Саясат

Ынтымақты ықпалдастық

Өткен аптада Астраханда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Мемлекет басшыларының қатысуымен екі елдің аймақаралық ынтымақтастығының VIII форумы өтті. Форум тақырыбы —  «Трансшекаралық сипаттағы төтенше жағдайларда бірлесе әрекет ету».

Форум барысында трансшекаралық сипаттағы төтенше жағдайларда бірлесе әрекет ету, соның ішінде шекаралық облыстардағы санитарлық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайларда, стихиялық апат салдарын жоюда шұғыл көмек көрсетуде өзара іс-қимыл талқыланды.

Форум қарсаңында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның ресейлік әріптесі Дмитрий Медведевтің екіжақты кездесуі өтті. Кездесуде 2011-2012 жылдарға арналған ҚР мен РФ өзара іс-қимылы жоспарын жүзеге асыру үдерісі жөнінде әңгіме болды. Бұдан басқа отын-энергетика кешені, «Байқоңыр» айлағын бірлесе пайдаланудың шарттық-құқықтық базасын жетілдіру, трансшекаралық су нысандарын пайдалану және қорғау, сондай-ақ ықпалдастық бірлестіктері ауқымындағы өзара іс-қимылдар мәселелері талқыланды.

Екі елдің көшбасшылары  ықпалдастық проблемалары, атап айтқанда, Ресей, Беларус және Қазақстан арасында құрылған Кеден одағын нығайту және дамыту жөніндегі одан арғы қадамдарға қатысты пікір алысуды жалғастырды, аймақтық және халықаралық проблемалардың кейбір мәселелерін талқылады.

Президент Н.Назарбаев аймақаралық ынтымақтастық форумның посткеңестік кеңістікте екіжақты ынтымақтастықты дамытуда нақты қадамның бірегей мысалы болып табылатынын атап көрсетті.

—  Бұл форумның басты тақырыбы — трансшекаралық сипаттағы төтенше жағдайда бірлесе әрекет ету. Табиғи және техногендік апаттардың жиілеп кетуі мен қиратушы ықпалы әлемде толастамай отыр. Ол көптеген мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік және демографиялық мүдделеріне елеулі нұқсан келтіруде. Бұл құтқарушылар ғана емес, сондай-ақ бірқатар өзге қызметтер мен органдардың нақты да үйлесімді өзара іс-қимылын қажет етеді. Біздің елдерімізде бұл салада жақсы тәжірибе жинақталған, жедел өзара іс-қимыл орныққан…

Жалпы, Қазақстан мен Ресей дұрыс бағытта келеді. Төтенше жағдайлардың алдын алу мен салдарларын жою саласындағы біздің елдеріміздің өзара іс-қимылын одан әрі дамыту керек. Бұл аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақсыздық үшін маңызды шарт, — деді Мемлекет басшысы.

Алдағы жылы екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына және Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы Шартқа қол қойылғанына 20 жыл толады. «Мен біздің Үкіметтерімізге осы мерейтойлық датаға арналған іс-шараларды өткізу жөнінде ұсыныс енгізуге және оны келісуге жіберу туралы тапсырма беруді ұсынамын. Қазақстан жерінде өтетін келесі форум аясындағы біздің кездесуімізге орайлас қандай іс-шараларды өткізу керектігі жайлы мәселені пысықтау керек», —  деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Форумның қорытындысы бойынша бірқатар бірлескен құжаттарға қол қойылды. Оның ішінде, «Алтай» трансшекаралық қорын құру туралы үкіметаралық келісім, 1998 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункті туралы үкіметаралық келісімге өзгеріс енгізу туралы құжаттар бар. Бұл мәселенің барлығы тараптар табысты орындап отырған 2011-2012 жылдарға арналған Қазақстан мен Ресейдің бірлескен іс-қимыл Жоспарында көрініс тапқан.

«Қазақпарат».

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Руханият демекші, http://ruhaniat.yolasite.com/ сайтында «Мәңгілік бақыттың құпия кілттері» атты еңбектен үзінділер жарияланыпты. Онда Жаратылыс, Болмыс, Рух, иман, Қызыр Ата кім т.т. тәрізді сауалдарға ғылыми жауаптар берілген тәрізді. Жазып отырған Нұр екен. Дұрысын АллаҺ Тағала біледі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button