Әдебиет

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ

Талғат Тілеулесов 1970 жылы 23 наурызда Қызылорда облысы Арал ауданының Қаратерең ауылында туған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Сағындым сені», «Жүрек сыры» кітаптарының авторы. Өлеңдері 2019 жылы жарыққа шыққан «Ақтөбе кітапханасы» сериясының48-томына енді. «Бегім ана» жыры мемлекеттік тапсырыспен шыққан «Халық жыры» кітабына енгізілген.

«Қайда жүрсің», «Сені іздедім», «Әкеме», «Қазақ болып туғаныма мақтанам» сынды әндердің авторы. Қазақстанның құрметті кітапханашысы, Халықаралық «Махамбет» атындағы сыйлықтың лауреаты, «Рухани қазына — 2021» республикалық фестивалінің жүлдегері.

Алғашқы махаббат

Өлердей сонша ғашық боп

Хат жаздым алғаш бір қызға.

Жеткенше соған асық боп

Сырымды айттым жұлдызға.

 

Шалуын қырсық қарашы:

Ісіме қатты күйінем.

Сезіп қап бір күн анасы

Шығармай қойды үйінен.

 

Еститін құлақ, ел бар еді:

Ақ дидарыңа тамсанып;

Атыңды атап нем бар еді

Айғайлап, сонша ән салып?!

 

Шекара тұрды алдымда,

Талпындым қанша жетем деп.

Өте алмай сонан қалдым да

Шештім мен елден кетем деп.

 

Достарым айтты қиылып:

«Еліңнен жырақ кетпе», – деп

«Қайтесің сонша күйініп,

Бір қызға бола өкпелеп!»

 

Қисық та қыңыр мінезім

Алып та кеткен қалаға.

Санамда мәңгі бір есім…

Өтсе де сан жыл арада.

 

 

Өмірдің солай шешімі…

Қайтемін бүгін ақталып.

Аяулы жанның есімі

Жүректе қалды сақталып.

 

Жүрсем де ақын, әнші боп,

Сағынтты мені көктемім.

Қағазға түсті тамшы боп

Ұмытылмайтынөткенім.

 

Арайлап атқан таңым ақ,

Келгенмен жастың кемелі.

Ұйқыдан тұра салып-ақ

Тартып бір кеткім келеді.

Жар іздеп…

Жар іздеп сонда жаһаннан

Қала мен дала кезгенмін.

Қап қойсам ұят қатардан

Оны да іштей сезгенмін.

 

Жаулаған сезім ақылды

Көз салып әсем аруға.

Өлеңмен жаздым хатымды

Шыдамай дәтім баруға.

 

Кездескен жандар менсінбей

Таңдады басқа жігітті.

Қоштастым мен де күрсінбей,

Серігім еттім үмітті.

 

Біреулер мені «ақын» деп

Көңілімді рас гүлдетті.

«Араққа өзі жақын», — деп,

Бір білгіш тіпті күндепті.

 

Сонда да үміт үзбегем

Болар деп қабыл тілегім.

Төлеген сынды іздеген

Жайықтан Қыз Жібегін.

 

Жанғанда үміт шырағым,

Жүзінен нұры төгілген,

Алдымнан шықты Шынарым

Ақ таңым болып көрінген.

 

Қуантты туған анамды,

Көрсетіп жарқын қабағын.

Бағады аппақ баламды,

Қарайды мектеп сабағын.

 

Бәріне жүріп үлгеріп,

Бірде-бір тыным таппайды.

Жүзінде тұрар күн күліп,

Сонда да кейде «жақпайды».

 

Түсірмей қаяу көңілге

Арманға бірге жетермін.

Жар таңдауымнан өмірде

Қателеспеген екенмін.

 Оқы деп өлең сұрама!

Ішімде өлді көп өлең,

Айта алмай көпке сырымды.

Түсімде ылғи көрем мен:

«Оқышы», — дейсің жырыңды.

