Әдебиет

«Тік жүріп, тік кеткен ұлтшыл жазушы»

Өтебай Қанахиннің туғанына — 100 жыл

Биыл қазақтың көрнекті жазушысы, публицист, аудармашы Өтебай Қанахиннің 100 жылдық мерейтойы атап өтілді. Құжат бойынша қаламгердің туған күні — 1923 жылдың 17 желтоқсаны. Өтебай Қанахиннің шығармашылығы әдебиетшілер мен сыншылар тарапынан әлі де егжей-тегжейлі зерттеледі, лайықты бағасын алады деп үміттенеміз. Жазушының әсіресе кейінгі туындылары — 1968 жылы жарыққа шыққан «Жер басып жүрсем»; кеңестік заманда баспадан шығып тұрған жерінен өртеліп, тыйым салынып, тек жақын жылдары ғана оқырманның қолына тиген «Қарт сарбаз хикаясы» романы; 1990 жылы шыққан соңғы «Атақоныс» кітабы мен 1932-1933 жылдардағы ашаршылық туралы естеліктерін қоса алғанда, ХХ ғасырдағы қазақ тарихының, халқымыздың басынан өткен қилы оқиғалардың тұтас бір картинасын көз алдымызға келтіреді. Қазақтың көшпелі өмірінің ең соңғы жылдарына куәгер болған, соның бәрін жадында сақтап, қағазға түсіріп кеткен, туған жерінің әр көрінісін, аңы, құсы, шөбіне дейін асқан бір тиянақтылықпен суреттеген жазушының туындылары — халқымыздың өткен тарихы ғана емес, қазақтың бұрынғы тұрмысына, өлкетануға қатысты деректерге тұнып тұрған дүниелер. Мұндағы көп абзацқа құдды музейдегі құнды жәдігерге үңілгендей үңіліп қарайсыз. Бұл шығармалардың авторы ұлттың тағдыры, бүгіні мен ертеңі туралы терең толғаныстардан бір арылмай күн кешкен жан екенін түсінесіз. Өтебай Қанахиннің көзін көрген жазушы Мұхтар Мағауин де оған «тік жүріп, тік кеткен ұлтшыл жазушы» деп баға беріпті. Біз жазушының кіші ұлы Саябек Қанахамен сұхбатымызда оның өмір жолы, тағдыры, туған жерге деген сүйіспеншілігі туралы сөз қозғадық:

