Тұлға

Академик Тайжанов әлемі немесе даналыққа құштарлық

Бүгінде академик Алтай Тайжанов есімін ғылыми орта, жалпы руханият әлеміне көз тігіп отыратын ізгі ойлы қалың жұртшылық жақсы біледі.

Атыраудың Қызылқоға өңірінде соғыстан кейінгі жылдары дүние есігін ашқан ауыл баласы мектеп бітірген соң арман қуып Алматыға жол тартып, Қазақ Мемлекеттік университетінің философия факультетінің студенті атанады. 

1975 жылы осы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Қостанай өңіріндегі Рудный индустриялық институтында ұстаздық еңбек жолын бастайды.

Одан кейін Ақтөбе мемлекеттік медицина институтында оқытушы, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде проректор болды.

Бүгінде көптеген ғылыми жарияланымдар мен біраз монографияның авторы.

Жыл соңында өзінің ғибратты ғұмырының жетпіс бесінші биігіне көтеріліп отырған ғалымның еңбек жолы жас буынға өрісті өнеге деп айтуға толық негіз бар.

Тайжан әке тәлімі

Ол Мұқырдан отыз шақырымдай қашықтағы, алыстағы Ақшелек деген ауылда дүниеге келген. Бүгінде орны да сақталып қалмаған сол мекен ойына сан оралады.

Шынында да, адам баласы қанша биікке көтерілгенімен, сан жеңістерді олжалағанымен, бастапқы тұғырын, тамыр тартқан тереңін ұмыта алмайды.Тарих жазбаларына үңілсек, бір кездері Ақшелек және Буракөл деп аталатын колхоздар Ақшелек ауылдық кеңесіне қараған екен. Буракөл Ақшелектің солтүстік-шығыс жағында орналасқан.

Буракөлден бастап, Ақшелектің оңтүстік-батыс бағытына дейін жеті

көл орналасқан. Олардың ішіндегі ең шұңғылы — Ақшелек. Көлге су тұрғанда Ақшелек көлінің тереңдігі үш-төрт метрден кем болмайтын деседі ескі көздер.

Сол өңірдің Тайжан есімді шежіре адамдарының бірінің отбасында алды соғыс ызғарын жылытып, қалғандары соған ілесе Аманкелді, Боранбай, Алтай есімді үш перзент бірінен соң бірі дүниеге келгенде, отағасының Бұқарада малы бардай күй кешкені рас шығар.

Өзі колхозды ұйымдастыру жұмыстарына белсене қатысады. Беріректе де шаруашылықтан қол үзбей, талай жерде маңдай терін төгеді. Сол еңбегінің жемісі шығар, кеңестік заманда Еңбек Қызыл ту орденін кеудесіне тағыпты.

Арғы бабасы Әтенбек, одан бергі Абыз атасы би болған адамдар ғой, солардың жалғасы болған соң би болмаса да, би түсетін үй болған. Арғы-бергі ауыл-аймақтың белгілі кісілерінің өзі әдейі іздеп келіп, қона жатып, өздерінің тектерін түгендеп кетеді екен. Сондайда Тайжан әңгімені қыздыра келе, Кіші жүз шежірелерін тарқатудан кешегі Сырым Датов көтерілісіне дейін баяндап, тыңдаушысын жанына үйірген. Кейде Мұрын жырау Сеңгірбайұлының туындыларын мақамдап отырады екен. Міне, көкірегі кеніш, кеудесі алтын сарай әке тәлімі баласы Алтайға дарымады дей аласыз ба?!

Осындай ұлағаты мол адам сексен жылдық ғұмырында артына мол ғибрат қалдырып, дүниеден өткен. Заманында өзі білім ала алмаса да, балаларына оқу оқуды міндет еткен.

Осындай ортада өскен кенже бала Алтай, бір жағы, әңгімеге құмар, екіншіден, кішкентай кезінен ағаларының алдын орап, ілгері топта жүруге қалыптасқан секілді.

Ал анасы Шұға ерінің жағдайын жасап, үй шаруасын түгендеп отыратын, артық ауыз сөзі жоқ, инабатты адам болған.

Кезінде өзі оқи алмаса да, Тайжан әке баласына тек оқы, оқы деп өсиетін көп айтқан екен. Көкірек сарайы жарқырап тұратын ескінің көзі ендігі тірліктің тетігі білімде екенін білген ғой.

