Әдебиет

Тәржіма жүгі

 Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында: «Қазақстан халқы Ассамблеясының екі сыйлығын тағайындауды ұсынамын.  Біріншісі — әдебиет пен журналистика салаларындағы үздік жұмыс үшін. Екіншісі — мәдениет пен өнер саласындағы үздік шығармалар үшін. Аталған сыйлықтарды жекелеген авторлар да, шығармашылық ұжымдар да  ала алғаны маңызды. Бұл ретте сыйақы мөлшері мемлекеттік сыйлықтан кем болмауға  тиіс», — деген болатын.

Кешегі Республика күні мейрамы қарсаңында бұдан былай екі жылда бір рет берілетін осы сыйлықтар алғаш рет тапсырылды. Мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайту бойынша әдебиет саласындағы сыйлық лауреаттарының бірі Ертай Ашықбаевтың армян ақындарының шығармаларына жасаған тәржімасы («Арараттан ескен леп») туралы төмендегі материалды ұсынып отырмыз.

Қазақ оқырманы басқа ұлт өкілдерінің шығармаларын өз тілінде, қазақ тілінде, оқи бастағаны, негізінен, ХХ ғасырдың басы деуге болатын шығар. Әрине, оған дейін де әрқилы жолдармен бірқатар классикалық дүниелер ауызекі тілде таралып жүрді. Бірақ оларды таза әдеби тәржіма деуге келмейтін. Сөйтіп, әсіресе өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап «Әлем әдебиеті кітапханасына» енген түрлі романдар мен қысқа прозалық, поэзиялық шығармаларды қазақ тіліне тәржімалау мықтап қолға алынды.

Осы тұста айта кетер жайт, алғашқы кезде тәржіма тәжірибесі жоқтығына байланысты сол бастапқы кезеңдерде аударылған біраз шығармалар ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басынан бастап қайтадан тәржімалана бастағаны да рас. Себебі олардың бірқатарының әдеби көркемдігі тәжірибелік деңгейде қалды, бірқатар қаламгердің шығармалары үзіп-жұлып тәржімаланды. Осы армян ақындары жинағын аударып отырған Ертай Ашықбаевтың Астанадағы «Аударма» баспасының мемлекеттік тапсырысымен бұған дейін испан Хуан Рамон Хименес, неміс Фридрих Шиллер, ағылшын Джон Китс, бұлардан аздау көлемде австрия ақындары Райнер Мария Рильке, Пауль Целан, поляк ақыны Збигнев Херберт, Нобель сыйлығының лауреаттары Ярослав Сейферт, Уильям Батлер Иейтс, т.б. жырларын тәржімалауының бір себебі осы еді («Еуропа поэзиясы. ХХ ғасыр», 2010 ж. «Еуропа классикалық поэзиясы», 2011 ж. «Аударма» баспасы, Астана ). Сол сияқты әр кездерде армян ақындарының өлеңдері де қазақ газет-журналдарында басылды. Бірақ жүйелі түрде тәржімалау, армян ақындарының шығармаларын бір мұқабаның астына біріктіру, ең бастысы, іріктеп тәржімалау қолға алына қоймаған болатын.

Бұл жинақтың басты ерекшелігі де осы мәселеден өрбиді. Әрине, арғысын айтпағанда, бергі V ғасыр шамасынан бастап, яғни армян әліпбиі (алфавиті) дүниеге келгеннен бері өзгеше өрбіген армян әдебиетінің, соның ішінде поэзия өкілдерінің барлығын мұндай жинақта түгел қамту мүмкін еместігі белгілі. Сол себепті жинақты құрастырушының әрі ықшам, әрі сапалы дүние жасап шығаруды мақсат еткені анық байқалады.

Ықшам дейтін себебіміз — бұл кітапта 13 ақын ғана қамтылған. Ал сапалы дейтін себебіміз — құрастырушы қазақ оқырмандарына онша таныс емес, сондай-ақ орыс тілі арқылы біршама таныс авторлардың дүниелерінің ең таңдаулыларын іріктеп алған. Бұл — бір.

