Басты жаңалықтарСпорт

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Ақтөбенің дайындығы қалай?

«Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу де еліміз үшін айтулы оқи­ға болмақ. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен салауатты өмір салтын дәріп­теу жағынан да, Ұлы даладағы көш­пенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз».

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ

жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатынан.

Осы күзде Астана қаласында VДүниежүзілік көшпенділер ойындары шымылдығын түріп, 100-ден астам мемлекеттің спортшысы бағын сынап, бабын байқап көрмек. Бұл соңғы жылдары қанат жайып келе жатқан ұлттық спортты жаңа деңгейге шығаратыны даусыз. Осы орайда Ақтөбедегі төл спорттың дамуы, сондай-ақ жоғарыда аталған дүбірлі додаға әзірлік деңгейін білмек болып, сала мамандарын сөзге тартқан едік…

Ұлттық спорт: 1016 секция бар

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, Ақтөбеде ұлттық спорттың 10 түрі бойынша секциялар жұмыс істейді. Жылма-жыл қазақтың баяғыдан келе жатқан ойын түрлеріне, соның ішінде ат спортына қызығушылық артып келе жатыр. Айталық, 2022 жылы ұлттық спорт түрлерімен шұғылданушылар саны 26 мыңнан сәл асса, былтыр 33 мың адамға жетіпті.

— Өткен жылы қазақ күресіне ден қойғандар саны екі есеге артып, 7024 палуан болды. Ат спортына да ықылас сондай. Сәйкесінше, 2022 жылы ұлттық спорт түрлері бойынша 805 секция болса, 2023 жылы ол 1016-ға дейін өсті. Қалада ғана емес, ауылдық жерлерде де сұраныс айтарлықтай байқалады. Өңірімізде балаларды ұлттық спортқа баулитын 441 жаттықтырушы еңбек етеді. Жалпы, облыста асық ату, аударыспақ, бәйге, бес асық, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, теңге ілу, тоғызқұмалақ, жамбы атубойынша секциялар бар, — дейді облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Ерболат Қуандықұлы.

Бұл реттесоңғы жылдары атқарушы билік ұлттық спортты ұлықтауға ерекше мән беріп отырғанын айта кеткен абзал. Мәселен, 2022 жылы Ақтөбе қаласында ұлттық спорт түрлері бойынша облыс әкімінің кубогы өтіп, асық ату және дәстүрлі садақ атудан спорт федерацияларының қалалық филиалдары құрылса, былтыр аударыспақ бойынша ел чемпионаты ұйымдастырылды. Сондай-ақ өткен жылы өңірдің 8 ауданында құсбегілік, бәйге, көкпар, асық ату, т.б. ұлттық ойындар бойынша клубтар ашылған.

Ресми деректерге сүйенсек, 2022-2023 жылдар аралығында ұлттық спорт түрлері бойынша 287 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 20 мыңнан астам ақтөбелік қатысыпты.

Байрақты бәсекеге осы жерде дайындалады…

Ұлттық спорт түрлері дегенде ойымызға әуелі ат спортының оралатыны рас. Өйтпегенде ше, «ат құлағында ойнайтын» ақтөбелік шабандоздармен қоса, өз арамызда Алаш жұртына аты танылып келе жатқан атбегілер де жылдан-жылға көбею үстінде. Ең бастысы, желтабан жүйріктер санының артуының арқасында соңғы уақытта алақайлайтын асуларымыз аз болған жоқ.

Тек соңғы жылдардағы жетістіктерді сараласақ. 2022 жылы Алматы облысында көкпар және аударыспақтан жастар арасында өткен Қазақстан чемпионатында Дәулет Нағашыбаев чемпион атанса, Әлішер Сәлімжанов пен Аслан Есенғарин күміс медальді еншіледі. Сол жылы Тараз қаласында ұйымдастырылған ел біріншілігінде көкпар және аударыспақтан Азамат Серғазин I орынды, басқа спортшылар 4 күміс және 2 қола медальді жеңіп алды.Сондай-ақ Татарстан Республикасында өткен ересектер арасындағы аударыспақтан әлем чемпионатында Шыңғысхан Ержанов бас жүлдеге ие болса, Азамат Серғазин үздік үштіктің қатарынан көрінді. Әлем чемпионатында мұндай жетістікке жетудің өзі — үлкен жеңіс. Сол сияқты Көкшетау қаласында өткен көкпар және аударыспақтан жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында жерлес шабандоздар жүлделі орындарды иемденді.

