Мәдениет

Даланың иісі аңқып тұратын әндердің авторы

«Арғы атаң Арынғазы дүмбірлеген» дейді ғой Махамбет Баймағамбет сұлтанға арнаған өлеңінде. Сұлтанға ашуланса да, жақсы атасының есімін ұлықтап тұр. Қазақтың болмысы — осы. Жігіттің жақсы аты шықса, «е, атасы жақсы еді ғой» дейді. Жаман аты шықса да, кінәні шыққан тегінен іздейді.
Нұрталаптың атасы — Жүсіп Ақбаев кешегі аласапыран заманда Алашорданың бар ауыртпалығына иығын тосқан ірі тұлға. Белгілі журналист, өлкетанушы Рахымжан Өтеміс 2009 жылы 13 шілдеде «Ақтөбе» газетінде жарияланған «Ізгі мұраттың бір ізі атты мақаласында былай дейді: «Кешегі кеңестік дәуірде есіміне «алашордашы», «алашорда офицері», «молда» деген сол қоғам ұғымындағы құбыжық атаулар тіркескен Жүсіп Ақбаевтың өмір жолына қатысты қызықты, маңызды деректер де ел аузында сақталған. Сол әңгімелерде Жүсіп Ақбаев «Алашорданың бас идеологтарының бірі болған» делінеді. Сонымен бірге біледі деген көнекөз кісілердің «Жүсіп молда — Міржақып Дулатовтың үзеңгілес серігі» деген әңгімелерді де жиі естиміз. «Жел болмаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, мұндай әңгімелердің де бір негізі бар болуы тиіс. 1918-1919 жылдары Алашорда әскерін басқарып Міржақып Дулатов Ырғызға келді, сол кезде онымен Ырғыздағы белсенді алашордашы Жүсіп Ақбаевтың кездескені анық. 1918 жылы Ырғызға Алашорданың шабуылы сәтсіз аяқталғанда, Ж.Ақбаев соларға еріп бірге кеткен. Ел мен жер тарихын терең білетін, арабша сауатты, жалпақ Ырғыз өңіріне беделі жүріп тұрған Жүсекеңнің Міржақыптай ұлы тұлғамен көзқарастары үйлесіп, сөзі жарасқаны дау тудырмайды. Алашорда үкіметі таратылып, Қазақстанда кеңес үкіметі орнағаннан кейін 1926 жылға дейін Міржақып Орынборда қызмет жасаған, Жүсіп екеуінің осы аралықтарда бірнеше рет кездескені анық. Міржақыптың арманы орындалмай, сағы сынып, жігері мұқалып жүрген кезде Жүсекеңмен талай сырласып, шер тарқатысқан сәттері аз болмаған. Бұлай дейтін себебіміз, Жүсіп атамыз кейінірек сенімді деген адамдарына сирек әңгіме шерткенде Міржақыптың есімін жиі атайды екен».
Ел арасында «Жүсіп молда» атанған тау тұлғадан Мейірхан туған. Мейірханнан Ерболат, Ерболаттан Нұрталап туады. Сонда Жүсіп Нұрталаптың бабасы болуға тиіс. Бірақ ол атам дейді. Оның себебі бар. Нұрталап — Ерболаттың тұңғышы. Ал тұңғыш ұл әдетте әке-шешеге беріледі. Басқа жерді қайдам, біздің Ақтөбеде бұл дәстүр қатты сақталады. «Бір ыстық дәстүрі ғой туған жұрттың, Баламды бауырыңа алып бала қылдың» дейді Ізтай Мәмбетов жұрт көңіліне бекем орныққан стереотиптерді тас-талқан қылған атақты «Өгей шешеме» атты өлеңінде. Ақтөбенің ақтаңгер ақыны Ертай Ашықбаевтың үлкен ұлы Азамат туған әке-шешесімен әлі күнге дейін аға-жеңгесіндей сөйлеседі. Әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің «Қанаттың баласы» болғаны беріде ғана. Іштей әлі де Құдайберген мен Миуаның баласы ол! Әрине, қазір бұл дәстүр туралы әртүрлі әңгіме көп. Бірақ ата-әжесінің бауырында өскен баланың кем болғанын көргенім жоқ. Өйткені үлкен кісілердің мол мейіріміне шомылып өскен бала аңғарымпаз болады. Ешкім бетінен қақпағасын еркін өседі, азат ойдың иесі болады. Жақсылыққа, ізгілікке, әсемдікке ұмтылады. Көкірегінде ән есіп тұрады.