— ХХ ғасырдың ішінде халқымыздың басынан нендей тағдыр, қандай қилы оқиғалар өтті — соның бәрі әкеміздің өміріне де өшпес із қалдырған. Ол жетімдікті, ашаршылықты, 1941-1945 жылдардағы соғысты, қуғын-сүргінді — бәрін де көріп, шыңдалып шыққан. Социализмнің де жақсылы-жаманды тұстарын басынан өткерді. 1970 жылдарға дейін қызметте әр қадамы оңға басып, жоғарылап келсе, одан кейін «ұлтшыл» атанып, қудалауға ұшыраған. Әсіресе оның балалығы мен жастық шағы қым-қуыт оқиғаларға толы болған. Қолына қалам алып, жазушы болуына да сол бала шағында бастан кешірген оқиғалардың әсері болған секілді, — дейді Саябек Өтебайұлы. — «Жер басып жүрсем» және «Атақоныс» кітаптарының басты кейіпкері — Қайсар. Шығармаларында өзіне осындай есім алуының үлкен бір сыры бар десеңізші? — Әрине, тағдырдың қаншама ауыр сынағын, ұлтқа жасалған қанша қиянатты басынан өткеріп, ажалмен сан рет бетпе-бет келіп, сөйте жүріп бәріне төтеп беру, аман қалу, жай ғана аман қалмай, дүниеге деген үміт-сенімін жоғалтпай, түңілмей, адамдық болмысын сақтап ғұмыр кешу үшін қаншама қайсарлық керек? — Жазушының туған жері әр деректе әртүрлі көрсетіледі: Жайсаңбай, Тәуіп ауылы… «Жер басып жүрсем» кітабында Құйылыс та бар. Оқырманға осыны нақтылап берсек? — Туған жері — Жайсаңбай ауылы. Бұл ауыл бұрын Тәуіп ауылдық округіне қараған. Кейін өз алдына бөлек ауылдық округ болып бөлініп шыққан. Тәуіп кеңестік заманда кеңшар болған. Құйылыс та Тәуіптің бір аты. Осы жерде Торғай өзені Ырғызға келіп құяды, сондықтан Құйылыс атанған. Тәуіп пен Жайсаңбайдың арасы 60 шақырымдай болса керек. — Жазушының шыққан әулеті туралы айтсаңыз… — Ол Ырғыз өңіріне белгілі ұсталар әулетінен шыққан. «Жер басып жүрсем» кітабында айтылғандай, әкесі Итбай ұста, зергер болған. Бірақ әкесінен өте жас қалған. Ол кеңес өкіметінің орнаған кезі болғанымен, әлі де халық көшіп-қонып, бұрынғы өмірін жалғастыра берген. Атамызды қызын ұзататын бір бай арнайы шақырып, зергерлік бұйымдар жасатуға ат басындай күміс береді. Сол сапарында Ырғыздан өтіп келе жатқанда мұз жарылып, ат-шанасымен бірге суға түсіп кетеді. Одан аман шығып, ауылына жеткенімен, ауруға шалдығып, көп ұзамай өмірден өткен. Атамыздың 12 баласы болыпты, туыс-бауырлары да көп екен. Сонымен, мал-мүлкі бөліске түседі де, әкеміз жастайынан жетімдік, жоқшылық көріп өскен. Ал атамыздың өнерін Өмірәлі атты ұлы жалғастырған. Оның қолынан шыққан зергерлік бұйымдар ел ішінде әлі де кездеседі. Бірақ Өмірәлі көкеміз де көп ұзамай ел есінде «Тоқалар көтерілісі» деген атпен қалған көтеріліске қатысып, Сібірге айдалып кетеді. Ата-бабамызда сөзге шебер, шешен адамдар да болған. Оның бірі — Қанаха атамыз. Ол кісі ел басқарған, өзіне қараған жұртты жұттан аман алып шыққан кезі де болған. Бұл әңгімені, расымды айтсам, жазушы Әбіш Кекілбаевтан естідім. Әбіш аға тарихи романдарын жазу барысында Ырғыз жерін аралап, шежіре жинаған ғой. Сонда Қанаха атамыз туралы естіген әңгімесі бойынша, ол кісі табиғаттың «тілін» жақсы меңгеріп, айналасын жұтқа ұшыратпай, өз малы да көбейіп, жылқының саны жағынан өңірдегі ірі байлардың қатарында болған екен. Жайсаңбай жағындағы қазіргі тарихи ескерткіштер қатарындағы Дүйсенбі ахун мешітінің құрылысына атамыз көп үлес қосқан. Әрине, мешіт көпшіліктің күшімен салынған. Бірақ Қанаха атамыз басты демеушілердің қатарында болғанын қариялар бертінге дейін айтып келген. Әкем де қарындасым Құралай екеумізге «бұл мешітті аталарың салдырған» деп айтатын. — «Жер басып жүрсем» туындысында: «…тіпті… облыс көлемінде кездесе