Мәдениет

Жұбановтар еліндегі музыка мерекесі

Облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармониясының ұйымдастыруымен өткен «Жұбановтар әуені – 2023» халықаралық вокалистер фестиваль-байқауы өз мәресіне жетті.

Облыс мәдениетінің брендіне айналған жоба

Қазақ кәсіби музыка өнерінің негізін салушы, академик Ахмет Жұбановтың және ұлағатты ұстаз, композитор, Ғазиза Жұбанованың есімін мәңгі есте қалдыру, ұлттық мәдениетті  дамыту, шын таланттардың кәсіби шеберлігін арттыруды мақсат еткен «Жұбановтар әуені» фестиваль-байқауы өңірде 2006 жылдан бері өткізіліп келеді. Алғашқы жылдары «Жұбанов көктемі» деген атаумен өткен байқау талай дарынның жұлдызын жақты.

Биылғы өнер додасына 30-ға жуық өтініш қабылданған. Қашықтан тыңдау нәтижесінде 16 үміткер іріктеу кезеңіне жолдама алды.

Сейсенбі күні Өнер орталығында баспасөз конференциясы ұйымдастырылып, оған қазылар алқасының төрағасы — халық артисі, опера әншісі Нұржамал Үсенбаева, сондай-ақ қазылар алқасының мүшелері — Литва музыка және театр академиясының музыка факультетінің деканы, ән кафедрасының профессоры Стапонкус Дейвидас, Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Өзбекстан мемлекеттік консерваториясының арнайы фортепиано кафедрасының меңгерушісі, доцент Мадина Файзиева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының вокалдық труппасының директоры Азамат Жылтыркөзов қатысты.

Алдымен сөз алған облыстық филармония директорының міндетін атқарушы Айбек Кемал қазылар мен қатысушыларға сәттілік тілеп, байқаудың шымылдығын ашып берді.

—Фестиваль-байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңінде қатысушылар шетел, орыс композиторларының операларынан кеңейтілген ария, Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың операларынан ария немесе ариоза және әр қатысушы өз елінің халық әнін орындайды. Ал екінші кезеңде қазақ оркестрінің сүйемелдеуімен Қайырғали Қожанбаевтың бір әнін немесе романс орындауы керек.

Биыл «Жұбановтар әуенінің» аясында Ахмет Жұбановтың шәкірті, ҚазКСР-нің Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, профессор, композитор, дирижер Қайырғали Қожанбаевтың 85 жас мерейтойы аталып өтіледі, — деген Айбек Кемал қатысушылар назарына байқаудың шарттарын тағы бір еске салды.

Биылғы бас жүлде сомасы —  1 000000 теңге. Жалпы жүлде қоры — 5 000 000 теңге.

Бұдан соң фестиваль қонақтары Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Байқаудың бірінші кезеңі дәл осы күні сағат 11.00-де басталды.

«Жұбановтар әуенінің» жаңа жұлдызы

14-15 қараша күндері Өнер орталығының сахнасында еліміздің ірі қалалармен өңірлерінен, сондай-ақ Литва, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінен келген вокалистер өз өнерін қазылар алқасы мен жұртшылық назарына ұсынды.

Байқау нәтижесі бойынша бас жүлде «Astana opera» халықаралық опера академиясының тыңдаушысы, сайысқа туған өлкесі — Петропавл қаласының атынан шыққан Ләйлә Аламановаға бұйырды (1 000 000 теңге).Ал 1-орынды Астанадан келген Бақытжан Сұлтан мен ақтаулық Талғат Аллабірінов алды (750 000 теңгеден). 2-орындыРесейдің Саратов қаласынан келген Аббосхан Рахматуллаев пен түркістандық Аружан Алпысбаева иеленсе (500 000 теңгеден), 3-орынды Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының солисі Гаухар Саламас пен Литваның Вильнюс қаласынан келген қатысушы Александр Константин өзара бөлісті(350 000 теңгеден).

Бұдан бөлек Қазақстан Вокалистер одағының арнайы сыйлығы (200 000 теңге) тағайындалған болатын. Аталған сыйлықпен қатар, 2023-2024 жылдар аралығында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрындаопера айту мүмкіндігі Алматының намысын қорғаған Аяжан Қуаншалиеваға бұйырды.

Байқаудың 4 қатысушысы дипломант атанып, 150 000 теңгеден ақшалай сыйлыққа ие болды.

«Жұбановтар әуені — 2023» фестиваль-байқауының «Үздік концертмейстер» номинациясы Дина Ниязова мен Ұлан Құлмаметовке берілді (100 000 теңгеден).