Екіншіден, армян поэзиясы басқа ұлттарға қарағанда қазақ поэзиясына бір табан жақын. Олай болатыны — бұл екі халықтың түп-тамырлық тармақтары, бастан кешкен оқиғалары, әргі тарихқа үңілсеңіз, араласып жатқанын зерделеу қиын емес. Сол себепті де армян поэзиясының қазақ поэзиясы секілді эпостардан өрбігенін, сондай-ақ армян жыршылары тәрізді қазақ даласы да жыршыларға толы болғанын, солар арқылы қазақ өлеңдері музыкамен үндесіп дамығанын айтып өткеніміз жөн. Міне, осындай жайларға байланысты армян поэзиясы арқылы қағазға түсіп жататын адамдық сезім көріністері қазақ оқырмандарына да тіпті де жат емес.

Міне, осы ерекшеліктерді белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Ертай Ашықбаев жырларды тәржімалау барысында мықтап жадында тұтқан.

Енді аудармаларға келейік.

Соңына қара сөзбен де жазылған бірқатар шығармалар қалдырған Георг Нарекацидің бұл кітапқа «Қасіретті жырлар кітабы» («Книга скорбных песнопений») деп аталатын үздік туындысының үзінділері таңдалып алыныпты. Құран сөзін, яғни Құдай сөзін ерекше қадірлейтін, дәлірек айтқанда, дұшпан-жаудан қорықпаса да, Құдайдан қорқатын, ар, ұят деген ұғымдарды бәрінен де жоғары қоятын қазақ оқырманына Г.Нарекацидің рухани жан-дүниенің алуан толқыныстарын, соның ішінде тірліктегі бар күнәсін мойындап, Құдайдан кешірім сұрауға арналған тұстары жеткілікті бұл дүниесі қазақ оқырманының көңілін астан-кестен ететіні белгілі. Өйткені бұл үзінділер өткен ғасырдың 70-жылдары қазақтың көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаев жазған, сол бойда елдің ыстық ықыласына бөленген «Жан азасы» атты ревиемдік дүниесінің ертеректегі көркем үлгісіндей әсер ететіні сөзсіз. Ал М.Мақатаев кезінде Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» («Ад») деген бөлімін қазақ тіліне тәржімалағанын ескерсек, көкейімізге сол тәржіма тұсындағы ізденіс барысында терең білімді М.Мақатаев осы «Қасіретті жырлар кітабынан» да хабардар болуы мүмкін-ау деген ой келеді. Тәржімашы Е.Ашықбаев шерлі жырдағы зар-мұңдарды қалайша өксікке толы күйінде ұсынса, аракідік кездесіп отыратын анықтамалыққа лайық жолдарды да сол айқын күйінде аударады. Тәржіма «Жүрегімнің қасіретті әр үнін Ұсынамын мен өзіңе, Тәңірім. Мың бір ойым таппай ортақ келісім, Өртке ұрынды тілек толы жемісім. Лапылдаған отқа қарай қарғыды Қу жанымның күйінішті зар-мұңы» деп басталады. Тәржімашы әр жолды терең зерделеп әрі қысқа, дәлме-дәл беруді мақсат етеді. Мына жолдарды алып көрелік. «Присоединяю и я речи мои нечистые, Подобно тому, как к сладости добавляется горечь, Или с кротостью сочетаются шипы, С привлекательностью — уродство, С прекрасным жемчугом — ил, Либо с чистым золотом — земля, Или сверкающее серебро — с камнями, Ничего не стоящими, Либо с куском мягкого хлеба — Скрипящий под зубами песок» (жолма-жол аударылған). Тәржімашының ұсынуы: «Жаратушым, өз сөзімді қостым келіп тап, міне — Ащы дәмді қосқандай-ақ тіл үйірер тәттіге, Не болмаса момындық пен тентектік жұп құрғандай, Көркемдік пен кейіпсіздік бір санатта тұрғандай, Жалт-жұлт еткен інжулерге жапсырғандай лайды, Саф алтынды аунатқандай топыраққа былайғы, Қара тас пен жалтыр күміс бір құтыда кеткендей, Не болмаса жұмсақ нанға ұп-ұсақ құм сепкендей». Бұл жолдарды бөлектеп алып отырған себебіміз — жолма-жол аудармада атаулы заттардың барлығы «добавляется, сочетаются» деген екі етістікке ғана тіркеледі. Ал тәржімашы мұны қазақтың бай тілімен әрлендіріп, «қосқандай-ақ» «жұп құрғандай», «тұрғандай», «жапсырғандай», «аунатқандай», «кеткендей», «сепкендей» тәрізді әр атауға лайықты алуан сөздермен кестелейді.