Нұрталап та бұла өсті. Ырғыздың сексен көлінен ұшқан аққу-қаз арманшыл баланың кеудесіне ән боп қонды. Алғашқы әнінің «Ырғызым — ырысым» атануы да тегін емес-тін. Сөзін ауданның сол кездегі басшыларының бірі Нұрқасым Сәрсенбаев жазды. Иә, бір кезде ауданды сөз патшасы — Өлеңнен алыс емес азаматтар басқарған. Олар ауданның шаруашылығын дөңгелентіп қана қоймай, мәдениетін де ұмытқан жоқ. Ақын-жазушыны құрмет тұтты, олардың шығармаларын түгел оқып, ретті жерінде сөзіне тұздық қылып қосып отырды. Әйтпесе Ырғыз секілді сөз қонған өлкені басқарып отыруы мүмкін емес-тін. Кітап оқыған адамның ішінде бір ыңыл жүреді ғой, өздері де ауылдың алты ауызынан кенде емес-тін. Мысалы, кезінде Ырғыз ауданының әкімі болған Кенжеғали Толықбаев Нұрталаппен бірге «Ырғыз өзені», «Ақши сазы» атты екі ән жазды. Жоғарыда айтылған үш ән, бұған қоса Нұрада туып, өмірден ертерек кеткен талантты ақын Серік Сатановтың сөзіне жазылған «Шаттық шашуы», ауылдан алысқа ұзамаса да, өлеңін ылғи баптап отыратын Серғали Қоблашовтың сөзіне жазылған «Шеңбертал-әнім», «Қызылжар-әнім», «Ырғыз толғауы» атты әндері Нұрталапты «Ырғыздың Шәмшісі» атандырды.
Нұрталапты жұртқа кең танытқан әннің бірі — «Аға». Кенжеғали Толықбаев — өзінің рулас ағасы, әке-шешесінің (ата-әжесінің деп ұғыңыз — Б.Б) ерекше сыйласқан адамы. Сол Кенжекеңнің мерейтойы кезінде Ерболат аға бір ұсыныс айтты: «Жақсы ән жазу керек». Біраз толғанып жүрді. Жалпы, ән жазатындар біледі, ән туарда жүреккке «дік» етіп бірдеңе әсер етуі керек. Әйтпесе бәрі бекер. Сөйтіп жүргенде Нұрсұлтан Әлімқұловтың кітабы қолына түсе қалғаны. Парақтап отырып, «Аға» деген өлеңін тауып алды.
Атыңнан айналайын аға деген,
Мен сенен өмір нәрін ала берем.
Сен маған жақсы аға бола білсең,
Мен саған жақсы іні боп қала берем.
Ойбай-ау, мынау өзі іздеп жүрген сөз ғой. Ыңылдай бастап еді, ән орала кетті. Құйылып тұр. Тойда орындағанда Кенжеғали ағасы қатты риза болды.
Кешікпей «Аға» күллі Қазақстанды шарлап кетті. Өзі аға дейтін әкесі Ерболат та шырқады бұл әнді. Кейін сол «ағасынан» ертерек көз жазып қалған кезде «Аға» өзінің де сырласына айналды. Талай рет көзіне жас ала отырып шырқады. Беу, дүние, кейде осындай тылсымыңмен де қымбатсың ғой…
…Ырғыздан Ақтөбеге қоныс аударған сәтте Ерболат ағамыз облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Қазіргідей бір жерден шай іше салу дейтін «дәстүр» жоқ кез. Ол уақта кафе-мейрамханалар да тапшы еді ғой. Республикадан келген қонақтарды тура үйге алып келетін. Кейде облыстық газеттің қызметкерлері де ағасымен бірге түстікке құлайтын. Бұл солардың қолына су құйып, қызмет етеді. Әңгімесін тыңдайды. Ертай Ашықбаев, Әлімбай Ізбай ағаларымен осылай танысты. «Ертай ағаңның өлеңдерін оқы» — дейді «ағасы». Бұл басын изейді.
Сексенінші жылдардың аяғынан бастап көп ақтаңдақ ашылды ғой. Құдайберген Жұбанов ақталып, есімі Ақтөбедегі жоғары оқу орнына берілді. Енді бұрынғыдай Ахмет Жұбановтың аты жеке аталмай, ағасымен бірге аталатын болды. Ақ шаһарда «Ағайынды Жұбановтар» көшесі пайда болды. Бір күні Ерболат «ағасы» Ертай Ашықбаевтың қолжазба күйіндегі өлеңін алып келді. «Ағайынды Жұбановтар». Әнге лайықтап жазыпты. Қайырмасы да бар:
Ағайынды Жұбановтар,
Аңсағанда сұрадық нәр.
