Ауыл

Берекелі ауылдың бүгіні

Ырғыз ауданына қарасты Құмтоғай ауылдық округінде жалпы саны мыңнан астам адам тұрады. Бұл округте тұрғындардың өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Ауылға ендігі керегі — көгілдір отын…

Жаңа мектеп салынып жатыр

Құмтоғай ауылдық округінің әкімі Мұрат Санымбаев өткен жылы сайланған. Халықтың қалауымен округ әкімі болған азамат қазір ел игілігі жолында тынымсыз еңбек етіп жүр.

Оның айтуынша, ауылдың жағдайы жақсы. Жылдан-жылға елді мекенде жаңадан салынған нысандар саны көбейіп, тұрғындар арасында дәстүрлі емес шаруашылық түрлерімен айналысуды қолға алғандардың қатары артып келеді.

  • Негізінен, округке үш ауыл — Құмтоғай, Қарасай, Қарақұдық елді мекендері кіреді. Бұл ауылдарда жалпы саны мыңнан астам адам тұрады. Округтің орталығы — Құмтоғай ауылында былтыр бірнеше нысан салынды. Әсіресе ауыл тұрғындарының, оның ішінде жас буынның спортпен айналысуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, өткен жылы осы ауылда шағын стадион, балалар алаңдары мен воркауттар салынды. Биыл Құмтоғайда 100 орындық мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Аталған жобаның жалпы құны — 873 790,041 мың теңге. Мердігер ұйым — «Ерзат» өндірістік кооперативі. Биыл тамыз айында пайдалануға беріледі. Қазір ескі мектепте 135 оқушы білім алуда. Ал ауыл балабақшасында 40 бала тәрбиеленуде. Жалпы, халықтың тұрмысы жылдан-жылға түзеліп келеді. Үш ауылда да ауызсу, ұялы байланыс желісі бар. Ауыл тұрғындарының енді тілегі — көгілдір отын. Жоспарға сәйкес біздің округімізге газдандыру жұмыстары 2025-2026 жылдары жүргізілмек, — дейді ол.

Округ әкімінің айтуынша, былтыр Құмтоғайда ауылішілік жолдар жөнделген. Ауылға кіреберіс жолдың 13 шақырымы орташа жөндеуден өткен. Сондай-ақ Құмтоғай елді мекеніндегі 7, Қарасай ауылындағы 9 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілген.

— Ауылда мал, құс саны артып келеді. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасына округтен 4 жоба ұсынылып, тұрғындар 2,5 пайыз жеңілдікпен несие алды. Оның екеуі құс өсірсе, бір кәсіпкер дөңгелек жөндеу орталығын ашты. Енді бір тұрғын бау-бақша өсіріп, былтыр күзде мол өнім алды. Осы тұрғындардың арасында Данат есімді жігіт құс өсірумен қатар, бау-бақша шаруашылығын да дамытып отыр. Сондай-ақ осы бағдарлама аясында ауданға белгілі кәсіпкер Хамит Өтеуұлы екі отбасына қайтарымсыз көмек ретінде 40 ірі қара берді, — дейді округ әкімі.

Туған жерін түлеткен азамат

Хамит Өтеуұлын көпшілік жақсы таниды. Ырғыз ауданының құрметті азаматы, белгілі кәсіпкер бүгінде аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі — «Алтын-Әсел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқарып отыр. Бұл шаруашылықта бүгінде 4 мыңнан астам қой, мыңнан астам жылқы, 200-ге жуық ірі қара бар. Көп жылдан бері ауданда қой шаруашылығын дамытып отырған кәсіпкер өзі туған мекенді дамытуға әр кез сүбелі үлес қосып келеді. Құмтоғай ауылдық округінің халқы бұл кісінің еңбегін үнемі айтып отырады.

Былтыр кәсіпкер Ырғыз ауданы әкімдігімен «Абаттандырылған ауыл» бағдарламасы аясында инвестициялық жобаны іске асыру үшін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осы меморандум аясында кәсіпкер өзі туған Қарасай ауылында 50 млн теңгеге медициналық пункт және 24 млн теңгеге демалыс саябағын салып берді. Сондай-ақ осы ауылда кәсіпкердің демеушілігімен 20 млн теңгеге қорым қоршалды.

Кәсіпкердің айтуынша, бүгінде Қарасай ауылында 25 үй ғана бар. Елді мекенде мектептен басқа ірі әлеуметтік нысан жоқ. Медициналық пункттің де ғимараты ескірген. Осыны ескерген кәсіпкер өз қаражатына туған ауылына жаңа медициналық пункт салып беруді жөн көрген.

