Кәсіпкерлікті қолдаудың сенімді қадамдары
Пресс-тур
Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау — елдің экономикалық дамуының негізгі тетігінің бірі. Бұл бағытта елімізде ауқымды бағдарламалар жүзеге асып келеді. Сол бағдарламалардың дені «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы іске асырылып отыр. Биыл жыл басынан бері «Даму» қорының өңірлік филиалы тарапынан 2000-ға жуық жоба мақұлданып, жүзеге асқан. Қор мамандарымен бірге, мемлекеттен қолдауға ие болған бірқатар мекемені аралап, жұмыстарымен таныстық.
Дамудың оң бағыттары
Бүгінде «Даму» қоры шағын және орта бизнес өкілдеріне несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, кепілдік беру және қаржылық қолдау түрлері арқылы көмек көрсетеді. «Даму» қорының облыстық филиалының директоры Айнагүл Байдәулетованың айуынша, биыл облыста қор демеушілігімен жалпы құны 69,5 млрд теңге болатын 1930 жоба жүзеге асқан. Соның ішінде несие мөлшері 46,4 миллиард теңге болатын 1126 жоба субсидияланған.
— «Даму» қоры — шағын және орта кәсіпкерліктің қолдау жолдарын жүзеге асыратын ұлттық даму институты. Өйткені әртүрлі салаларға арналған бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдікпен несие беру жолын қарастырамыз. Субсидиялау бойынша кәсіпкерлерге жобалық несиенің пайыздық мөлшерлемесін төмендетіп, сәйкесінше ай сайынғы төлемдерін азайтуға көмектесеміз. Бұл — кәсіп иесі үшін үлкен мүмкіндік.
«Даму» қоры кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобалардың демеушісі. Облыста 2010-2023 жылдар аралығында мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер 12 371 жаңа жұмыс орнын ашып, бюджетке 320 миллиард теңге салық төледі. Биыл кәсіпкерлер 562 жоба бойынша 13,86 миллиард теңге көлемінде кепілдік алса, 149 жобаны іске асыру үшін 5,2 миллиард теңге мөлшерінде жеңілдікпен несие рәсімдеді. Жалпы кәсіпкерлікті ынталандыру ел экономикасы дамуына оң әсерін тигізеді. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің нәтижесінде жергілікті қызметтер мен тауарлар өндірісі дамып, халықты жұмыспен қамтып, тауар импорты азая түседі, — деді А.Байдәулетова.
Аталған қор өңірлік кәсіпкерліктің өсімін, тұрақтылығын қамтамасыз етумен қатар, тұрақты жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Баспасөз турындағы алғашқы аялдама — болат құбыр шығаратын «Ақтөбе құбыр зауыты» болды. Бұл кәсіпорын әзірге батыс Қазақстан бойынша баламасы жоқ болат құбырлар шығаратын жалғыз зауыт. Құны 3,5 млрд теңге болатын зауыт жылына 20 мың тонна өнім өндіреді. Кәсіпорын құбырлар мен компоненттерді өндіруге арналған заманауи техникамен жабдықталып, толықтай автоматтандырылған. Зауыт директоры Павел Саенконың айтуынша, қазір өндіріс орнында құбырларды, металл әзірлемелерін дайындайтын қондырғылар іске қосылған. Биыл шілде айында екінші цехтың жұмысын бастаған кәсіпорында 100-ден аса маман жұмыс істейді.
— Мұнда жұмысшылар үш ауысыммен жұмыс істейді. Біздің мамандар біліктілігін арттыру мақсатында Италия еліне барып, тәжірибе алмасады.
Жалпы, болат құбырлар екі түрлі процесс арқылы жасалады. Екі процесс үшін жалпы өндіріс әдісі негізгі үш кезеңнен тұрады. Алдымен болатты жұмыс істеуге жарамды пішінге келтіреді. Кейін әртүрлі формадағы құбыр жасалады. Соңында құбыр кесіліп, тұтынушының қажеттіліктеріне байланысты өзгертіледі. Дайын болат құбырдың техникалық талаптарын тексеру үшін арнайы сынақ жұмыстары өткізіледі. Мәселен, болаттың қалыңдығын реттеу үшін рентгендік өлшегіштер қолданылады. Еңбек қауіпсіздігі толық сақталады, — деді П.Саенко.
2023 жылы «Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамы арқылы аталған кәсіпорынға «Даму» қоры пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы қолдау көрсеткен. Кәсіпорын алдағы уақытта шығарылатын өнім түрлерін көбейтіп, цехтардың қуаттылығын арттыруды көздеп отыр.
«ТК Фарм Ақтөбе»: Жергілікті дәрі-дәрмек өндірісі бірнеше есеге артты
Осыдан 12 жыл бұрын «Даму» қорының қолдауымен «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылған зауыт өз жұмысын үш түрлі дәрі-дәрмек шығарумен бастаған еді. Қызылордадан келетін мия шөбінен шәрбат жасап, дертіне шипа іздегендерге таптырмас дәрі-дәрмек шығаратын фармацевтика зауытын өңір тұрғындары жақсы біледі. Бүгінде аталған кәсіпорын басы ауырып, балтыры сыздағандарға қажетті ем-дом алу үшін дәрі-дәрмектің 59 түрін өндіреді. Дәрілердің отандық өнім екенін растайтын CT-KZ сертификаты да бар. Тәулігіне шамамен 50 мыңдай дәрі қаптап, 15 мың құты шәрбат дайындайды. «ТК Фарм Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жаңагүл Төреханованың осы салада жүргеніне 30 жылдан асқан. Осы уақыт аралығында дәрі-дәрмек шығару ісін бір адамдай меңгерген ол биыл да мемлекеттік қолдауға жүгініп, «Даму» қорының пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігі арқылы 600 шаршы метр болатын жерді пайдалануға алып, кәсібін кеңейткен.