Ал ортағасырлық лирик Наапет Кучактың айрендері (айрен — армян халық әндерімен туыстас поэтикалық форма) орыс тілінде оқыған шақта мазмұны тұрғысынан, қалай болғанда да, өзіміздің ежелден келе жатқан қара өлеңдерімізге ұқсайтындығын жасыру мүмкін емес. Абайдың айтатыны бар ғой: «Ғашықтық, құмарлықпен — ол екі жол». Кучактың өлеңдерінде сол ғашықтық пен сол құмарлықтың екеуі де бар, бірақ екеуі екі жаққа тартып тұруға тиіс осы екі тінді ол әлдебір әрлі әзілдер мен нәзік лебіздер арқылы бір-біріне тамаша кіріктіріп жібереді. Тәржімашы осындай жолдарды аударғанда өлеңнің қазақ оқырманы көңіліне қонақтайтын әсерін жете сезінеді. Салыстырып көрелік. «Пророк Давид, тебя молю Грехи мне отпустить. Ту девушку, что я люблю, Нельзя не полюбить. Когда бы в келью среди тьмы Вошла, как лучь сквозь щель. И ты б не стал читать псалмы, А лег бы с ней в постель» (А.Кушнердің аудармасы бойынша). «Дұға еттім, Дәуіт пайғамбар, Күнәмді кешір, сол — қайғы. Сүйдім мен қызды айман-нәр, Сүймеске тіпті болмайды. Күңгірттеу құжыра-төріңе  Ол кірсе, шуақ шашыла, Псалом қалып жөніне, Жатқың келер-ақ қасына». Сондай-ақ «Если умершего обнимет, он выйдет из ее объятий живым» деген жолдар да қазақ тілінде «Жан бітіп кетер денеге, егер ол өпсе марқұмды» болып айшықтана тәржімеленген. Жалпы Н.Кучак өлеңдерінен қазақ оқырманы өз көкірегін тербететін әлдебір ескі елестерді тауып отырады.

Үш тілде (армян, грузин, әзербайжан) жырлаған, армянның ұлттық музыка аспабы — каманчаны серік еткен Саят-Нованың жырлары қазақ даласында ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен, ән-өлеңдері халқымыздың алтын қазынасына айналған Ақан сері мен Біржан сал тәрізді дала ақындарын еске түсіреді.  Бұл ретте тәржімашы жүрек қылын шертетін нәзік қайырымдарды қолданып отырады: «Көңілсіздер шаттанар, ал дерттілер емделер» («Очень грустное сердце ты веселишь, лихорадку больного исцеляешь») немесе «Саят-Нова айтты: қайғым артып кетті емнен де, Тәтті даңқы түгесілген мен үмітсіз шерменде» («Саят-Нова сказал: скорбь моя стала больше лекарства, Нет моей прежней сладкой славы, горести теперь умножились»). Осы екі үзіндіде де қара сөзбен айтылғанда әсер ете қоймайтындай көрінетін тармақтар өлең жолына айналғанда оқырманды еріксіз балбыратады. Қазақтың көне ақындарының ауызша тараған көптеген өлеңдерінің бүгінгі күнге мол мөлшерде жетуі, соның ішінде махаббат-ғашықтық жырларының ерекше ықыласқа бөленуі — ұлттық дәстүрдің берік сақталуының әсері, ал ұлттық дәстүрді сақтауда осындай жырлардың тигізер әсері мол болатындығы белгілі. Сол себепті Саят-Нованың сезім сырларына толы өлеңдерінен қазақ оқырманы өзгеше нәр алатыны мәлім.

