Бизнесті дамытуға 15,7 млрд теңге бөлінді
Жолдаудан соң
Облыста Мемлекет басшысының тапсырмаларын тиімді іске асыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бизнесті реттеудің маңызды тетіктерінің бірі — мемлекеттік бағдарламалар арқылы ұсынылатын қаржылық қолдау. Биыл бұл мақсатқа өңірде 15,7 млрд теңге бөлінді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Қазақстандағы кәсіпкерлікті қолдаудың маңыздылығына назар аударды. Ол экономиканың табысты дамуы шағын және орта кәсіпорындар үшін қолайлы орта құруға байланысты екенін атап өтті. Атап айтқанда, Президент салық саясатының негізгі аспектілерін, бизнесті қолдауды және кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыруға бағытталған қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар жөнінде айтты.
Бұл орайда биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша облыста 1485 жобаға қолдау көрсетілді. Қолдау субсидиялау, несиеге кепілдік беру және инфрақұрылымды дамытуды қоса алғанда, әртүрлі нысандарға ұсынылды. Әсіресе қолдау көрсетілетін жобалардың үштен бір бөлігі облыс аудандарында орналасқандығы, олардың дамуына ықпал ететіндігі ерекше назар аудартады.
2023 жылы Хромтау моноқаласының кәсіпкерлеріне несие беруге бағытталған шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту жөніндегі өңірлік бағдарлама іске қосылды. Бағдарламаға бөлінген қаржы көлемі — 2 млрд теңге, 95 жоба қолдау тапты.
Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде облыста шағын және орта бизнесті дамытуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Осылайша, тіркелген бизнес субъектілерінің жалпы саны 93 мыңнан асты, оның ішінде 86 мыңы — белсенді жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер. Бұл салада бүгінде өңірдің 172 мыңнан астам тұрғыны еңбек етуде.
Аталған сектор жұмысының тиімділігінің маңызды көрсеткіші өндірілген өнімнің, орындалған жұмыстардың және көрсетілген қызметтердің көлемі болса, биыл оның мөлшері қаңтар-маусым аралығында 925,5 млрд теңгеге жетті. Өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда.
Д.АЙДАР.