Мәдениет

«Согдиана» үш жасқа толды!

«Согдиана» өзбек-ұлттық мәдени орталығының құрылғанына биыл – үшінші жыл. Қазір орталық жұмысына 12 адам белсене араласса, ақсақалдар кеңесінде үш адам бар. Ал ресми дерек бойынша облыста 700-ге жуық өзбек ұлтының өкілі тұрып жатыр.

Аталған орталық басшысының орынбасары  Әлішер Исматуллаевтың Ақтөбе өңіріне келгеніне биыл 24 жыл болыпты.

Өзімнің туған жерім – Ташкент қаласы. Ал Ақтөбеге 1985 жылы келдім. Ол уақытта университетте оқимын. Ташкентте жыл сайын  көкөніс жәрмеңкесі өтетін. Оған бүкіл Кеңес Одағының елдері қатысады. Осы жәрмеңкеде бірқатар елдермен келісім жасалып, оларға көкөніс жеткізіп беретінбіз. Осындай шаруалармен Ақтөбе жеріне келіп қалдым.

Қазақ елінің тәуелсіздік алған жылдардағы даму тарихы маған жақсы таныс. Ақтөбе халқы  мені жатсынбады. 1999 жылы екі ағаммен бірге Әуе қалашығы ауданындағы ескі ғимаратты жөндеп, «Фарход» мейрамханасын аштық. Қазір, шүкір, мейрамхана жұмысы жүріп тұр.

Елде тойланатын  мерекенің барлығын орталық  ескерусіз қалдырмайды. Мәселен, Наурыз мейрамында көже, сумалаг  пісіріп көпке ұсынамыз. Биыл орталық саябақтарда мерекелік концерт қоймақпыз. Жалпы, облыстық, қалалық әкімдік орталық жұмысының жандануына  қолдау көрсетіп келеді. «Согдиана» орталығы ашылғанда облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың өзі  қатысты, – деді Әлішер Әділұлы.

Облыстағы өзбек ұлтының өкілдері негізінен ірі өндіріс орындары мен  құрылыс компанияларында  жұмыс істейді. Мәселен, Хромтау, Қандыағаш қалаларындағы құрылыс жұмыстарында  өзбек ағайындар еңбек етуде. Сондай-ақ, сауда, қоғамдық тамақтану саласында да қызмет етіп жүрген өзбектер көп.

Биыл 1 мамыр мерекесінде «Согдиана» өзбек-ұлттық мәдени орталығының өнерпаздары   қалада өткізілетін мерекелік концертте өз өнерлерін ортаға салады. Орталық басшысының орынбасары еңбектегі жетістігінің көп бөлігі осы өңірде өткенін, сондықтан Ақтөбенің туған қаласындай ыстық екенін айтты. Дегенмен Өзбекстанмен арадағы байланысты үзген емес.  Қазір Әлішердің зайыбы мен екі баласы Ташкентте демалуда. Тіпті, сол елден келетін өнер адамдары мен спорт шеберлерін де осындағы қандастары құшақ жая қарсы алып, шығарып салады. Тек қана өзбектер емес, өзге елден келетін қонақтарға да құрмет жоғары. Мереке қарсаңында  Әлішер Әділұлы:

– Халықтар достығы мерекесі күнімен  барлық қазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын! Дендеріне саулық, отбасыларына тыныштық пен береке, жұмыстарына табыс тілеймін, – деді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button