Әдебиет

Мейірханның миссиясы

Биыл Алматыдағы «Керемет Медиа» баспасынан белгілі ақын,  халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, сондай-ақ Ж.Нәжімеденов пен Қ.Шаңғытбаев атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Мейірхан Ақдәулетұлының 5 томдық таңдамалы жинағы жарыққа шығарыла бастады. Ал 15 қарашада Ақтөбеде «Мен Тәңірдің зор қатесі шығармын…» деген атпен ақынның жыр-сұхбат кеші өтеді. 

Осыған орай біз оқырмандарымызға ақынның жырлары мен Серік Ақсұңқарұлының «Мейірханның миссиясы» атты мақаласын ұсынып отырмыз.

Әдеби орта —

Әлем бір тосын ісі, —

Совет пенен Сәбеңнің қосындысы.

Маң-маң басып біреу жүр «біз ақпыз» деп,

Мағжанды ұстатқан — осы кісі!

Нашар шәйір неге анау жақсы-ақ жігіт,

Бір жасаймыз бір өлең тапсақ жібіп?

…Академик болды-ау, бір ағатайым,

«Мағжан деген — ұлтшыл!» деп қақсап жүріп…

Мынау әулет — қатыгез, қаралы әулет.

Өз-өзінен өртеніп жанам-ау кеп:

Мұқағали жынды… деп жүрген көкем,

Көзін сығып өксіп тұр:

«Данам-ау…» деп.

О, Алматы…

Алматы-ай, гүл-гүл бағың,

Гүл-гүл бағың қылды ғой дүлдүл бәрін.

Алаш Анам осында жинап алды,

Менен басқа сайраған бұлбұлдарын.

Зәрем ұшса басымды торып қайғы,

Жұбатар бір мұсылман жолықпайды.

Асып туған осылар адамзаттан,

Именбейді-ау, ешкімнен қорықпайды.

Ал мен жүрмін ұша алмай аспандап бір,

Көзім алды — қыл-көпір, баспалдақ құр.

Қарсы алдымда Абай тұр қабақ түйіп,—

Қасымым тұр қасқайып!

… Пастернак тұр…

Баяғыдағы әдеби ортамыздың бет-бейнесі, образбен айтқанда, осындай еді. Әлі де — сол… Мейірхан Ақдәулет қазақ әдебиетіне осы кезеңде келді. Мыңдаған бояуы көзіңді құбыла арбап, көңілге нұр, көкейге шер ұялататын қазақ жырындағы ешкімге ұқсамай, өзгеше болмыс, өз дауысымен жарқ етіп келді! Келді де, өлең жазбай кетті… «Өзіме ұнайтын 17 өлеңім бар, — дейді ол. Одан басқасын өлең деп отырған жоқ. Ал біз ше?! Жасыратын несі бар, бізге «шөп теөлең, шөңге де өлең» ғой?!

Қазақ өлеңінің құдіреті шексіз. Өлең — халықтың өз жаны, жүрегі. «Әлемге, озықтарға еліктеу» дейтін нәрсе бізде бұрыннан бар. Бұл, сайып келгенде, отарлық сананың кесірі мен ұлттың аздығы себепті пайда болған «кембағалдық комплексі». Өзін қор санаудың, өзінікін менсінбеудің, өзін танудан қашудың көрінісі. Әйтпесе саған өзге ұлттың інжу-маржаны да ешнәрсе бере алмайды. Мәселен, хайку. Бұл тілдегі, әдебиеттегі ғана құбылыс емес, бұл — жапонның философиясы мен дүниетанымының, әйгілі дзен-буддизмнің ерекше философиясының әсерімен ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттың танымдық, сезініп-түйсінушілік, эстетикалық деңгейдегі тұтас болмысы. Ол орысқа да, қазаққа да ештеңе бере алмайды. Таным үшін, бәлкім, баяны жоқ эксперимент үшін біреулерге (қызық үшін) қажет те болар. Бұл — бір. Хайкуге балаша қызығу, оны бала қыздың аңғал сентиментализмімен әулие тұту ақымақтықтың басы ғана емес, ол өз қазағыңның ғажайып поэзиясын толық білмеу немесе түсіне алмаудың белгісі дер едім. Сол оқымысты-еліктегіштерге бізде хайкудың көкесі бар деп, мынаны оқып бер:

«Ертістің ар жағында бір терең сай,

Сүйреткен жібек арқан телқоңыр тай…

Ағаштың бұтағына қонып алып,

Сайрайды таңмен бірге қараторғай», — дейді Мейірхан.