бермейтін көне ғимараттардың бірі» деп, сол кездегі жай-күйі баяндалатын мешіт — осы мешіт пе? — Иә. Ел аузында оның құрылысына қажетті ағашты ауыл адамдары Қостанай жағына барып, өздері кесіп, Торғай өзені арқылы алып келген деген де дерек айтылады. — Соғыстың алдында әкеңіз елде мұғалім болған ғой? — Негізі, әкем 1925 жылы қыста туған. Бірақ көзін ашқаннан қиындық көрген, өзі талабы зор, еті тірі жас өмірге ерте араласып, ерте жетілгісі келіп, құжатқа туған жылын 1923 жыл деп көрсетіп, жаздырып алады. Әкем өте қабілетті, бір естігенін, бір оқығанын тез жаттайтын, зерек бала болған. Менің жергілікті тарихшылардан естуім бойынша, өткен ғасырдың 20-30 жылдарында ауыл мектептерінде Алаш партиясының мүшелері сабақ берген. Олар балаға білім беруге өте жауапты қарап, әсіресе қабілетті балаларды тереңірек оқытқан екен. Олардың болашақта үлкен білімді маман болады деп үміт артқан шәкірттерінің қатарында әкем де бар болса керек. Соғыстың алдында ол мұғалімдік курс бітіріп, математикадан сабақ берген. Дегенмен 1937 жылы кеңес билігі алашордалықтарды репрессияға ұшыратты, ал олардың үміт артқан шәкірттерінің дені соғыста қаза тапты. Әкем бала кезі жайлы естеліктерінде ұшқыш болуды армандағанын айтатын. Сол кездегі насихаттың әсерімен Чкалов секілді ұшқыштарға еліктеп, олардың баскиіміндей баскиім алып кигісі келеді. Тілегіне жету үшін Ырғыз бойынан жер алып, жаз бойы қарбыз-қауын өсіреді. Содан тапқан ақшасына киім-кешек алыпты. Қымбаттау болғанына қарамастан, өзі ойлаған баскиімді де алады. Бірақ қыста басы тоңып, оны бір байдың баласына тымаққа ауыстырып алған екен. Кім білсін, соғыс килікпегенде, ұшқыштың оқуына түсуге де талпынар ма еді? — Құжатта жасын үлкейтіп көрсеткендіктен, соғысқа да өте ерте аттанса керек? — 16-17 жасында, 1941 жылдың тамыз айында майданға шақырту алған. Ырғыздан үш жас бірге аттанып, Сталинград майданында шайқасқа бірге кірген. Соғыста көрген қиындықтарын, әділетсіздікті үнемі айтып отыратын. Бастапқыда қазақтарға қару да берілмепті. Алғашқы шайқаста өзімен бірге аттанған досы көз алдында мина жарылып, екіге бөлініп құлайды. «Самайымдағы ең алғашқы ақ шаш сол күні пайда болды», — дейтін. Екінші досы да бір зұлым командирдің орынсыз бұйрығының кесірінен көз жұмады. Әкем осыған ашынып жүрген кезінде, аяқ астынан жоғары жақтан комиссия келіп, жауынгерлерден математика бойынша емтихан алады. Әкем одан үздік бағамен өтіп, зеңбірекшілердің алты айлық курсына алынады. Курстан соң өз бөліміне кіші сержант шенінде оралған, яғни енді оған әділетсіз, орынсыз бұйрық беруге ешкім де бата алмайтын болыпты. Соғыста әкем Берлинге жетпегенімен, 1945 жылдың мамырына дейін жүрген. 9 мамырда Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысуға шақырту да алған. Бірақ олардың пойызы жолдағы бір апатқа байланысты Мәскеуге тек 10 мамырда жетеді. Соғыс біткесін әкем армиядан босатылмайды, алайда еліне барып келуге рұқсат алады. Алматыға келген кезінде бір халық ақынының немересіне ғашық болады. Жалындап тұрған жас әрі табиғатында өткір, батыл адам өз сезімін бірден білдіріп, қыздың отбасына барып, алдарынан өтпек болады. Алайда олар: «Жетім солдатқа беретін қызымыз жоқ, бұдан кейін көзімізге көрінуші болма», — деп, бетін қайтарып тастайды. Содан әкеміз Қытай аумағындағы Порт-Артур қаласында тұрған кеңес әскерінің қатарында жүрген кезінде «қазақтар қызын бермесе, орыстан алайын» деп, өзге ұлттың қызын алған екен. Ол кісіден, яғни Вера анамыздан Исатай, Амантай және Бекетай есімді үш перзент сүйген.