Алтай баласы ақырында сенімін ақтады. Кез келген жас талап қолын созатын мамандыққа тоқтамай, философ болуды қалады. Ауылдағылардың көпшілігі ұзақ уақытқа дейін оның таңдауының мән-мағынасын түсіне алмай жүрді.

Академиктің әкесіне қатысты әңгімеге тағы бір айналып соқсақ, Тайжан Қойшығұлов — 1909-1991 жылдар аралығында Қызылқоға өңірінде тіршілік кешіп, таза еңбегімен айналасына танымал болған адам.

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Кенжебек Тұманбайұлының республикалық «Айқын» газетінде жазған ауыл шаруашылығы саласының ардагері Қожық Әлшенов туралы «Дала академигі» деген мақаласында: «Сұрапыл соғыс жылдарында таң атпай ерте тұрып, қараңғы түскенше жанқиярлықпен қызмет етіп, аш-жалаңаш жүрсе де, күндіз-түні еңбек еткен Шомпай Әшіров, Әлшен Төлепов, Әбишан Бектұрлиев, Тайжан Қойшығұлов, Қали Тілеубергенов, Жәкен Бахонов, Әлжан Ботақараев сынды колхозшыларды айтуға болады» деген жолдар бар. Осында әкесімен қатар аталған әрбір адамның есімі Алтекең үшін ерекше ыстық. Өйткені сол кісілер — бірге жүріп, қиын-қыстау кезеңдерде бірін-бірі қолдап, ел үшін еңбек еткен, қоғамға қызмет жасаған жандар.

Бүгінде қанша биікке көтерілсе де, оның көз алдында, жүрек түкпірінде Тайжан әке тәлімі тұрады. «Бір әке бір мектеп екен ғой» деп ойлап қоятыны бар кейде…

Өмір өтеді, бәрі де өзгереді. Бұл — философиялық ұғым. Осы тұрғыдан келгенде Алтекең өзіне-өзі есеп беріп, «әкемдей бола алдым ба?» деп және бір толғанып қояды.

Ғалымның ұзақ жылғы ұстаздық және ғылымдағы еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» атағын, «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» дәрежесін алды. Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иесі атанды.

Академикке Ақтөбе қаласының және Ақтөбе облысының құрметті азаматы атағы берілді. Осының барлығы, бір жағынан, еңбектің бағалануы іспетті болғанымен, ол мұны әрі үлкен жауапкершілік деп ұғынады.

Алтай Тайжанұлының өмірлік серігі Алтынбүбі апа да ұстаз, ағылшын тілі пәнінің оқытушысы. Ұзақ жыл бойы жоғары оқу орындарында студенттерге шет тілінен дәріс берді. Ал балалары Алмас пен Айдос — бүгінде заманауи мамандық иелері. Әулетке келін түсіріп, әке-шешесіне немере иіскетіп отырған, сөйтіп, Тайжан әулетінің тармағын кеңейтіп отырған перзенттер.

Абайдан Әуезовке дейін

Академик Алтай Тайжановтың философиясын зерделеп қарасаңыз, ғалымның көп ойлары ұлы Абайдан бастау алып, Мұхтар Әуезов толғамдарымен тұтастық табады. Ол өзінің жұртшылықпен өзара әңгімесінде болсын, студенттер алдында оқыған лекцияларында да ең алдымен Абайға сүйеніп отырады. Және оның әр сөзіне мағына беріп, астарынан бір әдемі ақиқат тауып алады.

Тәуелсіздіктің туын көтеріп, егемен ел болғанымыздың үш онжылдық аясындағы жүріп өткен жолын ол бейбітшілік жолына, руханият жолына, кемелділік жолына теңейді. Тіпті кейбір зиялы қауым өкілдері айтып жүргендей «Абай жолы» деген де балама бар екенін еске салады.

Бүгінде заман ағымына, уақыт талабына сай білім сапасын көтеруге ерекше мән беріп отырғанымызда, ғалым тағы да қайта айналып Абайға соғады. Оның өз ұлтын оқуға, ғылымға, білімге, білуге шақырғанын айтып, «біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» екендігіне ден қояды.

Алтай Тайжановтың «Абай және рухани жаңғыру» атты бір ерекше еңбегі бар. Сонда «Бұрын да, бүгін де ғасырлар қойнауынан бізге жеткен ауыз әдебиетімізсіз, Абайдың даналығынсыз, Әуезовтің ғұламалығынсыз, Құрманғазының күйлерінсіз, бір сөзбен айтқанда, бабалар үнінсіз біздің рухани мәдениетіміз де, рухани болмысымыз да тұтастанбақ емес» деп өзінің көкірегінде қалыптасқан берік ұстанымын айқын білдіреді.