  • Елге, ауылыма деген жанашырлығымды осылай көрсетпесем, қалай көрсетемін? Қарасай ауылы маған өте ыстық. Бұл жерде әкем жерленген. Сонау 1953 жылдан бері келе жатқан «Қарасай» қорымы осы күнге дейін жан-жағы толық қоршалмаған қорым болатын. Былтыр осы қорымды заман талабына сай етіп қоршадық. Бұл жерде бес Социалистік Еңбек Ері — Өтеу Құдайбергенов, Сағымбай Көкімбаев, Қызтуған Шегебаев, Оразбай Жұмабаев, Алмат Ырысбаевтар жерленген. Бұл кісілер — осы кеңшардың дамуына атсалысқан, еліміздің ауыл шаруашылығы саласына елеулі үлес қосқан азаматтар, — дейді Хамит Өтеуұлы.

Айта кеткен жөн, Хамит Өтеуұлының әкесі Өтеу Құдайбергенов кеңес заманында көп жыл Қарасай ұжымшарын басқарған. Сол кезеңде ұжымшарда қой, жылқы фермаларының табыстары жылдан-жылға көтеріліп, әр жүз аналықтан 130-133 қозыдан алыпты. Малшы-шопандардың мерейі артып, ауыл-аймақта береке-бірлік орныққан. Осы елеулі еңбегінің арқасында Өтеу Құдайбергенов Ленин орденін алған.

Округ әкімі Мұрат Санымбаевтың айтуынша, Хамит Өтеуұлы бұған дейін де өзі тұратын Құмтоғай ауылына саябақ пен стадион салып берген. Сондай-ақ сұрапыл соғыстан оралмаған жауынгерлерге және сол ауылдың Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған алты азаматына арнап ескерткіш тақталар орнатқан. 2018 жылы Қарақұдық ауылында өз қаражатына «Ару ана» демалыс алаңы мен шағын стадион тұрғызған.

— Хамит Өтеуұлының бүтін бір округтің дамуына үлес қосып, өңірді өркендету жолында жарқын жобаларды қолға алғаны кейінгі буынға үлгі болары анық. Қазақта «Ауылына қарап азаматын таны» деген қанатты сөз бар. Осы бір мағыналы сөздің мәніне терең үңілген ағамыз туған жерге қызмет етіп, үнемі көптің алғысына бөленіп келеді, — дейді ол. 

Құс та бағады, бақша да өсіреді

Құмтоғай ауылының тұрғыны Данат Таңатаровты ауылдастары аузынан тастамай, өзгелері үнемі үлгі етіп отырады. Жастайынан еңбекқор, қандай жұмыс болса да қашпайтын Данат қазір ауылында құс шаруашылығын дамытып отыр.
Данат Құмтоғай ауылындағы орта мек­тепте бірнеше жылдан бері күзетші бо­лып жұмыс істейді. Қорасында ірі қа­расы, қой-ешкісі бар. Шаруаның жайын бі­летін жігіт былтыр «Ауыл аманаты» бағ­дар­ламасына қатысып, құс шаруа­шы­лы­ғы­мен айналысу үшін 1 млн теңге несие алған.

  • Қаржыға 100 бас ломан браун тұқымдас тауық, сондай-ақ құстың жемі мен азық­қа қоса берілетін дәрумендер сатып ал­дым. Қазір күніне ауыл тұрғындарына 20-25 дана жұмыртқа сатамын. Жазда күніне 60-70 дана жұмыртқа са­ттым. Алдағы уақытта

ин­ку­ба­тор сатып алу жоспарымда бар. Сон­дай-ақ құс шаруашылығымен қатар, биыл осы жоба аясында 2 миллион теңге не­сие алып, бау-бақша өсірдім. Қияр, қызанақ, қауын, картоп, бұрыш пен ас­­­­бұршақ ектім. Күзде 350 келі қызанақ, 700 келі қияр, 500 келі картоп, сондай-ақ 200 дана қауын, азын-аулақ бұрыш пен асбұршақ жинап алдым. Өнімдерімізді ауыл тұрғындарына қолжетімді бағаға саттық, қалғанын өзіміз жеп жатырмыз, — дейді Данат. 

Шаруа құсты Хромтау ау­да­нына қарасты «Тасөткел» ауыл шаруашылығы кооперативінен са­тып алыпты. Бұл кооперативпен алда да бірлесіп жұмыс жасау үшін келісімшарт жасаған. Данаттың айтуынша, Ақтөбе қа­ла­сында аталған кооперативтің филиалы бар, ондағылар жемді аулаңа дейін әкеліп береді.

– Меніңше, құс шаруашылығымен ай­налысу мал ұстағанға қарағанда біраз қо­­­лайлы сияқты. Әрине, ауылда тұрған соң мал да ұстау керек. Оның үстіне мек­теп­те оқитын балаларым да қолы бос уа­қыттарында маған көмектеседі. Олар­дың да жастайынан еңбекке ара­ла­сып, табыс табуға бейімделгені өздеріне пай­далы. Қазір отбасында үш бала тәр­бие­леп отырмын. Екеуі мектепте оқыса, кі­шісі балабақшаға барады, — дейді Данат.

