Денсаулық

Қорғанудың тиімді жолы — екпе алу

Биыл 28 қарашаға дейін облыста қызылша ауруына шалдықты деген күдікпен 3990 адам тіркеуге алынған. Зертханалық әдіспен расталған жағдайлар саны — 1385, яғни 34,7 пайызы.

Барлық науқастардың 84 пайызы — қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар. Осының ішінде 1-5 жас аралығындағы, яғни балабақша жасындағы балалардың үлес салмағы — 65 пайыз. 

Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында айтылды. Жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаева мен облыстық санитарлық-эпидемологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев қатысты.

Жиында айтылғандай, қызылша жұқтыру күдігімен ең көп жағдай Ақтөбе қаласында тіркеліп отыр: нақты саны — 2875. Сонымен қатар Мұғалжар (467), Ырғыз (247), Хромтау (91), Темір (81), Алға (65), Байғанин (63), т.б. аудандарда да жағдай алаңдатарлық. Шалқар, Мәртөк, Әйтеке би, Ойыл, Қобда және Қарғалы аудандырында да қызылша жұқтырған жағдайлар тіркелді.

Қазір облыс бойынша 208 адам стационарда ем алып жатыр. Оның 177-сі  балалар болса, бұл баланың 130-ы — Ақтөбе қаласында. Жалпы, емделіп жатқан науқастардың 154-і облыс орталығында тіркелген.

Аудандар бойынша 54 адам стационарлық ем алып жатыр, оның 47-сі — бала.

6 қарашада қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы жаппай иммундау жұмыстары басталды. 28 қарашаға дейін 4874 адам қызылшаға қарсы қосымша екпе алған.

Қазіргі таңда 1 жастағы балаларды қызылшаға қарсы егумен қамту көрсеткіші — 82,7 пайыз, ал 6 жаста ревакцинациялау көрсеткіші 80,8 пайыз болып отыр.

Сондай-ақ науқастармен күнделікті араласқан 53,6 мың адам медициналық бақылауға алынды. Қызылша жұқтырған науқас айналасындағыларға бөртпе пайда болғанға дейінгі 4 күн мен одан кейінгі 4 күн ішінде қауіп төндіреді. Аурудың инубациялық кезеңі — 7-18 күн.

Жиын соңында мамандар қызылшадан қорғанудың ең тиімді жолы — вакцинация екенін тағы да еске салды. Тұрғылықты мекенжайы бойынша хабарласқан адамға қызылша мен қызамыққа қарсы екпе тегін егіледі.

Осы індетке байланысты сұрақтар туындаған жағдайда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің 55-77-25 нөмірлі, сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасының 54-09-84 нөмірлі телефонына хабарласуға болады.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button