Оның ішінде Бекетай ағам бес жасына дейін әжеміз Шонанның бауырында тәрбиеленген. — «Жер басып жүрсем» кітабында әжеңіз де бар. Ол кісінің кейінгі тағдыры не болды екен? — Ашаршылық жылдарының аласапыранында әкем Ырғыздағы жетім балалар үйіне түскен. Ал анасы Қарақалпақстанға ауған жұрттың ішінде кетіпті. Соғыстан келген соң анасын бүкілодақтық іздеуге береді. Соның нәтижесінде 1950 жылы Шонан әжеміз табылып, баласымен қауышады. Әкеміз оны өз қолына алған, одан бөлек Шалқардан да үй салып беріп, арасында ол жақта да тұрыпты. 60-жылдардың ортасында Тамды деген жерден әжемнің қиын жылдарда хабарсыз кеткен Өндір атты туған апасы табылып, кездесуге барады. Әрі күн де ыстық, әрі қатты қуаныш жүрегіне әсер еткен болса керек, әжеміз сол кездесуден соң көз жұмған екен. — Өтебай Қанахиннің 70-жылдардан соң жоғары жақтың қырына ілігуіне не себеп? — Әкем — табиғатында өзінің халқын, елін, жерін ерекше сүйген адам. Осы тұрғыда бірінші отбасымен тіл табысу қиынға түскен. Ол бірінші анамызбен ажырасып, менің анам Сағираға үйленген кезде Орталық комитетте істеп жүрген қызметінен алынып қоймай, партиядан шығару жөнінде мәселе де көтерілген. Жазушылар одағы партия ұйымының сол кездегі хатшысы жас ақын-жазушыларға Қанахинді партиядан шығару немесе қатаң сөгіс беру мәселесінің күн тәртібіне қойылатынын, сонда «партиядан шығарылсын» деп дауыс беру керектігін алдын ала ескерткен. Ол кезде партия қатарынан қуылу қайда жүрсе де адамның бетіне басылатын үлкен бір кемшілік еді. Алайда жиында Мұхтар Шаханов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Әбіш Кекілбаев, Қайрат Жұмағалиев, басқа да ақын-жазушылар жазаның жеңілдеуіне, яғни «қатаң сөгіс берілсін» дегенге қол көтеріп, әкемді жақтайтындарын солай білдірген. Бұл жөнінде мен Мұхтар Мағауиннің өз аузынан есіткен естеліктен білемін. Мұхтар аға әкемді: «Еш арамдығы жоқ, аузын ашса, жүрегі көрінетін жан әрі ұлтжанды азамат еді» деп отырады. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» дегендей, кезінде Әбіш Кекілбаев та әкем туралы асқан жылылықпен еске алатын… Әкем кеңес өкіметінен халқымыздың, өз әулетінің, өз басының көрген қорлықтарын ешқашан ұмыта алмады. Жүрегіне салмақ түсіріп, өмірден ерте кетуіне, бәлкім, сол жайт та себепкер болса керек?.. Оның 5-6 жыл архивте отырып, үлкен еңбекпен жазған «Қарт сарбаз хикаясы» кітабы да баспадан шыға сала өртелгені белгілі. — Жазушының ұрпақтары жөнінде білсек? — Үш ағам, өзім және қарындасым да балалы-шағалы жандармыз. Әкемнің төрт ұлының да мамандығы — инженер, бұл жағынан бұрынғы ұста аталарымыздың жолындамыз десем болады. Бекетай ағамның ұлы Әділ — кәсіпкер. Атасының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған шараларға өз үлесін қосты. Менің 7 балам бар, ұлымның атын Аңсар деп Әбіш Кекілбаев ағамыз қойған. Кенже қызымның атын әкемнің «Дәмелі» романының құрметіне Дәмелі қойдық. — Сөз соңын жазушының туған жеріне деген сүйіспеншілігімен түйіндесек. Бүкіл ғұмыры жырақта өтсе де, туған топырағын есінен бір де шығара алмаған секілді?.. — Оныңыз рас. Мысалы, қарындасым Құралай екеуміз әкемнің туған жеріне алғаш рет оның 60 жылдық мерейтойы өткен 1983 жылы келіппіз. Сонда маған сол өңірдің жер атаулары, көріністері, адамдары — бәрі бұрыннан таныс секілді сезілді. Өйткені әкем күнде айтып, миыма құйып тастаған екен. Қазір де әкемнің туған жерінен қол үзе алмаймын, мүмкіндігінше барып тұруға тырысамын. Оның бір оқырманы, қарағандылық инженер кісінің маған бірде: «Қанахиннің далада қой бағып жүріп, ет пісірген, от жаққан сәтті шеберлікпен суреттегені соншалық оқып отырғанда мұрныма сол оттан шыққан түтіннің исі келгендей болып еді», — деген пікір айтқаны есімде. Әкемнің туған жер туралы әр туындысы үлкен жылылықпен, махаббатпен жазылғандықтан да, оқырманға осылай әсер етсе керек.