 

Жымиып маған күліп ап,

Көзінің ыршып тамшысы.

Жүректі кетті жұлып ап,

Тиген бе тағдыр қамшысы?

 

Өткеннің бәрі өлі күн,

Шешуін таппас сұрақ мың.

Еріксіз босап көңілім

Құшақтап сені жұбаттым.

 

Берейін оқып өлеңді,

Сен енді бұлай жылама.

Біз үшін бөлек жол енді,

«Оқы» деп өлең сұрама.

 Уақыт

Кезгем талай даланы,

Кезгем талай қаланы.

Өмір деген уақыт,

Зулауменен барады.

 

Күздің жетіп самалы,

Қаздар қайтып барады.

Қанша таудай болсақ та

Уақыт мүжіп алады.

 

Бұлбұл едім сайраған,

Көңіл гүлдей жайнаған.

Самай шашым ағарды,

Өткеніммен ойланам.

 

Армандарын іздеген,

Жолықсақ деп қызбенен

Түн қойнына тығылған

Жігіт едік  біз деген.

 

Аяулысын аңсаған

Жүрді мендей қанша жан.

Бәрімізде бір арман,

Жеріміз жоқ шаршаған.

 

Бүгін енді, қарашы,

Құшағында баласы.

Мен сүйген қыз — үйімде

Төрт баланың анасы.

 

Көрдік өмір сыйын біз,

Өмір болмас қиынсыз.

Өттік соның бәрінен,

Жаман емес күйіміз.

 

Ойламаймын даланы,

Кезбеймін мен қаланы.

Мен қыдырған көшеге

Балам кетіп барады.

 

Өкінемін несіне,

Бұйырған бар несібе.

Түсіп кетті, шіркін-ай,

Сонау жылдар есіме…

Ауылға сәлем айта бар

Ауылға сәлем айта бар,

Туған жерден жырақтап,

Келмей бір кетті демесін,

Қанатын қақтым жырымның

«Арманың алда, шырағым,

Шарықтап ұш!» — дегесін.

 

Ауылға сәлем айта бар:

Кіндік қан тамған жерімді

Жүрмін ғой шексіз сағынып.

Қымбат қой, шіркін, ел деген,

Әрдайым еске түседі

Жас моншақ көзге тағылып.

 

Ауылға сәлем айта бар:

Шапағат нұрын себетін

Сағындым елдің көктемін.

Әнші құстарға қосылып

Жүруші едім қызықтап

Ойы мен қырын, бөктерін.

 

Ауылға сәлем айта бар:

Сыбызғы сазды үнменен,

Самайдан келіп жел ессе,

Аңсары ауған ақынның

Жырақта жүріп шырқаған

Сағынышы елге емес пе?!

Әжеме хат

Ақ әжем менің кешер ме ең

«Анам» деп айтсам шешемді.

Ойға кеп осы кеше мен

…Іше алмай қалдым кесемді.

 

Ішіме сөзім сия алмай,

Соңғы кез жүрмін жата алмай.

«Сары балам» ол да дей алмай,

Рухыңнан қорқып бата алмай.

 

Айта алмай «айым, күнім» деп

Тартқанмен жақын жанына.

Не деген күшті құдірет

Бағынған дала заңына!

 

Әжеме жалғыз сенем тек

«Өгей» бір шешем секілді.

«Әжеме айтып берем», — деп

Сүйгізбей қашқам бетімді.

 

Сонда да, сірә, жан бар ма-ай,

Жанары тұрар суланып.

Көргенде жүзін жан қалмай

Көзімнің алды буланып.

 

Сырттағы бізді сағынып,

Көзінің жасы тамады.

Кәрілік сыйға малынып,

Күн сайын кеміп барады.

 

Амалым іштей таусылды

Көңілді өксік мекендеп.

«Мама» деп шыққан даусымды

Естімей бір күн кетер деп.