Ал былтыр аударыспақтан ересектер арасындағы ел чемпионатында ақтөбеліктер Азамат Серғазин, Тимурхан Иманғалиев, Рамазан Ғалел, Алтай Сүйеубаевтар алтын медальге лайық деп танылды, басқа да бір топ спортшымыз күміс, қола медальдерді тағынды. Сонымен қатар өткен жылғы аударыспақтан ересектер арасындағы Азия Кубогында Азамат Серғазин, Шыңғысхан Ержанов, Арман Сағынбаевтар үздіктер қатарында болды. Шымкент қаласында өткен ұлттық спорт түрлері, аударыспақтан жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында Нұрталап Кәрім, Данияр Сыдық, Нұржан Еркінұлы атой салса, Көкшетау қаласындағы  жамбы ату, теңге ілуден ел біріншілігіненақтөбелік команда олжалы оралды. Бәрінен бұрын өткен жазда Татарстан Республикасында өткен ересектер арасындағы аударыспақтан әлем чемпионатында Шыңғысхан Ержановтың бабы мен бағы қатар жанып, екі дүркін әлем чемпионы болғанын айта кету керек. Рамазан Ғалел де осы додада еліміздің Әнұранын шырқатты. Қостанайда ұйымдастырылған жасөспірімдер арасындағы аударыспақтан ХІ Қазақстан чемпионатында Ерасыл Амантай бастаған жігіттер жеңімпаз болса, Қырғызстан Республикасында өткен аударыспақтан жастар арасындағы әлем чемпионатында Нұржан Еркінұлы қоржынымызды тағы бір алтын медальмен толтырды.

Аударыспақтан облыстың атын асқақтатып жүргендердің арасында Азамат Серғазин, Шыңғысхан Ержанов, Арман Сағынбаев, Алтай Сүйеубаев, Бекарыс Тұрсынбаев, Аслан Есенғарин, Әділжан Жаналин, Ринат Смағұлов, Абай Тұрсынбаев, Оразғали Тұрсынбаев, Әлішер Сәлімжанов, Абылай Тұрсынбаев, Рамазан Ғалел, Нұрдәулет Жангелді, т.б. жігіттер бар. Алғашқы үшеуі — Азия чемпионы. Аударыспақтан бір топ спортшының аты-жөнін бұлай тізіп жазуымыз тегіннен-тегін емес: Ақтөбе — ұлттық спорттың осы ойын түрінен командалық есеп бойынша елімізде бірнеше дүркін чемпион атанған өңір. Республикада үздік үштіктің қатарындамыз. Сондықтан ат спортынан Ақтөбенің үмітін ақтар бір шоғыр өсіп келеді десек, қателесе қоймаспыз.

Спортшылардың барлығы Ақтөбе қаласының іргесінде орналасқан облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығады. Аталған мемлекеттік мекемеге жаңадан тағайындалған директор Дархан Темірханов:

Биыл 8-14 қыркүйек күндері аралығында Астана қаласында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындықты бастап кеттік. Біздің облыстың спортшылары аударыспақтан мықты екені белгілі. Сол бойынша күш сынасатынымыз анық. Атап айтсам, дүбірлі додаға ШыңғысханЕржанов, АрманСағынбаев, АзаматСерғазин, РамазанҒалел, ТимурханИманғалиев, АлтайСүйеубаевтар қатысқалы отыр.Алдағы уақытта басқа да спортшылар осы тізімге қосылуы мүмкін, әзірге оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — дейді.

АЙТПАҚШЫ…

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алғаш рет 2014 жылы Қырғызстанда өтіп, одан соң 2016 және 2018 жылдары да осы елде ұйымдастырылды. Ал 2022 жылы Түркияның Изник қаласында болды.

Биылғы Қазақстанда өткізілетін аталған дүбірлі дода спорттың 20 түрі бойынша медальдар сарапқа салынбақ. Оған 3 мыңнан астам спортшы, 15 мыңнан аса шетелдік турист келеді деп жоспарланып отыр.

— Байрақты бәсеке – ұлттық спорт пен салауатты өмір салтын дәріптеу тұрғысынан маңызды шара болмақ. Оған қоса, Президент атап өткендей, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтармен мәдени-гуманитарлық байланысты арттыру тұрғысынан да айтулы оқиға болғалы тұр. Өйткені Көшпенділер ойындарына 100-ден аса ел қатысуға құлшыныс білдіріп отыр.

