Әдебиет

Қайраулы қалам, жүректе от…

Әріптес

Жыл ауысар сәтке әркім әртүрлі көңіл күймен келеді. Көпшілікке танымал қалам иесі, журналистиканы айтпағанда, әдебиеттің әр жанрында өзінің қабілет-қарымын танытып тастаған Ардақ Қонақбаева желтоқсанның соңына таман өзінің туған күнін атап өтіп, қаңтарға қолына баяғы біздің кезіміздегі мектептегідей су жаңа дәптерін ұстаған шәкірттей боп енеді. Сөйтіп, бәрін де жаңадан бастағандай күй кешеді жыл сайын.

Оның студенттік шағы Алматының ең бір әсем шағында, көшелерінің көрікті, теректерінің жасыл жапырағы жайқалып, арықтардан су сылдырап ағып жататын, заманның тыныш кезінде өтті.

С.М.Киров атын иеленген Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқығанымен журналистикаға жүрегі жақын тартып, бүйрегі бұрып тұрды. Сондықтан да болар, кейіннен танымал журналистер қатарында аталып жүрген талай мықтылармен сол балаң қалам иесі кезінен-ақ тізе қосып, баспасөз майданында бірге жүрді.

Студенттер белгілі ақын-жазушыларды кездесуге жиі шақыратын. Ондай әсерлі кештер жатақханада да жалғасып жататын тіпті. Ал Жазушылар одағында өтетін үлкен шараларға болашақ филологтар мен журналистер өз үйіндей еркіндеп кіріп, жүректілері мінберге ұмтылып, балауса өлеңдерін екпіндеп оқып та жататын. Осындай орта Ардақты әдебиет ауылына тереңдеп тарта түсті.

Ол университеттің аудиторияларында Мұхтар Әуезовтің лекциясын тыңдамаса да, ұлы жазушының алдын көрген, тәлімін алған шәкірттерінен сабақ алды. Соның өзі аз олжа болмағанға ұқсайды.

Қолына диплом алғаннан кейін тұстастарының көпшілігі секілді бірден мектепке жол тартпай, баспасөз ауылына қарай мойын бұрды. Республикалық «Жаңа фильм», «Ара» журналдарында қызмет істеді. Бұл екі басылымның қай-қайсысына да кірігіп кету жас қалам иесіне оңайға соқпайтын еді. Өйткені әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері болатын. Соған қарамастан бұл журналдарда бұрыннан келе жатқан тісқақты журналистер оны жатсына қойған жоқ. Жатсынбайтын себебі ол қаламының желі бар екенін тез байқатып үлгеретін-ді.

«Ара» журналында сол жылдары жарияланған «Быдық ағай», «Үтір» сынды сықақ әңгімелері оқырмандары түгіл, өзінің аға қаламдастарын да елең еткізгені бар. Тіпті сол журналдың тізгінін ұстап отырған Қалтай Мұхамеджановтың өзі оның екі әңгімесіне ерекше езу тартып, сүйсіне мақтаған екен…

Сол мақтауға іліккен туындыларының бірі — «Құда баланы» мен беріректе қайталап оқығанмын. Оқиғасы нақты өмірден алынған. Жігіт таңдап, жүріп қалған қыздың сан-саққа жүгірген ойы жетегімен ілесіп біраз жерге барып қалғаныңызды білмейсіз бастапқыда. Енді жеңгесі таныстырған құда бала да алдыңыздан шыға келеді. «Түнімен сұңғақ бойлы, қыр мұрынды, толқынды қара шашты, қалың қасты» болашақ жарын ойлап шыққан қызға «ені мен биіктігі бірдей, қарбыздай домаланған, майлы қасықтай жылмаңдаған Құлық есімді» жігіт бой көрсеткенде сіз де абдырап қаласыз. Міне, мұның барлығы сықақшының қалам уытының молдығы. Шағын әңгімені бір демде оқып шығасыз. Кейіпкеріңіздің келбеті көз алдыңызға келеді. Оның алғашқысын менсінбей, араға аз уақыт салып екінші құда баламен таныссам деп қиялдануы кәдімгідей сендіреді, сене отырып, миығыңызға аздаған мысқыл күлкі үйіріледі.

Ардақ Қонақбаеваның «Жақиям үшін жан пида», «Қара суды теріс ағызу», «Шалшекемнің түкірігі», «Нөмірі бірінші ақын», тағы да басқа әзіл-сықақ әңгімелері оқырманын ойға батыра отырып, күлдіреді, ойландырады, тіпті кейде ызаландырады.