Әңгімелескен Индира ӨТЕМІС.

Өтебай ҚАНАХИН

КӨНЕ ҚЫСТАУ ОРНЫНДА

Қазір бұл жерде дəнеме болмағандай бəрі тып-типыл боп, опырылып орны ғана жатыр. Қыстауымның өзі жоқ, төбе боп үйілген кесегі, ыбырсыған көңі ғана қалған… Көңілім бұзылып, көзімнің алды бұлдырап біразға дейін өзімді-өзім билей алмай, аяғым астына тұнжырай қарап, сұлқ отырып қалыппын. Еңсе түскен. Мойын салбыраған. Қыстауымнан қалған құр төмпешік — шым үйіндінің үстінде, өзім жарық дүниеге келген, өмірге алғаш көзімді ашқан бөлмемнің орнында пайда болған шұқырға арқамды беріп, теріс қарап отырмын. Артыма бұрылып көз тастауға дəтім шыдар емес: ішіне түсіп, төсімді төсеп жата қалып еңіреп, егіліп жылап жіберермін деп қорқам. Тап қазір бұл маңда өзімнен басқа тірі жан жоқ болса да, біртүрлі ұялам, отыздан асып, сақал-мұрт шыққанда, үйлі-баранды болғанда ес білмейтін баладан бетер мінез көрсетуім өзіме ерсі сияқты боп көрінеді. Бірақ бар жан-жүйем, əсіресе елжіреп, егіліп отырған жұдырықтай жүрегім солай істегенімді тілей береді. «Қайта қасыңда ешкім жоқта көзіңнің жасын төгіп-төгіп, іште жатқан шеріңді дұрыстап бір тарқатып ал», — деп маған ақыл бергендей болады. Дел-салмын. Басым мең-зең. Сұмдық бір зіл бойымды мықтап басқан, еңсемді көтертер емес. Біраздан соң абайсызда артыма қайырылып, шұқырға тағы бір көзім түсіп кетіп еді, өзіме тақау бұрышқа назар аударғанымда: «Осы бір ара болар-ау бедерлі бесігім тұрған жер…» дегендей ой сап еткені. Енді өзімді билеуден қалдым. Өсіп-өрбіген ыстық ұямнан қалған шым кірпіш үйіндісін айқара құшақтап, жер бауырлай жата қалдым. Ал жыла кеп, ал еңіре егіл-тегіл, ал ақтар кеп көп жылдар бойы шемен боп қатқан ішкі шерді, запыран-құсаны, орны толмас өкініш пен сарғайған сағынышты. Жұбататын ешкім жоқ. Болмағаны да жақсы.

Осындай халге ұшыраған шағымда сырт көзді өте жек көрем. Ішкі запыранды төгіп-төгіп алып, едəуірдесін барып басымды көтердім. Отырған орнымнан тұрып, жан-жағыма бағдарлай көз салдым. Қыбыр еткен тылсым тіршілік нышаны байқалмайды. Төңірек, жусаған малдай, тым-тырыс мүлгіп тұр. Айналамдағының бəрі алдақашан қараң қалған өлі дүние бір. Мұнарасымен көк тіреп мешіт мөлиеді арғы бетте. Одан қырға қарай Көлішбай ағаның қыстауының орны қараяды. Бергі беттегі Ұзақбай атамның бұзылып қалған зімəңкесінің қабырғасы, кəрі кісінің тісіндей, иқысиқы құлап жатыр. Әбдібайдың жертөлесінің орнын табу қиын. Қозыбақтың қыстауы да жермен-жексен. Іш жақ тұста Нұрыштың қыстауы, өзектің жағасындағы Белғараның зімəңкесінің құлап үлгермеген қабырғасы, сордың арғы жиегіндегі Жеңсікбай ағаның қыстауының орны, арқа тұстағы, аттары есімде сақталмаған тағы да əлденеше қыстаулар — қаңырап иесіз қалған көне зімəңкелер бір кездерде бұл өңірде де өмір болған деп бар зарлы дауысымен айқайлап, дүниеге жар салып тұрғандай боп көрінеді маған… Сол жақ иығым тұсында атамыздың қорымы атанған, негізінен біздің үрім-бұтақтың сүйегі жатқан Қаратөбенің басындағы шикі кірпіштері құлап, қабырғалары мүжіліп, жерге шөге бастаған төрт құлақ көне тамдар бұлдырап көзге шалынады. Осы төбенің басында бабаның бабасы, атамның атасы, атамның өзі жəне туған əкем де мəңгілік жай тапқан… Атамның аталарының біреуіне орнатқан зəулім үй там да болыпты бұл төбенің басында. Қазір ол жоқ, тек орны ғана қалған. Одан əріректе Мылтықбай тамы күмбездене оқшау тұр. Арқа тұста тағы бір мешіттің мұнарасы қылтияды. Ақсақал Тəуіп деп аталатын жалпақ жонның үстіндегі Жапақ тамы өз алдына бір қорым… Менің қыстауымнан жеті-сегіз шақырымдай жерде «Бес аша» деп аталатын шұрайлы өңір бар. Бұрындары ол атақты бір байдың қорығы, меншігі болған. Қазір онда осы өлкедегі қой совхозының үлкен бір фермасы орналасқан… * * * Бала туғанда қазақ қуанбай ма? Əрине, мен де отбасына үлкен қуаныш, үміт əкеліппін. Əкеміздің Көлішбай дейтін жақын інісі: — Ау, аға, жеңешем не тапты? — дегенде: — Ай, айналайын, Көлішжан, не тапты деп сұрарың бар ма: Əйменнің Аяпбергені мен Сыдығы сияқтылардың болыстығын тартып алатын, мен білсем, бір мықты келген болар дүниеге! — деп əрі қуана, əрі мақтана, үлкейгенде көрген шаранасына зор үміт арта жауап беріпті. Азан айтпай-ақ, ауылдың шал-кемпірлері жиылып атымды қойыпты. Бертін келе өжеттігіме немесе тентектігіме қарады ма екен, үлкен апам мені «Қайсар бала» деп қалады бір жиын-тойда. Содан бара-бара «Қайсар» атанып кеттім… Көлішбай ағамыз мені бесікке салар тойымда қатындарға Керенскийдің бір қап қағаз ақшасын үлестіріпті. Қой сойылып, қалжа істеліп, тағы сол сияқтылар тым тəуір-ақ болғанға ұқсайды. Бірақ ол кезде матадан қат нəрсе жоқ болса керек біздің жерде. Əкемізге талай жерден, талай елден келіп іс соқтырып алып кетіп жүрген кісілер мал ма, азық-түлік пе, шай-шекер ме — бəрін жеткізіп жатқанда, ешқайсысы бірер аршын кездеме тауып əкеліп бере алмапты. Сонда менің жаялығыма шешемнің үстіндегі бар ылпасы — екі көйлегінің біреуі жыртылыпты… Ол кісінің бояма боз көйлегін, баланың етіне қатты болады деп, əжем өзіне қалдырыпты да, шыт көйлегін бой-бойымен жыртып, маған жөргек-жаялық істепті. Шешем байғұс үстіндегі жалғыз ылпасын — бояма бөз көйлегін жуғанда жалаң етіне шекпен жамылып отырады екен…

