Отты жылдардың естелігі
Келер жылы 15 ақпанда кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толады. 1989 жылдың 15 ақпанында кеңес жауынгерлерінің соңы, атап айтқанда, 40-шы армия және оған жіберілген бөлімшелер ауған территориясынан шығарылды.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 1979 жылдың 25 желтоқсанында КСРО Қорғаныс министрінің берген бұйрығымен Ауғанстанға кеңес әскерлерін кіргізуге шешім шығарылды. Осы ойранды он жыл бойына Кеңес Одағынан ауған соғысына 500 мыңнан астам азамат қатысып, оның 15 мыңы опат болды.Ал Қазақстаннан бұл майданға 22 мыңнан астам жауынгер тартылды, оның 889-ы қазаға ұшырады, 30-ға жуығы хабар-ошарсыз кетті, 3 мыңнан астам қазақстандық ауған соғысынан мүгедек болып оралды.
Ауған соғысына облыстан 1500-ден астам адам қатысты. Оның 26-сы соғыста көз жұмса, біреуі іс-түзсіз кеткен.
Атаулы датаға орай қазір облысымызда іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыстар жүйелі атқарылып жатыр. Ақтөбедегі «Ауған соғысының интернационалист жауынгерлері» қоғамдық бірлестігінің басшысы, «Құрмет» орденінің иегері Аслан Балқасыновпен болған әңгіме де осы мақсатта өрбіді.
— Ауған соғысы өзінің мән-мағынасы жағынан жер бетіндегі ең қиын да қайғылы, тартысы мол шайқастар қатарына кіреді. Кең-байтақ еліміздің бейбіт күнінде он сегіз-жиырма жастағы бозбалаларқолына қару ұстап, көп бейнетті бастан өткеріп жатқан ауған халқына көмек көрсету үшін жауынгерлік парыздарын орындау мақсатында сол елге аттанды. Олардың барлығы да өз міндеттерін абыроймен атқарды. Бір өкініштісі, солардың бірқатары елге мүгедек болып оралды. Сол соғыс әлі де буыны қатпаған жас жігіттердің тағдырына таңба салды. Алайда олар ауған елінде болғаны үшін, сондай жағдайға тап келгені үшін кінәлі емес. Ауғанстандағы шектеулі әскери контингентін ол елден қайтарған тарихи күннің ертеңіне-ақ сол кездегі командашы генерал Громовтың өзі осылай мәлімдеген.
Сол соғысқа 1500-ден астам ақтөбелік жігіт қатысты. Оның ішінде 26 боздаққаза тапты, бір жауынгер із-түзсіз кетті. Өз өмірін майдан даласында қиғандардың бәрі де Отан алдындағы борышын адал атқарғандар. Олардың жарқын бейнесі біздің жадымызда мәңгі сақталады. Бұл орайда даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс — күймейсің» деген жалынды сөзі бүгінде нақ біздің интернационалист жауынгерлерімізге арналғандай. Олар ерліктің ерен үлгісін көрсетті, қарсы келген жаудан қаймықпады.
— Бүгінде өзіңіз басшылық ететін бірлестіктің жұмыс-жоспары, мақсаты қандай?
— «Ауған соғысының интернационалист жауынгерлері» қоғамдық бірлестігінің ең негізгі атқаратын жұмысы — соғыста қаза тапқан қарулас жауынгерлердің отбасына, мүгедектерге жәрдем беру. Біз майданда опат болған жолдастарымызды ешқашан ұмытпаймыз, олардың отбасына шама-шарқымызша көмектесіп келеміз.
Біздің басты міндетіміз — өсіп келе жатқан ұрпаққа патриотизмді насихаттау. Бұл орайда қоғамдық бірлестік жастарға патриоттық тәрбие беру ісінде ауқымды жұмыстар атқарып жүр. Нақтырақ айтсам, біз ай сайын студенттермен, оқушылармен кездесіп, оларды отансүйгіштікке және еліміздің патриоты болуға баулып, оқу орындарында тәрбиелік мәні зор баяндамалар жасаймыз. Жас буынның тәуелсіз еліміздің бүгінгі жетістіктерін абыроймен және лайықты түрде ілгерілете беретіндігіне сенеміз.
Қоғамдық бірлестік тарапынан қайырымдылық шаралар да ұдайы ұйымдастырылып жүр. «Біз антымызды орындадық», «Ауғанның от жалыны», «Мен сенімен мақтанамын, менің Қазақстаным!» тақырыптарында өткен қайырымдылық іс-шаралары кезінде ауған соғысына қатысқан мүгедектерге, майданда опат болған жауынгерлердің отбасына материалдық және рухани қолдау көрсетуге тырыстық. Әрине, терроризм, діни лаңкестік және қоғамдағы өзге де мәселелерді арқау ететін форумдар ауған соғысы жауынгерлерінің ұйымдастыруымен, қатысуымен өткізіліп жатады.