Алматыда біраз басылымдармен байланыста болып, тәжірибе жинақтағаннан кейін «Мәдениет» деп аталатын газетке келгенде қамшы салдырмады десе де болады. Бұл уақытта ол Алматының әдеби, мәдени ортасына дендеп еніп, жазу өз алдына, кейбір мәселелерде өзінің орнықты пікірін білдіретін, ұстанымын айқындаған баспасөздің белді қызметкері еді. Ұлт мәдениеті, оның өркендеуі қашаннан күн тәртібінен түспейтін, айтылуы да, жазылуы да шегіне жетіп болмайтын тақырып қой. Бұл мәселеге де ол белсене кірісті. Басқа әріптестерінен ерекшелігі, көпшілігінің тісі бата қоймаған, шамасы келгенінше айналып өтетін жайларға бүйірден келіп кірісетіндігі еді.

«Жаңа фильмде» еңбек етуі оны жаңа арнаға жетеледі. Өзінің кәсіби білімін тереңдету мақсатында Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының кино факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдады. Академияда оқып жүріп сценарий жазуға бейімделді.

Ардақ Қонақбаеваның жоғарыда біз бырсыпыра тоқталған әзіл-сықақ әңгімелері, басқа да туындылары «Үрит, соқ!» деген атпен 2015 жылы Ақтөбенің «А-Полиграфия» баспасынан жарыққа шықты. Осы жинаққа алғысөз жазған белгілі сатирик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көпен Әмірбек оның шығармашылығына шын көңілден бағасын берді.

«Ардақ жазған дүниелерінің көлеміне емес, көркемдігіне көңіл бөлетіндігі көрініп тұрады. Әзілкеш қыз әңгімелерінің тақырыбы әр алуан әрі шынайы. Қарайған кемшіліктерді қалт жібермей қағып түсіреді.

Ұзын сөздің қысқасы, ол әдебиеттің табалдырығын жауапкершілікпен аттап, жан-жақты дайындықпен келген. Әмбебап әзілкеш. Қаламының желі бар, аузының ебі бар журналист, өнертанушы ретінде де танымал талант», — деп ойын білдіріпті ол.

2016 жылы «Айтқыштар — Ақтөбеде» атты VII республикалық әзіл-сықақ театрларының фестивалі өткені бар. Оған әзіл-сықақ жанрын насихаттап жүрген 14 театр мен 3 жеке орындаушы қатысты. Белгілі сатирик Көпен Әмірбек бастаған қазылар алқасы құрамында сол кезде облыстық «Ақтөбе» газетінде қызмет атқаратын Ардақ та болды. Бір қарағанда, мұның да реті бар сияқты. Ардақтың әкесі Құрманғали Қонақбаев кезінде Шалқар ауданында ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен адам. Айтқыштығымен ел есінде сақталып қалған. Оның көптеген өткір әзілдері, тапқыр сөздері, ұтымды тіркестері қазірге дейін ел аузында айтылады. Әкенің бойындағы сол ерекше қасиеттер ізі Ардақта да жалғасын тапқан.

Біздің бала кезімізде Ақтөбеден шығатын облыстық филармония артистері ел аралап, концерт қоятын еді. Сол кездегі Ерсайын Елеубаев, Геннадий Шульга, Ханбибі Өршібаева, Хайдар Өтеғалиев, тағы да басқа талантты өнер иелерінің ауыл сахнасына шыққан кездегі әсері керемет еді. Кейін солардың бірқатарының ізін таба алмай қалдық.

Ал Ардақ Қонақбаева Ақтөбеге оралып, облыстық газетке қызметке тұрғаннан кейін біздің көңілімізде жүрген сол адамдарды қайтадан тірілтті.

Осы ауқымда жазған мақалалары көпшілікті бір сілкіндіріп, оларды өткен күндерге қайта оралтты. Шамалы кейінірек сол дүниелерінің басын біріктіріп, «Атақ қумаған таланттар» атты жинағын баспадан шығарды.

Облыстық «Ақтөбе» газетінде қызмет атқарған жылдары Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ардақ Қонақбаеваның серпілісті бір кезеңі болды деп айтуға болады. Осы кездері оның «Музей ісі дегдарлықты сүйеді», «Таланттар тоғысқан театр», «Атадан қалған асыл сөздер», «Дәстүрлі қазақ әншісі Татьяна», «Екі театрдың басы бір сахнаға сыя ма?», «Ата жырда аруағы бар қазақтың…», тағы да басқа сүбелі мақалалары жарияланды.

… Шалқар ауданының Айшуақ өңірі аумағындағы бір кездері Елтай деп аталған ауылда дүниеге келген Ардақ Қонақбаеваның сонау Алматыға дейін тартылған өмір жолы оны өнер мен мәдениеттің, баспасөз бен әдебиеттің бір өкілі болатындай биікке көтерді. Ол әлі де сол биігінде. Қолында қайраулы қаламы, жүректе жалындаған оты…

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button