* * *

Біраздасын шешем науқасқа шалдығып, əжем мені бүтіндей өз қамқорлығына алады. Ол кісі маған диірменге тартылған бидай мен тарының жармағын түйенің сүтіне салып бөкпе жасап береді екен. Үлкен əжеме бауыр басқан мен кейін өз шешемді де «əже» деп кетіппін. Сөйтіп, киіз төсеніп, құрым жастанып, тонға оранып, түйе сүтін қорек етіп жүріп-ақ тіршілікке тырбана беріппін, тырбана беріппін… … Енді назарым екінші бұрышқа ауды. Бұл жерде қыздырма тұрған. Еңбектеп барып күлін шашып ойнаған құтты ошағым бұл. Ауызүйдегі қазандықтың да қасына қылқиып талай барған болармын. Ұн илеп жатқан шешемнен жылағандай боп күлшелік қамыр сұрап алатынмын. Қарным ашып тұрса, оны лапылдап жанып жатқан оттың ортасына тастай салам. Сосын піскен-піспегеніне қарамай, шикі татып тұрса да, күлді-көмеш күйінде бірден аузыма атам. Ал қарным тоқтау болса, онша жанықпай, қамырды екі алақанымның арасына салып ширатып, сосын оны дөңгелек етіп иіп тоқаш жасап барып, қоламтаға көмуші едім. Сырты қытырлап, іші үлбіреп, еш жері күймей-жанбай сап-сары боп бұлай піскен нанның тəтті дəмі, хош иісі күні бүгінге дейін, есіме түссе, көңілімді елегізітіп, тəбетімді қоздырады. Əжем арасына жұқалап ет салып, үлкен қара табаға нан көметін-ді. Нанның пісе бастаған кезіақ танауыңды қытықтап, сілекейіңді шұбыртып, өз басым сол табаның қоламтадан тезірек шыққанын тілеп, тағат таппаушы едім. Жаңа сойылған малдың ішегін тазартылысымен, əсіресе айналдырған тоқішекті қоламтаға көміп жеген қандай дəмді десеңізші!..

