Экономика

Өңір экономикасы өңдеу өнеркәсібін өркендетсе ғана өрлейді

Желтоқсан айы да ортасынан ауып барады. 2023 жыл аяқталуға жақын. Бұл — биыл атқарылған жұмыстар сараланып, қорытынды шығарылатын мезгіл.

Осы орайда экономиканың негізгі тіні — кәсіпкерлік саласында еңбек ететіндерді қандай мәселелер толғандырады? Олар қаржы институттарына көбіне-көп қандай мақсатта хабарласады? Жалпы, іскер азаматтардың құқығының қандай деңгейде қорғалып, мемлекеттік қолдаудың қалай көрсетіліп жатқаны, т.б. турасында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Дидар Боранқұловпен сұхбаттасқан едік…

— «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының негізгі міндеті — бизнестегі азаматтардың құқығын, мүдделерін қорғау һәм қолдау. Биылдыққа ақтөбелік кәсіпкерлер сіздің мекемеге қандай арыз-шағыммен, болмаса сұрақпен келді?

— Иә, бизнестегі адамдардыңқұқықтары мен мүдделерін қорғау —облыстық кәсіпкерлер палатасының басымбағыттарының бірі. Биылғы 10 айда бізге бизнесті қорғау және әкімшілік кедергілер бойынша 110 кәсіпкер жолықты. 83-інің мәселесі оң шешілді. Нәтижесінде 42 кәсіпкердің7 миллиард теңгеден астам қаражат көлеміндегі мүліктік құқығы қорғалды. Негізінен,жер қатынастары, құрылыс, салық салу жәнемемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша жолығатындар көп.

Сондай-ақ палата қызметкерлері кәсіпкерлердің мүддесін сотта да қорғауға атсалысады. Биылдыққа біз 50 азаматтық іске араласып, соның 36-сы бизнестің пайдасына шешілуіне үлес қостық.

—Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Үкімет пен кәсіпкерлер арасындағы байланыс нығаю үшін ең алдымен ортақ алаң, басқосулар болу керектігін атап өтті. Атқарушы биліктің кәсіпкерлердің мәселесін, сіздердің ұсыныс-тілектеріңізді орындаудағы жұмысын қалай бағалар едіңіз?

—Өңірлік палата прокуратура органдары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментімен бірлескен жұмыс топтарын құрды. Апта сайын прокуратура, экономикалық тергеп-тексеру департаменті  басшылығы және Ақтөбе қаласы әкімдігі өкілдері кәсіпкерлерге жеке қабылдаулар ұйымдастырады.Палата ғимаратындапрокурор кабинеті ашылып, келіп түскен 47 өтініштің 35-і оң шешімін тапты. Сонымен қатар, «Бизнеске жол» жобасы аясында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшылығы кәсіпкерлердің 13 қабылдауын өткізді. 25 жазбаша шағымның 14-і оң шешілді. Бұған қосымша бизнес-қоғамдастықтың мемлекеттік органдармен байланысын күшейту үшін өңірлік палата жанынан биылғы мамыр айында салалық кеңестер құрылғанын айта кеткен абзал.

Жалпы, бүгінгі таңда мемлекеттік органдар бизнеске ашық бола бастады. Бұған дәлел —жыл басынан бері палата ғимаратында облыс әкімдігінің өкілдері кәсіпкерлердің мәселелері бойынша 4 кездесу өткізді.

Сіздердің ісін жаңадан бастағандарға да қолдау көрсететініңіз белгілі. Кәсіпкерлікке енді ден қойғандар көбіне қандай мәселеге тап болып жатады?

—Рас, ісін жаңадан бастағандар қажетті есептеулерді де, бизнес-жоспарды да өз бетінше жасай алмайды. Бұл мақсатта палата жанынан кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Атап айтсам, заң мәселелері және конкурстық (тендерлік) рәсімдер бойынша кәсіпкерлік субъектісін тіркеуге, қайта тіркеуге құжаттарды дайындауға, лицензиялар мен рұқсат құжаттарын алу жөніндегі қызметтерге, шарттар жобасын әзірлеуге көмек; бухгалтерлік қызметтер — салық және статистикалық есептерді дайындау; бизнес-жоспарды әзірлеу —есептеулер, маркетингтік талдау, өтеу мерзімдері мен рентабельділік үлесін анықтау; екінші деңгейдегі банктерде, басқа қаржы ұйымдарында қаржыландыру үшін құжаттарды дайындау мәселелері бойынша қолдау тегін көрсетіледі.

—Нарық заманы болғандықтан, бизнестің қай түрінде де ақтөбеліктердің белсенділігі жоғары. Осы орайда сауда үйлері, дүкендерде орынды жалға алып, киім-кешек, азық-түлік сататындар жалға алу құнының қымбаттауына жиі шағымданып жатады. Оларға белгілі бір көмек көрсету палатаның құзырына кіре ме?

—Бұл мәселе пандемия кезінде ерекше өзекті болды. Палатаның келіссөздерінің арқасында жалдау ақысы көтерілген жоқ. Бұны түбегейлі шешу үшін біз жергілікті атқарушы органға ісін енді бастаған кәсіпкерлерге жалдау ақысын субсидиялауға ұсыныс бердік.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Соңғы мәліметтерге сүйенсек, облыста 86,4мың кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.

