Мәдениет

Жарнама тақырыбы – жасыл желек

Сейсенбі күні қалалық Оқушылар сарайында «Әлемге – бейбітшілік. Табиғатқа – қамқорлық» атты жас экологтар байқауы қорытындыланды.

Оқу жылының алғашқы айында қала мектептеріне «Әсем қалам, таза қала – Ақтөбем» атты арнайы жұмыс тапсырылған болатын. Бұл бастама қаламыздың 140 жылдығына арналды. Шараның басты мақсаты – оқушылардың табиғатты қорғауға, аялауға жауапкершілігін арттыру, тазалыққа тәрбиелеу, салауатты өмір сүруге бағыттау  және экологиялық қабілеттерін нығайтуға ықпал ету. Сайысқа 2-8 сынып оқушылары қатысты.

Әрбір отбасы табиғатқа жанашырлықпен қарауы керек. Әсіресе, балаларға табиғаттың қыр-сырын түсіндіре білген дұрыс. Ал мектеп оқушылары арасында оқу жылынан бері ұйымдастырылған сайыс қорытындысы бірнеше бағыттардан құралды. «Қалдықтарды пайдаға асыру», «Жас экологтар» сайысында оқушылар шығармашылық және жарнама жұмыстарын тапсырды.  «Қалам таза болсын десең…» тапсырмасында оқушылар қала көшелеріне шығып, аялдамалар мен подъездерге үгіт-насихат  қағаздарын іліп, тұрғындарға үндеу қағаздарын таратады. Шараны өткізуге «Тобыл-Торғай» экология департаменті мен облыстық табиғи ресурстарды басқару және табиғи қолдануды реттеу басқармасының ұжымдары қолдау көрсетті, – дейді ұйымдастырушы Нұрлан Оразақова.

«Жас экологтар» байқауында жарнама арқылы балдырғандар мен ұландар тұрғындарды табиғатты қорғауға, экологияны жақсартуға өз үлестерін қосуға шақырды.

–  Табиғат – бізді қоршаған өмір. Сондықтан табиғатқа қамқор болу – біздің перзенттік парызымыз. Адамға қандай күтім керек болса, әсем табиғатқа да аялы алақан керек. Даланы ластасақ, одан кейін өзіміз азабын тартамыз. Табиғатты қорғау үшін  алдымен жасыл желекті көбейтуіміз керек.

Біз бұл сайысқа қыркүйек айынан бері дайындалдық. Жарнама арқылы біз ақтөбеліктерге, барша қазастандықтарға табиғатты қорғау керектігін түсіндіргіміз келді. Жас болсақ та табиғатқа, Жер-Анаға қолымыздан келер көмегімізді бергіміз келеді, – дейді Ғ.Ақтаев атындағы №6 орта мектептің 8-сынып оқушысы Альбина Байдырақманова.

Шара барысында бастама жұмыстары негізінде әр мектептің жас эколог топтары марапатталды.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button