Білім

Ақтөбелік мұғалімдердің асуы

Республика күніне орай Астана қаласында «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Олардың арасында ақтөбелік 6 мұғалім бар.

Биыл аталған байқауға мектептер мен колледждерден барлығы 1750 мұғалім қатысып, соның 64-і қара үзіп шықты. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев әріптестерін салтанатты жиында құттықтап, қоғамдағы ұстаз рөлінің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайын еліміздің ұстаздары халықаралық деңгейде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Оза шапқан оқушылар да аз емес, осы жылы қоржында әлемдік беделді пәндік олимпиадалардан 26 медаль түскен.

— Мемлекет еліміздегі педагогикалық қауымдастыққа зор сенім мен қолдау білдіріп келеді. Күні кеше ғана біздің екі ұстазымыз Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие болды, бүгін де педагогтерімізді төрге оздырып, оларға құрмет көрсетіп жатырмыз. Бұл марапаттардың барлығы ұстаздардың еліміздің игілігіне, адами капиталды қалыптастыруға және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан өлшеусіз адал еңбектерінің мемлекет тарапынан лайықты бағаланатынын және педагог мәртебесін көтерудің жаңа кезеңін айғақтайды, — деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Марапатталғандардың арасында жерлестеріміз бар. Атап айтсақ, Ақтөбе жоғарғы политехникалық колледждің мұғалімі Дархан Шаңбаев, Ақтөбе қаласындағы М.Құрманғалиева атындағы №32 гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Айна Раева, Шалқар қаласының №1 мектеп-гимназиясының информатика пәнінің мұғалімі Лаура Тұралина, Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе жоғарғы аграрлық-техникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Гүлнар Ещанова, А.Байтұрсынов атындағы Ақтөбе лингвистикалық мектеп-гимназиясының физика пәнінің мұғалімі Бекболат Бозшин, Хромтау тау-кен технологиялық жоғарғы колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Талғат Қарағұловтар топ жарды. Жеңімпаздарға «Үздік педагог» куәлігі мен төсбелгісі, 1 мың АЕК (3,6 млн теңгеден астам) мөлшерінде ақшалай сыйақы берілді.

Сондай-ақ Республика күніне арналған салтанатты іс-шарада білім саласының бірқатар қызметкеріне «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдары, «Ы.Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері және басқа да ведомстволық наградалар тапсырылды.

Осы орайда айтулы мерекенің құрметіне Ақтөбеде де бір топ мұғалім марапатталғанын айта кету керек. Облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан 14 мұғалімге «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін табыс етті.

— Кез келген азаматтың тұлға болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосатын ұстаз — мамандықтың төресі. Әр адам өздеріңізден тәрбие, білім алып, үлкен өмірге қадам басады. Кім-кімнің де жақсы адам, мықты маман болуы ұстазына байланысты. Сондықтан облыстың әр ұстазына шәкірт тәрбиелеуде жүктелген маңызды міндет пен үлкен сенімді ақтауда абыройлы еңбек етуді тілеймін, — деді Жайық Сұлтан марапаттау рәсімінде.

Еске салайық, «Үздік педагог» байқауы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақытқа дейін аталған сында 700-ге жуық педагог жеңіске жеткен.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button