеби байқауда «Ғасырлар тілегі» поэмасы І орынға ие болды.
Бүгінде ол — Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры. Осы салада Мәдениет министрлігі ұйымдастырған «Рухани қазына» байқауында «Даналық дефильесі» атты авторлық жобасымен «Үздік жоба авторы» атағын жеңіп алды.
Қазақстан Жазушылар одағы тағайындаған Тұманбай Молдағалиев атындағы сыйлықтың иегері.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
* * *
Шошып кетті ойларым тағы менің,
Іздеп, тапсаң айтсаңшы, жаным, емін.
Құлындаған көңілім құлазиды,
Жанарымнан қарасаң, «бәрі керім»…
Тереземнен құлаған қара түн де
сынық көңіл…
Өкпелі қала кімге?
Мен аязды сүйемін тоңып тұрып,
Тоңып тұрып…
Жылынам жаңа күнге…
Қар да менің қарымас реңімді,
Қанша мұң мекендеген гүл өңімді.
Мен мұңды да сүйемін жылап тұрып,
Жылап тұрып…
Жылытам жүрегімді.
Тірі сөздер
Жанымды тілгілейді,
Тілім-тілім тілдерден түн жүдейді.
Күңкілдерді кешемін жалаң аяқ,
Бәрібір мені олар «жынды» дейді.
Жүремін досымды аяп…
Қасымды аяп…
Сонан соң шер жабысар ғасырдай-ақ…
…Ақ параққа айналам мен бір күні,
Сол кезде іздерсіңдер шошынбай-ақ.
* * *
Күнді іздеп…
Кезіп жүріп бұлт алаңын,
Жерге жете қоныппын таңда мына.
Күз келгенін айтқанда Күнпарағым,
Еніп кеткен екенмін орманыма.
Бастырмайды қадамды қалың жыныс,
Уы қандай?
Байқайын үні қандай?
Мен сүйген ақ қайыңның жаны туыс,
Мені сүйген шеңгелдің тілі балдай.
Біздің жақта жылуды үзді, Еркем,
Суықтардан қалтырап тоңып денем…
…Көңілдерді емдеген Күздің көркем
Күлкісін адамдарға алып келем.
Өзің барда бәрі жақсы…
Аспан тұр жанарынан жұлдыз ағып,
Мен тұрмын мұңнан ішіп, мың бозарып.
Кірпігіме ілінген күрсінісім,
Көңілімнің көктемін бұзды барып.
Қайыстырды қабағын ашпай ғалам,
Айналып кеткендей ме тасқа айналам?!
Мама-ау, сенің аңсадым, құшағыңды,
Құс жастық та бүгінде тастай маған.
Көркем-көркем өткерді күн дерегін,
Мен сенің жанарыңда гүлдеп едім.
Өзің барда өзгенің бәрі жақсы,
Адамдардың аласын білмеп едім.
Мұздай көңіл — мұз басқан мекен бүгін,
Мама-ау, бөтен көрсетті бөтендігін.
Мен сезбеппін — шуақты жарық әлем
Сенің нұрлы жанарың екендігін.
* * *
Көк терек, сен де маған таң шығарсың,
Білмеймін.
Алған жоқ бір жан бетімнен.
Телефонға қараймын әлсін-әлсін,
Ашыла сөйлескім кеп әлдекіммен.
Бір нөмірді теріп ем: «Сөндірулі»,
Енді бірі «Тыс жерде байланыстан».
Бұл достарым қойды ма мені ұғуды?
Әлде мен бе қол созған айға алыстан?
Ақтөбенің сыймаймын көшесіне.
Аласапыран жайымды кім ұғады?
Еселеніп мұңды үнім есесіне,
Жаспен ғана жанарым жылынады.
Сағынумен БІРЕУДІ күзді өткеріп,
Аңсап кейде БІРЕУДІҢ жылы сөзін.
Топырағыңнан таяныш іздеп келіп,
Жапырағыңнан сеземін жылы сезім.
Күндерім құрғайды ма жасын жойып?
Жүрегіме артамын көп кінәні.
БІРЕУДІҢ иығына басым қойып,
Солқылдап бір жылағым кеп тұрады…
* * *
Жапырағын жайды да жарты әлемге,
Күз де келді…Сағыныш сырға тағып.
Сәлем беріп селдір шаш қарт еменге,
Сары кәмпит шашып жүр қырға барып.
Күн сайын күн батыстан бері қонған,
Жасыл қыр бергісі жоқ түсін әлі.
Сары күз етегімен егін орған,
Сары қыз сары қымыз ұсынады.
Қыстың қамы — қымтайды күркесін жұрт,
Кіреуке көз — Аспан шал аһ ұрады.
Күн келбетін жасырып бүркесін бұлт,
Тағдырын тамшылатып отыр әлі.
Күн қыздың жанарынан жарық тұнса,
Езуін әлсіз жиып қала да тұр.