Қазақтың қара өлеңі — әлемдегі озық поэзияның ең кемеліне келген үлгісі еді! Ал қазір не болып барады?! Әлеуметтік желідегі «мүшайраларға» көз салып, қараңызшы? Бүгінде онда қара өлеңді «модернизациялау» дейтін науқан жүріп жатыр! Батыстың ақ өлеңін тізеге салып, қазақ топырағына сіңіре алмайтынын сезбейді олар! Қара өлең әлімсақтан қазақпен бірге туған. Бірге өледі…

Қазақ поэзиясындағы ең ұлы реформатор Абайдай-ақ болар? Жасампаз, жаңашыл дейтін Абай да, Мағжан, Ілияс, Қасым, Мұқағали, Жұмекен де ғасырлар керуенімен бірге келе жатқан қасиетті қара өлеңнің болмыс, бітіміне осыншалық зорлық, зомбылық жасамаған-ды, қайта оған еуропалық өлең мәдениетінің озық үлгісін ғана сіңіріп, кемеліне келтіріп кеткен-ді.

Мыналарда сезімді селт еткізіп, ойды одан сайын тереңдетерлік түк те жоқ, қара басының гөй-гөйін күйттеген бірдеңе… Соноу эпостан бастау алып, жыраулар поэзиясымен ғасырларды көктей өткен қара өлең бұған дейін, дәл осылайша қорланған, зорланған емес-ті! Бір топырақта өскен өсімдіктің өзі екінші бір топырақта өсе бермейді. Бізде жусан деген шөп бар. Оны басқа жерге ексең —өспейді, қурап қалады! Қара өлең де осы жусан секілді, жер таңдайды, ел таңдайды! Қазақ өлеңіне ақ өлеңді зорлап таңуға болмайды! Қазақ одан ләззәт ала ма? Жоқ! Сонда одан кім, не алады?!. Бұл өнер емес,өлермендік қой!

Біздің кезімізде цензура болды, тыйым, тізеге салып, тұқырту деген де болды. Мыналарға рахат, әлеуметтік желілерде ойына келгенін айтып жатыр! «Ай дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ»! Баяғының халтуршиктері өз шамасын біліп, үндемей, қойдан қоңыр болып жүруші еді… Бұлар фейсбуктің бетінде сап құрып, төбемізден қобыз тартып келеді! Түстері — суық! Өздерінен басқа ешкім жоқ! Бұлар өздерінің дарынсыздығын «модернизм» дейтін пәлекетпен жасырғысы келеді! Бірақ бәрі де алақанға салғандай көрініп тұр ғой: ақынның табан тірері — топырақ, одан ат кекілін кескен адам ақын емес,халтуршик болады!

Ел Мейірхан өлеңді неге тастап кетті деп аң-таң қалады. Мен таңданбаймын, онікі дұрыс, біздікі, мүлде, қате болды! Біз ғұмыр кешіп отырған осынау тар кезең өлең жазатын заман емес екен. Ең әуелі ел-жұртты жөндеп алу керек еді! «…бүгін Тәуелсіздіктің соңғы күні…» — депті оттаған біреу(15.12.2018 жыл,фейсбук әлеуметтік желісі). Бұлай айтуға қалай аузы барады?! Елдік мұраты, қазан-ошақ, бала-шаға-немелелері жоқ па?! Тәуелсіздік көшедегі көрінгеннің ойыншығы ма сонда?!