Қайта оянған ұлы алыптар,
Жұбановтар, Жұбановтар.
Жақсы өлең ән шақырып тұрады ғой. Ән туды. Иә, шығарған жоқ, туды. Өшкені жанып, өлгені тіріліп жатқан халықтың қуанышын еселейтін ән еді бұл. Әлі күнге дейін сахна төрінен түспей келе жатқаны да содан болар.
Орал-Қосай Байсеңгірдің сөзіне жазылған «Нағашыға арнау» атты әні де той-мерекенің сәніне айналды.
…Өмірде Нұрталап — өте жайсаң жігіт. Ақсия күліп жүреді. Мүлде ашуланбайды. Көп шаруаға басын ауыртпайды. Мысалы, көлігін ауыстыра салу деген бұған түк емес. Плюс-минусын есептеп жатпайды. Әп сәтте келісіп, жаңа иесіне кілтін ұстатып жүре береді. Былайғы жұрт «Өй, әбден желініпсің ғой…» десе, бұл жымия қарайды. Бір ғажабы, сол ұтылған дүниесінің есесін Құдай артығымен қайтарып жатады.
Көлікті айтасыз, бұл үй ауыстыруға да шебер. «Ойпырмай, Нұрталаптың келесі соғымын қаланың қай бұрышынан жер екенбіз?» — депті бірде бір ағасы қалжыңдап. Үш жылда Нұрболат ауыстырған үш үйден дәм татқасын айтқаны да. Әйтеуір, келіншегіне адал. Жастау кезінде: «Жоқ, Нұрталап, жоқ. Телефоны өшірулі тұр. Телефонын айырып тастап, бір жерде айырылып жатқан шығар…» деп күйіп жүретін Сағадат бүгінде жайдары жымияды. Ұл үйленіп, немерелі болғалы тіпті байсал тапты. «Қосағымен қоса ағарды» деген осы шығар.
«Нұрталап Алматыда не Астанада жүргенде атағы шарықтап шығар ма еді?» дейтіндер бар. Әрине, қазақтың қай жеріне де сыяр еді. Көркем мінезімен, әдемі әнімен қай ортаға да сіңер еді. Бірақ:
Күнде алшы түсірсең де асығыңды,
Көрмейді жат жер сені тасы құрлы.
Шеңгел де өз жерінде дүркірейді,
Әркімнің өз елінде басы құнды, — демей ме халық әнінде. Нұрталап та туған топырағында дүркіреді. Дүркірей де береді.
«Мен жусанға інімін.
Шеңгел болып кектенем —
Көкпек жаққан көне үйдің
көжесімен көктегем» — Мейірхан Ақдәулетұлы ағасы айтқандай, Ақтөбеде тұрып-ақ даланың исі аңқып тұратын әндерімен күллі қазақ даласын жаулайды әлі-ақ. Мен соған сенемін. Сіз де сеніңіз!
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,
ақын, халықаралық TÚRKISTAN газетінің бас редакторы.

Өнер мен өмір

Бір күні мені Нұрталап іздеп келіпті. Таныстық. «Құрдас екенбіз, ағам елуге толатын еді. Сол кешті жүргізіп берсең», — деді. Ағасы Ырғыз ауданының мәдениетін басқарған Ерболат Жүсіпов екен. Ол кісінің де Ақтөбеге көшіп келгеніне көп бола қоймаған кезі, өзі педколлежде оқытушы көрінеді. Алдымен, сол оқу орнында шығармашылық кешін жасайтын болды. Кеште қандай ән-күй орындалатынын біліп алып, сценарий жазуға отырдым. Ерболат ағамыз маған Нұрталапты «інім» деп таныстырды. Кеш өтуге бір айдай уақыт бар. Сол арада үйіне бірнеше рет шақырды. Бір күні шағын отырыс жасап, оған құрдастары келді. Жолдастары сайдың тасындай іріктелген, шетінен «сен тұр мен атайын» екен. Әйгілі хирург Нағашыбай Ақатаев бастаған, атақты музыкант Болат Бекниязов қоштаған, Жұмекенше айтқанда, «ауызынан гүл төгілген» жігіттер екен. Шеттерінен күйші, әнші, ақын, айтқыр. Мен де барымды ортаға салдым. Нағыз дүбірлі думан болды. Арасында Ерболат ағамыз бен Аққыз апамыз қосылып ән салады. Ал оларға деген құрдастарының ықыласы бөлек. Әсіресе «Сары бидайды» айтқанда көңілді теңіздей тербейді. Ақтарылған әзіл, ән мен күйдің есебі жоқ. «Деген екеннің» талай түрі айтылды. Содан кейін мен қолым қалт етсе Ерболат ағамды іздейтін болдым. Нұрталаптың үйі ағасына көрші тұрады. Бір күні ағамыз шығарып салып тұрып: «Нұрталапқа да соғып тұр, құрдасың ғой», — деп қалды. Мен өзі әу бастан шалдардың әңгімесін көп тыңдағасын ба, үнемі үлкендердің әңгімесін жақсы көретінімді, оның үстіне шығармашылық кешіне сценарий жазатын болғасын әбден зерттеп жүргенімді қайдан білсін.