Алтай Тайжанұлы философиясында Мұхтар Әуезовтің ойшылдығы басты орын алады. Оның ғылыми ізденістерінің өзі негізінде осы арнадан бастау алған.

Жас ғалымның кандидаттық диссертациясының тақырыбының өзі «Мұхтар Әуезов — ойшыл ретінде» деп аталады. «Ол кезде жеке адамның, оның ішінде жазушының философиялық өріс-өрнегі туралы ғылыми еңбек жазу қолдау таба бермейтін, — деп еске алады арада біраз жыл өткенде ол. — Соған қарамастан, мен өз бағытымнан қайтпадым және оның дұрыстығын, былайынша айтқанда қажеттігін дәлелдеп шықтым. Және бір ерекшелігі, сол заман талабына сай, диссертациямды орыс тілінде қорғадым».

Сонымен, Әуезов әлеміне жол ашып алған ол осы ұстанымынан айырылмай, тақырыбын тереңдете береді. 1995 жылы Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының Философия институтында «Мұхтар Әуезов шығармашылығының дүниетанымдық өзектері» докторлық диссертациясын қорғауы оның осы ауқымдағы кезекті ірі жеңісі еді.

Бұдан кейін Тайжановты философтар қауымы тереңірек тани және мойындай түсті. Оған профессорлық атақ беріліп, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік Ғылымдар Академиясының академигі болып сайлануы бұрынғыдан да ауқымды міндеттер жүктей түскен еді.

«Мұхтар Әуезовтің педагогикалық мұраларының мектеп өміріндегі орны», «Мұхтар Әуезов — ойшыл, ғалым, ұстаз», «Мұхтар Әуезов дүниетанымы» — мұның барлығы философ-ғалымның әуезовтануға қосқан өзіндік үлесі.

… Академик Алтай Тайжанов ұлы ғұлама Абайға бекерге сүйенбейді. Оны философ-ғалымның мына сөздерінен де байқауға болады: «Біз дүниенің болмысы туралы ой ойлай қалсақ, Абайды іздейміз, ойланбасақ, ойын-сауықпен жүрсек, хакімнің қажеті жоқ болар еді. Оны ескерген Мемлекет басшысы: «Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану — адамның өзін-өзі тануы. Абайдың көзқарастары ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды… Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек» деген болатын».

Бала кезінен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын басына жастанып оқып өскен ол осылайша биік мінберден айтылған мағыналы сөз желісін қолдап, одан әрі тереңдеп өрбітеді.

Жылдар мен ойлар

Ғалымның әр кезеңдерде уақыт алға ұсынып отырған мәселелерге қатысты ұстанымдары мен көзқарастарын білу мақсатында біз оның бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған көптеген мақаласын қарап шықтық.

Қазақстан Жазушылар одағының басылымы «Қазақ әдебиеті» газетінің 2016 жылғы желтоқсан айындағы санынан «Бақыттың қадірі» атты еңбегіне көзіміз түсті. Онда ол «Ең алдымен біз Тәуелсіздіктің ұлтымыз үшін қандай құндылық екенін терең пайымдай білуіміз керек. Егер Тәуелсіз ел болмасақ, жеке саяси-әлеуметтік, экономикалық, құқықтық тұрғыдан дербестігіміз де, азаматтығымыз да, ұлттық болмысымыз да болмас еді. Тәуелсіз ел болғандықтан, әлемдік қауымдастықта өзіндік орнымыз бар.

Ал ҰЛТ — этностың мемлекет болып қалыптасқан ең жоғарғы формасы. Біз өзімізді ұлт ретінде Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасқан уақытынан бастап сезіндік. Уақыт өте келе бұл тәуелсіздігімізден айырылып, оны 25 жыл бұрын қайта жаңғырттық. Демек, этностың ең жоғарғы формасына айналдық. Әлемде мемлекеті жоқ ұлттар көп. Біз бұл тұрғыдан алғанда бақыттымыз», — деп ой толғайды.

Осы жолдардың өзі-ақ оқырманына орнықты ой тастайды. Өзіміз күнделікті өмірде, тынымсыз тіршілікте соншалықты мән бере қоймайтын бақыттың қадірін білуге үндейді.