Ішерге асы, киерге киімі, алдында көз тоқтатар арман, мүддесі жоқ қазақ өлеңді қайтеді?! Мейірхан соны біздің бәрімізден ерте аңғарып, әрісіАбай, Әлихан, Ахмет, Міржақып, берісіШерхан, Камал, Нұрмахан Оразбек, Марат Қабанбайлардан қалған қарасөз — көсемсөзге кетті! Мейірханның миссиясы —ұлтқа қызмет ету ғана! Біздікі оған мүлде керағарлау болып тұр: ханымыздан бастап, қарашамызға дейін ұлт бізге қызмет қылса дейміз,әлімізге қарамай! Орыста мұндай адамдарды «Генератор идей», «Подвижник наций», «Прорабы духа»деп әспеттеп, басына көтереді! «Подвижник нацийдің» қазақша баламасын таба алмай отырмын. Образға орап айтқанда, өзiнiң қу қарақан басына қарамай, ұлты мен ұлысын ғана ойлайтын азамат дегенге келiңкiрейдi. Олар атақты Третьяков галереясын ашқан көпесiнен бастап, сутегi бомбасын жасап, кейiн өз iсiне өзi өкiнген диссидент, академик Сахаровты, тiптi орыстың халық хорын құрған хормейстрiне дейiн осылай атайды. Біз болсақ, «Мейірхан өлең жазбай кетті…» — деп, олардың сыртынан неше түрлі өсек, қаңқу сөз айтамыз. Жеткен жеріміз әзірше осы, осы-ақ боп тұр!

Қазақ интеллигенциясының бір ит мінезі, Абайша айтқанда, «өзінде бармен көзге ұрып, өзгеден артылу» болып тұр, өз елін өзі менсінбейді, мен білгенді ел білмейді деп ойлайды?! Қазақ — атамзаманнан тұрмысындағы күлді-көмешті көзіне де ілмеген ақсүйек жұрт. Бұ жұртта бұған дейін барлығы өз орнында болған. Батыры елін қорғап, ақыны шерін ақтарған. Қөңіліндегі кірбің, кеудедегі кегі ғасырлар бойы қара өлеңмен шайылып кеткен. Шайыла береді. «Қазақ — ақын халық» дейтінісодан. Ақындарына ғана ақыртып сөйлетіп, ақиқатты айтқызған. Өзі үн-түнсіз отыра береді… Соған қарап ел ол Абайын да түсінбейді деп ойлайды. Оның сезбейтіні, білмейтіні — жер астында. Ішқұсасы шегіне жеткен күні жарылады ол, лапылдап! Құдай сақтасын?! Ол да сақтанса ғанасақтайды ғой? Ұлт — Құдайдың туындысы! Қазақ та — солай! Оны зорлап, басқа ұлысқа (советтік, дүниежүзілік англо-саксондық ұлт, т.б.) айналдыруға болмайды! Мейірхан Ақдәулеттің өзекжарды ойы — осы. Осы ғана… Бұл жалғыз ғана оның ғана емес, ұлттық әдебиетіміздің негізгі миссиясы болуы керек еді! Ал біз не істеп жүрміз?!

Қазақ тілі құрудың алдында тұр дейді ел… Бірақ қазақ тілі дегеніміз, ең әуелі,қазақ әдебиеті, ол да қараусыз қалды деген ой ешкімнің миына кіріп шығып жатқан жоқ… Орыс әдебиеті деген — Пушкин мен Толстой , Чехов пен Горький, Достаевский мен Вознесенский болса, қазақ әдебиеті — Абай мен Әуезов, Махамбет пен Мағжан, Қасым мен Мұқағали, Төлеген мен Фариза деген сөз! Қазақ әдебиеті тезге түспей, қазақ тілі хан тағына отыра алмайды! Қазақ әдебиетін нарықтан жаралып, күшіктей қаптаған саудагер, алыпсатар, дүбәра нәсілдің аяғына таптатып қоюдың арты не болар екен?! Соның сазайын енді тартқалы жатырмыз!

