Әдебиет

Есенбек ЖҰМАҒАЛИЕВ

Есенбек Жұмағалиев 1986 жылы 31 наурызда Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында дүниеге келген. 2003 жылы Т.Жармағамбетов атындағы орта мектепті бітіріп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне түсті. Университетті 2007 жылы ағылшын тілі мамандығы бойынша бітірді. Студент кезінен бастап Ақтөбе қаласындағы №34 қазақ орта мектебінде және Ақтөбе гуманитарлық техникалық әмбебап көпсалалы колледжінде — ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, «Ақтөбе-дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығында әдіскер қызметін атқарды. «Анама хат» жыр жинағының авторы. Өлеңдері «Жастық — жалын жыр», «Ақ айдын» жинақтарына, «Ақтөбе кітапханасы» сериясының 50-томына енген. Саха поэзиясын және Артур Голденнің «Гейшаның естеліктері» романын аударған.

Ауыл жайлы…

Ауылда ырыс пен бақ мол болатын,

Ауыл қысы белшеден қар болатын,

Көрші үйдің отағасы күртік күреп,

Баласы сүңгі сорып мәз болатын.

(Ол кезде менің де әкем бар болатын…)

Доп теуіп, жейдем сатпақ, лас болатын,

Балалық…

Бейқамдыққа мас қылатын.

«Мектепте ел баласы шаршатты» — деп

Анам кеп құс жастығын жастанатын.

(Ол кезде анам сәл-пәл жас болатын…)

«Әуп» етіп көрші жақтың кәрі иті үріп,

Шиқылына біз жақта көк қақпаның,

Шәри атам сапырып шежіресін,

Абай ағам жүретін боқтап бәрін.

(Ол кезде Абай ширақ, Шәри тірі…)

Еске алсам ауылымның сазды әуенін,

Қуанышты шақтар да аз демедім.

Жетегінде қиялдың түн өткергем

Қызды армандап желпіген жаз көйлегін.

(Ол кезде мен де арманшыл бозбала едім.)

Көктемгі ауыл…

Кеудеме жыр толатын,

Жастар күліп айнала нұр толатын,

Қыр астынан талықсып таңға дейін

Сезім жайлы әсем ән шырқалатын.

(Аулада аты алма ағаш гүл тағатын…)

Сағым шалған ауылдың құла белі,

Мұнаралы, еңселі қыры әдемі.

Құнарынан тояттап Жер-Ананың

Қыр басынан өрген мал құлап еді.

(Қырдың қойны мөп-мөлдір бұлақ еді…)

Сауық құрып өзімдей өрімдермен,

Шежіре шалдары бар өмір көрген.

Айналайын аядай ауылымнан

Айнадайын тап-таза көңіл берген.

Қала-өмірдің үйреніп өркениетін,

Қалмады адам «ауыл» деп дерт еметін.

Қашып шығып бауыры бүтін елден

Шарт па еді қала жаққа ерте кету?

Сусып өткен тісінен тарағымның,

Жылтыр шаш…

Шаң жұқпаған балағым-мұң…

Жетпейді-ау бір сәтіне қала-өмірім

Борбайын жантақ сызған бала күннің.

Қиып кетіп балалық-ғажайыпты,

Емеспіз біз де алдыңда аз айыпты.

Ауыл сырты көбейіп төмпешіктер,

Әкемді көрген жандар азайыпты.

Елестері жадымда өшкен күннің,

Сүйегін жерге берген Ескендірдің.

Көңілі жалғыз-жарым анам жүрді

Шолтиып сабағындай кескен гүлдің.

Ол шақта балаң жігіт, өжеттеу ек,

Еркелетіп, енді кім өбектемек?

Жылдар мүжіп, үлкендер кетіп жатыр

Келместің көшіне еріп кезек-кезек…

Есепсіз сан күн бастан қарғып өтті,

Кеміріп уақыт бәрін дал-дұл етті.

Талай мәрте жеңіліп, жан үгіліп,

Сезімдердің айнасы шалдыр етті.

Тірлікте дәулет жиған талайың бар,

Болса да мансап, зәулім сарайың бар.

Кісіліктің мөп-мөлдір бастауы бар,

Көшпеңдерші ауылдан, ағайындар!

 

Түнде жаңбыр жауыпты…

Ақтарылып аспаннан ақ тегене,

Кім білді от төге ме, бақ төге ме?

Мен, әйтеуір, сені ойлап көз ілгенмін,

Түнде жаңбыр жауыпты Ақтөбеге…

 

Өкпелеп кеткен ару болмашыға,

Сағынудан асқан шер бар ма, сірә?

Жүрегіңнің көз жасын сығып алып,

Түнде жаңбыр жауыпты Алматыға…

 

Қатыгездік тән шығар тасқа ғана,

Жаңбырмен араласып жас тама ма?

Қос жүректің аңсарын толтырып ап,

Төгіп кеткен шығар бұлт қос қалаға.

 

Көңілімнен күй болып тамдың ба екен?