Ал ХІХ ғасырдың екінші жартысында дүниеге келіп, сол ғасырдың соңында жапырлай көрініп, армян поэзиясын жаңа биікке көтергендер — ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде өмірден өткен Ованес Туманян, Даниэл Варужан, Ваан Терьян, Егише Чаренц тәрізді ақындар. Бұл — бір.

Ерекшелеп айтар екінші бір жайт, бұл қаламгерлер сол кезеңде, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде, бір қоғамдық жүйеде өмір сүргендіктен де өздерімен тағдырлас болған қазақ ақындарын еске түсіреді.

Мысалы, 1937 жылы репрессия құрбаны болған Егише Чаренцтің «Красные скакуны…» («Қызыл пырақтар») деп аталатын өлеңін оқығанда, әлбетте, 1938 жылы атылып кеткен қазақ ақыны Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасы туралы ойламасқа болмайды.

Ал Даниэл Варужанның әсіресе «Пахари», «Сев», «Мельница», «Волы» («Соқашылар», «Егіс», «Диірмен», «Өгіздер») деп аталатын өлеңдері репрессияның тағы бір құрбаны болған қазақ ақыны Бейімбет Майлиннің сол заманда колхоздастыру, жаңа ауыл тынысы туралы жазған жырларымен үндес болып келеді екен.

Сол себепті де тәржімашы мұндай туындыларды аударған кезде ешқандай да беймәлім ну орманға кіргендей адасып кетпейтіні, нені қалай аудару керектігін алдын ала сезініп отыратыны анық.

Дегенмен бұл ретте де кейбір тақырыптар ортақ болғанымен де, армян ақындары өз өлеңдерінде өз ұлтының тірлік-болмысын көрсететінін, ал аударма арқылы оқырман сол ұлттың өзіне тән қасиеттерін аңғарып отыруға тиіс екендігін тәржімашы басты нысанасы етіп алған.

Мысалы, Ованес Туманянның ауылдың үлкендерінен алған батаның жалғасы өзек болатын «Көне бата» («Старинное благословение») деген өлеңіндегі «И пировали, и веселились, И вели беседы» деген жолдарды тәржімашы «Құтыларды төңкерді, Сөз өрбіді өркенді» деп бейнелі етіп аударған. Егер алдыңғы жол «Шарап сімірді» деп тәржімаланған болса, көңілге онша қонымды бола қоймас еді, қазақ оқырманы басқаша оймен қабылдауы да мүмкін. Сол сияқты «Айвазовский картинасы алдында» («Перед картиной Айвазовского») деген өлеңнің аяқталар шумағын да ақын қазақы түсінікпен сәтті түйіндеген: «Тау толқындар қалт тыңдап бұл адамды, Ешқандай да қозғалмай тұра қалды. Сөйтіп, мәңгі байланды, Картинаға айналды» («Покорно воле гения: Взметнувшиеся волны Застыли навек На его полотне»). Көркемдігіне қоса, тәржімашы осы өлеңге қатысты жолма-жол аудармашының: «Рифмы парные, последние две строки каждой строфы — усеченные» деген ескертуін де мүлтіксіз орындаған. Өз заманында кейінгі буынға айтарлықтай үлгі болған, байсалды лирикаларына қоса, балаларға арналған дүниелерімен де әлі күнге дейін оқылымды болып келе жатқан Ованес Туманянның өзіне тән қолтаңбасын тәржімашы барынша сәтті түсірген.

