Мәдениет

Байырғы өнер ұжымының белесі

Филармония

Өткен сенбі күні Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығы ғимаратында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның 80 жылдығына арналған «Жұбанов жаққан жұлдыздар» салтанатты кеші өтті.

Мерейтойға байланысты аталған ғимараттың 2-қабатында филармония музейі ашылды. Онда Ахмет, Ғазиза Жұбановтар, жалпы өнер ұжымына қатысты құнды жәдігерлер, тарихи құжаттар, фотосуреттер жинақталған.
Қуаныш иелері — филармония артистері бұл күні рухани демалды. Көрермен болды. Олардың шашбауын көтеріп келген Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы Ш.Қажығалиев атындағы эстрада-симфониялық оркестрі өнер көрсетті.

Салтанатты жиында бір топ мәдениет майталманы марапатталды. Атап айтсақ, облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан «Достық сазы» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Бақытбек Зейнеловке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын, қазақ камералық хорының артисі Гүлжахан Досаеваға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін, классикалық музыка ансамблінің артисі Манзура Сапароваға «Құрмет» грамотасын тапсырып, ұжымға шағын автобустың сертификатын табыстады. Сондай-ақ біраз қызметкер қала әкімінің Алғыс хатын алды.
Айта кетейік, қазақ елінің төлтума музыка мәдениетін сақтап, дамытуда жемісті де жеңісті еңбек еткен Ахмет Жұбановтың ұйытқы болуымен ашылған өнердің өңірдегі қарашаңырағы — облыстық филармония 1944 жылы құрылған. 1998 жылы қазақ музыкасының көрнекті қайраткері, КСРО халық артисі, композитор Ғазиза Жұбанованың есімі берілді. 80 жылдық тарихы бар өнер ұжымының солистері — көптеген халықаралық және республикалық байқаулар мен фестивальдердің лауреаттары. Жыл сайын мұнда халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі көптеген дәстүрлі фестиваль-байқаулар өтеді. Қазіргі таңда филармония құрамында А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, қазақ камералық хоры, классикалық музыка ансамблі, Бейбіт Оралұлы шығармашылық орталығының «Тамсан» тобы, камералық оркестр, «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі, «Достық сазы» фольклорлық ансамблі, «Аққу» би ансамблі, «Саз» балалар студиясы және «Екі езу» сатира театры бар.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button