Көшпенділер ойындарын жоғары деңгейде өткізу — қазақ ұлттық спортының дамуын жаңа жетістіктерге шығарады деп білемін. Қазірдің өзінде ұлттық спорт түрлерінен Қазақстан құрамасы жан-жақты дайындық жұмыстарын бастап кетті. Сондықтан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын әлемдік деңгейде өткізуді өзімізге міндет әрі мақсат етіп қойып отырмыз, — дейді Қазақ ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов.

Шыңғысхан — жеңістен үміттілердің бірі

Қазақ пен жылқы — егіз ұғым. Қай кезде де «ат құлағында ойнайтын» жігіттер аз болмаған. Солардың қатарында Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатынХалықаралық дәрежедегі спорт шебері, аударыспақтан екі дүркін әлем чемпионы Шыңғысхан Ержанов та бар.

Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжіндеменімен бірге оқитын Азамат деген жігіттің ат спорты мектебіне баратынын біліп, қызығушылығым оянды. Бұл қазақ халқына қанмен сіңген қасиет болса керек. Әрі ат спорты мектебіне бару ақысыз екен. Содан 2012 жылдың соңынан бері ат спортымен кәсіби түрде айналыса бастадым. Атқа қалай дұрыс мініп, шабу керектігін,жалпы бұл спорттың қыр-сырын ұстазым Нұрлан Додайдан үйрендім. Ынтамды байқап, алдағы өмірімді осы ұлттық  спортпен байланыстыратынымды түсінген әке-шешем де батасын берді.

Шүкір, қазірдің өзінде жетістіктерім аз емес. Әйткенмен бір орында қалуға болмайды, әрдайым шеберлікті шыңдап отыру керек. Сол үшін күнделікті спорттық жаттығулар жасаймын. Бассейнге де үзбей бару маңызды.

Шындап кіріссе, адамға аттың үстінде жақсы шауып үйрену үшін 1-2 апта жеткілікті. Ең бастысы, ептілік пен қызығушылық керек. Ал көңілі аумаған, бұған бейімі жоқ адам жылдап келсе де, меңгере алмайды. Соның ішінде аударыспақ — күрделі спорттық ойын. Айрықша сабырды былай қойғанда, күресе білуің шарт. Астындағы атың әлсіз болса да, жеңіліске ұшырауың бек мүмкін.  Сондықтан бұл — жан-жақтылықты талап ететін ұлттық спорттың түрі. Өзіне тән қаупі де бар, — деген Шыңғысханның бүгінге дейін спорттағы жетістіктері бірталай. Ол — аударыспақтан екі дүркін әлем чемпионы, сондай-ақ Азия және Қазақстан чемпионаттарының жеңімпазы.

Бұл спорт түрінің денсаулықты мықты етіп, адамның бүкіл бұлшықетінің «жұмыс істететінін» айтпағанда, табысы да жақсы. Одан сыр суыртпақтағанымызда, бұған қатысты төмендегідей жауабын алдық: «Ат спорты бойынша ұйымдастырылатын жарыстардың жүлде қоры қомақты деуге болады. Мысалы, Қазақстан чемпионатында жақсы нәтиже көрсетсек, кемінде жүз мың теңгеден аламыз. Ал Азия чемпионатындағыжеңімпаздың сыйақы мөлшері — 1 миллион теңге».

Қамбар ата тұқымы сенімді серігіне айналған ол — жоғарыда аталған спорт мектебінде аударыспақтан аға жаттықтырушы. Атбегі арғымақтары туралы да ұзақ әңгімелеуге әзір. Шыңғысхан додаларға әдетте 777 атты кермиық жануармен аттанатынын, оның өте ақылды әрі «мінезі» жақсы екенін айтты. Қыркүйек айында елордада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына да осы сәйгүлікпен қатысқалы отыр.

«Ат тұяғын тай басар»

2005 жылы ашылған облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде ат спортын айтпағанда, қазақ күресі, асық ату және тоғызқұмалақ секциялары жұмыс істейді. Соның ішінде қылқұйрықты баптайтын жаттықтырушылардың саны — 14. Қазіргі кезде барлығы 549 жас осы спорт мектебіне барып жүр.

— Ат спорты бойынша балаларға аптасына 4 сабақтан өтеді. Әрқайсысының ұзақтығы — 1,5 сағат. Секцияға қатысу ақысыз, тек игеріп кетсе болғаны. Ал жас мөлшеріне тоқталсам, атқа мінетіндер 12 жастан жоғары болуы керек.