Немесе Даниэл Варужанның «Өгіздер» («Волы») деген өлеңіндегі «Все вместе они вытягивают Свои шеи, и свои соломой покрытые ноздри Вонзая в чистые, искристые воды, Бесконечно пьют» деген шумақтың (а б б а): «Науаға бірі жетіп, бірі қалар, Арылмай шөп-шаламнан тұмсықтары, Ортадан киіп кетіп қырсықтары, Сіміріп салқын суды тұрып алар» болып тәржімалануынан да малды ауылда өскен әрбір адам өзіне таныс өгіздердің сұлбасын анық тани қояды. Сол сияқты ақынның «Суат», «Соқашылар», «Тұқым себу» тәрізді өлеңдері де күні кешеге дейін басым көпшілігі ауылдық болып келген, қалаға кейініректе ғана көбірек қоныстана бастаған қазақ оқырманын бейжай қалдырмайды.

Ваан Терьянның өлеңдері музыкаға бейімділігімен ерекшеленеді. Тәржімашы осыны жадында мықтап ұстаған. Мысалы, топтамадағы ең алғашқы өлеңнің ең алғашқы жолдары («Крутись, крутись, карусель, я давно слышал твою песню…») тәржімаланған кезде сол әуезділік бірден жарқырап шыға келеді: «Әткеншек, дөңгелен, дөңгелен, Әніңе қанықпын мен деген…». Міне, осы әуенділік, мысалы, «Күйрек әуен» («Сентиментальная песня») әйтпесе «Қоштасу ғазалы» («Газелла прощания») тәрізді өлеңдердің тәржімасында да елжіретіп отырады. Еуропа поэзиясын, оған қоса символистерді де біраз зерттегендігі өлеңдерінен көрініп отыратын Ваан Терянның жырлары қазақ тілінде де әуенділігімен ерекшеленіп тұрады.

Осындай мысалдарды Егише Чаренц шығармаларының тәржімаларынан да табу қиын емес. Айталық, ақынның «Қоштасу сөзі» («Слова прощания») деген өлеңіндегі «Всегда замкнутый и безмолвный я бродил и молчал» деген жол тәржімашының тілінде «Үнсіз жүрдім, тасымадым, толмадым» болып нақтыланып, одан арғы жолдар «Өмір көшер шоқтың күлін жастана» немесе «Көрген қызық жатсынады, құшпайды» тәрізді болып, расында да, сағыныш аралас мұңды бейнелейтін сөздермен бейнеленсе, «Бұйрабас бала» атты өлеңдегі шумақтар «Дыбыс жоқ бұл жерде жұлқынған, Тек көне елестер қалқиды» әйтпесе «Жабысқан саз балшық үгілді, Көрінді жазулар жұрнағы» тәрізді жолдар арқылы ішкі сырдан гөрі сыртқы қимылды көбірек ұсынатын суреттерді сол күйі ұсынады.

Армян жазушыларының көрнекті өкілдерінің бірі Аветик Исаакянның, мысалы, жеке бастың әрқилы сәттерін өзек ететін өлеңдеріне де алыстан сыңсып етілетіндей әлдебір әуенділіктер тән. Жолма-жол аударма болғандықтан кедір-бұдырлы көрінетіндей мына шумақтардың әр жағынан бәрібір сол назды әуен естіліп тұрады: «…Но, нет, тихо и безмолвно В этой выженной солнцем пустыне, Ах, моя родина далеко от меня сейчас А любимая моя — в чужих объятьях. Уже не верю поцелуям женщин, Быстро забывают они ласки и слезы, Шагай, караван! Нас никто не окликнет — Нет под луной ни любви, ни верности!». Осы жолдарды тәржімашы жүректі шымырлатып өтетіндей тәтті қайырымдармен әлдилей аударған: «…Жоқ. Үнсіздік. Сор жабысар таңдайға, Қуырып тұр төбедегі таспа күн. Атажұртым, беу, қазір тым шалғайда, Ал сүйіктім — құшағында басқаның. Мен оларға енді қайтып сенбеспін, Олар сертті су секілді шаяды. Жылжы, керуен! Шақырмайды енді ешкім — Ай астында махаббат жоқ баяғы». Жалпы әлемдік поэзия құнарына қанып өскен Аветик Исаакянның жылы самалдай есіп тұратын әуенді де шуақты жырлары қазақ оқырманының көңілін тербетіп отыратыны даусыз.