…Əжем тарамыстау келген, ұзын бойлы, бүйрек бет, арық кісі болатын. Бірақ еңсесін тік ұстаушы еді. Аяғында өкше жағын көксауырлаған, көнелеу қосай кебіс. Тобығына түсетін кір көтергіш ұзын көйлек, жеңсіз қынама бел көк мауыты қамзол киіп жүретін. Ба сында — қақырайта салған ақ жаулық. Ол кісі бірдеңеге қатты күлу, қатты ренжу, қатты сөз айту, дауысын қатты шығару дегенді білмейтін. Қашан көрсең де, кім келсе де сол жылы ұшырай жөн сұрасқан, жағдай айтқан байсалды да биязы қалпы… Мен қаншама елдің дəмін татып, жерін басып есейген шағымның өзінде, сол сұлу сағым сияқты сəбилік шағымды, сондағы өзіміздің отбасын есіме түсірсем-ақ болды, біреуі жасамыс, біреуі жас екі əйел: біреуі — өзімнің шешем, біреуі — əжем — сол үйдің тірлігі осы екеуіне ғана байланысты сияқты боп көрінеді. Таңның атуы, күннің батуы бұл екі əйел тыным көру дегенді білмейді: шешем сиыр сауып жатса, əжем қазанның астына от жағып, сауған сүтті пісіру қамында жүреді. Шешем құдықтан не өзектен су əкелсе, əжем шай қоюға немесе көже асуға кіріседі. Шешем айран ұйытса, əжем қапқа құйып сүзбе жасау əрекетінде жүреді. Шешем бірер күн жиналған көлкөсір сүтті тайқазанға құйып жатса, əжем оның астына от жағып, ірімшік, сосын сарысу қайната бастайды. Шешем беліне арқан байлап, иығына кетпен асып жыңғыл шабуға кетсе, əжем қыр басында кішкене кетпеншесімен тұқшың-тұқшың шағыр шауып жатады. Кейде əр жерге бір жалп етіп, қабын сүйрете, тезек теріп жүреді… Ол кісінің қолы қарап отыру дегенді білмейді. Қатты шаршадым, əбден титықтадым дегеннің өзінде алдына жартыкез қалың бөзді алып, содан жіп суыртпақтай бастайды. Ол уақыттары біздің жақта катушкаға орап завод шығаратын жіп емге табылмайды. Бірдеңе тігу не бірдеңені жамау үшін бұл жердің қатын-қыздары, жаңағы менің əжем сияқты, бөзден не бір басқа кездемеден ұзындау жіп суыртпақтайды. Сосын оның бір ұшын тістеп, бір ұшын екі алақанының арасына салып ширатып алады. Жіптің жуандауы керек болса, үш-төрт талын қосып жіберіп ширата қояды. Кір жуу, қурайды, алаботаны орып, оның күлінен сақар қайнату, оған сүйек майын қосып сабын жасау да қыруар жұмыс. Сөйтіп, күнде сүргін боп жүргенде сол екеуінің бір қыңқ дегенін естіген емеспін.

…Бойжетіп қалған апам сыланыңқырап, үйдің жұмысынан қашқақтайтынға ұқсайды. Сонда əжемнің бар кейігендегі айтатыны мынау болатын: «Сен де ханым, мен де ханым; сиырды сауатын кімді табамын?»