Осыдан біраз уақыт бұрын «Аргументы и факты» апталығы академик Сергей Капицаның «Ресей ақымақтар еліне айналып барады…» атты дабылды мақаласын жариялады. Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының мәліметтеріне қарағанда, ресейліктердің 35 пайызы кітап бетін ашпайтын көрінеді. «Егер осы бетімен кете берсе, — деп дабыл қағады орыс оқымыстысы, —бұл елдің болашағы күңгірт». Орыстардың небары 35-ақ пайызы кітап оқымаса, қазір қазақтардың 99 пайызы оның бетін де ашпайды! Кітап оқымайтын елдің екі көзі—теледидарда… Онда күнде — шоу. Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» дәуірнамасын түпнұсқадан оқу мен теледидардан көре салудың арасыжер мен көктей! Қоғамды «ішек-қарын патшалығы» басып алды… Мәдениетті комерцияға басыбайлы құл қылудың соңы сорға айналып барады! «Мемлекет, —деп жазады академик, — өзінің күш-қуатын ақшамен немесе әскери күшпен еселей алмайды. Мемлекеттің мерейін мәдениет пен әдебиет қана тасытады! Мәдениет пен әдебиеттің даму деңгейі—ұлттық қауіпсіздіктің басты өлшемі — осы», — дейді орыс оқымыстысы. Орыстар—ой үстінде. Ал біз қашан ойланамыз осы?!.

Нобель сыйлығының лауреаты Здвард Прескотт мұнайдан түскен ақшаға әрбір қазақстандыққа депозит ашуды ұсынған дейді ел. Бізде жалғыз мұнай ғана емес, Менделеев таблицасының күллі элементі бар еді ғой? Халық арада 29 жыл өткенде ұйқысынан әзер оянып: «Шикізаттан түскен пайда қайда?!» — деп сұрап жатыр. Сол кезде сұрауы керек еді? Енді бәрі кеш. Мейірхан мұны соноу 90-жылдары шырылдап айтқан. Құлағына қыстырған бір қазақ жоқ… Қазақ «Кетеуі кеткен дүние» — дейді мұндайды. Бірақ «ештен де кеш жақсы» дейтін елміз ғой? Замана пойызы жүріп кеткен. Біз керуен сарайда қалып қойдық…

Ағылшын суретшісі Джимми Нельсон таяуда жер бетінен із-түзсіз құрып кеткелі тұрған ұлт пен ұлыстардың суреттерін жариялады. Сонда чукша, ненецтермен қатар, біздің қазақ та тұр! Алладан теріс айналса, ана тілін тәрк етіп, ұлттық әдебиетіне елінің ары мен ұяты, ожданы деп қарамаса, Алаштың да жер бетінен із-түзсіз жоғалып кетуі мүмкін?! Өзі құрдымға кеткелі тұрған елге сенің жылтыраған қызыл сөзің мен тақылдаған тақпағыңның бір тиынға да қажеті жоқ қой?!.

Әдебиетімізде сын жоқ. Талғам да таязданып кетті. Қалихан, Сайын, Қабдеш, Әкім, Дулат ағаларымыз әдебиетке әуелі әңгіме жазып келіп еді. Енді, міне, ауыл-ауылдың тантығы — кере қарыс «роман», өлермені том-том «өлең» жазып, кердең-кердең етіп, төбемізде ойнақтап жүр… Қоғам баяғы қызыл өкіметтен қалған — қып-қызыл өтіріктің ордасы! «Әдебиеттегі көлгірсіген өтірік өмірдегі өтіріктен де өте қауіпті» болып барады (Г.Маркес.)?!

Ақынның паспорты — азаматтық лирикасы. Қазіргі қарақұрттай қаптаған өлеңшілердің бәріне тән осалдық — азамат болмай жатып, ақын болсам деп арамтер болып жүргендігі. Қу қарақан басының ойы мен мұңын «жырлайтын» ұсақ-түйек пенде Әдебиет дейтұғын Әлемдік Рентген алдында кеудесін ашып тұруға тиіс емес! Тұрса, күйкілігі көрініп қалады… Мейірхан соны біздің бәрімізден бұрын сезіп қойған! Оның қара өлеңді қаңтарып қойып, Ақтөбеде «Алтын орданың» шаңырағын көтеріп, Аджиді аударатыны содан-ды. Оның поэзиясы —қазақ; дүниенің түкпір-түкпірінен соны ғана іздеп жүр ол!