Ал Ованес Шираз, Амо Сагиян, Сильва Капутикян, Геворг Эмин, Паруйр Севак тәрізді ақындар ХХ ғасырда дүниеге келіп, 1970-2000 жылдар шамасында дүниеден өткендіктен, әрине, олардың шығармаларын тәржімалағанда осы заманғы тілдің мүмкіндіктерін пайдалану аса қиындық туғызбайды.

Мысалы, Ованес Шираз өзінің патриоттық жырларын тура сөзбен емес, жанама суреттерді қолдану арқылы өрбітеді және көпсөзділікке ұрынбайды. Бір өлеңді мысалға алайық. Өлеңнің жолма-жол аудармасы «Говорят, на костре сожгли Молодого повстанца» деп басталады да, тәржімеші мұны «Ту көтерген өр, текті Жас ұланды өртепті» деп аударады. Яғни «повстанец» деген ұғым «ту көтерген» деген сөзбен бейнеленсе, «говорят» деген сөз өз алдына көлденеңдемей, алдыңғы жолдың ұйқасына негізделген «өртепті» деген сөздің ішіне жарасымды түрде еніп кетеді. «Говорят, его пепел потом Принесли матери» деген қос жол да осылай ықшамдалады: «Күлін жинап теріпті, Анасына беріпті». Ал соңғы үш жол («Мать заплакала горько, И когда слезы упали на пепел, Сын ожил…») «Төгіп гүлге көз жасын Жылағанда анасы — Тіріліпті баласы» болып еш артық-ауыз сөзі жоқ әрі қысқа, әрі нұсқа дүниеге айналыпты.

Осындай сәтті тәржімалар басқа ақындардың өлеңдерін аударғанда да кездесіп отырады.

Мысалы, Амо Сагиянның өлеңіндегі жолма-жол аударма болғандықтан да ақындық көтеріңкі леп көрінбей қалып жататын көптеген жолдарды тәржімашы әсерлі бояулармен нақыштайды: «Зеленее становится трава» — «Жап-жасыл боп құлпырады шөптер де», «Горы выглядят выше» — «Іріленер зор таулардың сүйегі», «Деревья бывают покорнее» — «Ағаштар да тілалғыш», т.б. Немесе ақынның «Где-то князем, хозяином, Где-то скромным пастухом, Где-то рабом я был» деп басталатын өлеңін «Бір жерде қожа, кінәз боп, Малшылықта да біраз боп, Бір жерде құл боп жүгірдім» деп желдірте бастайды, рас, түпнұсқада «біраз», «жүгірдім» деген сөздер жоқ, бірақ осы сөздерді қосу арқылы тәржімашы өлеңге бірден жан бітіріп әкетеді.