— Дәрілік өнім шығаратын зауыттың жұмысын жеделдетуге, өнімділікті арттыруға және жаңа технологиялармен жабдықтау үшін «Даму» қоры арқылы мемлекеттің қолдауына жүгіндік. Үнемі ізденісте жүргендіктен «Даму» қорының кез келген форумынан, шеберлік сағаттарынан қапы қалған емеспін. Аталған қор ұсынған барлық бағдарламаның белсенді қатысушысымын. Соның арқасында басқа кәсіпкерлермен тәжірибе алмасып, біліктілігімді арттырып келемін. Ашылғаннан бері мемлекеттік бағдарламалардың септігімен кәсіпкерлікті қолдап келе жатқан қорға алғыстан басқа айтарым жоқ, — дейді Ж.Төреханова.
Жылына 3 млрд дәрі-дәрмек шығаратын кәсіпорында 110 адам жұмыс істейді. Халықаралық стандартқа сай жұмыс істейтін фармацевтика зауытының техникалық базасы Қытай мен Жапонияның ең үздік технологияларымен жабдықталған.
«Таза аймақ» саналатын жұмыс алаңын тур барысында сыртқы терезеден бақыладық. Аса сақтықты қажет ететін жұмыс орнында тәртіп қатаң сақталады. Арнайы киім киген мамандардың ортасына бөгде адамның кіруіне рұқсат жоқ.
— Дәрілік заттар «D» класындағы стерильді арнайы бөлмелерде дайындалады. Жоғары сапалы шикізатты Еуропадан, Үндістан мен Қытай мемлекеттерінен аламыз. Дәрілер халықаралық GMP стандарты бойынша әзірленеді. Кәсіпорын ашылған жылы Қытай, Германия, Ресей, Украина елдерінен технолог мамандар арнайы шақыртылып, осындағы қызметкерлерге дәріс оқыған. Біліктіліктерін арттыру үшін ақыл-кеңестерін берген. Қазір де байланыс үзілген жоқ. Ол үшін шетел асып жүрудің қажеті шамалы. Себебі ZOOM тәрізді платформалар арқылы дәрістер, шеберлік сағаттар жиі өтеді. Біздің жұмыс толық технологиялық процесс бойынша жүзеге асатындықтан бір дәрілік өнімді сатылымға шығару үшін кемінде 3 жыл уақыт қажет. Ұлттық сараптама орталығының қаулысына, бекіткен ережесіне сай болғанда ғана дәрілік өнімдер тауар айналымына енгізіледі. Жалпы, жұмыс сақтық пен сабырлылықты талап етеді. Мәселен, бір мия шәрбатының жасалу жұмысы 2 ай уақытқа созылады. Бізде жұмысшы қолы жеткілікті болғанымен, клиницист, химик (дәрі саласына қатысты), провизор мамандары тапшы, — деген басшы бұл салада білім алатын мамандар аз екенін жеткізді. Қазақстандағы бірнеше дистрибьютерлік компаниямен келісімшарт жасасқан кәсіпорын Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2029 жылға дейін отандық дәрі-дәрмек өнімін арттыруды көздеп отыр.
Полипропиленнен жасалған қаптар
«Даму» қорының шарапатын көрген кезекті кәсіпорын — «Fibc Kazakhstan» қап шығаратын зауыты. 100-ден аса жұмысшы еңбек ететін зауыт 2016 жылы ашылған. Ол Қазақстандағы озық кәсіпорындардың бірі болып саналады. «Даму» қорының пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау тетігі арқылы құны 1 млрд теңге болатын заманауи құрылғылар сатып алған.
— Қап жасау үшін қажетті шикізат көзін Атырау қаласынан арнайы алдырамыз. Ол үлкен қаптармен тонналап келеді. «Ақ моншақ» тәрізді полипропилен шикізатынан қап тігуге қажетті барлық бөлшектерді жасаймыз. Алдымен арнайы қазандыққа салып, залалсыздандырған соң ерітіп, жіп тәрізді иілгіш және жіңішке қалыпқа келтіреміз. Одан орам-орам жіп жасалады. Сол кішкентай ақ түйіршіктен жасалатын қап азық-түлік тасымалынан бастап, ірі тау-кен саласына қажетті таптырмайтын құрал түріне айналады.
Биыл «Даму» қорының қолдауымен жаңа құрылғылар, станоктар сатып алдық. Оларды сынақтан өткізгеннен кейін іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Бізде қазір бұл құрылғылармен жұмыс істейтін мамандар тапшы. Өкінішке қарай, өңірімізде бізге қажетті кейбір мамандар оқытылмайды. Сондықтан кәсіпорынға 100-ден аса жұмысшы қабылдауға дайынбыз, — деді кәсіпорын директоры Ботагөз Тайбөкенова.
Вагон қаптамасы, ұнтақ заттарға арналған қаптама әзірлейтін кәсіпорын Ақтөбедегі индустриялық аймақта орналасқан. Жергілікті өнімдерге еліміздің батыс аймақтарынан сұраныс жоғары. Полипропилен қаптамалары химиялық төзімді. Сондықтан мұндай қаптамаларда бейорганикалық қышқылдар мен сілтілерді сақтауға да болады дейді мамандар. Кәсіпорында күніне 40-тан аса тігінші 2000 дана қап тігіп шығарады. Бұл қаптамалар — экологиялық таза. Кәсіпорын биыл бюджетке 243 млн теңге көлемінде салық төлеген. Отандық өнім екенін растайтын CT-KZ сертификаты да бар. Айта кетейік, «Fibc Kazakhstan» —батыс Қазақстанда қап шығаратын тұңғыш зауыт.
Айдана АЛТЫБАЕВА.