Әдеби сынның басты миссиясы — «Жақсының жақсылығын айт,нұры тасысын, Жаманның жамандығын айт,құты қашсын!»болуы керек-ті. Әлеуметтік желілерге қараңыз: 60-70 жасқа дейін жөні түзу бір шығарма жаза алмаған халтурщиктер елге ақыл айта бастады! Соңында осылардың айтағына ерген, аты-жөні белгісіз қайдағы біреулер қаптап жүр. Аузы дуалы ағаларымыздың бірі Қажығали Мұханбетқали марқұм: «Жазушы жауына да әділ болуы керек»— десе, бұлардікі — «жақтым күйе, жаптымжала»? Сонысына өздерімәз-мәйрам? Өнерде «мания величия» деген ауру бар. Бұл — бұрын-соңды қазақта болмаған, бізге шет жұрттан келген эпидемиялық жұқпалы ауру, негізінен алғанда, дарынсыздар мен жалынсыздардың соқпа дерті. Тәңірі бойына жарытып татымды талант бермеген халтурщиктердің бәрі де сонымен ауырып, өлеңшіден өлерменге айналады! Кешегі Мағжан мен Сәкендер, одан бергі Қасым, Мұқағали, Жұмекен, Өтежандар сол қара пиғылды іштар қара тобырдың құрбаны болған… Дарындыларды тігерге тұяқ қалдырмай қырып жойған советтік репрессияның (1917-1991 жж.) дақпыртын Сталин мен ягода-бериялар иеленіп, рахатын сандалбай сальерилер көрді! Біз ертеңгі күнімізге осындай типтерден тазарып, ішіне май айналмайтын іштар, дарынсыз, күндестермен емес,шығармашылық потенциалы мықты, талантты да қанатты бәсекелестерімізбен баруымыз керек! Қайдағы бір халтурщиктерін қазақтың төбесіне ойнақтатып қоятын ел емес, солардан таяқ жеп жатқан таланттарға шырылдап ара түсетін өрелі жұрт керек бізге!

Талант — қанат деген сөз! Құс шамасы жеткен шыңына ұшып барып, қонады. Халтурщикте қанат жоқ. Ұшам деп, ұша алмай, жыландай жорғалап кетеді. Таланттың тағдыры одан да қиын; ол жазған өзіне-өзі мәз болып, төбедегі саңылауынан Алланың нұры түспей қалған күні талантынан айырылып, қанатынан қайырылады. Мына жалған дүниеде қанатынан қайырылған құстан өткен қасіретті жан иесі жоқ; өлі-өлгенше талантты, қанатты атаулыға ата жау болып өтеді! Әдебиеттің есігі түгіл, тесігінен сығалай алмай, көрген күні соның маңайындағы күбір-күбір, сыбыр-жыбыр өсек-аяңның өртіне май құюмен өтеді. Аянышты…

Араб ақыны әл-Марзуглидің өлеңінің бір жолы 300 доллар тұрады екен. Алтын сандықтың үстінде отырған біз 28 жылдан бері жөні түзу қаламақы ала алмай жүрміз әлі. Жарасқан марқұмның осыдан отыз-қырық шақты жыл бұрын «Араб боп тууым керек еді» дегені осындайда еріксіз еске түседі екен… Қоғамды жегідей жеген жемқорлық етімізден өтіп, сүйегімізді кеміре бастады!

Мейірханның бір сүйікті жазушысы, испанның ұлы ойшылы Хосе Ортега-и-Гассет өзінің «Тобырдың төңкерісі» деген аты шулы еңбегінде:«Олардың бойына айрықша интеллектуалдық, моральдық және өміршеңдік қасиеттер дарытады. Дамыған нәсілдерде бұл мөлшер басқаларға қарағанда әлдеқайда қомақтылау әрі қуаттылау болып келеді. Басқаша айтқанда, бір ұлт бір ұлттан өзінің таңдаулы азшылығының қуаттылығымен басым түсіп жатады. Әр ұлт өз ортасынан бойында тек өз ұлтына тән қасиеттер шоғырланғандарын ғана даралап шығарады. Көрнекті адамдардың жетіспеуі ұлт тарихына керағар әсер етеді», — дейді.