Еңбекқор жігіт қай кезде де жұмыс істеген адамның мол табысқа кенелетінін айтады. Бұл орайда «Ауыл аманаты» жобасының маңызы зор. Себебі басқа бағдарламаға қарағанда бұл жоба өте тиімді. Несие небәрі 2,5 пайызбен ғана беріледі.

Мектеп күзетшісі болып жұмыс істей жүріп, ауылда құс және бақ­ша шаруашылығын қатар дамытып отырған жас жігіт ауыл жастарын «Ауыл ама­наты» жобасына қатысып, табыс табу­­ға үндейді.

— Қазір көпшілік ауылда жұмыс жоқ деп жатады. Меніңше, еңбек еткісі келген адам­ға жұмыс көп, табыс та бар. Мәселен, мен күніне құс шаруашылығының өзі­нен, яғни жұмыртқа сатып-ақ жаз айларында үш-төрт мың теңге пайда табамын. Есептеп қара­сақ, табысым шамамен айына 120 мың тең­ге болады екен. Одан бөлек

күзет­ші­ліктен алатын айлығым бар. Қосымша та­ғы табатын азын-аулақ тиын-тебенім бар. Соның арқасында отбасымды асы­рап отырмын. Жалпы, адамды көр­кей­те­тін, өмірге құштарлығын арттыратын ең­бегі ғой. Өз маңдай теріңмен тапқан наның тәтті болады. Сон­дықтан сылтау іздемей, барынша жал­қаулықты қойып, еңбектену керек, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер демекші, облыста «Ауыл ама­наты» жобасына қатысатын әр­бір азамат жеке кәсіпкер ретінде тір­келуі керек. Жобаның талабы осындай. Сон­дықтан Данат та қазіргі таңда кәсіп­кер болып отыр. Кәсібін сүйетін, еңбекке құштар жігіт болашақта туған ауылын да­мы­туға да өз үлесін қосуды арман­дай­ды.

– Ауылымызға газ келсе, бір бей­не­ті­міз азаяр еді. Қазір ауылымызда жолдар да са­лы­нып жатыр. Мал саны да артуда. Жал­пы, тұрғындардың жағдайы жақсы. Жаңа жобаға қатысып, кәсіп ашып жатқандар да бар. Осы орайда тұрғындарға әр кез кө­­­­мектесуге әзір тұратын округ әкімі Мұ­рат Санымбаевқа алғысымды білдіргім ке­леді. Бұл азамат мен сияқты талай ауыл адам­дарына құжат жинақтау, жобаға қа­тысып, кәсіп ашуға қолдау білдірді, — дейді Данат.

Данат сөз арасында қазір облыс ор­­­­талығындағы оқу орындары­ның бірінде білім алып жүргенін жет­кіз­ді. Болашақта ауылындағы мектепте денешынықтыру пәнінен сабақ бермек. Еңбекке де, білімге де құштар кейіп­ке­­­ріміздің жоспары айқын, арманы ас­қақ. Қай кезде де өз биігіне тек таза ең­бе­гі­мен қол жеткізгісі келетін ол — бүгінгі жас­тарға үлгі болатын нағыз азамат.

Дөңгелек жөндейтін орталық

Құмтоғай ауылында «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, жеке кәсібін дамытып отырғандардың бірі — Лаура Сатаева. Ол бағдарлама аясында екі жылға жеңілдікпен 2 млн теңге несие алған. Қаржысына дөңгелек жөндейтін құрал-жабдықтар сатып алыпты.

— Ауылда азық-түлік сататын шағын дүкеніміз бен шаруа қожалығымыз бар. Жолдасым мен балаларым шаруашылықта ірі қара, жылқы, қой өсіріп отыр. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға бел буып, өз жобамды ұсындым. Ауылымызда автокөліктің дөңгелегін жөндейтін орталық жоқ. Тұрғындардан сұраныс болған соң балаларымның айтуымен орталық ашуды жөн көрдім. Алған несиеме құрал-жабдық сатып алып, бұрын үй алдынан салған гаражымызды кеңейтіп, орталық аштық.

Қазір ауылда екі үйдің бірінде көлік бар. Техника болған соң бұзылмай тұрмайды. Сондықтан бұл кәсіптен жақсы табыс табуға болады. Қазір мұнда екі ұлым жұмыс істейді. Ауылда осындай кәсіп ашуға мүмкіндік берген Үкіметке алғысымыз шексіз, — дейді ол.

Лаура Сатаева жұбайы Ардақ екеуі үш ұл өсіріп отыр. Біреуі студент болса, екеуі ауылда жұмыс істейді. Малды да, орталықтың жұмысын да жүргізіп отырғандар — ұлдары.

— Әзірге отбасылық кәсіпті өзіміз жүргізіп отырмыз. Болашақта орталықты кеңейтсек, бір-екі адамды жұмыспен қамтитын боламыз, — дейді ол.

 Данагүл ҚАЗИХАН. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button