Сезіміңді ұғар тек жаңбыр ма екен?

Ақ нөсерден қорғайтын құшақ таппай

Жауын асты қалшылдап қалдың ба екен?

 

Мен, әйтеуір, сені ойлап көз ілгенде,

Ерік беріп егілген сезімдерге,

Қылп етті ме жүрегің, өксік толып

Көз бояуың жаңбырға езілгенде.

 

Арамызды бөлгенде сан шақырым,

Айтылды ма жауынға барша сырың?

Жоқ, әлде…

Жауын асты би билеп жүрдің бе екен

Өзге жанның қалқалап қолшатырын…

 

Аспан анау, түнеріп кеңкілдеген,

Ақ жауында өмір бар мөлтілдеген.

Тамшыларда сезім бар ең аяулы,

Махаббат бар кеудеңді өлтірмеген.

 

Ағыл-тегіл төгілген таңды атыра,

Өліп-өшкен сезімде бар ма кінә?

Түнде жаңбыр жауыпты Ақтөбеге,

Және жаңбыр жауыпты Алматыға…

 

Есіл

Қанша күнә шайылып толқынына,

Қанша көз жас тамды екен жағасында?

Сонда да селт етпестен, есіркемей

Есіл өзен, еркелеп ағасың ба?

Еліктейін толқының тұра қашқан,

Сезімдерді жаулайды…

Жаулайды сұрамастан.

Елік-толқын уақыттай зымырайды

Бөгелместен және де құламастан!

Екі арасын қақ жарып паң қаланың,

Елең қылмай…

Кімдердің бақ тапқанын, сорлағанын.

Жүрегімдей бүлкілдеп ағып жатқан

Кербез өзен, кейпіңе таңғаламын.

Кім қуанып жағаңда, қайғырды кім?

Тағы кімнің күнәсін шайдың бүгін?

Сыр бүгіп, міз бақпастан ағып жатыр

Ажарына көшіріп айдың нұрын.

Таң сібірлеп, содан соң кешің де өтіп,

Есіл өмір, барады көшің кетіп.

Мен отырмын еске алып өткенімді

Жағалауда, Есілге есім кетіп.

Үйіріліп қанша көз қарасында,

Қанша көз жас тамды екен жағасында?

Ойым кетіп барады жаза алмаған

Ойдым-ойдым толқынның арасында…

 

Кәрі тал

Қалғыған кәрі жалаңаш бұтаның,

Жанында бір мұң бар сынды.

Ақпан бітеді.

Соңғы рет енді

Сығып ал бүгін тамшыңды.

Сосын…

Ескі мұңынан түк қалмағандай,

Түк болмағандай, бәрі таң!

Ұзатар қыздай жасанып алып

Гүлдейді сосын кәрі тал.

 

О, ғажап оның гүлдеген кезі,

Жылы леп жанын үрлеген кезі,

Жасыл көйлектің етегін желпіп,

Көктемгі самалға билеген кезі.

Ажары кіріп, бүрлеген кезі…

Діңгегің біреу сырлады ма екен?

Қанша құстармен жырладың екен?

Шүберек байлап кетіпті біреу,

Кімнің дұғасын тыңдадың екен?

Сен биыл құлап тынбасаң екен.

Ақпанда неге мұң басады екен?

Кешқұрым әлі тасаңа келіп

Қанша ғашықтар сырласар екен?

Куәсі болды ол қанша көктемнің?

Саясы болған қанша кептердің?

Қаншасы кетті өзегі талып,

Көктемгі нұрды аңсап өткен күн…

Қанша күз көріп қуардың екен?

Қанша жауынға қуандың екен?

Қасқайып тұрып берілмей әсте

Қанша дауылға тұра алдың екен?

Қанша қуаң боп аңқасы кеуіп,

Қанша аптаптан жаңқасы күйген?

Адамзат үшін күмілжіп қалам

Жараңды көріп, балтасы тиген.

Жауыздық көріп, қарайса жаным,

Күйзелсем, саған қарай қаламын.

Адамнан күшті, таудай сабырмен,

Көтеріп тұрсың қалайша бәрін?

 

Арбатта…

Сырғанап гүлдің күлтелерінен моншақтар,

Безеніп қала тағынып жатты мың шоқтар.

Көңілде қаяу, нұр таппай жүрген жалғыз мен

Жанымды тіліп мұң-шоқпар…

Тағыда жүрдім екеуміз жүрген көшемен.

Не деймін елге «ол қайда кетті?» — десе мен?

Бейнеңді салған суретшіні іздеп сенделіп

…Арбатқа бардым кеше мен.

Арбатқа бардым. Суретші де жоқ, сұлбаң жоқ,

Бишілер билеп, әншілер сауық құрған жоқ.

Сайтан алғыр!…

…Өлеңімді де оқыма!

Мен сені көріп тұрғам жоқ.

Жаз екеш жаз да баянсыздығын білдірген,

Күз мынау тағы…

Ажары тайған жүз гүлден…

Жазылар ма екен жазылмай кеткен жыр мүлдем?

