Спорт

Тағы да әлем чемпионы атанды

Бәрекелді!

Еркін күрес шебері Ризабек Айтмұхан Албанияда өткен 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында топ жарды.

Ол ақтық сынға дейін ресейлік, канадалық балуандарды жеңді. Ал финалдағы қарсыласы ирандық Махди Морафа болды. Алғашқы кезеңде екеуі тең түссе, екінші кезеңнің басында-ақ Ризабек 6-2 есебімен алға шықты. Одан әрі тағы да ұпай алып, есепті 11-2-ге дейін жеткізді. Күрес барысында жарақат алған қарсыласы дәрігер көмегіне жүгінді. Алайда ирандық балуан белдесуді одан әрі жалғастыруды жөн көріп қана қоймай, барынша белсенділік танытып бағып, екінші кезеңнің соңына қарай тағы 2 ұпай алып үлгерді. Қорытынды есеп 11-4 болып, Ризабектің пайдасына шешілді.

Ризабек Айтмұхан бұл жолы 97 кг салмақта өнер көрсетті. Ол биыл 2-8 қыркүйек аралығында Испанияда өткен 20 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында да осы салмақта әлем чемпионы атанған еді.

Ал өткен жылы бұл балуанымыз 92 кг салмақ дәрежесінде ересектер арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы еркін күрестен шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды.

Сондай-ақ Ризабек Айтмұхан өткен жылы — 92 кг, биыл 97 кг салмақ дәрежесінде Азия чемпионатында күміс жүлде алды. Осылайша ол 1 жыл 2 ай мерзімнің ішінде елімізге әлем чемпионатының үш алтын жүлдесі мен құрлық біріншілігінің екі күміс жүлдесін әперіп отыр.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button