Дат

Сендер маған дос па, қас па — кімсіңдер?!

Айтыңдаршы, мына аспан, білсін жер.

Мен биіктеп кететіндей көрініп

Аяғымнан шалып ылғи жүрсіңдер!

 

Өкінбеймін, шама жетсе шалыңдар,

Дар алдында айнымайтын арым бар.

Атақсыз-ақ аты қалған адам көп,

Сол атақты өздерің-ақ алыңдар.

 

Көрген кезде көңілінің түнегін,

Таба алмастай қиналамын бір емін.

Күні үшін кұл боп кеткен пендені

Аяп кейде ауырады жүрегім.

 

Соншалықты күйінемін мен неге?

Табанымды басып жүріп шөңгеге,

Солар озып кетсінші деп қарайлап,

Тұлпар жырды байлап қойғам кермеге.

 

Күн мен түннің айқасқанда кірпігі,

Тыясыңдар әжуалы күлкіні.

Сол атақтың бірін алып кете алмай

Қара жерге жатасыңдар бір күні.

Алтай Тайжановқа

Туған жері — Қызылқоға ауданы,

Мұқыр ауыл — жастығының бау-бағы.

Ауылынан арман қуып кеткелі

Уақыттың дөңгелегі заулады.

 

Бұл күндері Ақтөбеде тұрады,

Білімменен жанған өмір шырағы.

Ақиқаттың аттамаған ақ жібін,

Айбынынан көп адамдар ығады.

 

Тектілігі бабасындай жырдағы,

Сөзге шешен, ұйып жұрты тыңдады.

Адай-Мұңал-Бәйімбеттен тараған

АБЫЗ БИ-дің жетінші ол ұрпағы.

 

Көп ішінде биік тұрар шоқтығы,

Ғылымменен өтті оның көп күні.

Талай жылғы еңбегінің жемісі —

Философия ғылымдарының докторы.

 

Қажет етер осындайда нақтыны,

Алға жайып айтар болсақ фактыны.

Мақаламен 700-ден асатын

Монографиялар мен оқулықтар авторы.

 

Азаматтық болмысыңды өзгеден

Көріп жүрген жанның бірі ем көзбенен.

Еңбегі сіңген қайраткерсің ғылымға

Айтып оны тауыса алмаспын сөзбенен.

 

Еңбегіңмен ел-жұртыңнан бата алдың,

Жыр толғамай мен қалайша жатармын!

Ақтөбедей зәулім мына шаһардың

Құрметті азаматы атандың.

 

Біздер үшін жарқыраған айнасың,

(Залымдар көп асыратын айласын.)

Алтай аға, дәл өзіңдей жан керек

Қоғамына тигізетін пайдасын!

Қабір басында

Көпке жетпей махаббаттың бал әні

Қасіреттің қара бұлты орады.

Сыңарынан айырылған жас әйел

Еңіреп кеп құшақтайды моланы.

 

Алыс жақтың жеткен кезде хабары

Адамзаттың көнбеске жоқ амалы.

Мәңгі мекен сапарына қия алмай

Екі көзден өксіп жасы ағады.

 

Алыс сапар жүріп кетті ардағы,

(Күнің енді не болады алдағы?)

Сүйген жарын қимағанмен, амал жоқ,

Жесірліктің басқа түсті салмағы.

 

Шығатұғын таппай өмір жолдарын

Зар жылайды іздеп әйел қорғанын.

Сәлден кейін тыныштықты орнатты

Оқып жатқан Құран үні молданың.

 

Ет жүректі кеткендей бір пышақтап,

Ажал деген суық екен түсі аппақ.

Басу айтқан қалың нөпір тарасты,

Қалды әйел жетімегін құшақтап.

 

Енді бірге айтылмайды ән-жыры,

Құлағымнан кетер емес зарлы үні.

О, Тәңірім, ғұмыр берші, жастардың

Аянышты болмасыншы тағдыры.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button