Дәрменсіз ғана жанарымменен жер сызып

Есалаң күйде жүрмін мен…

Сен кеткесін бе суытып бәлкім араны?

Өгейсіп қала, түксие маған қарады.

Мен сыймай жүрген даңғара даңғыл Алматы

Тарыдай болып барады…

Араны бөлді шақырымдар мен көп қала.

Шегінбе кейін. Ақ жалау саған! Тоқтама.

Жүректі шымшып, қылп еткізетін қой көздің

Мөлдірін қалдыр тек қана…

Көрсең де сәлем бермес пе ең маған сен енді?

Соны ойлап кетсем жотасын шыңдар шөгерді.

Жек көремін деп өзімді алдап көргенмен

Алдай алмадым өлеңді…

Қара гүл

Мұңға толып түпсіз, тұнық жанарың,

Түсімде кеп көзіме тік қарадың.

Қызыл емес, сары да емес, ақ емес

Неге сонда, ұстап тұрдың қара гүл?

 

Қанат байлап киіп жүрген көктемде,

Ақ көйлегің сарғыш тартып кеткен бе?

Шаштарыңа қадап алып қара гүл

Дәл осылай түсіме ендің өткенде.

 

Белгісі ме маған өкпе-наланың?

Жанарыма неге суық қарадың?

Алдыңда ешбір кінәм жоқ қой, қарағым,

Белгісі еді ненің сонда қара гүл?

 

Түп-тамырын қопарып сап сананың,

Кетпей қойды неге ойымнан қара гүл?

Сарғыш тартқан көйлегіңмен билейсің

Шырқ айналып ортасында қаланың.

 

Қанат байлап киіп жүрген көктемде,

Ақ көйлегің сағыш тартып кеткен бе?

Қоя қойшы, ұмыт бәрін, қойшы енді,

Басылады ренішің, өкпең де

Таң алдында тамыз нөсер төккенде…

 

Қалмаса да басқа ешбір амалың,

Түсіме енді кірмеші ұстап қара гүл.

Біле білсең тырнап жатыр ауызын

Қаны кеппес бітелмеген жараның

Сен ұстаған тікені бар қара гүл.

 

Мен оны сүйетін шығармын…

Мен олсыз бір мұңмен сыңармын,

Неге оның жанына құмармын?

Сездірмей аймалап көзіммен

Білмеймін…

…Мен оны сүйетін шығармын…

Кім білсін, бір күні…

… Кеш батып, көкжиек қылаң нұр,

Мен оны бақытты қылармын.

Неліктен аңсарым ауады?

Мен оны сүйетін шығармын…

Бір күні мен оның жанында,

Кеудеме гүл тағып тұрармын.

«Алдамайды армандар» дейді ғой,

Әзірге бәріне шыдармын.

Мен оны сүйетін шығармын…

Ішінде ақ сағым мұнардың,

Тек үнсіз ішімнен тынармын.

Кешегі бозбала шағымдай

Шынымен…

…Мен оны сүйетін шығармын.

Аршып ап ішінен тұманның,

Елітті ырғағы бір әннің…

Дәл осы симфония саз сынды

Мен оны сүйетін шығармын.

Серттессек қайтеді онымен?

Сөзіндей айнымас Құранның.

Мендегі тылсымды ұғар кім?

Бір ғана серт берсе болғаны…

Мен оны сүйетін шығармын…

Бұлттардай аспанда сейілген,

Ғайыпқа сіңбесін шырайлым.

Ақ ұлпа мамықтай сезіммен,

Мен оны сүйетін шығармын…

Жаңбырда бір тазалық бар мен білген

Қу тірліктің құлқыны ұрып, мастанған,

Адамдардың пейілімен ластанған.

Әз қалаға Тәңір нұрын себелеп,

Мөлдір моншақ құлап жатыр аспаннан.

Көк аспанның тылсымына сендірген,

Жаңбырда бір тазалық бар мен білген.

Сәні кірген хор қызындай, жұпарлы,

Гүл мәз-мейрам, сырғаланып мөлдірден.

Бұл әлемді бай-бағлан мен жалшы көп,

Ит тірліктің илеуінен аршып ап,

Делдалы боп тіршілік пен Тәңірдің

Құлап түскім келді жерге тамшы боп.

Айналдырған уақыт-көштің ұршығын,

Сәл ұмыттым минуттардың тырсылын.

Барлық әлем қарбаласта, жалғыз мен

Ақ жауыннан тыңдап тұрдым тылсым үн.

Аспан мен жер хат алысты достасып,

Тілін тапсаң сыр айтады тас та ашық.

Серуендеп жүр жүректері елегізіп

Құшақтасып қолшатырлы қос ғашық.

Тамшы сұрап, аспанға үнсіз телмірген,

Ақ жауынсыз сырласады көл кіммен?

Құбылмалы көңілімдей ойнақшып

Бір көлшіктің толқығанын көрдім мен.

Жаңбырда бір тазалық бар мен білген…

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button