«Абай-ақпарат» сайтында осыдан он шақты жыл бұрын жарияланған ой-толғамында: «Әдетте өмірде атқа мінген азаматтарды сынаудың екі түрлі жолы бар. Біреуі — қолына жоғары лауазымды қызмет, ал екіншісі — мол дүние беру.

Байырғы қазақ қауымында: адамның ең жаманы — досына жамандық жасайтын адам. Адамның ең жақсысы — дұшпанына жақсылық жасай алатын адам, — деген сөз бар», — деп парасатты әңгіме өрбіткені бар-ды Алтекеңнің. Бір ерекшелігі, ол ылғи да тыңнан түрен тарта бермейді. Қайта көбімізге таныс жайларды қозғай отырып, соның арасынан өзгеше өрнек табады, соны сүрлеу салады.

Қоғамдық-саяси «Aqiqat» журналының биылғы жылғы сәуір айындағы санында жарияланған «Өзгерген заман. Тәуелсіздік мұраты. Рухани болмыс» атты мақаласында Алтай Тайжанов: «Тәуелсіздік — мемлекеттің өз саясатын өз еркімен  жүргізуге қабілеттілігі  және мүмкіндігі. Алдымен елге саяси, экономикалық тәуелсіздік ауадай қажет. Бірақ осы екеуінің нәтижесі де, олардың нәтижелі болуы да рухани  тәуелсіздікпен  тікелей байланысты және онымен диалектикалық тұтастықта. Ал рухани тәуелсіздік біздің танымымызда  ерекше көрінеді.  Таным — адамның, өмірдің мәнін, ақиқат әлемін, объективті шындықты, жаратылыс пен жаһан сырын білу қабілеті», — дей келіп, ойын былай тұжырымдайды: «Ел Тәуелсіздігінің беріктігі оның бірлігіне тікелей байланысты. Бірлік болған жерде береке де, ынтымақ та, ырыс та бар. Сондықтан біз үшін ең бастысы — Тәуелсіз Қазақстанның тұтастығы мен тұрақтылығы. Ұлтты ұйыстыратын оның тарихи санасы».

…Әр жылдар ойларының тоғысатын бір арнасы бар. Ол — философ-ғалымның дүниеге көзқарасының ұстамдылығы, тереңнен толғайтын байқампаздығы, тыңдаушысын кемел келешекке бағыттай білетін жасампаздыққа ұмтылғыштығы.

ЖУРНАЛИСТЕРМЕН ЖҮЗДЕСУ

Алтай Тайжанұлы — өңірдегі белгілі ғалымдар арасында баспасөзге жақын болып, газет-журналдарға мақалалары үнемі жарияланып тұрады, бір сөзбен айтқанда, журналистермен қоян-қолтық араласып жүреді.

Өзінің мерейтойы қарсаңында «Ақтөбе Медиа» ЖШС-на қарасты облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналы қызметкерлерімен кездескен ол қалам иелерінің көптеген сауалына жауап берді.

Жиынды ашқан «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин философ-ғалымның өмірлік ұстанымы, қоғамдық белсенділігі туралы сөз сабақтады.

— Академик, философия ғылымдарының докторы Алтай Тайжановпен бүгінгі кездесуіміздің ерекше мәні бар. — Бұл салтанатты сәт ғалымның 75 жылдық мерейтойымен орайластырылып отыр.

Алтай Тайжанұлы — облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің ұзақ жылғы тұрақты оқырманы әрі белсенді авторы. Бір сөзбен айтқанда, баспасөз жанашыры.

Ғалым өзінің мерейтойына байланысты жақында туған жері — Атырау өңірінде болып қайтты. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өзінің әріптестері — профессор-оқытушы құрамымен, студенттермен кездесті. Оған университеттің Құрметті профессоры атағы берілді.

Сондай-ақ ол Қызылқоға өңірінде — Миялыда, Сағыз станциясында, Мұқыр ауылында жұртшылықпен жүздесіп, әңгімелесті.

Осындай тағы бір игілікті шара С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында жалғасты.

Биылғы жаз айында біздің «Ақтөбе Медиа» компаниясының бастамасымен «Ауыл аманаты — бабалар аманаты» экспедициясын ұйымдастырдық. Алтай Тайжанов біздің бұл жобамызға белсене қатысты, журналистермен бірге барлық ауданда болып, мемлекет саясатын жүзеге асыру жолында қолдау көрсетті. Жалпы алғанда, ол облыстың қоғамдық-саяси өміріііне белсеееннне араласады.