* * *

…Қыстаудан шеткерірек, қорадан да əрі əкемнің дүкені тұратын. Нар қамыстан иіп жолым үйге ұқсатып жасаған. Іштен қамыстың қосылар жеріне шейін уық сияқты сырғауылдар тіреп тұратын-ды. Төбеге жеткенде олардың басы буылады. Дүкен алты қанат киіз үйдің орнындай жерді алып жататын. Мен, əрине, ол кездерді бұлдыр білемін. Əкемнің туыстас, ағайындас, істес болған кісілердің, əсіресе шешемнің айтуынан, құлағыма құюынан құралған əкем, оның ісі туралы естеліктің ұзын ырғасы қазақтың көктемгі көшіндей, ұбақ-шұбақ көз алдымнан өтіп жатыр. Тап қазір де əкем қара темірді төске қойып шықылдатып іс соғып жатқандай бір емескі үн құлағымнан кетер емес… Таңның атуы, күннің батуы əкем дүкенінде бір саябыр болмайды екен. Күндіз-түні күмп-күмп басылған қос көріктің үні, примусша ысылдап-пысылдап қызара жанған көмір əсте сөнбейді. Сом темірді қамырдай илеп дүрсдүрс соққан балғаның үні естілмейтін күн жоқ көрінеді. Əкем жалаң етіне, белін қайыс белбеумен бір тартқан, шолақ жең шекпен, бұтына — қап шалбар, аяғына — байпағының шеті көрініп тұрған көн етік, басына бір құлағы ішке қайырылған қоян құлақшын киіп алады екен. Білектей темір əбден отқа піскен кезде, көзді қарып, өзіне тура қаратпайды. Оттан шыққан аппақ басына таман əкем қысқашпен қос қолдап ұстап, темірді төске қояды. Дəу, əйдік балғамен екінші бір кісі шіреніп тұрып соққанда, дүкеннің ішін ұшқын алып кетеді. Ұрған сайын қызған темірдің қағы отты ұшқан боп жанғанына, қайсы бірі төбеге жетіп, өршелене шашылады, атқылайды кеп. Əрине, əкемнің қолына, ашық білегіне де түсіп, быжылдап сөніп жатады. Кейбіреуі терісіне жабысып қалады. Ал қомақтылауы аспаннан темір қиқымы жауғандай жерге тырс-тырс төгіліп жатады. Əкемнің қос білегі қақ күйдіріп, көбіне жара-жара боп жүреді. Ал алақаны түйенің төс табаны іспетті: темір қарыған күсін алып тастауға кейде пышақ өтпейтін кездері болады. Қолының сырты да иленбеген көн сияқты: от қарып, ұшқын күйдіріп, темірдің шаңы, үгіндісі сіңіп əбден баттасып қалған. Қаншама рет жылы сумен сабындап жуса да, кетпей-ақ қояды екен. Өйткені бүгін тазартса, ертең тағы да қара-қожалақ боп шыға келеді. Бірақ жылы суға қолын сабындап мұқият жумай асқа отырған адам емес деседі. …Бір ауылдың адамы түбі түскен қазанын шегелетіп алмақ боп əкеме келеді. Ұста мықтап тұрып жамап береді. Қазанын қапқа салады да, əлгі кісі түйесіне теңдеп ауылына қайтады. Жолда бір өзектен өте бергенде түйесі тайып жығылады да, қазанын тағы да сындырып алады. Сонда əлгі кісінің біздің əкемізге қайта келгендегі айтқаны мынау екен: — Шырағым Игібай, біразырақ ойын болды, Қабым толған шойын болды. Бұрынғы беретінім тоқты еді, Енді қоңыр шұнақ қойым болды… Мұны естіп, дүкен ішіндегілер қыран-топан күлкіге батады. Əкем əлгі кісінің қазанын сол күні-ақ қайтадан оңдап, құрастырып береді… Біздің əкеміз сонымен қатар зергер де болған адам. Ауқатты кісілер қыздарын ұзатар алдында əкемді арнайы адам жіберіп шақыртып алып, ақ іс соқтырады екен. Яғни күміс пен алтыннан қызының алқасын, қос-қостан білезігін, жүзік-сақинасын, қаусырма түймесін, танадай-танадай асыл тасы бар ілгектерін, сəукелеге тұтатын сылдырмақ жəне неше түрлі əшекейлерін, шашбау, қамар белбеу, безелген ер-тұрман, тағы да толып жатқан нəрселерді жасататын көрінеді. Солардың жұқанағы біздің елдегі кемпірі бар үйлерде күні бүгінге дейін сақталып келеді. Кейбірін қолыма ұстап, өз көзіммен көрдім де… Серілеу жігіттердің өзі ағатайлап жүріп, əкемізге күмістен, ал ауқаттылары алтыннан атын жаздырып, балдақ соқтырып алатын көрінеді. Сонан қалды, ол кісі ағаштан түйін түйетін балташы да болыпты. … Қазір, міне, əкемнің дүкенінің орнында тұрмын. Киіз үйдің аумағындай дөңгелек қалпы əлі жойылмаған. Сол жерден мен бір дорба қорық теріп алдым. Əкемнің қара темірді қорытқанынан қалған қорығы бір түрлі болса, алтын, күміс, жез, мыс, қалайыдан пайда болған қорықтары да бəсенеден белгілі… Ес білген шағымда шешемнен əкем жайында сұрасам: «Əкең күйе танау ұста болған» — деп, əңгімесін тым келте қайыратын. Ал, шынында, менің əкемнің он қолынан өнері тамған адам, өз еңбегі, ісмерлігі арқасында халық құрметіне бөленген абзал жан екенін сол дүкеннің орнында қалған алуан түрлі қорықтардың өзі айқайлап айтып тұрған сияқты.

«Жер басып жүрсем» кітабынан

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button