Сөйтіп, кеш өтетін күнге де жеттік. Көрермен толы зал. Сахнада оркестр. Дирижер — Нұрымбет ағай. Ән қалықтап қанат қақты. «Жақсы әнші әнге ән қосады» деген рас, ұлттық аспаптардың қоңыр үнімен, қазақы бояуы қанық Ерболат ағамыз бен Аққыз апамды мүлде басқа қырынан таныдым. Нағыз өнер адамы деген осы болар. Сахна мәдениеті, киім үлгісі, сахнадағы жүріс, микрофон ұстауы, көрерменмен байланыс… бәрі, бәрі жарасымды. Мен де әдемі кешті барынша әрлеп отырдым. Ән айту кезегі отбасына келді. Нұрлан, Айнұр өнерлерін көрсетті. Біздің Нұрталап «Атыңнан айналайын аға деген» деп шырқады. Сөзі мен сазы үндескен әдемі әнді көрермен өте жақсы қабылдағаны қошеметтерінен білінді. Ән авторы Нұрталап Жүсіпов дегенімде, аға мен інінің арасынан ұқсастық көріп отырған жұрт одан сайын дүркірете қол соқты.
«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген ғой. Нұрталаптың бойында қанмен келген үлкен дарын бары рас. Ол жазған әндер көңілге жылылық ұялататын, халықтың жүрегіне жақын туындылар. Сол үшін де жұрт оны «Ырғыздың Шәмшісі» атандырды. Нұрталап Жүсіпов — өзінің төл туындыларымен, жүрекжарды әндерімен Ырғыз өңірінің музыкалық шежіресін жасаған суреткер сазгер! Әндері республикамыздың үлкен сахналарына жол тартты. Өнерге алғаш қадам басқан шақта, Нұрталап әнін шығарса, мен сөзін жазып, Аймұрат орындайтын. Бізді «ошақтың үш бұты» дейтін достарымыз. Ал әндерімізді әрлейтін, аранжировка жасайтын Бақытбек Зейнеловті, біздің жазғанымызды төкпей-шашпай, бабын келістіріп пісіретін киелі қара қазанға теңейтінбіз. Алғашқы ән жинақтарымызды Қанат Айтбаев жетекшілік ететін «Димаш-Әли» шығармашылық орталығынан шығардық. Әр әніміздің шығу тарихы — бөлек әңгіме. Мен Жастар сарайына басшылық жасаған кезде, Нұрталап көркемдік жетекші болды. Жұбанов университетінде әлі күнге жалғасып келе жатқан жастарға арналған «Жұбанов жұлдыздары», ұстаздарға арналған «Біз де студент болғанбыз» сияқты жобалар біздің ортақ идеяларымыздан туған. Әлі күнге екеуміздің басымыз қосыла қалса, бір ән жазбай тарамаймыз. Сондай әннің бірі — «Құтты мекен».
Нұрталаптың тағы бір ерекшелігі — тез шешім қабылдайтыны. Өмірде оптимист болу көп адамды өрге жетелейді. Қазір Ақтөбедегі өнегелі отбасының иесі. Жары Сағадат екеуі алтын асықтай ұл-қыздарын өсіріп, немере сүйіп отыр. «Жастай берген тәрбие жас шыбықты игендей» деген бар емес пе?! Өнер жолын қуған Айша-Бибі қызымыз болашағынан көп үміт күттіреді.

Орал-Қосай БАЙСЕҢГІР,
ҚР Мәдениет саласының үздігі.

Жан дүниеңді баурап алатын сырлы да сазды әндердің авторы, әнші Нұрталап Жүсіповтің мерейлі 50 жасқа толуына арналған «Шаттық шашуы» атты шығармашылық кеші 21 қараша күні сағат 18.00-де Өнер орталығында өтеді. Дәл сол күні сағат 11.00-де С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Атыңнан айналайын аға деген» атты кітабының тұсауы кесілмек.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button