— Интернационалист жауынгерлер үшін лайықты қолдау көрсетіле ме?
— Бүгінде мемлекет тарапынан интернационалист жауынгерлерге және олардың отбасына жан-жақты қолдау, қамқорлық көрсетіледі. Қазіргі күні оларға коммуналдық төлем төлеуде жеңілдік бар.Сонымен қатар жеке құрылыс салу үшін жер учаскелерін беру жағы да қарастырылған. Мәселен, 2009 жылы 30 жауынгерге қала сыртындағы Қызылжар елдімекенінен жер берілді. Кейін ауылдық жердегі қандыкөйлек қаруластарымыздың қаладан жер алуы үшін кезекке тұруына бірлестік тарапынан аудан басшылықтарына хабарлама жібердік. Алайда олар кезекке тұрғанымен, әзірге жер учаскесі берілген жоқ. Десек те, қазір біз бұл мәселенің жақын аралықта оңтайлы шешілетініне сенеміз. Елімізде 2020 жылы 6 мамырда қабылданған «Ардагерлер туралы» Заңға сәйкес Ауғанстандағы, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілер соғыс қимылдарының ардагерлері санатына өтеді, сонымен қатар барлық қолданыстағы жеңілдіктер мен жәрдемақылар сақталады.
Бүгінгі таңда ауған соғысы жауынгерлері үшін қаладағы қоғамдық көліктерде тегін жүру қарастырылған, мүгедек жандар үшін инватакси қызметі де ұсынылады.
Қазір облыста 1000-ға жуық ауған соғысы ардагері бар. Дегенмен олардың бәрі бірдей пәтермен қамтамасыз етілмеген. Әлі күнге дейін арамызда жалдамалы пәтерде тұратын жауынгерлеріміз бар. Тағы бір мәселе — Ауғанстан соғысына қатысқандар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аударымынан босатылған жоқ. Десек те мемлекет тарапынан ауған жауынгерлеріне көптеген жеңілдік қарастырылған. Ауған соғысының мүгедектері — жергілікті биліктің ұдайы назарында. Сондықтан осындай қамқорлықтары үшін облыс, қала басшылығына айтар алғысымыз шексіз.Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай қамқорлықтар бізді алда да жарқын істерге жігерлендіреді. Біз еліміз үшін, халық игілігіне өзіміздің күш-жігерімізді ешқашан аямаймыз.
— Келер жылы кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толады. Бұл атаулы дата аймақтағы ауған соғысы жауынгерлері үшін несімен есте қалмақ?
— Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінованың бекітуімен аймақта арнайы іс-шаралар жоспары жасалды. Жоспарға сәйкес келер жылдың қаңтар, ақпан айларында аталған датаға орай ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Соның қатарында «Ауған асуында от кешкендер» тақырыбында облыстық патриоттық әндер байқауы ұйымдастырылады, беделді ардагерлеріміз мемлекеттік наградаларға ұсынылмақ. Қаза тапқан интернационалист жауынгерлерге арналған мемориалды ескерткіштерді, монументтерді абаттандыру жұмыстары да қолға алынады. Ең бастысы, аталған дата қарсаңында «Екі ғасырдың батырлары» деген атпен жаңа кітаптың таныстырылымы өткізіледі деп жоспарланып отыр. Әрине, бұл орайда жыл бойы атқарылатын жұмыстар да басты назарға алынған. Ауған жауынгерлеріне әлеуметтік қолдау бағытында іс-шаралар да айқындалды. Яғни ардагерлерге паспорттау жүргізу, олардың өмір сүру деңгейін және тұрғын үй жағдайларын анықтау жұмыстары қатар атқарылады. Іс-шаралар жоспарына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің ауған ардагерлерімен, мүгедектерімен және қаза тапқандардың отбасы мүшелерімен кездесулер ұйымдастыру, осы санаттағыларды санаториялық-курорттық емдеу қосымша шаралары мен жыл сайынғы медициналық-профилактикалық тексеру жұмыстары қамтылған.
— Жаңа кітапқа тоқталсаңыз…
— «Екі ғасырдың батырлары» деген атпен жарық көрген кітап Ақтөбе облысындағы интернационалист жауынгерлердің ерлігін баяндайды. Олар әскери күн тәртібіндегі қиындықтарды бастан өткергені жайындағы естеліктерімен бөліседі, олар туралы қысқаша мәліметтер келтірілген. Әрине ақтөбелік ауған жауынгерлері жайында бұған дейін де бірнеше кітап жарық көрді. Мұндай еңбектердің барлығы өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, оларды отансүйгіштікке баулу бағытында шығарылады.
Арайлым НҰРБАЕВА.