Аға сұлтан, Қаракөктің тұқымы Құнанбайдың баласы болмаған соң, басқа ақынның бойынан Тайбурылдың қырық үш күндік кемдігі тайға таңба басқандай, анадайдан көрініп тұрады. Мұны біз өзіміз байқай бермейміз, оны талғампаз да терең Құртқа-Халық (екі көзімен емес!),Тәңір берген үшінші көзімен көреді… Мейірхан да соны көріп отыр. Әдебиеттің ақи иесі, талғампаз сыншы Күреңбайы да — осы. Біз келеміз де, кетеміз. Мәңгілікке қалатын — Халық! Дәлдүріш онымен ойнайды… Хас талант оған іштей тәнті болады. Шынайы шығарма, міне, осы махаббаттан туады!

Маған жастар көп келеді. Біреуі: «Мен осы ақынмын ба?» — деп келсе, біреуі:«Менақынмын!»— деп келеді, — зәрең ұшады… Он сегіз жасымда жұдырықтай жүрегіме он сегіз мың ғалам сыйып кеткендей, өзімше мағұмұрланып жүруші едім, жетпіске тұяқ іліктіргенде содан жеті қаламгер қалды ма, қалмады ма? Қалса замандас-тұрғыластарымнан осы Мейірхан қалған шығар? Оның жазған-сызғандарын былай қойып, ауызекі сөйлескенде алатын рухани рахатым өз алдына бір бөлек: әріде — адамзат, беріде — ұлттық руханияттың тереңінен жүзіп ішкен бұл азаматтың Алашына айтар сөз, ағытар сыры әлі мол. Сондай бір сыр-сұхбатта Мейірхан Ақдәулетке арнап туған бір өлеңмен тамам болсын осы бір толғанысым:

Тәңірімен түйіспей жолдары,

Дарвин түгіл, Карл Маркс те сорлады.

Маймылдан адам шығарды, бірақ

Ол-дағы

Инсан-и-камил болмады.

Ал онда, бірақ, қақысы қанша қазақтың?

Өзі де ғажап, өзге де оған ғажап тым.

Жасынан сенгіш әулие-әмбиелерге,

Қара бұлт көшкен, аспаннан түсіп азат күн.

Әлі де асқақ өр үні.

Алаң болмағандай,

Бодан болмағандай өмірі.

Атырау — Арқа — Алатау — Алтай арасы,

Көзіне түссе, көңірсіп көктем-көңілі.

Алаштан не бір арландай асқақ ұл туды.

«Тап солай біз де сүйеміз — деген — ұлтымды…»—

Ұлдары — суайт!

Санасыз өзі, панасыз,

Әлемде біздей ел де бар ма екен бір түрлі?

Егемен болды, алған жоқ, бірақ ел есе,

Ер бола ма екен елінің қамын жемесе?

Елу миллион қазақ жүру керек-ті бұ жерде,

Елу мың тұлға туу керек-ті немесе?!

…ал біз не істеп жүрміз?..

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.

Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ

Өкініш 

(Қарттың монологі)

Дүние-ай…

дүбірлетіп шайқап едік,

Тағдырдың ұсынғанын қайта беріп…

Бүгін, міне,

бас білген қойторымыз

қытықтары басылған, сайтаны өліп.

 

Аңға шықса ілетін аңдығанын,

Қыран едік —

құты едік қанжығаның.

Туырлықтан түсе қап, қараңғыда

Қандырушы ек қалқаның бал құмарын.

 

Елік-қыздың нұр тамған гүл өңінен,

Есептесіп жатпай-ақ жүрегімен,

Іште жылан жатса да,

іңкәр күліп…

дір қақтырып қысушы ек білегінен.

 

Мөлдір судан балақты малып ішіп,

Қарап жүріп қақтығыс сағынысып,

Барымтаға барып кеп,

қалмақы ерге

Қайта қонып, тақымың тағы қышып…

 

Өттің дәурен…

Қайтейін айта беріп,

Шарабынан мәрттіктің шайқап еміп…

…Қарғап қалған Қара қыз!

Құл болар ем

көзіме бір көрінсең қайта келіп!

Мойындау

Ұмыттым бәрін!

Өзгенің ұмыттым бәрін —

Өртенуден соң сөнудің жуық тұрғанын,

Үміттерімді

жоқ іздеп мұнарды кешкен,

Күдіктерімді…

Мұңды да шығардым естен —

Бұл құдіретіңмен сен бәрін ұмыттырасың —

Көзіңмен оқып бір дұға,

күліп тұрасың.