— Сөзіңіз аузыңызда, үлкен ұйым, бизнестің сенімді серіктесі ретінде қазір шағын және орта кәсіп иелеріне ең алдымен қандай көмек қажет деп есептейсіз?

—Экономиканы әртараптандыру, соның ішінде қайта өңдеу саласын дамыту —заман талабы.

Бүгінгі таңда өңірде өңдеу өнеркәсібі саласында 4774 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар, бұл жұмыс істеп тұрған субъектілердің жалпы санының 5,5 пайызына тең. Өнеркәсіптегі қайта өңдеу саласының үлесі —38,4 пайыз.

Өңдеу өнеркәсібі экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, бюджетке салық түсімдерін және жұмыс орындарын ашу секілді әлеуметтік мәселелерді қамтитынын білеміз. Осы орайда отандық өндірісті дамыту үшін сұранысқа ие мамандарды даярлау, кадрлардың біліктілігін арттыру, инновацияларды енгізу, өңдеуші өнеркәсіп жобаларына инвестициялар тарту, қаржыландыру бағдарламаларын көбейту сияқты мәселелерге кеңінен көңіл бөлінсе дейсің.

— Ал қай бағыт Ақтөбеде әлі де кенже қалған деп есептейсіз?

—Ақтөбе —еліміздің ірі индустриалды аймақтарының бірі. Қосымша құн қосылған және өнделген өнім шығаруды көздейтін салаларды дамытуға қолайлы жағдай бар. Бұған қоса өңіріміздің көлік-логистикалық саласының әлеуеті де жоғары. Дей тұрғанмен, шикізат мәселесі бар.

Жалпы, белгілібір саланы дамыту үшін әлемдік нарықтағы тенденцияны, макроэкономикалық көрсеткіштермен қоса, жергілікті халықтың сұранысын нақты ескеру қажет. Әдетте сол мақсатта халық пен бизнес субъектілері арасында сауалнама жүргізіледі. Мәселен, өткен жылы «Қазхром» трансұлттық компаниясының тапсырысымен Хромтау қаласы бойынша скрининг жүргізілді. Нәтижесінде келесідей кәсіп салаларын дамыту қажет екендігі анықталды: жеке медициналық емхана, аурухана, тәулік бойы жұмыс істейтін дәріхана; қосымша білім беру курстары, мектеп, балаларға арналған үйірмелер мен секциялар, балабақша; киім және басқа да тұрмыстық заттарды тазалайтын орын, шағынкинотеатр, қоғамдық тамақтану орындары, ойын-сауық орталығы.

—Пандемияның әсері, әлемді жайлаған қымбатшылықтың кесірінен банкротқа ұшыраған компаниялар аз емес…

— Тап біздің облыста пандемияның кесірінен банкротқа ұшыраған компания жоқ. Өйткені біз мейлінше жергілікті бизнеске қолдау көрсетуге тырыстық.

Рас, кәсіпкерлер палатасына облыстың құрылыс компанияларынан құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобалардың сметалық құнын түзету жөніндегі мәселені шешу үшін 15 нысанға қатысты өтініш келіп түсті. 2021-2022 жылдары да 5 өтініштен келді. Барлығы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасымен бірлесе бизнестің пайдасына қарай шешілді.

— Биыл Ақтөбеге бөлінген субсидия мен қайтарымсыз гранттарға тоқталсаңыз.

— 2023 жылыауылшаруашылығы өндірушілеріне бөлінген субсидия көлемі — 13,5 миллиард теңге. Бүгінгі таңда 5548 шаруашылық иесі субсидия алды. Сонымен қатар, облыс әкімінің қолдауымен мал азығының құнын арзандату мақсатында жергілікті бюджеттен 2,9 миллиард теңге бөлінді.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы адамдарға, атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алатын көпбалалы отбасы мүшелері, еңбекке жарамды мүгедектер және мүгедек балаларды күтетін адамдарға өз кәсібін жүзеге асыруға 400 айлық есептік көрсеткіш немесе 1 миллион 380 мың теңгеге дейін берілетін грант бар. Биыл облыс бойынша барлығы 774,2 миллион теңге 561 адамға бөлініп берілді.

—Жергілікті өндірушілерді қолдауға бағытталған «Қазақстанның үздік тауары» сияқты байқаулар өткізіліп тұрады. Ақтөбелік кәсіпкерлердің мұндағы аяқ алысы қалай?

—Байқаудың басты артықшылығы — жергілікті өнім һәм брендті дамыту. Байқау «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» атты үш аталым бойынша өткізіледі.

2015 жылдан бері өңірлік деңгейде конкурстың жеңімпаздары болып әртүрлі бағыттағы 63 компания танылды. Солардың арасынан республикалық сында «Айс плюс», «WestLineDoors», «Глобал-спецодежда» компаниялары топ жарды. Сондай-ақ әр жылдары арнайы сыйлықтарға ие болдық.

 Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button