Сильва Капитукянның өлеңдері оқырманды әлдебір ішкі қажыр-жігерімен, батыл азаматтық ойларымен тәнті ететіні даусыз. Бұл ретте оның кейбір байламдары қазақ ақындарының кей жырларындағы түйіндермен де үндесіп жатады. Мысалы, қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырзалиевтің сонау 60-жылдары жазылған «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!» деген жыр жолдары әр сауатты қазақ қайталап айтып жүретін қанатты сөзге айналып кетті. С.Капутикянның 1944 жылы жазылған «Ұлыма сөз» («Слово сыну») өлеңі де сол пікірдің ертеректе айтылған бір нұсқасы тәрізді көрінеді екен. Сол себепті тәржімашы бұл өлеңді аударғанда да сол Қ.Мырзалиев өлеңін жадында ұстағаны аңғарылып тұр. Оның үстіне өлеңнің буын өлшемдері мен ұйқасы да (а-в-а-в) осыған сұранып тұрғандай екен. Сол себепті де «Если даже забудешь родную мать, Родного языка не забывай!» деген жолдардың «Ұмытсаң, ұмыт анаңды, Ана тіліңді ұмытпа!» болып тәржімалануы да «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!» деген жолдарды жаттап алған қазақ оқырманының көкірегіне бірден қона қалады. Жалпы С.Капутикянның қай шығармасы да айқын суреттерімен жарқырай көрініп тұратын қасиеттерін тәржімашы сол күйінде сақтауға тырысқан. Мысалы, «В двадцатом веке дом остался мой, Я в новом веке только гость случайный. Иное все — что летом, что зимой — И чужд мне этот мир необычайный» деген шумақтың нақтылығы да, поэзиялық ұйқасы да тәржімашының еңбегі арқасында қазақ тіліне ауысқан кезде еш ажарын жоғалтпаған: «Үйім қалды жиырмасыншы ғасырда, Мына жаңа ғасырға мен қонақпын. Бәрі бөгде: қыс та, жазғы жасыл да, Тың әлемді игеруге олақпын».

Геворг Эминнің өлеңдері көңілде жүретін күнделікті ойларды сол күйі қайталап шығатын тәрізді. Бірақ бұл әркімге таныс құбылыстар болғанымен ақындық шеберлік арқылы жүрекке жылы тиеді, тіпті қайталап оқығың келетіні де бар. Ақынның осы шеберлігін тәржімашы өлеңдерді қазақ тіліне аударған кезде өте тиімді пайдаланған. «Келешекке» («Грядущему») деп аталатын өлеңнің бастапқы жолдарына үңіліп көрейік. «Помоги мне правильно жить. Если сплю — вовремя просыпаться, Если дверь открыта — не ломиться, Не удовлетворяться достигнутым…» — «О, көмектес тірлік заңын сақтауға, Ұйықтағанда түске дейін жатпауға, Есіктерден баса-көктеп кірмеуге, Сәл нәрсеге тоқмейілсіп жүрмеуге…». Осы тармақтардағы «түске дейін жатпауға», «баса-көктеп кірмеуге», «тоқмейілсіп жүрмеуге» деген тіркестер өлеңнің қазақ тіліндегі ажарын айшықтап-ақ жіберген. Сондай-ақ ақынның әсіресе егде тартқандарға шын жүректен әңгіме етіп айтып отырғандай жылы әсер ететін «В этом возрасте» деп аталатын өлеңі де тәржімешінің әр жолды ұғынықты да көркем тәржімелеуінің арқасында әр қазақ оқырманын ынтықтырып отырады: «В этом возрасте Те кто выживали, Если были влюблены, — Становились отцами семейства, Если были гениальными актерами, — Становились… театральными деятелями, Если были спортивными чемпионами, Становились обычными тренерами, Если были мятежными Черенцами, Становились… авторами статей И мемуаристами, потому что Все стало воспоминанием» — «Осы жасқа келгенде Аман-есен қалғандар, Тауып адал махаббатын — қосағын Әке болып жылындырды ошағын. Ал актерлер дарынды Қалыптасты театрлық қайраткер боп қарымды. Чемпиондар салған талай сайранды Бапкерлерге айналды. Небір ақын Чаренцтер азулы Кәсіп етті мақалалар жазуды, Жазды және ғұмырбаян-әңгіме, Естеліктен басқа, сірә, қалды не?..».