Марапаттау рәсімінен соң байқау жеңімпазымен сөйлесудің сәті түсті. Ләйлә Аламанова Жұбановтардың еліне отбасымен бірге келгендерін айтты.

— «Бұйырған кетпейді» дегенге көзіміз анық жетті. Бұл фестиваль-байқауға қатысу туралы өтінішті жолдасым Бақытжан Сұлтанов екеуміз іріктеудің ең соңғы күні — 1 қарашада тапсырғанбыз. Бағымыз бен бабымыз қатар шауып, мен — бас жүлдені, күйеуім 1-орынды алды. Өте қуаныштымыз. Қонақүйде анамызбен жеті айлық баламыз күтіп отыр (күліп-ред). Біз үшін сәтті сапар болды, — деген Ләйлә бұл байқау жай ғана фестиваль емес, үлкен естеліктерімен есте қалатын тарихи оқиға екендігін айтты.

Ләйлә Петропавл қаласындағы Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжін бітіріп, Қазақ Ұлттық Өнер университетіне түседі. Оқуын ойдағыдай аяқтаған соң жолдасы Бақытжан екеуі білімін Италияда жетілдіруді жөн санап, Пезаро қаласындағы Джоакино Россини атындағы консерваторияға құжат тапсырады.

— «Жұбановтар әуені» біздің есімізде оқуымызды аяқтап, елге келгендегі алғашқы байқауымыз ретінде есте қалатын болды. Бұған дейін де жеткен жетістіктеріміз көп. Бірақ Жұбановтардың атынан алған бас жүлденің орны бөлек, — дейді Ләйлә.

Нұржамал Үсенбаева, қазылар алқасының төрағасы:

— Ақтөбе — мәдениетке мән берген өңір. «Жұбановтар әуені» — соның жарқын көрінісі. Осындай өнер, музыка мерекесі үшін Ақтөбе облысының әкімдігіне, Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармониясының басшылығына алғысымды білдіремін.Мұндай байқауға жолдама алудың өзі үлкен жеңіспен пара-пар. Сондықтан бұл байқауда жеңілген адам болған жоқ. Барлығы — жеңімпаз.

Азамат Жылтыркөзов, қазылар алқасының мүшесі:

— «Жұбановтар әуені» — Жұбановтар елінде талай таланттың жұлдызын жаққан байқау. Ең алғаш 2006 жылы «Жұбановтар көктемі» деген атаумен өткен кезінде осы байқауға қатысып, жүлделі 2-орынды иеленген едім. Ол кезде қазылар алқасына Ермек Серкебаев ағамыз төрағалық еткен болатын. Бұл жолы қазылар алқасының қатарында мен де бармын. Мен үшін бұл — зор құрмет. Байқау өте жоғары деңгейде өтті. Бірақ барлығымыз бір шешімге келіп, мықтылардың мықтысын анықтадық. 

Ахмет Жұбановтың шәкірті — 85 жаста

Фестиваль-байқаудың гала-концерті  Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің кеңесшісі, композитор, дирижер, ҚазКСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қайырғали Қожанбаевтың  «Ризамын тағдырға» атты шығармашылық кешіне  арналды.

Мерейтой иесіне, кезінде  ұстазы, қазақ музыкасын кәсіби тұрғыда күллі әлемге танытқан композитор, академик Ахмет Жұбанов:«Қайырғали — шебер домбырашы, ойлы музыкант. Дирижерлық аппараты жағынан ол — өз алдына ерекше тұрған жас», — деп баға берген екен.

Шәкірт сол бағаныңбәсін түсірмей, ұстазына да, ұлтына да адал қызмет етті. Етіп те келеді.

Кеш шымылдығы  Қайырғали Қожанбаевтың  «Арнау» атты  төл туындысымен ашылды. Бұл — аз ғұмырында  ерлік пен елдікті мәңгі мұратына айналдырған,  Ақтөбе жерінде рухани құндылықтардың жоқтаушысы бола білген профессор   Мұхтар Арыновқа арналған шығарма.

Жиналған өнерсүйер көрермен Қайырғали Қожанбаевтың оркестрге лайықтаған термелерін тыңдады.

Кеш соңында сөз алған облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Сәлімқызы мерейтой иесіне облыс әкімі Асхат Шахаровтың құттықтау хатын тапсырды. Сондай-ақ фестивальдің қазылар алқасының төрағасы Нұржамал Үсенбаеваға Алғыс хат табыстады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button