 

Күліп тұрасың —

жүзіңе көп телміремін,

Өзіме өзім қимастай неткен гүл едің?

Әмірші жоқта жайғасып жақұт тұғырға,

Ханымын құшқан ұқсаймын бақытты құлға!

Дүние-ай…

бұл да баянсыз.

Қалтырап, әрең,

Жазмышпен жаға жыртысар қалпыма келем.

 

Қалпыма келем —

Мойнымнан білегіңді алам,

Қорғансызым-ай,

теліген тілегін маған.

Ыстық сен жайлы

ыршытқан жасыным қарып,

Сап-салқын ойға оранам батылым барып…

Терезесі ашық жанымның көресілерін

тең бөлісесің —

соныңа көп өкінемін.

 

Көп өкінемін —

өзім-ақ көретін едім.

Көргісіз отты өзіңе неге тіледің?

«Қып-қысқа-ау ғұмыр,

Қып-қысқа, неғыласың?» — деп,

Қасыңда тұрған өзімді сағынасың кеп!

«Өткінші…» деуге дәтің жоқ,

таңдай қағасың.

Тәттіні татқан Хауадан аумай қаласың!

 

Аумай қаласың…

Ал мені,

Адам Атаны

сенделткен сезім жетелеп бара жатады!

Қарауылараой 

Қайтпас болдың райдан —

Қарауылда жеңдің, Мұң!..

Қай-қайдағы ой қажытып,

Қарой жаққа телмірдім.

 

Миым уға малғандай.

Ұғар дейсің қай кісі —

Махамбет пен Абайдан қалған мұра — Қайғысы!

 

«Ұлы, ұлы…» деп, ұлып біз,

ұлылықтың не екенін

ұға алмаппыз —

қан жұтып, қайғы құсқан Екеуін…

 

«Қарауылға бардың ба,

қаралы ауыл көрдің бе?!

Қарой жаққа қараумен қара ой жаншып өлдің бе?».

 

…өлген жоқпыз. Тіріміз (әлі күнге есенбіз!) —

Мәз боласың…

Көргенің мәңгүрт — көктем, мешел күз.

Мұңнан өлген Абайды мақтап бердік қатырып,

Махамбеттің ызасы — мақалаға

тақырып…

 

«Орыны бар оңалар?» — өнер ме екен ісіміз —

Абылайдың аһ ұрып, ақырғы айтқан түсі — біз.

«Бас-басына би болған» басқаларды білмеймін —

Өзегімді шірітті өрттен қалған күлдей мұң!

 

Заман — жаңа,

Мұң ескі — екеуінің Көз жасы —

Айқын болды қазақтың арманының

тозбасы!

 

Қарауылда,

Қайнарда… елесі жүр Абайдың.

Қап-қара түн.

Қамығып Қарой жаққа қараймын…

«Қарауыл — Қарой. Қарой — Қарауыл,

Қара ауыл — қара ой

Қара ой — қара ауыл!…».

Өле алмайтын ертегі

(Есенғали Раушановқа)

 

…аңғал елдің

алдап тынды сенгені —

Ертегі өлді,

Есенғали, рас бұл!

Жалған емнің

зар қақтырды кермегі —

мені аясаң, жаңа ертегі құрастыр.

 

Сеңдей көшкен дүние бізден озарда

бір боқтармыз

«сеніп едік…» деп өксіп —

Телмеңдескен құс жолына бозарған

жетім елге

жаңа ертегі айт. Емексіт…

 

Берері жоқ безбет көкке телміреген

Жусан — ағам … жоқ бақыттан дәмелі.

Бауыздама ертегіні сен бірден! —

Бізге …соған сеніп өлу — әдемі:

 

Арғы тегін Авраамға тіреген

(Ебіреймен егіз туып, бір қалған?)

Алаш қой бұл…

Айға да азу білеген,

желіктірсе жылқы-қиял, жынды арман!..

 

Әр ертекші «әкеңмін!» деп алдаса,

Әзиз елдің асқынады дерті өстіп —

«Нағыз қазақ — домбыра» емес. Аңдасаң,

Нағыз қазақ —

кемпір туған Ер Төстік!

 

Солай…

ылғи Төстіктеріміз біз деген,

артқандаймыз кімдерге өкпе, неге мін?