Біз баспасөзбен тұрақты ынтымақтастық байланысы, белсенді қызметі үшін журналистер атынан оған алғыс айтамыз, — деді ол.

Жиында сөз алған Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының жауапты хатшысы Нұрмұханбет Дияров, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директорының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Айгүл Нұркеева және басқалары той иесіне жылы лебіздерін білдірді.

Кездесу соңында ғалымға құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды.

Профессор Алтай Тайжанов қорытынды сөзінде журналистермен жүздесу өзіне әрқашан да жақсы көңіл күй сыйлайтынын айта келіп, қалам иелерінің қалың жұртшылыққа рухани өркендеу жолында жасап жатқан қызметтеріне сәттілік тіледі.

* * *

Осындай әсерлі жүздесулер Жеңіскүл Мұханбетпайызова басқаратын Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде, сондай-ақ Ғани Жәпішев жетекшілік ететін облыстық Ақтөбе телеарнасында өтті. Аталған ұжым мүшелерімен арада өткен ашық әңгімеде ғалым жастардың көптеген сауалдарына жауап қайтарды, қазіргі заман, уақыт тынысына қатысты өз ойларын ортаға салды.

Өз тілшіміз.

 

Айтары бар адам

Журналистер қандай бір мәселеде де оның пікірін, ойларын білгісі келіп отырады. Сондықтан академикке жиі хабарласады. Алтекең де бұған үйренген, қамшы салдырмайды. Және басты тақырыпты әңгіме өзегі ете отырып, соның айналасында біраз жайларды сабақтастырып баяндап тастайды. Оның бір сұхбатындағы Астана туралы айтқаны жадымызда сақталып қалыпты.

«Қай заманда да ел астанасы мемлекеттің саяси, әкімшілік, экономикалық, мәдени орталығы болған. Біздің астанамыз — елдікті, ұлттық бірлікті білдіретін бас қала. Біздің барлық бастамаларымыз, шешімдеріміз, игі істеріміз осы бас қаладан — Астанадан бастау алады.

Біздің рухани өсуіміздің, білімділігіміз бен біліктілігіміздің деңгейінің көрінетін қаласы да осы — Астана. Жас ұрпақтарымыздың жаңа заманға сай өсуіне, олардың ұлттық санасының қалыптасуына Астана жұртшылығының деңгейі зор әсер етеді. Ендеше, біз Астананы бас қала, шаңырақ қала ретінде басқа қалаларымыз бен елді мекендерімізге, барша Қазақстан халқы мен қазақ ұлтына үлгі боларлықтай тұрғыда дамытуымыз керек», — дегені бар-ды оның. Бір ерекшелігі, ғалымның философиялық ойлары қарапайым, жалпы халыққа ұғынықты тілмен жеткізіледі.

Алтай Тайжанұлы өзінің өзекті ойларын «Шын мәнінде, қарапайым тілмен айтсақ, философия — даналықты сүю, немесе даналықпен пайымдау. Дүниені, жалпы болмысты, қисынмен, жан-жақты түсіндіру. Табиғат, адам, қоғам дамуын үндестіре қарастыру, бір-біріне қарсы қоймау. Дәл осындай түсінік Ұлы Дала ұрпақтарының, көне қазақ дүниетанымының басты мазмұнын құрады. Біз — солардың мирасқорымыз. Ендеше, Қазақ философиясы — даналық философиясы. Әлемді үндестік пен түсінік, қисын тұрғысынан түсіндіретін және танытатын философия. Бұның әлеуметке қатысты жағы — бірлік, тұтастық, достық, бауырмалдық. Қазақ: «бөлінгенді бөрі жейді» десе, дана Абай «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дей келіп, «адамзаттың бәрін бауырым деп сүюге» шақырып, бұл философиялық тұжырымды әлемдік деңгейге көтереді.

Қазақ философиясының өз деңгейінде зерделенуі егемендігіміздің жемісі», — деп тұжырым арқылы түйіндейді.