Ал әдебиетке жаңа армян поэзиясын әкелген Паруйр Севактың жаңашыл творчествосы оның жолма-жол аудармасындағы сияқты қазақ тіліндегі тәржімесінде де ерекшелене көрініп тұрады. Ақынның осы кітаптағы ең алғашқы өлеңі («Ғұмыр кеш» — «Жить») қалайша өзгеше басталса («Жить, жить, жить так, Чтобы святая земля (твоя) никогда не чувствовала лишней тяжести (твоей)»), қазақ тілінде де дәл солайша оқырманды ерекше елең еткізетіндей жолдармен көркемделеді («Ғұмыр кеш, ғұмыр кеш, сен солайша ғұмыр кеш, Қасиетті қара жерге түсіретін салмағың Болсын ылғи білінер де білінбес»). Немесе осы өлеңдегі тағы бір басқа тармаққа келейік. «Жить, жить, жить так, Чтобы радоваться чужой радостью, Чтобы чужим ликованием И самому ликовать, самому греметь» деген жолдарды тәржімашы «Ғұмыр кеш, ғұмыр кеш, сен солайша ғұмыр кеш, Басқалар да тойлаған қуанышқа ортақ бол, Дүбірлессе — дүбірлес, Күбірлессе — күбірлес» деп тіпті құлпыртып жіберген. Сол сияқты «Мимолетность» («Қас қағым сәт») деп аталатын өлеңдегі «Когда закат вонзается в облака словно гребень И принюхивающийся легкий ветерок словно собачонка, останавливается» деген жолдар да «Кешкі қызыл сәулелер бұлттың шашын тарақтап, Жеңіл самал аңқаулау күшіктерше алақтап» болып көз арбайтын көріністерге айналып кеткен.

Біз бұл пікірімізде бұл кітапқа еніп отырған 13 ақын өлеңдерінің тәржімасын жан-жақты талдауды мақсат етпедік. Себебі олай етсек, бұл тіпті көлемді жеке еңбекке айналып кетер еді. Сондықтан көзімізге іліккен кей тұстарды ғана әңгімеледік.

Ал жалпы алғанда кітапты қазақша сөйлету барысында қазіргі тәржімаға қойылатын талаптар орындалған. Оқырман бұл кітап арқылы армян поэзиясы туралы бұрынғыдан да жетік біле түседі, ал армян поэзиясын бұрын білмей келгендер жаңа бір сиқырлы әлеммен қауышады.

Бұл ретте сондай-ақ мынандай жайларды да ескеру керек. Кез келген тәржімашы басқа ұлттың тіліндегі туындыны өз тіліне тәржімалаған кезде, әрине, өз тіліндегі оқырманның көңілінде не тұратынын ойлайтыны анық. Өйткені көркем аудармасы қолға алынған туынды (соның ішінде поэзия) хаттамалық мәтін емес, бұл — сезімнің қоймасы. Сол себептен де кейбір еркіндіктерге бармасқа және болмайды. Мысалы, өлеңді аудару барысында өзге тілдегі сөздерді 100 пайыз пайдаланудың қажеті де жоқ, өйткені басқа тілде сезімді қозғайтын сөз (немесе ұғым) екінші бір тілде оқырманға еш әсер етпеуі де мүмкін. Әсіресе тәржімашы ақын сөзді емес, сөзбен бейнеленген сезімді тәржімалап отырғанын ұмытпағаны жөн. Дегенмен әр ақынның өз ерекшелігі, өз өлең өлшемі болатынын да және назардан тыс қалдыруға болмайды.

Ақын Ертай Ашықбаев армян поэзиясын қазақ тіліне тәржімалау барысында, міне, осындай жайларды ескергені анық көрініп тұр. Осындай ынта-ықылас пен шеберліктің арқасында бұл кітап қазақ тәржіма өнерінің ауыз толтырып айтарлықтай табысына айналып отыр.

Бауыржан ҚҰРМАНҚҰЛОВ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button