Кәрі әкеміз (жаннан күдер үзбеген!)

жалмауызға беріп кеткен егеуін.

 

Біз қонар жұрт — Сорқұдықтың маңайы,

Сайқал тағдыр — Бекторы қыз торыған.

Біз — Алашпыз

тайқылықтан талайы

сұмдық түсін сұлулыққа жорыған…

 

Алдай берсін аяу білмес сенгені —

Төстік тірі!

Есенғали, рас бұл.

Өлең жазу — өле алмаудың ермегі.

Мені ая, сен.

…мықты ертегі құрастыр!

 

Шөл басу күйі 

«Вкушая вкусих мало меда…»

Лермонтов эпиграфы 

Барлығы рас…

бәрі аян.

Беті ашылды — белгілі,

Өзімсінген өкпемнің өзі орынсыз ендігі:

Дүр де санап өзімді,

дүрені де жеп көріп,

Өтер өмір бұл болса, пендешілік етпелік:

Тауым тастай шағылып,

таусылуға не себеп? —

Жазмыш-Жеңге,

Қойшы әлгі құманыңды еселеп!

 

Еселеп қой құманды,

қалампырлап, бұрыштап,

көрер қызық бұл болса, көсілейік дұрыстап.

Әзілдесіп, аңдысып батырармыз күнді ақыр.

 

Не қоссаң да құя бер —

нені ішпеген бұл пақыр!

Ұрттап ішем.

Ұрланып күлгенің не?

Не білдің?

Шөлдеуліде не жазық?

Жеңдім десең — жеңілдім.

 

Құй, құя түс,

(құман да сен мінездес көкайыл!)

Меңсіз аққа түспейтін мейіріміңнен не қайыр?!

Бап тілейтін — Бақыттың жиені емен,

алайда,

қиғаныңды құй маған.

Қалдықсыз құй, жарай ма?

Қылығыңа болайын,

жасық жігіт көрмегір,

қылымси тұр осылай — желпінейін мен де бір!

 

…Сұқ саусағы майысқан, сұңғылам-ау!

Мен енді

қалғып бара жатырмын —

құйған пәлең денемді

балбыратып, буынға түсті білем шамасы —

Өмір — осы:

сусау мен сусындаудың арасы…

Кірпігіңнің астында ләззат ойнап бір сәттік,

Күліп көрпе жабасың.

…У-у, не деген жұмсақтық!

 

Көз жұмылды,

Қапысыз қанар болды ұйқым бір

Еміс-еміс естіліп, қалды үзіліп бір күй құр!

«…Барлығы рас,

Бәрі аян…

беті ашылды — белгілі…»

«Көкелеген» біреудің көкірегімде өлді үні.

Қалғып барам балаша…

Жеңге-Жазмыш, не деймін?

— Жастығың тым аласа… Түзейін бе?

—  «Е-е, мейлің…»

 

Бейуақтағы мінәжат

 

Ілінерде күннің қызыл кірпігі

дертім менің меңдеді —

Өмір өзі-ақ өлтіреді бір күні,

өлтіріспе Сен мені!

 

Мұса,

Ғайса,

Мұхаммедтің көп ішкен,

тауыспаған кермегін

жұтам үнсіз.

Үмітім жоқ Жеңістен.

…көзімнен сүй сен менің!

 

Ернім емес,

ет жүрегім кезеріп

жоқ сусынға шөлдеппін.

Ажал-құрдас ақ мылтығын кезеніп

«Кеттік!» десе — мен кеттім!..

 

— Бізге неге баянсызды аңсаттың,

е-ей, есі бар Құдіре-ет?..

…Босқа налып, болмашыға шаршаппын —

көзімнен сүй бір рет!

 

Түнге сіңіп жоғаламын Мен ертең —

аямайды Сені Көк…

Өзім түгіл, өлердей мас көлеңкем

«Өмір!» деп тұр еңіреп!

 

… Аллаһу да аяп басар кеуденің

үнсіз айтқан зары бұл —

өмір өзі-ақ өлтіреді.

Сен мені

өлтіріспе, Жарығым!

Көзімнен сүй Сені көріп жұбанған…

***

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button