Бір жастық қыстан хабар алып тұрса,
Қария күнін санап бара жатыр…
Есуас сезім
Батыс жаққа тартады екен бір пойыз,
Шығыс жаққа тартады екен бір пойыз.
Бір вагонда терезеден сен қарап,
Бір вагонда терезеден мен қарап…
Байланды да қарашыққа қарашық,
Қиялымыз қия шапты адасып.
Терезе де бола алмастан кедергі,
Кештік біздер сезім-қиял әлемді.
Орын таппай аспанда да, жерде де,
Безілдеді жүрек сыймай кеудеге.
Екеумізді матап тастап ыстық дем,
Құшақтарға толды енді күш біткен.
Өмір өзі бізден бақыт тосардай,
Шөліркейміз шөлімізді баса алмай.
Тілімізден татып тәтті бал шырын.
Сен және мен…бірге сездік таң шығын…
Үнсіз.
Тілсіз.
Айқасты да от құшақ,
Бір ғаламат басымыздан өтті сәт.
Жанарыңнан мен де оқыдым сол сәтті,
Жанарымнан сен де оқыдың сол сәтті.
Екі-ақ минут байланған қос қарашық,
Қос қиялмен бірге кетті адасып…
Батыс жаққа тартып кетті бір пойыз,
Шығыс жаққа тартып кетті бір пойыз.
Есің кетіп есімімді білмедің,
Есім кетіп есіміңді білмедім.
Ей, есуас сезім-ай…
Еркек пе? Ез бе?
Сан мың ой қаумалап басымда,
Жетелеп келгендей осында.
Үн-түнсіз. Ойланып отырмын,
«Тыныштық» аллеясында.
Кенеттен,
Дауыл кеп жойғандай самалды,
Бұзды да ойларды орамды.
Даурыққан топ жігіт келді де,
Басына көтерді алаңды.
Тыныштық пернесі үзілді.
Сен кімсің? — деп бірі кіжінді,
Еркекпін! Жүремін көк тіреп, —
Деді де кеудесін соқты кеп.
Оттапсың, оңбаған!
Қатынға бір сөзі жүрмейтін,
Дәл сендей сорлы еркек болмаған.
Не дедің? — деп қарсы ұмтылды.
Қатынсың, — деп ол да жұлқынды.
Былық сөз жауындай төкті кеп,
Бір-бірін тепкілеп,
Тұмсық та бұзылды аяусыз,
Асфальт та боялды бояусыз.
Еркектік белгісі білек пе?
Күш пе әлде тасыған?
Бір сөзді асырмай басынан.
Тынышым бұзылып мен кеттім,
«Тыныштық» аллеясынан.
Ауыл қалды
Қарлығашы даланың,
Тілерсегін құм сүйген.
Қалаға кетіп барамын,
Көңілсіздеу бір күймен.
Жыр төгіліп жүректен,
«Жансам» деген жан дауыл…
Құмнан тірлік түлеткен,
Қарашықта қалды ауыл.
Қиялыма жаңадан
Құятындай қала нұр.
Сағындырып, оралам,
Сары құмдар…
Сары адыр.
Арманымды қолдайсың,
Кетіп барам, алаң қып.
Неге ауылда болмайсың
Мен іздеген мамандық?
Мені іздеген адамдар
Сары құмның ішінде.
Батасымен маған нәр,
Береді ылғи түсімде.
Ести қалса, мен жайлы.
Елең етіп, мақтайтын.
Алдыменен сен жайлы,
Мен жырлайын, Аққайтым!
Мен айтайын, Аққайтым!
Қыз тілегі
Алтын ойлы әкем сен — елім менің,
Алтын құрсақ анам сен — жерім менің.
Сананы сансыратқан сынақтардан,
Тілеймін сол елімнің жеңілмеуін.
Бауырымдай тым ыстық дала мына,
Құшағыма құт берген самалы да.
Туған елге төгілер қыз тілегі.
Мұң түсіп кетпесін деп қабағыңа.
Бабалар ізі қалған кең даламда,
Сақтайық елді аманда, жерді аманда.
Сен үшін құрбан болсам, туған елім,
Мәңгілік арманым жоқ бұл ғаламда.
Эллегия
Мен өмірді сүріп келем. Сүремін,
Ай мен күннің күлгеніне илана.
Тар көшеде талықсиды жүрегім,
Дос іздеген диуана.
Алқымыма айла қадап мың түрлі,
Қансыз-сөлсіз жүрек жұтқан кеуделер.
Кім құрсақта арамдықпен бұлқынды?
Сырқат шығар… Емделер…
Дәруіштей дауа іздеуім далбаса,
Құлқын-қоғам, неге әлі өгейсің?
Өмір, менің сенер досым болмаса,
Неге келдім, не дейсің?
Мен өмірді сүріп келем, жарығым,
Ай мен күннің күлгеніне илана.
Тар көшеде тоңып отыр тағдырым –
Дос іздеген диуана!