Өзім бала кезімнен осы спорт мектебіне келгендердің бірімін, оқушы ретінде талай жарысқа қатыстым. Енді, міне, 2021 жылдан бері жамбы ату секциясында  жаттықтырушымын. Қазіргі таңда 3 тобым бар. Балалардың аяқ алысы жақсы, Батыр деген шәкіртім екі айдан соң жарысқа қатысқалы отыр. Болашағынан зор үміт күттіретін Мейіржан Қарасай, Сағындық Қабидолла сынды бозбалалар өсіп келеді. Ал Амангелді Өмірзақов пен Нұрхан Елжанов — қазірдің өзінде мықты спортшылар.

Бұл ойынға ең бірінші кезекте мергендік, шапшаңдық қажет. Өйткені аттың үстінде садақ ату, нысанаға дөп тигізу оңай емес. Егер бала аттың үстінде жақсы отырса, ебі болса, жамбы атуды 1 жылда игере алады. Жылқы жануарына жақындық, соның ішінде ат спортына қызығушылық қазақтың қанына сіңген ғой. Сондықтан шындап кіріссе, бұны меңгеруге болады, — дейді жамбы атудан Қазақстанның спорт шебері, жоғарыда аталған мектептің жаттықтырушысы Дәурен Кеңесбаев.

25 жастағы спортшының айтуынша, мұнда келушілердің қатарында ат жалын тартып мінетін азаматтар да кездеседі. Олар көкпар сияқты ұлттық ойындарға қатысады екен.

Әкімшілік ғимарат, күрес залы, 2 арнайы алаң (жабық манеж) мен 2 ат қорасы бар спорт мектебінің материалдық-техникалық базасы барлық талаптарға сай келеді.Ер балалардың, ауа райының қолайсыздығын елемей, қысы-жазы жаттығуына мүмкіндік мол. Жылы әрі жарық. Бұл жерде қауіпсіздік шаралары да қатаң сақталған.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Ақтөбе қаласының іргесінде орналасқан облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі 2005 жылы ашылды. Көпшілікке ат спорты мектебі ретінде жақсы таныс мекеме 2014 жылдан бері жаңа ғимаратта жұмыс істеп келеді. Мұнда ат спортын айтпағанда, қазақ күресі, асық ату және тоғызқұмалақ секциялары бар.

41 жылқының шабысы

Бүгінгі таңда спорт мектебінің аумағында 41 Қамбар ата тұқымы шауып жүр. Әрқайсысы өзіндік «міндетке» ие. Мәселен, дені күнделікті сабақ барысына қолданылса, 14-і көкпарға түсетін сәйгүліктер, 6-уы аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату сынды ұлттық ойындарға жұмылдырылады екен. Иппотерапияға жарайтын 2 жылқы бар.

Бәйгеге түсетін арғымақтардың күтімі де алабөтен. Бәрінен бұрын, «Шабар аттың тоғы игі» демекші, бұлардың күнделікті азығы — мамандардың жіті бақылауында.

— Барлық атқа мемлекет бекіткен заңнама негізінде жемшөп беріледі. Айталық, бір жылқығакүн сайын 6 келі азық беріледі. Жемшөбін есептемегенде, сәбіз, жұмыртқа, дәрумендері бар. Ауырып қалса, екпе салуымыз да мүмкін. Бұл бағытта жануарды күтіп-баптайтын бапкерлер, мал дәрігерлері, өзге де мамандар қызмет етеді, — дейді спорт мектебінің басшысы.

Ат төбеліндей қазақ, әсіресе ауылдағы халық ертеден жылқы шаруашылығымен етене айналысқаны белгілі. Дей тұрғанмен қазір атты баптап, осы жолда кәсіби спортқа ден қойғандар соншалықты көп емес. Оған себеп — түрлі әлеуметтік мәселелер, бұқараның даладан қалаға қоныс аударуы. Осындай тіршілік түйткілдеріне қарамастан, облыс орталығындағы мамандандырылған спорт мектебі Қобда, Шалқар, Байғанин, Ырғыз, Мұғалжар аудандарынан бөлімшелерін ашты. Ұлттық ат спортының сондағы жанкүйерлері өздері бастама көтеріп, атпен қамтып, кішкентай жерлестерін аталған спорт түріне баулып жүр. Ауыл халқының төл өнерімізге деген жанашырлығы сеп болған игі іс жер-жерде жалғасын тапса, кәнеки. Мұндағылар жаттықтырушыны ұсынып, көрген-білгенімен бөлісуге даяр.

P.S. Ақтөбелік спортшылардың Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындығы осындай. Жаһандық жарыста шабандоздарымызға сәттілік тілейміз!

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button