Жаңалықтар

Жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Тұсаукесер

Сейсенбі күні Жастар сарайының «Мәңгілік ел» мәжіліс залында «Нобель» ЖШС бас директоры, Ойыл аудандық қолдау тобының жетекшісі Нұрлан Жұмағалиев пен Ойылдан шыққан азамат Олег Ярошенконың құрастыруымен жарық көрген «Ойыл: история в архивных документах» атты еңбектің тұсаукесері өтті.
Аталған іс-шараға белгілі қаламгерлер, өлкетанушылар, тарихшылар, Ойыл ауданының тұрғындары қатысты.
Басқосуда алдымен Нұрлан Жұмағалиев сөз сөйлеп, аталған кітапты жарыққа шығаруда көп ізденіп, еңбектенгенін, бұл бастамаға бірге оқыған досы Олег Ярошенко зор үлес қосқанын жеткізді.
— Өздеріңізге мәлім, 1869 жылы 6 шілдеде іргетасы қаланған Ойыл бекінісіне биыл 155 жыл толды. Өкінішке қарай, Ойыл құрылған күні қанша насихатталса да, әлі күнге дейін ресми түрде аталмай келеді. Осы орайда біз азаматтық міндетпен әрі осы өлкенің перзенті ретінде Ойылдың тарихының тағы бір парағын толтырдық деп ойлаймын. Әр дүниенің өз реті, кез келген істің мақсаты болды. Бұл еңбектің алғашқы бастамасы осыдан 15 жыл бұрын қолға алынған болатын. Осыдан бес жыл бұрын аталған кітаптың бірінші бөлімі жарыққа шықты. Бүгінде бұлардың электронды нұсқалары сақталған. Әр кітапта кем дегенде 3-3,5 мың дерек бар. Біз соңғы бес жыл ішінде Олег екеуміз архивтерді ақтарып, деректерді жинақтап, көп еңбектендік. Осы жиналған деректердің арқасында Ойылдың басында сақталған ғимараттардың тарихын анықтап, оны қорғауға алу мәселесін көтердік. Салыстырып қарасақ, кезінде қала болған Темірдің өзінде бірде-бір ғимарат сақталмаған. Ал біз қолда бар құндылықтарымызды сақтап қалуға тырысуымыз керек. Сондықтан осы еңбек арқылы ойылдықтар өткен тарихпен танысып, жас ұрпақ керек мәліметтерін алады деп ойдамыз, — деген ол жиналған жұртшылыққа өз ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.
Бұдан кейін іс-шарада ардагер ұстаз Қарагөз Қосаева мен Нұрлан Жұмағалиев салтанатты түрде жаңа кітаптың тұсауын кесті.
Еңбек авторы облыстық архив пен Қобда, Ойыл аудандық архив басшылығына алғысын айтып, жаңа кітаптың бірнеше данасын сыйға тартты.
Басқосуда Қазақстанның құрметті журналисі Идош Асқар, ардегер ұстаз Қарагөз Қосаева, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, т.б. жылы лебізін білдіріп, жаңа кітаптың Ойылдың тарихын танытуда орны ерекше екенін жеткізді.
Айта кету керек, «Ойыл: история в архивных документах» кітабының бірінші бөлімі 2019 жылы шыққан. Екі бөлімінде де архивтен алынған деректер берілген. Оның ішінде тың деректер орталық мемлекеттік, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Орынбор облыстарының архивтерінен алынған.
Автордың айтуынша, аталған еңбекте Ойыл мешітінің салынған жылы, Ойыл жәрмеңкесінің алғашқы өткен орны, т.б. нақты деректер келтірілген.
Кітап орыс тілінде шығарылған. 800 беттен тұрады, 500 дана болып жарыққа шыққан. Алдағы уақытта кітап Ойыл ауданында туып-өскен азаматтарға, сондай-ақ кітапханалар мен архивтерге үлестіріледі.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button