Профессор Алтай Тайжанов елімізде тұңғыш рет этнопедагогика кафедрасын ашып, орыс тілінде оқитын студенттерге арнап оқулық жазды. Оның «Тағылымды танымдар» (Этномәдени білім мен тәрбие және руханият мәселелері туралы ой-толғам, «Этномәдени білім мен тәрбие», «Білім философиясы мен социологиясы (Этномәдени аспектілері)», «Қазақ болмысы», «Қазақстан Республикасында этномәдени  білім мен тәрбие берудің өзекті  мәселелері», «Парыз бен  пайым», «Құдайберген Жұбанов және қазақ руханияты», тағы басқа еңбектері — осы бағыттағы үлкен ізденіс пен жаңашылдығының көрінісі. Ғалым осылайша ұлттық болмысымыздың бай көрінісін бейнелейтін салт-дәстүріміз, заманауи оқу мен тәрбие үйлесімі, мемлекеттік тілді дамытудағы сабақтастықты үйлестіруде жүйелі еңбек етіп келеді.

Тәуелсіздік туын биік көтергенімізбен, әлі де болса батысқа еліктеп, сырттан медет сұраушылар табылады арамызда. Ондайларға арнап айтылған философ ағамыздың мына сөзімен осы тарауды аяқтағымыз келеді: «Енді бізге белгілі орыс тарихшысы Карамзиннің «өзгенің ақылымен ақылды бола алмайсың, өзгенің даңқымен даңқты бола алмайсың» деген жанды сөзін ескере отырып, алдағы уақыттарда өз ақылымыз, өз даңқымыз өзімізге жететінін де шамалап, өз межемізге өзіміз ұмтылғанымыз жөн және солай боларына сенім бар».

Туған жерге тағзым

Атамекен, туған жер — кім-кімнің де қасиетті тұғыры. Қай қияға шырқап кетсең де, ойыңда сол бір ыстық мекен тұрады ылғи да. Бүгінде жетпіс бес жасқа толып отырған философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов та бір кездері бала болды. Алыстағы ауылда өсіп, арман қуып Алматыға аттанғаны күні кеше сияқты еді, бүгін академик болып оралып отыр.

Туған мекендегі бір кездесу Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өтті. Көрнекті ғалым студенттер мен оқытушы-професорлар құрамы алдында ашық әңгіме өткізіп, өзінің ғылымдағы жолы, бүгінгі өзгеріс, заманға өзіндік көзқарастары туралы байыпты баяндама жасады. Ол желкілдеп өсіп келе жатқан жас буынға білім мен ғылымға көп көңіл бөлу керектігін айтып, өмірлік тәжірибесімен бөлісті.

Университетінің басқарма төрағасы, ректор Саламат Ыдырысов академик Алтай Тайжановтың ғылым мен білімге сіңірген еңбегі жастарға үлгі болатынын айта келіп, «Алтай Тайжанұлының студенттерімізге философия бойынша ой толғамдары, еліміздің салт-дәстүріне байланысты ұмытылып жатқан ұстанымдар мен қазақ тіліндегі кейбір сөздердің түп мағынасы туралы өз ойымен бөлісуі өте әсерлі болды. Оның ғылыми-танымдық, оқу-әдістемелік мақалалары мен жалпы жас ұрпақ бойындағы ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға арналған дәрістері өте өзекті әрі пайдасы зор деп есептеймін», — деді.

А.Тайжановтың  ғалым ретіндегі сіңірген еңбегі үшін оған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді.

Өзі туып-өскен Қызылқоға өңіріндегі жүздесулер де оның балалық шаққа сағынышын оятты. Ескі көздердің көбі өмірден өтіп кеткенімен, олардың ұрпақтары қалған. Солардың бірін өзіне, бірін көзіне қарап танып, біраз естеліктердің басын қайырды.

Ең бастысы, ел-жұрт осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын орталарынан қияға түлеп ұшқан перзентін бауырына тартып, ерекше ілтипатын білдірді. Соның реті іспетті Алтай Тайжанұлына «Қызылқоға ауданының құрметті азаматы» атағын мол қуаныш үстінде тапсырды.

* * *

Даналық ретінде философияның қызметі — дүниенің, өмірдің, айналада болып жатқан құбылыстардың мән-жайын түсіну, адамдарға түсіндіру, қоршаған ортамен, қоғаммен үйлесімді өмір сүруге үйрету деп айтылып жүр.

Ғұлама Сократ философия терминін даналыққа құштарлықты, ақиқатқа жетуге деген құмарлықты белгілеу ретінде пайдаланған.

Академик Алтай Тайжанов жарты ғасырдан астам уақыт бойы даналыққа құштарлық ұғымын жан-жағына, соңынан ерген шәкірттеріне ұғындырып келеді. Ол өзінің ұстаздық ұлағатының, ғалымдық ғибратының түпкі мәні де осында деп ұғынады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button